21.11.2024

Оқу орнының басты міндеті – жасөспірімнен нағыз ұлтжанды азаматты тәрбиелеп шығару

Ауылда өстік, әке тәр­биесі мен өсиетінен ту­ған жер мен бабалар өне­гесін бойымызға сіңір­дік. Ауылда үлкеннің орны ерекше еді. Ол – көпті көрген, өмірлік тәжірибесі мол, ойлы, орны ерек кісі. Сөзі мәнді, өмір бұлтарыс­та­рында орынды бағыт беруші, үлкенге де, кіші­ге де лайықты жол көрсе­туші. Әр отбасында болатын қиындықтар ауыл ақсақалының назарынан тыс қалмайтын. Қажет болса, баршаны сол түйткілдің шеші­мін табуға ұтымды жұ­мыл­дырады. Екеуара болып жататын кейбір рен­жісулерді де ауыл ағасы дер кезінде шешіп, тыйып, тоқтатып жатады.

Орыс тілін кей орыс азама­ты­нан артық білмесек, кем біл­ген жоқпыз. Кезінде мұның пай­дасын да көргеніміз рас. Бірақ осы­ның бәрі ұлттық рухы­мыз­ға ке­сірін тигізе алмады, өйт­кені ата-анамыз қазақтың асыл мұ­расы мен қазынасын сана­мызға бала кезден құйды. Үйде ана тілімізде сөйлестік. Сондық­тан болар орыс тілділік өз басыма ұл­тымның асыл да ардақты қа­­сиет­терін терең сіңіріп, өмір­лік негіз болуына кедергі бола алған жоқ.

Ана тілін терең игеріп, қазақ әдебиеті жауһарларын оқып, зерделеп өскен біздің қатарымыз айтарлықтай қиындыққа кезіге қойған емес. Себебі балалық ша­ғымызда қанатын кең жайып өркендеген ауылдар нағыз қаза­қылықтың қайнап тұрған орда­сы мен ортасы болды. Бұл – арнайы нақтылауды, дәлелдеуді қа­жет етпейтін ақиқат. Кешке жасты­ғымызды жастанып, көр­пешенің үстіне жата қалып, тапжылмай кітап оқимыз. Ол уақта біз үшін білтелі шамның жарығы бүгінгі электр шамынан кем емес еді. Апта сайын кем дегенде бір кітап тауысамыз. Сөйтіп, орысша оқығандағы төл әдебиетті ұғынып түсінуде жіберген кемші­лігімізді мықтап жөндеп, әбден толықтырдық.

Мақтанғаным емес, балалық шағымызда бабалар өнегесін ата-аналарымыздың, қала бер­ді ауыл азаматтарының бір-біріне де­­ген ыстық ықыласы, жана­шыр­­­лық қарым-қатынасы мен көз­­қарастарынан-ақ байқап, сезіп, бойымызға, санамызға ба­рын­­ша мол жинап ұққанбыз, түй­генбіз, бойымызға сіңіргенбіз. Мұ­ғалімдеріміз де сондай еді. Ба­ба­лар құндылығын айтып түсін­­діргенде ұстаздарымыздың көз­де­рінен от ұшқындап тұра­тын. Сол аса биік шабыт оларға «Құ­лыным, елдің баласы бол» де­ген әкелер өсиетінен, «Бәледен және қате іс пен күмәнді тірлік­тен қашық жүр» деген асыл ана­­ла­­рының маңдайын сипаған ыс­тық алақанынан жұққан-ау шамасы.

Ал бүгінгі заман бөлектеу. Немере-шөберелеріміздің жағ­дайы өзгеше. Олар, әрине, ақыл­ды, білімді. Әйткенмен, бұларға дәріс беретін оқытушылардың рухани ұстанымы бізге сабақ берген ұстаздар деңгейіндей ме?

Казіргі жас өрендер ауыл тәрбиесін көріп келеді деп ай­туға тіл бармайды. Өйткені бү­гін­гі жаһандану дүбіріне ілін­ген ауылдың жай-күйі анау айтқандай емес. Сол ауыл­да қазір біз көрген орақ тілді, ғасырлар жауһарларын жан-жағына шашқан, бойынан қа­сиетті бабалар өнегесі тарап жа­­та­тын ақсақалдар аз қал­ды. Кем дегенде айына ауыл­ға бір со­­­ғып, адалдықты, ірі­лік­ті, мық­­­­тылықты, азамат­тық­ты дә­ріптейтін қиссалар төге­тін жыраулар тіпті жоқтың қасы. Өкінішке қарай, жастар тәрбиесінде ұлт­­тық ерекшелі­гімізді сақтап қа­латын түпкілікті, аса маңыз­ды, қасиетті қағидалары мен ұстанымдарынан гөрі жасан­дылық пен жаһандануға ілесуге байланысты прагматизм басым.

Әбу Насыр әл-Фараби «Адам­ға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» депті. Осы қағиданың растығын бүкіл әлем тарихы дәлелдеп келеді. Ендеше, қоғамдағы көп ке­леңсіздіктің түбі жастар тәр­бие­сіндегі кемшіліктермен байланысты емес деп айта аламыз ба? Сылтау болар дәлеліміз аз. Қайта, соны растайтын жағдай мол.

Қазір БАҚ-тан күнде дерлік бір басшының халық несібесін жымқырып ұсталғанын көріп, естіп жатамыз. Сонда сол азаматтар жас шағында «Өзгенің ала жібін аттама» дегенді естіп өспеген бе? Естігендері қазақ тілін дұрыс білмегендіктен, бұл не қылған «ала жіп» деп жүре берген шығар. Егер солар осы «ала жіп» алдағы өмірінде оның болашағын быт-шыт қылатын, жай жіп емес екенін ертеде түсінсе, осындай жағдайға тап болар ма еді?

Америкалық «Petrelli Previtera LLC» компаниясының мәліметінше, еліміз қазір ажырасу жөнінде әлемде алдыңғы ондықта екен. Алғашқы ондыққа Ресей, Беларусь және Молдова да кіреді. Ойланарлық жағдай. Бабаларымыз отбасылық мәсе­леге аса мән берген. Казіргі күйі­міз мақтанарлық емес. Ста­тис­тика комитетінің мәлімет­теріне жүгінсек, елімізде ажырасу саны жыл сайын тұрақты өсіп келеді. 2000 жылы елімізде 27 мыңнан аса отбасы бұзылса, бұл көрсеткіш 2017 жылы 55 мыңға жақындаған, яғни екі есе өскен. Сол аралықта ажырасу саны бойынша Алматы қа­ласы үнемі көш бастап келіп­ті. 2017 жылы шаһарда 6 740 шаңырақ шайқалған екен. 2000 жы­лы бұл сан екі есе аз бол­ған. Бұл ұлтымыздың басты құнды қағидаларының ойсырап, қисайғаны емес пе? Қазіргі тәрбиемізде жүздеген жыл бойы қалыптасқан қасиетті үрдісіміз бен өнегемізді еңкейткеніміз ғой. Әлде, бұл болашақ жарымен қол ұстасып, өмірлік мекеніне аяқ басайын деп тұрған қызына «Барған жеріңе тастай батып, судай сің» деп бата беруші аналардың азайғаны ма?

Орта мектеп пен жоғары оқу орнының басты міндеті – жасөспірімнен нағыз ұлтжанды азаматты тәрбиелеп шығару. Жақсы, сапалы, білікті маман даярлау ісі осыдан кейін тұруға тиіс. Осы уақытқа дейін бұл мәселеге жөнді мән берілмей келгені рас. Ал жасөспірімнің ұлттық ру­хани құндылықтарының мыз­ғы­мастай қалыптасуы үш жағ­даймен тікелей байланысты еке­ні анық. Бірінші – ата-ана тәр­биесі. Екінші – елді мекен тұр­ғындарынан алар өнегесі мен үрдісі. Үшінші – мектеп қабыр­ғасынан ұғынар үлгі мен зердесі.

Ал қазіргі ата-аналардың жағ­­дайы қандай? Олардың біразы қазақ бола тұра өзге тілділер. Сол ата-ананың өзін­де де қазақы өнеге мен қа­сиетті үрдістің қоры кемшін. Қазақ тілінде сөйлей алмайтын, шала сөйлейтін ата-ана ұр­па­ғына қайбір жетісіп бабалар тәрбиесін жеткізер дейсіз? Сол аймақтағы, сол қыстақтағы рухани ахуалға келер болсақ, жаһандануға ұшыраған ауылда қазір қасиетті бабалар үрдісі мен өнегесін дәріптейтін ақсақалдар тіпті азайған, жоқ десе де бола­ды. Мектеп қа­бырғасында да жас­өспірім тиіс­ті тәрбие алып жатқаны шамалы. Бұған қоғам­да болып жат­қан көлеңкелі жағ­дайлар дәлел. Сонда осы тығы­рық­тан шы­ғатын жол қайда?

Біз көрген тәрбиенің түрі де, жолы да көп. Дегенмен қа­зақ жастарын өмір бойы адастыр­майтын, шатастырмайтын, елі­нің нағыз азаматы ететін ол – ба­балар айтып, көрсетіп кеткен сара жол. «Жаңаның бәрі ұмы­тылған тамаша ескілер» деген сөз бар. Ендеше, сол ескіні жаңартайық.

«Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді», «Өзгенің ала жібін аттама», «Ұлың өссе, ұлықтымен, қызың өссе қылықтымен», «Ұя­да не көрсең, ұшқанда соны іле­сің», «Ерді намыс, қоянды қа­мыс өлтіреді», «Көп білем деп шал­қайма, білгеніңнен біл­мей­тінің көп», «Қиянат жасама, Алла кәріне ұшырайсың», «Ауруын жасырған өледі», «Біреуге ор қазба», «Атқарған ісіңнің қайырын тіле», «Шешесін көріп, қызын ал», «Үйге кірген жыланды ақ құйып шығарып сал», «Бұл өмірде біріңе бірің қонақсың…». Бұл – бабалардан қалған асыл қазынаның азғантай ғана түйірі. Ендеше, осы ұлағаттың әрқайсысы өз алдына бір-бір кітап емес пе? Жылдар бойы мың сыналған, дұрыстығы мен әділдігі мәңгілік дәлелденген, қазақтың қазақ болуына ғасырлар бойы жарап келген адам мен қоғам арасындағы қағидаларды бас кітап етіп, оның атауын «Ұлттық тәрбие негіздері» деп неге атамасқа?

Орта мектеп бағдарламасын талдадық. Пәндер саны жетерлік. Қай кезде де, қай оқу орындарында да қосалқы пәндер болған. Солардың кейбіреуінің шындап келгенде оқыған жастың жадында заты түгілі, атының өзі де қалмайтыны анық. Сондай мән-мағынасы төмен пәндер есебінен жаңадан «Ұлттық тәрбие негіздері» пәнін оқу үдерісіне енгізуге болады. Бұл пәнде бабалар қағидаларын ойы мен бойына сіңіріп сақтамағандар қандай қиындыққа, нендей кемшілікке ұрынып, соңында өмір жолы бұзылып, ел мен қоғамның дамуына қандай зиян келтіретінін талдап, тайға таңба басқандай көрсетіп, ұғындырып дайындап бермеске? Осы пән жастың өмір бойғы бағыт-бағдарын анықтап, оның мызғымас ұлттық рухани болмысын қалыптастырады. Жаһандану аса жоғары қарқын­мен жүріп жатқан бүгінгі күні жастарда бөтен рухани ықпалға қарсы тұрып, төтеп бере алатын иммунитетті осы пән орна­тады. Бұл пән қазақ тілі мен әдебиетінен кейінгі орында жай­ғасып, орта мектеп пен жоғары оқу орындарында биік тұғырдан көрінуге тиіс. Жоғары оқу орнына түсуші азамат пен биік лауа­­зымды қызметтен дәмелі үміт­­керден алдымен «Ұлттық тәр­­бие негіздерінен» салмақты сы­­нақ алынуы қажет болар. Екін­ші ке­зекте ғана олар кәсіби пән­дер­ден емтихан тапсырғаны аб­зал. Осылай болып жатса, ба­р­ша­мыз қасиетті бабалар амана­тын орын­дауға бір табан жақындар едік.

 

Серікбай ҚОШҚАРОВ,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА