22.11.2024

«Мұғалімді қайдан табамыз?»

Осылай деп шыр-пыр күй кешкен шалғайдағы мектеп директоры көп. Әрекеті болғанымен, қарекеті жоқ. Ауылға қайырылатын қайраты бар жас мұғалімдер, өкінішке қарай, қаланы қиып кеткісі келмейді. Ал ауыл балаларының білім сапасына кім алаңдайды, кім бас қатырады?

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің үшінші отыры­сында білім саласында қордаланып қал­ған мәсе­лелерді саралай келе, ауыл мек­тептерін қала мектептерімен теңестіру қажеттігін айтқан болатын. Шынында да, бұл – шалғай ауылдағылардың шымбайына бататын дүние.

Сонымен, Қарағанды облысында жалпы білім бере­тін 402 мектеп бар. Оның 231-і ауылда. 172 425 оқушының 40 753-і ауыл мек­тебінде білім алып отыр. Алыс-жақын ауылда 160 шағын мектеп болса, онда бағамдай беріңіз, мұғалім же­тіспеушілігі қанша мектепте барын… Мә­селен, Теміртау қаласынан аса қашықта емес Краснонивская ауылындағы мектепте 40 бала білім алады. Жаңа оқу жылы басталғанымен, бастауыш сынып мұға­лімінде 11 сағат, орыс тілінде 12 сағат, қазақ тілінде 4 сағат бар. Мұнымен қоса, физика, информатика пәнінен сабақ бе­ретін мұғалім жоқ. Бірақ амалдауға тура келеді. Көрші ауылдың мұғалім­дері қа­тынап істейді. Мәселен, физика пәні­нің мұғалімі аптасына бір мәрте келіп, күні бойы сабағын беріп кетеді. Сабақ кес­тесінің ретін осылай құруға мәжбүр.

«Ешкімге кінә арта алмаймыз. 4-5 сағат­қа қай мұғалім келеді? Бірақ сонда да «enbek.kz» электронды порталына бос жұмыс орнын жүктейміз. Аудан­дық білім бөлімі де түйіндеме жолдап отырады. Қатынап сабақ беруге ешкім ниетті емес. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша жас маман есігімізді мүлдем ашпаған. Жабылып қалар деген қор­қынышымыз да жоқ емес. Жылда бір сынып кеміп отыра­ды. Мысалы, биыл 6-сынып жоқ. Ин­фор­матика мұғалімі Қызылжар ауылынан жұмасына бір мәрте келеді. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жұма­­сына екі рет келіп, 7 сағат өткізеді. Мате­матика пәнінің мұғалімі де аптасына үш мәрте келіп, сабағын береді. Ол мұғаліміміз зейнетте. Жібермей отырмыз. Қолдан келер шаруамыз осы болып тұр, өкінішке қарай, дейді мектеп директоры Ағзия Жұмабекқызы.

Онымен қоса химия, биология, физика кабинеттерінде зертхана жоқ. Сол себепті аттестациядан өтпей қалған. «Басқа мектептерге қарастырылса, ескі болса да солардан керек-жарақ алар едік. Мектебіміздегі оқушылар зертхана жұ­мысын көзбен көріп, қолмен ұстаушы еді», дейді директор.

Мектеп басшысы Теміртаудан ауыл­дарына қатынайтын автобус кестесін оң­тайландырып берсе дейді. Мүмкін сонда қаладағы мұғалімдер емін-еркін қатынап, балалар сапалы білім алар еді.

Бұқар жырау ауданы, Ынтымақ ауы­лын­дағы орта мектепке химия пәні­нің мұғалімі керек. Мұнда 43 бала білім ала­тын­дықтан, 3 сағатқа ғана қажет. Қазір математика пәнінің мұғалімі беріп жатыр.

«Амалымыздың жоқтығынан химия­дан математика пәнінің мұғалімі беріп отыр. Көрші ауылдан бір мұғалім қаты­нап, істеймін деген. Әлі хабар жоқ. Мектебімізде бұрын-соңды асхана бол­маған. Үш жылдай болды, бұл мәселе оң­тайлы шешімін тапты. Мекте­біміз құлай жаздап, «Ынтымақ» шаруа қожалығы төбені шатырлап берген. Енді спорт залымыз күрделі жөндеуді қажет етеді», дейді мектеп директоры Бақыт Амандыққызы.

Ақтоғай ауданындағы шалғай мек­теп­терге химия, биология, география секілді пәндік мұғалімдер жетіспейді. Қайта даярлау курстары арқылы ауыл мұғалімдерін оқытып, сол кісілерге жүктеп, амалдап отырған көрінеді.

«Тоғыз жылдық мектепте сағат саны аз болғандықтан, мұғалім де тапшы. 4 са­ғат­қа бола ешкім келмейді ауыл­ға. Жа­­ра­тылыстану-математика бағы­тында мұға­­лімдердің сағаты аз. Бұл – ауданы­мыз­дағы шалғайда жатқан барлық ауылда бар мәселе. Заң бойынша конкурс жариялаймыз. 5 сағатқа 30-40 мың теңге төленеді дейік, бұл үшін ешкім келмейді. Мұндай­да «Дипломмен – ауылға!» бағдарлама­сы­ның көмегі бар. Ең төменгі пайызбен үй алу мүмкіндігі беріледі. Биыл жаңа оқу жылында Шашу­бай, Тасарал секілді үлкен ауылдарға 25 жас маман келді. Зей­­нетке шыққан мұғалімдердің орнына қа­былдадық. Өтпей жатқан сабақ жоқ. Басқа мұғалімдер арқылы білім беріп жатырмыз», дейді Ақтоғай ауданы білім бөлімінің басшысы Айдос Қуанышбаев.

Биыл Ақтоғай ауданында бала саны жетіспеушілігінен Қарақой, Нұркен ауылы мен Қаратал елді мекеніндегі мектеп жабылды.

Осылайша, шалғайдағы ауыл мекте­бінде амалсыздан зейнет жасындағы ұс­таз­дар мен басқа пәннің мұғалімдері сабақ беріп отыр. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасынан, өкінішке қарай, қайыр шамалы. Бағдарлама игілігін көремін деген жас педагогтердің шалғайдағы шағын ауылға ат басын бұруы сирек, тіпті жоқ деуге де болады. Оның басты себебін айналып келіп тағы мектептегі сағат санының аздығына телиміз. Өйткені жас маман жарытымсыз жалақыға жұмыс істегісі жоқ.

«Ауыл мектептерін дамыту мақ­сатында мектеп тәжірибесін жетілдіру, материалдық-техникалық базасын ны­­ғайту және мұғалімдердің шығар­ма­шылық әлеуетін арттыру арқылы «Ауыл мектебі» жобасы жүзеге асырылып отыр. Сапалы білімге қолжетімділікті қам­тамасыз ету мақсатында 128 магниттік мектепті біріктіретін 32 негізгі мектеп құрылды. Жақын маңдағы білім беру ресурстары қысқамерзімді сессиялық сабақтар мен оқушыларды аралық әрі қорытынды аттестаттау үшін біріктіріл­ген. Ауыл мектептеріне әдістемелік, практикалық көмек көрсету, ғылыми-әдіс­темелік және практикалық бағыттағы жұмыстарды сапалы ұйымдастыру, ауыл мектептерінің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында облыстағы ауыл мектептері облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттарына бекітілген», дейді облыс­тық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.

Білім саласындағы мәселелерді мәс­лихат мінберінде салмақты көтеріп жүр­ген депутат Абай Қалықов қала мен ауыл мектебіндегі білім сапасы жер мен көктей дейді.

«Ашығын айтқанда, ауыл мектебінің жағдайын түземей, білім көші оңал­майды. Бір ғана мысал, лингафонды және мультимедиялық кабинет, интерактивті тақта қала мектебінде қарапайым оқу құралына айналған. Шалғай ауылдарда мұндай жүйедегі пәндік кабинетті көп кездестірмейсіз. Бұл да баланың терең білім алуына кедергі. Сол себепті, қала мектептері мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының деңгейі жер мен көктей. Салыстыруға мүлдем келмейді. Ауылдағы білім сапасын арттыруға бірнеше жоба жасалып, бағдарламалар қабылданды. Са­палы кадр тапшылығы мен мектептің материалдық базасының әлсіздігінен бұл мәселе әлі күнге дейін шешілмей тұр. Ауылға білімді, креативті маман бармайынша білім сапасы көтерілмейтіні анық. Осы жөнінде Президент Қ.Тоқаев алшақтықты азайту үшін ауылдағы шағын жинақталған мектептерді білікті оқытушылар құрамымен қамтамасыз ету керек екенін атап өткен еді. Үкімет деңгейінде шешілетін үлкен мәселе бұл. Шағын мектепті жойсақ, ауылды жоямыз», дейді облыстық мәслихат депутаты Абай Қобыландыұлы.

Шалғайда жатқан ауыл мектептерінің ахуалы аса мәз емес. Осындай әлжуаз күй кешсе де оқу ошақтары бір-бір ауыл­ды аман алып қалып отыр. Ал шағын мек­теп­­тің шаруасы тынса, ауыл тозады. Ауыл­ тозса, әрі қарайғы шаруа бәрімізге белгілі…

Сапалы білімнен қағылатындай ауыл балаларының кінәсі қайсы? Соны ойлауы­мыз керек…

 

Қасымхан ҒАЛЫМ
Қарағанды облысы

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА