24.11.2024

Аятжан Ахметжанұлы: 7 қаладан мектеп ашу 7 қаладан мейрамхана ашумен тең емес

 Білім – өткен мен бүгінді, бүгін мен ертеңді сарапқа салатын сан қилы қиындығы бар сала. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп білген Фараби бабаның сөзін ескерсек, ұстаздың қолында бүтін ұлттың болашағы мен тағдыры тұр. Осы орайда химия ғылымдары бойынша PhD докторант, ұстаз, «Qazbilim” ұлттық лицейінің негізін қалаушы Аятжан Ахметжанұлымен сұқбаттасқан едік.

– Қызылордалықтар ұлттық мектептің ашылғанын естіп, қуана да қызыға мектеп туралы білу үшін асықты. Тек қызылордалықтар емес, жалпы қазақ баласы неге ұлттық лицейде білім алуы тиіс?

– Қазір – құндылықтар соғысының заманы. Толассыз жан-жақтан келіп жатқан құндылықтар мен идеологиялардың шайқасынан біздің ұрпақ зиян шегіп жатыр. Бала ең алдымен ұлтын танып, ұлттық тәлім алуы тиіс. Қазақ ұлтының бүгінгі буыны ретінде көзқарасы дұрыс қалыптасу керек. Кешегі алаш заманындағы қазақтың мықты ақыны Мағжан Жұмабаев: «Біз болашақ үшін аянбай серттесе аламыз, егер қазақтың мектебі таза һәм өз жанымызға, қазақтың жанына жақын болса» дейді. Біз осы қазақтың жанына жақын ұлттық мектепті құра аламыз ба деген сұрақ бәрімізге ортақ. Ұлттық идеологиямен қазіргі ұрпақты тәрбиелей аламыз ба? Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту қазақ ұлтының тәуелсіздігінен бастау алуы тиіс. Өйткені «орыстың тәрбиесін алған бала қазаққа қызмет қылып жарытпайды» дейді Міржақып Дулатұлы. Өзгенің тәрбиесімен сусындаған өз ұлтына қызмет қылып жарытпайды. Сондықтан өз ұлтына қызмет ететін ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай білім беріп, ізденуіміз керек. Ұлттық лицейдің үш басты мақсаты, үш тұғыры бар: біріншісі сапалы білім, екіншісі ұлттық тәрбие болса, үшіншісі бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру. Ұлттық тәрбиені бойына сіңіре отырып, бой емес, білім жарыстыруға ұмтылатын ұрпақ даярлау біздің арман… Сол үшін де ұлттық лицей бүгінгі күннің қажеттілігі деп білемін.

– Сананы тұрмыс билеген заманда білім саласы да бизнестің көзіне айналып келеді. Алайда сіздің мақсат ақшада емес, басқада екенін түсінбейтіндер бар шығар..?

– Иә, білім саласын бизнес көзіне айналдырып жүргендер де, сан түрлі идеяларды айтып жүргендер де жетерлік. Бұл жердегі басты мәселе – бүгінгі бәсеке мен на¬рық за¬ма¬нында қазақ ұлтының мен¬талитетіне жақын дүние жасау. 7 қаладан мектеп ашу 7 қаладан мейрамхана ашумен тең емес. Әр мектептің матер¬иалдық, әдістемелік базасы, кадрлық құрамы бар, мұның бәрі көзге көріне бермейтін үлкен шаруа, маңызды міндет. Әрине, түсінбейтіндер мен сынай қарайтын көзқарастар көп. Оларға бір ғана жауабым бар. Аханша айтсам, «жұрт бүгіншіл, менікі ертең үшін…».

– Ұлттық лицей болашақ ұрпақты құлдық санадан арылып, өзімізді, тіліміз бен тарихымызды тануға бағыттайды. «Кітапфест» әлемдік классиканы қазақша оқуға мүмкіндік артқанын дәлелдегендей. Әлем әдебиетін қазақ баласы қай тілде оқуы керек? Аудармаларға көңіліңіз тола ма?

– Мектепте жүргендіктен, химик болсам да, өлең жазып, кітап құмар болғасын әдебиет ауылынан алыс емеспін. Тәрбие мен білім – жан қайғысы, сондықтан мектептегі әдебиет сабағы мен үшін қызық. Ең алғаш 2011 жылы мектепке мұғалім болған кезде оқушылардың қолынан қазақ әдебиеті мен орыс әдебиетін қатар көргенде «Бізге қазақтан соң ең жақын орыс па?» деген сұрақ миыма келді. Қатты таңғалдым. Батыс-шығысы, оңтүстік-солтүстігі бар дөңгелек жер шарынан, ақ-қарасы, сарысы бар 2000-ға жуық ұлт әдебиетінен қазақ баласы неге орыс әдебиетін ғана оқуы керек? Бұл сұрақтың жауабын әлі таппадым. Бұл туралы кезінде «Мектебінде екінші сортты мемлекеттік тіл» атты мақаламда қысқаша айтқан едім. Бүгін тағы бір айналып, кеңінен көтеріп, тезге салып түзету жолын ұсынып көрейін. Тыңдар құлақ болса, әрине. Сондықтан қазақ баласы орыс әдебиетінің орнына әлем әдебиетін оқуы тиіс. Әлем әдебиетін өзге тілде емес, мемлекеттік тіл қазақ тілінде оқуы міндетті! Ал аудармалардың сапасына келер болсақ, көш жүре түзеледі. Барлығы бірден болып кетпейді. Қазір де әлем әдебиетінің қазақша нұсқалары жаман емес.

– Сұқбат үшін рақмет!

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА