24.11.2024

СҚО-да мектеп оқушысы ауадан су жасайтын қондырғы ойлап тапты

Петропавлда 9-сынып оқушысы Әлихан Жаров таза су мәселесін шешу жолын ұсынды. Оның жасап шыққан құрылғысы суды ауадан алуға мүмкіндік береді.

Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының мәліметінше, Әлихан Жаров дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған ЛОРД мектеп-лицей-интернатында оқиды. Тақырыпты зерттеуге ұстазы көмектескен.

ғылыми жаңалық
Фото: СҚО білім басқармасы

«Экологиялық мәселелерді шешу үшін қоғамның алдында ресурстарды тиімді пайдалану талабы тұр. Қазіргі аса өзекті мәселелердің бірі – таза судың тапшылығы. Оны шешуге өз үлесімді қосқым келді. Мұғалімім бағыт-бағдар беріп, жұмыс барысында Пельтье элементтерін, яғни термоэлектрлік түрлендіргішті қолдандық.

Пельтье элементтері энергияны тиімді пайдалану және температураны бақылау мүмкіндігін береді. Біз бұл технологияны кез келген жағдайда ауадан суды конденсациялауға қабілетті қондырғы жасау үшін пайдалануды шештік. Қондырғы энергияны аз мөлшерде тұтына отырып, ауадан суды конденсациялайды. Меніңше, бұл тәсілді өмірде қолданып, таза су мәселесін шешуге болады», – дейді Әлихан Жаров.

ғылым
Фото: СҚО білім басқармасы

Оқушының өнертабысын экономиканың көптеген саласында қолдануға болады. Мәселен ауыл шаруашылығында құрғақшылықпен күресудің тиімді құралы бола алады, құрғақшылық жерлерде дақылдарды суару үшін су алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ең бастысы, бұл таза су тапшы аймақтарда адамдарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін пайдаланылуы мүмкін.

Өз жұмысын Әлихан жобалар байқауының республикалық кезеңінде қорғап, екінші орынға қол жеткізді. Сараптамалық комиссия оқушының жұмысын жоғары бағалап, құндылығын мойындады және оны күнделікті өмірде қолдану мүмкіндігін атап өтті.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА