21.11.2024

Күзгі демалыс кезінде мектеп оқушыларына бірқатар тегін іс-шаралар ұйымдастырмақ

Ұлттық музейде мектеп демалысы кезінде тарихи-мәдени мұраны насихаттау мақсатында тақырыптық тегін экскурсиялар өткізіледі. Экскурсия барысында оқушылар британдық мүсінші Юнус Сафардиардың туындылары мен отандық суретші Тілеужан Батановтың жеке көрмелерін тамашалай алады.

Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Алтын күз» тақырыбында пленэр, тұмар жасау бойынша шеберлік сабақтары жоспарланған.

ҚР Мемлекеттік Орталық музейі балалар үшін «Қазақ хандығының билеушілері» жобасы аясында циклдік сабақтар, «Абылай хан» және «Қазақ халық фольклоры: қазақ ертегілері әлемінде» жобасы аясында театрландырылған «Алдар Көсе – менің сүйікті кейіпкерім» музейлік сабақтарын ұйымдастырады.

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармонияда «Оқушыларға арналған абономент» жобасы бойынша әр концертке кіру үшін мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы 10 орын тегін қарастырылған.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығы «Күзгі демалыс музей аясында» атты апталық өткізіп, оқушылар арасында викториналар, «Таңбалы» музей-қорығы оқушылар үшін қызықты квест-ойын өткізуді жоспарлап отыр. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында осы жылдың қыркүйек айынан бастап арнайы мектеп оқушылары үшін «Ясауитану» клубы мен «Жас археолог», «Жас реставратор», «Жас экскурсовод» үйірмелері тұрақты түрде тегін жұмыс жасап келеді.

Музей педагогикасы жобасы бойынша «Ботай» музей-қорығында балалар үшін тегін көрмелер мен экскурсиялар ұйымдастырылып, ашық есік күндері өткізіледі. Сондай-ақ, экскурсия барысында «Ботай мәдениетінің археологиялық зерттеулері» инсталляциясы ұсынылады.

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты «Қарахан», «Дәуітбек», «Айша бибі», «Бабаджа хатун» кесенелері, «Ақыртас» сәулет-археологиялық кешені мен «Көне Тараз» ашық аспан астындағы археологиялық саябағына балаларға жыл бойына ақысыз кіру қарастырылған.

2017 жылдан бастап әр айдың соңғы жексенбісінде және каникул күндері мектеп оқушылары үшін «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына тегін кіре алады. Сонымен қатар, Есік және Алматы қалаларындағы мүгедек және көру қабілеті нашар балаларға музей-қорыққа ақысыз кіру қарастырылған.

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы мектеп оқушыларына арнайы экскурсия ұйымдастырып, «Күз қызықтары» шеберлік сағатын өткізеді.

«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы Арыстанбаб кесенесі, Отырар-төбе және Сапар орталығы ғимараттарына экскурсияларды тегін ұйымдастырады.

«Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы» мектеп оқушыларына арнап «Жошы ұлысы: тарихы және мұрасы» тақырыбында тегін көрме ұйымдастырады. Көрмеде Ұлытау өңірінде орналасқан Алтын Орда дәуіріне жататын тарих және мәдениет ескерткіштері таныстырылады.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА