21.11.2024

Аймағамбетов не дейді, Нұрбек не дейді?

Қазақстанда 2025 жылға дейін бес шетелдік университеттің филиалын ашу тапсырылған. Осы тапсырма берілер-берілместен өз алдына бөлініп шыққан ғылым және жоғары білім министрлігі барын салып жатыр. Меморандумнан меморандумға көз ілестірмей, серіктестік пен ынтымақтастық жасаудан алдына жан салар емес. Бірақ олар филиал деп жүрген, біз филиал деп қабылдап жүргеннің басым бөлігі белгілі бір бағдарлама аясындағы келісімдер ғана сияқты. Мәселен, қос диплом бағдарламасы филиал ретінде қабылданатын болған.

Қазақстандық ғылымды әлемдік стандарттарға лайықтап, елдегі кадр сапасын арттыру мақсатында біраз жобалар мен идеялар іске асырылуда. Соның ішінде, шетелдік университеттердің филиалын ашу жағы өз алдына бір төбе. Бұл туралы тапсырманы айттық. Ал орындалуы ше? Үкімет осы айда ғана «20-дан астам елдің университеттерімен өзара іс-қимылдың түрлі форматтары бар» деп мәлімдеді. Ал премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова 23 жоғары оқу орнының филиалдары өз жұмыстарын бастағанын хабарлаған. Осы мәселеге тікелей жауапты министрлік болса, бірліктермен емес, ондықтармен сөйлейтін болған. Қазақстандағы үлкенді-кішілі қалалар мен университеттердің әлемдік деңгейдегі ЖОО-лармен келісімі туралы жаңалық ай сайын емес, апта сайын шығады. Осыған қарап, елдегі әрбір университетте бір филиал ашылған ба деп қаласың.

Аймағамбетов не дейді?

Бұл туралы Саясат Нұрбектің алдында ведомствоны басқарған, қазіргі мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те айтқан.

«Филиалдар бойынша ақпарат көп. Біршама университеттер қазір шетелдік бағдарламалармен қызықтыруға тырысуда. Бірақ мұнда да талғампаз болу керек. Егер сөз университет филиалы туралы болса, МГУ, De Montfort, «Восход» МАИ, Coventry филиалдары біздің заңнамаға сәйкес толыққанды филиал болып жұмыс істейді. Әрі толық шетелдік білім береді. Оларды екі дипломдық бағдарламалардан ажырата білу керек. Себебі мұндай бағдарламалардың саны өте көп. Мәселен, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Аризона университеті әзірше екі дипломдық бағдарлама. ҚазҰПУ жанындағы Сорбонна-Қазақстан институты да іс жүзінде екі дипломдық бағдарлама. Дәл сол сияқты басқа да көптеген бағдарламалар қоғамда филиал ретінде қабылдануда.

Жалпы, екі дипломдық бағдарламалар бізде әрдайым көп болатын (бірнеше жүз). Қазір де белсенді түрде ашылып, қызықты бағдарламаларды ұсынып жатыр. Бұл маңызды бастама. Алайда филиалдар мен екі дипломдық бағдарламалардың арасындағы айырмашылықты көре және ажырата білу қажет».

Аймағамбетов айтқан «нағыз» филиалдардың табиғатына үңіліп көрдік. Мәскеу мемлекеттік университетінің Астанадағы филиалы 2001 жылдан, «Восход» Мәскеу авиация институтының Байқоңырдағы филиалы 2012 жылдан бері ресейлік диплом беріп келе жатыр. Бұл бұрыннан бар оқу орындары. Ал 2021 жылы Алматыда ашылған британдық De Montfort университеті Қазақстанда білім беруге толыққанды лицензия алған алғашқы шетелдік ЖОО ретінде көрсетіліпті. Оның да дипломы Ұлыбританияға тиесілі. Биыл ғана Астанада салтанатты түрде ашылған Coventry университетінің де слоганы сол мағынада – «Қазақстанда оқып, британдық диплом ал». Демек, филиалға тән негізгі белгілер толыққанды шетелдік оқу бағдарламасы мен шетелдік диплом. Оның тиісті лицензиясы мен басқа қаладағы кампусы болады. Қос дипломға келсек, ол екі түрлі елдегі екі түрлі ЖОО-ның келісілген оқу бағдарламасын қатар оқып, соған сай екі диплом алу. Қысқасы, филиал – университеттің бір бөлігі, ал қос диплом – оқу форматы. Өз кезегінде филиалдың салмағы мен ауқымы бағдарламаға қарағанда үлкенірек екенін түсіну де қиындық тудырмайды.

Нұрбек не дейді?

Алайда Саясат Нұрбек қос дипломды филиал ашудың моделі ретінде түсіндіріп жүр.

«Шетелдік ЖОО филиалдарын ашуда үш модель қолданылады: мемлекеттік гранттар; академиялық бірлескен білім бағдарламалары мен қос диплом бағдарламаларын іске асыру; инвесторлар есебінен қаржыландыру және преференциялар пакетін ұсыну», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сөйтті де, мемлекеттік тапсырыс есебінен қаржыландыру арқылы 2022 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында «МИФИ» ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалы, 2023 жылы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында University Heriot Watt-тың филиалы құрылғанын жеткізді. Бірақ МИФИ мен Губкиннің филиалдарын құру туралы қаулы үлгісінде оқыту қазақстандық филиалдар базасында екі немесе үш, бас университеттер базасында бір немесе екі жыл жүзеге асырылатыны, бас ЖОО-ның филиалдағы білім беру процесін ұйымдастырудағы үлесі кемінде 50 пайызды құрайтыны көрсетілген. Осыдан соң, бұл филиал ма, әлде бағдарлама ма деген сұрақ туындайды. Ал филиал деп аталып жүрген Heriot-Watt «Мұнай-газ ісі», «Электроэнергетика», «Компьютерлік инженерия» білім беру бағдарламалары бойынша Жұбанов атындағы университетпен біріккен қос диплом беретін болып шықты.

Бұл мемлекеттік тапсырыс есебінен қаржыландыру арқылы ашылған «филиалдар». Министр бұған қоса стратегиялық серіктестік бойынша екі филиал ашылғанын айтқан. Бірі – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіндегі University of Arizona, екіншісі – Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті базасындағы консорциум. Есеновтегі консорциум – бірнеше университеттің бір жобаға бірігіп ресурс қоюы. Мұны филиал деуге келе ме, келмей ме? Ал америкалық Аризонаның атағы баяғыда жер шарлап кеткен. Ведомство жетекші ЖОО-ның атын айтып, біраз жарнама жасаған, мақтанған. Тіпті әлеуметтік желідегі парақшасына «Филиалдар» деген айдар ашып, астына қос диплом бағдарламасы туралы жазып қойған. Иә, шын мәнінде, бұл да қос дипломды және халықаралық білім беру бағдарламасы ғана.

Дәл осы секілді бірнеше келісімдер «филиал» деген тақырыппен айғайлап тұр. Мазмұнын қарасаң, сол баяғы екі диплом. Ал үкіметтің ресми ресурстарында филиал деген сөз жиі қолданылмайды. Тиісінше, «университет базасындағы университет», «халықаралық байланыс» деген орындырақ тіркестерді пайдаланады. Олардың «20-дан астам елдің университеттерімен өзара іс-қимылдың түрлі форматтары бар» дегені де 23 филиал жұмысқа кірісті дегенге қарағанда ақылға қонады. Осының бәрін есепке алсақ, алда ашылады деп жүрген филиалдарымыз да бағдарламаның айналасындағы дүниелер сыңайлы.

Еліміздегі филиал студенттері көбіне ағылшын тілі біліктілігіне байланысты тест тапсырып, оқуға түседі. Онда ақылы негіздегі білім беруге назар аударылады. Ал қос диплом гранттық негізде жүзеге асырылады. Бұл туралы Мәскеудегі РУДН оқу ордасында қос диплом бағдарламасымен білім алып жүрген Дінмұхамед Берікұлы былай дейді:

«Қос дипломда оқып жүріп аңғарғаным, екі елдің білім беру бағдарламасы ұқсас. Тек құрылымдық өзгерістер байқалады. Елде үш ай оқысам, енді Ресейде тоғыз ай боламын. Алдағы уақытта екі елдің дипломын аламын. Бірақ осының бәрі бір академиялық мерзім ішінде. Ал филиалдың айырмашылығы, ол толыққанды бір университет және шетелдік. Демек, дипломың да толыққанды шетелдік болады. Мұндағы мәселе мамандық пен кадр сапасындағы ерекшеліктерде».

Иә, екеуіндегі білім беру бағдарламасы да, басқа академиялық ньюанстар да өз алдына ерекшеленеді. Оған қоса, заңнамалық аспектілердің реттілігі мен мазмұны маңызды. Елімізде филиал қандай критерийлерге, қос диплом қандай талаптарға сай болуы қажет, қайсысынан қандай нәтиже күтіледі, қаржы ресурстары қалай жұмсалады? Осы және өзге де саулдарымызды министрлікке жолдадық. Негізінен, заңнамалық бағыттағы жұмыстар бойынша өзгерістер күтілуде. Қыркүйектің басында шетелдік ЖОО-лардың жұмысына қойылатын бірыңғай талаптар жыл соңына дейін қабылданатыны хабарланған.

Бір емес екі бірдей шетелде – АҚШ пен Италияда білім алған Саясат Нұрбектің филиал мен әріптестік бағдарламаны ажырата алмауы, оны ешқандай шетелде оқымаған Асхат Аймағамбетовтің түсіндіріп жүруі қалай болғанда да қызық көрінеді. Өзі басқарған ведомствоны сағынып жүр ме екен, депутат дәл осы филиал тақырыбына қатысты әлеуметтік желіге де жазды, сұхбатта да айтты. Енді өзінің ізбасарына «соны да білмейсің бе?» деп, депутаттық сауал жолдап жіберсе…

Баян Мұратбекқызы

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА