Павлодардың мектеп оқушысы Әділ Қабылда Вьетнам астанасы – Ханой қаласында шілденің соңында өткен 46-ші халықаралық химия олимпиадасында күміс медальді жеңіп алды.
Олимпиадаға әлемнің 75 елінен жас химиктер жиналды. Құрамында төрт адам бар Қазақстанның құрама командасы лайықты білім деңгейлерін көрсетті – үшеуі зияткерлік жарыстың жүлдегері атанып, «күміс» және екі қола медаль олжалады. Химия саласындағы ең күшті командалар Қытай, Оңтүстік Корея және Вьетнам елдерінікі болды.
Павлодарлық қазақ-түрік лицейі химия пәнінің мұғалімі Алмас Ордабаевтың айтуынша, оның оқушысы Әділ Қабылданың табысы кездейсоқ емес. «Жасөспірімде жеңіске деген ұмтылыс, еңбексүйгіштік, жоғары интеллекті және кең дүниетаным мол», – деп атап өтті педагог.
Жақында Мәскеуде өткен халықаралық Менделеев олимпиадасында да Әділ күміс медальға ие болған еді. Оның жеңісі – тынымсыз еңбектің жемісі. Оныншы сынып оқушысы бұл пәннен мектеп бағдарламасын баяғыда меңгеріп, өздігінен жоғары оқу орнының курсын оқып-үйренуге кіріскен. Ә.Қабылда өзінің келешегін ғылыммен байланыстырмақ. Америкада білім алып, туған Отаны – Қазақстанға өз білімі мен еңбегін арнамақ.