22.11.2024

Мұғалімдерден он күнде 600-ден астам өтініш-арыз түсті – министрлік

10 күн бұрын ғана құрылған «Педагогті қорғау» Telegram-чатына 600-ден астам сұрақ пен өтініш түсті. Бұл турпалы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

Чат құрылған 10 күнде оған 25 мыңнан астам адам қосылған.

«Осы уақыт ішінде мұғалімдерден 600-ден астам сұрақ пен өтініш түсті. Сұрақтардың басым бөлігі мұғалімдер құқығының бұзылуына қатысты. Атап айтқанда, оларды міндетінен тыс жұмыстарға тарту, артық есеп талап ету. Сондай-ақ мұғалімдердің аттестациясына, санат беру, оқу жүктемесін бөлу және тағы басқасына қатысты сұрақтар түсіп жатыр», – делінген ведомство хабарламасында.

Мәлім етілгендей, Telegram-чатқа түскен барлық ақпарат тексеріледі.

«Мамандарымыз жедел түрде кері байланыс жасап, мұғалімдердің әрбір өтінішіне жауап береді және қажет болған жағдайда тиісті шара қабылдайды. Мұғалімдердің сұрақтары мен өтініштеріне дер кезінде жауап беру үшін арнайы жұмыс тобы құрылғанын атап өткім келеді. Оның құрамына комитеттің, білім саласында сапаны қамтамасыз ету аумақтық департаменттерінің және облыстық білім басқармаларының өкілдері бар. Telegram-чат мұғалімдер құқығын бұзу фактілерін барынша азайтуға көмектесетініне сенеміз», – деді Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов.

Комитет чатты жақсарту және одан әрі жетілдіру бойынша жұмыс істеп жатыр. Мұғалімдердің сұрақтарына жауап беруден басқа, чатта мұғалімдер үшін пайдалы ақпарат жарияланады. Мысалы, жалақы калькуляторы, мұғалімдердің қызметіне байланысты заңдар мен нормативтер, жиі кездесетін жағдайларды шешу жағдайларының мысалдары.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА