22.11.2024

Саясат Нұрбек талапкерлер арасында заңгер мамандығына неге сұраныс жоғары екенін түсіндірді

Көп ата-ана балаларын «құқық» мамандығына бағыттап жатыр. Бұл туралы Сенатта заң білімінің сапасын арттыру тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференцияда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

«2000-шы жылдары гуманитарлық мамандықтарға сұраныс жоғары болды. Бірнеше жоғары оқу орны лицензияны алып, «құқық» бағытында мамандарды даярлауға кірісті. Яғни осы мамандықтарды даярлау оңай деп санады. Себебі бұл мамандыққа түрлі зертханалар құру қажет болмады. Қазір Қазақстанда 36 мыңнан астам білім алушы 59 жоғары оқу орынында оқып жатыр. Кейінгі 3-4 жылда 13 жоғары орнының лицензиясын қайтарып алып, олардың «құқық» мамандығы бойынша оқытуын шектедік. Себебі оларда білім сапасы төмен болды. Атап айтқанда, бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Қазір тиісті сараптаманы жасап жатырмыз», – деді С. Нұрбек.

Оның айтуынша, аталған 36 мың адамның 34,5 мыңы бакалавриатта оқып жатыр.

«Бұл нені білдіреді? Демек, зерттеуші формат әлі де әлсіз. Магистратура, докторантура аясында зерттеу жасап жатқан адамдар бұл салада өте аз, 5 пайыз шамасында. Заңгерлік мамандыққа түсетін талапкерлерге ҰБТ аясында шекті балды көтеруді пысықтап жатырмыз. Бұл қадам сапаны көтеру үшін жасалады. Кейінгі жылдары талапкерлер саны 12 пайызға артқан, яғни әлі де осы салаға сұраныс жоғары. Кәсіптік бағдар бойынша жұмыстар нашар болғандықтан, әлі күнге дейін көп ата-ана балаларын заңгерлік мамандыққа бағыттап жатыр. Олар «заңгер болсаң, жұмыссыз қалмайсың» деген пайымда жүр. Жалпы, студенттердің 97 пайызы ақылы түрде білім алып жатыр. Талапкерлер арасында сұраныс жоғары болғандықтан, жоғары оқу орындары оларды ақылы бөлімге қуана қабылдап жатыр», – деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік тапсырыс түлектерді жұмысқа орналастыру жағынан көрсеткіші жоғары университтерге бөлінеді.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА