Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 211 мың рет тест тапсырылды. Оның ішінде талапкерлердің 74%-ы қазақ тілінде, 26%-ы орыс тілінде, 171 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
ҰБТ басталғалы шекті балды 76% талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 68 балды құрады. Ең жоғары балл – 138, 8 адам 137 балл жинады.
Қазіргі таңда тестке қатысушылардың басым бөлігі, атап айтқанда, 18%-ы «Математика-Физика», 16%-ы «Биология-Химия» пәндер комбинациясын тапсырды. 15%-ы «Шығармашылық емтихан» комбинациясын таңдаған.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға бес аптаның ішінде 577 талапкер қатысты.
Осы аптада жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясы өз жұмыстарын бастап, 25 тамызға дейін оқуға түсуге құжаттарды қабылдайтын болады. Сондай-ақ, «Педагогикалық ғылымдар» және «Денсаулық сақтауға» түсушілер үшін міндетті болып табылатын емтихандар басталды. Жоғары оқу орындары 10 тамызға дейін шығармашылық емтиханға қатысу үшін өтініштерді қабылдап, емтихандардың өзін 7 шілде мен 15 тамыз аралығында өткізеді. Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 13-20 шілде аралығында, ал төтенше жағдай жарияланған 6 облыста (Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары) 13-24 шілде аралығында жүзеге асырылады.
Бүгінгі таңда 396 ереже бұзушылық анықталды. Оның ішінде 267 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 120 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 9 адамның нәтижесі жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.
Айта кетсек, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.