Анаған да, мынаған да таңғаласың да жүресің. Соған кеткен қуатыңды, уақытыңды өзгені таңғалдыруға жұмсамайсың ба?! Меніңше, сенде оған жететін күш-қуат бар.
Алатын кезде – алға озып, беретін кезде артта бұғып қалатын, алғаны мен бергенін жіпке тізіп санайтын адамнан аулақ жүр. Ондай адамнан құтылудың өзі – үлкен олжа.
Адам ешкімге сенбей, бәріне күдіктеніп, айналасындағыларды ылғи “алдамшы”, “қу”, “нашар адамдар” деп ойлап жүрсе, тура сондай сұмырайлар кездесе береді, қасыңа топталып, жинала береді.
Адам өмірге, мынау жарық дүниеге жылап келеді. Ата-ана, туған-туыс айналасы шат-шадыман қуанады. Кетеріңде өзгелер жылап, өзің ризашылықпен қуанып кететіндей істе.
Маңдай терің тамған еңбегің мен ақылың жұптаса қол ұстасып жүрмесе, тапқаның табаныңның астында тарыдай шашылады.
Жақсы адамның жақсылығын айтқын, мейірленсін. Бірақ жағымпазданып өтірік мақтама! Нашар адамның жамандығын бетіне бассаң да, жала жаппа!
Өзіңді силайтын жерге қайта-қайта жылтыңдап бара берме, қадірің кетеді.
Пышақ қаламның орнын ауыстыра алмайды. Пышақ кескен жер жазылып кетеді, қалам жазалаған жер жазылмас жараға айналады.
Бағың жанып, тасың өрге домаласа, арзанқол достар мен дұшпандарың көбейеді.