Бүгін 24 маусым күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 2014 жылғы бітіруші түлектерге диплом беру салтанатты жиыны өтеді. Олардың арасында еліміздің мақтанышы, Лондон олимпиадасының чемпионы Майя Манеза да бар.
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде 70 жылдық даму тарихы мен тәжірибесі бар, бәсекеге қабілетті, халықаралық деңгейдегі мамандар даярлайтын білім ордасын абыроймен аяқтап, үлкен өмірге жолдама алғалы отырған студенттер үшін бұл күн ерекше мереке болмақ. Биылғы яғни, 2013-2014 оқу жылында университетіміз бойынша жалпы 249 магистрант, бакалавр бойынша 2 630 түлек оқуды аяқтады.
Түлектер арасында университет мақтанышы, Олимпиада чемпионы Майя Манеза да бар. Ел абыройын әлемдік додаларда қорғап жүрген Майя Манеза қасиетті қара шаңырақты «денешынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдады. Майя Манеза 2010 жылы қыркүйек айында Қыздар университетіне оқуға түсе салысымен 63 келі салмақ дәрежесінде Түркияның Анталия қаласында өткен әлем чемпионатына қатысып, екі дүркін әлем чемпионы атағын иеленді (2009 жылы Оңтүстік Кореяда әлем чемпионы атағын жеңіп алған). Сол уақытта зілтемірші ару қызымыз 143 келі салмақты бағындырып, әлем рекордын жаңартқан болатын. Осы жылдың қараша айында Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен ХҮІ жазғы Азия ойындарына қатысып, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің қоржынына 1 алтын медаль салды. 2011 жылғы қыркүйек айында Талдықорған қаласында өткен Қазақстан халқы спартакиадасында 69 келі салмақ бойынша 1 орын алып, қазан айында Францияның астанасы Париж қаласында өткен олимпиаданың лицензиялық әлем чемпионатында 63 келі салмақта күміс медальға ие болды. 2012 жылы университетіміздің мақтанышы Майя Манеза Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласында өткен ХХХ жазғы олимпиадалық ойындарға қатысып, өз салмағында әлемде теңдесі жоқ екенін дәлелдеп олимпиада рекордын жаңалап, чемпион атанды.
Бакалавр мен магистранттардың диплом алу салтанатты кешіне оқу орынның басшылары, факультет декандары, оқытушы-профессорлар құрамы қатысады, – деп хабарлайды, «Қыздар университеті» медиа орталығы.