22.11.2024

Зейнеп АХМЕТОВА. Дардай азаматтардың сағыз шайнағанын көрмек түгілі, естімеген едік.

Өзгелерді қайдам, қарсы алдымда сағыз шайнап тұрған адаммен әңгімем жараспайды. Әр адамның мінез-құлық, әдеті әр түрлі, мүмкін біреулер “сағыз шайнағанда тұрған не бар” дер. Неге екенін, аузы шайнаңдап, жағы бұлтылдап тұрып, амандасқанда, сөз сөйлегенде, аузында сағызы бар адам қарапайым адамдық әдепті аттап, сізді өзінің деңгейіне тең көрмей тұрғандай сезіледі.
Бір жолы қаладағы аудан әкімшілігіне жауапты қызметте істейтін бастыққа бір шаруамен бардым. Шынымды айтсам, мен үшін бастықтардың есігін қағудан өткен қиын іс жоқ. Амал қанша, адам күні адаммен болған соң әрі шаруа сол адамға тіреліп тұрса, бармай қайтесің?! Обалы не керек, “келіңіз, апай” деп-ақ қарсы алды. Алайда мен келгенде аузында сағызы бар еді, сол сағызымен сәлемдесті, сағызын алмастан мені тыңдады. Менің айтқанымды пұшпағына қыстырмай, жүрдім-бардым қабылдай салғандай әсер етті. Қайта-қайта оның сағыз шайнаған аузына назарым түсе бергеннен ойым бөлініп, сөзім шашыраңқы шығып, қобырап кетті. “Аузындағысын алып тастар ма екен” деп бір-екі рет сөзімді кідіртіп, жүзіне тік қарадым да. Ол ерен етпеді, менікі бос дәмелену, бекершілік болды. Содан келген шаруамды ағына жеткізбей, орнымнан тұрдым да:
– Айналайын, уақытыңды алғаныма кешір! Сағызыңды шайнап болғанда келермін. Сау бол! – деп шықтым дакеттім. Қайтып оның алдына барғаным жоқ.
Бұл әректімді “жөн” деп те, “жөнсіз” деп те кесіп-пішіп, үкім айта алмаймын. “Тура сөздің тоқпағы көп”, мүмкін менің сөзім ауыр тиіп, ренжіді ме, жоқ әлде “әбес болды-ау…” деп ұяла ма білмеймін, содан бері мені көрсе, бөркі теріс айналып, көзіме түспеуге тырысады.
…”Неге сүйкенсең, сол жұғады”, біздің жұқтырып жатқан “бояуларымыз” көп. Бара-бара қандай түс, қандай реңде болғанымызды ұмытып қалмасақ жарар еді. Жаратылысымыз кең пішілген ақ көңіл халықпыз. Ақсың ба, қарасың ба, сарысың ба – алаламай, жатсынбай бауырымызға тарта береміз. Татулық дейміз, достық-ынтымақ дейміз – осының бәрі біржақты, тек бізге керек сияқты. “Ер туған жеріне, ит тойған жеріне” дегендей, көбі бізге қарын тойдыру үшін, тою үшін келеді. Келгенде өзінің әдет-дағдысын, іс-әрекетін қоса алып жетеді. Олар ілестіре әкелгеннің бәрін жеті атамыздан қалған мұрадай, сабақты ине-жібіне дейін тұрмысымызға сіңіреміз. Өйтпегенде ше! Ол – дамыған өркениетті елдерден келген жаңа заман жаңалықтары. О-о, оларда керемет өнегелер бар! Таңертеңгілікте орнынан тұрмай-ақ, жуынбай-ақ жатқан жерінде “кофе в постель” деп азанғы асты ішеді. Түнімен қолы қай жерлерін ұстағанын ұйықтап жатқан адам қайдан білсін?! Даладан келе сап аяқкиіммен төсекке серейіп жата кетеді. Көңіл көтергілері келсе, бірінің бетіне бірі торт жапсырып, дастархандағы дәмдерді лақтырысады. Көшеде кетіп бара жатып, бөтелкенің аузынан шөлін қандыра береді. Жолдың ортасында тұрып, сүйісу де түк емес. “Шорты” деген шолтиған шолақ ыштанды бұрын кішкене балалар ғана киюші еді, сөйтсек ол да мәдениет екен ғой, кім білген, көрсеткендеріне рахмет! Қазір кемпір-шал да, ата сақалы аузына түскен азамат та, сабаудай-сабаудай жігіттер де, қыз келін де шорты киіп, шікірейетін болды. Айта берсе, мұндай кәкір-шүкір толассыз жосылып келіп жатыр, қайсыбірін тізе берейін. Дегенмен соның бірі – жаппай сағыз шайнау. Енді бұл шіркіннің жүрмейтін жері жоқ. Көпшілік орындарда, көшеде, жұмыста, үлкен-кіші жағы талмай шайнаңдап бара жатқаны. Сағыз шайнап тұрып сәлемдесіп, сөйлесе береді. Басқамызды былай қойғанда, сіз бен біздің тағдырымызға, өмір-тіршілігімізге тікелей қатысты келеді де маңызды мәселелерді талқылайтын салиқалы отырыстарда халық қалаулыларының талайы аузынан сағызын тастамайды. Бала-шаға, қыз-қырқын емес, білікті азаматтардың өзін көріп, отырған жұрттан сынық сүйем именбейтініне қайран қаласың.
“Кісінің тауығы қаздай көрінеді” деп бөгдеге оңай қызығатын құмаркөздігімізден іліп алған өнеріміз. Біреуге жарасқан, біреуге қонбай қолпиып, көзге сүйелдей қадалса да, бас тартпаймыз. Бұған қарап “қазақтар сағызды білмеген екен, бардың бәрі басқада екен” деген ой тумаса керек. Сағыз да қазаққа жат емес. Қарағай сағыз, құмсағыз, жерсағыз сияқты өсімдіктерден алынатын, жасанды қоспа, бояуы жоқ таза сағыздар қазақта да болған. Көп жағдайда бала-шағалар шайнайтын. Қыз-келіншектер өздері оңашада кесте тігіп, шашақ түйгенде сағызды ермек ететін. Сонымен бірге тамақтың соңынан тоқтық басу үшін, тіс тазарту үшін пайдаланған және аяғы ауыр әйелдерге “іштегі бала шымыр, ширақ болсын” деп құмсағыз шайнатушы еді. Алайда бөтен кісінің көзінше, әсіресе үлкендердің алдында ауызды мылжыңдатып, сағыз шайнау – ұят, оғаш әрекет саналатын. Ауыздағы сағызбен сәлем беру немесе сәлем алу, сөз сөйлеу, бала екеш балаға да әдепсіздік болып танылатын. Ал дардай азаматтардың сағыз шайнағанын көрмек түгілі, естімеген едік.

namys.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА