№159 гимназия директоры, Қазақстанның Еңбек ері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер, Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі, Білім беру ісінің құрметті қызметкері Миразова Аягүл Төреқызы басқаратын шаңырақтың табалдырығын аттадық.
Алматы қаласы бойынша мектеп кітапханалары арасында «Жыл кітапханасы» атанған Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназия директоры, Қазақстанның Еңбек ері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер, Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі, Білім беру ісінің құрметті қызметкері Миразова Аягүл Төреқызы басқаратын шаңырақтың табалдырығын аттадық. Мұның өзіндік себебі бар. Білім ордасының кітапханасы өзгелерге үлгі боларлық, тәжірибе таратуға мүмкіндігі мол.
Ұстаздар мен оқушылар оқулықпен қатар, осында қалаған әдеби кітаптарды, әдістемелік оқулықтарды, көмекші құралдарын оңай таба алады. Қағілез мұғалімдер әр сабаққа тиянақты даярлану үшін де кітапханаға жиі келеді.
Мұнда бірден көзге түсетін нәрсе – Қазақтың ел билеген хандары мен атақты ақын-жазушыларының портреті. Бұларды оқушылар жатқа білетін болуы тиіс. Ал кітаптардың барлығы сала бойынша бөлініп, рет-ретімен сөрелерге қойылған. Кітапхана меңгерушісі Балғын Еркінбекқызының айтуынша, бұл тәсіл әдеби кітаптар, оқулықтардан бастап, күнделікті басылымдарға дейін, қысқасы, қалаған нәрсеңізді тез тауып алуға септігін тигізеді.
Бүгінде мектеп қорында 9 мыңға жуық көркем әдебиет, 35 мың оқулық, мұғалімдерге арналған әдістемелік, дидактикалық 14 мың құрал бар. Одан бөлек, 1400 электронды оқулық сақталған. Электронды оқулықтар сабақ барысында тақырыпқа сай қолданылады. Айталық, «Көксерек» фильмін көре отырып, шығарманы бір мезгілде тыңдау, одан соң кітаптағы нұсқамен салыстыру балалардың есте сақтау қабілетін арттырады. Бұл үшін оқырмандар залында арнайы теледидар қойылған. Мамандар негізінен кітапты қолға алып оқуға ештеңе жетпейтіндігін айтады. Өйткені бұл тәсіл сауаттылықты қалыптастыруға, ойды дамытуға көмектеседі.
–Мектепте оқушылардың кітап оқуға құштарлығы жоғары. Оларды көркем әдебиет оқу үшін ынталандыру жағын да ойластырып, түрлі шаралар ұйымдастырып отырамыз. Тіпті жазғы демалыста да сынып жетекшілерінің басшылығымен арнайы бағдарлама жасалып, ұл-қыздар көркем әдебиеттерді алып оқыды. Мұның сыртында кітапты өз бетінше оқитын білімпаздар да бар. Негізі бастауыш сынып оқушылары көп оқиды. Балалардың көптігінен кітапханада жұмыс кестесін енгізгенбіз. Жалпы, кітап оқуға сүйіспеншіліктің артып келе жатқаны қуантады, – дейді Балғын Еркінбекқызы.
Рухани деңгейінің жоғары болуы үшін де, көп оқуды мұрат ететін ұстаздар да кітапханадан қалағанын таба алады. Әсіресе, күнделікті шығатын «Айқын», «Егемен Қазақстан», «Алматы ақшамы» газеті, арнайы басылымдар – «Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан мектебі», «Мерейлі ұстаз», «Мектептегі психология», «Педагогикалық кеңес», «Мектептегі кітапхана», «Тәрбие сағаты» секілді 115-ке жуық атаулы басылымдардан бас алмай оқитын ұстаздар жеткілікті.
– «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан болады» дейді Абай атамыз. Жақсы ұстаз болудың өзі – өнер. Мұғалім мықты, білімді, сауатты, мәдениетті, адамгершілігі зор болғанда ғана өз атына сай болады.
Кітапхана – дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі. Кітап – адам өмірін жақсы жағына қарай өзгертеді. Елді, жерді сүюді, дарынды, кішіпейіл болуға, мейірімділік пен төзімділікке баулитын да кітап. Жаман әдеттен арылтатын да, жақсы нәрсеге баулитын да кітап.
Президентіміз «Қазақстан – 2030» бағдарламасында: «ХХІ ғасырда білімсіз мүмкін емес. Халықты салауатты да сауатты бағыттауымыз керек» деген сөзі бүгінгі ұрпаққа берілген нақты тапсырма. Сондықтан мектеп кітапханасын толықтырып, оқушылар мен ұстаздардың рухани ордасына айналдыра беру басты мақсатымыз, – дейді білім ордасының басшысы Аягүл Төреқызы.
Елімізде мектеп кітапханасының алар орны зор. Оқу үрдісін қажетті оқулықпен, әдістеме құралдарымен қамтамасыз етуге міндетті орын да – кітапхана. «Мектептің өркендеуі мен қалыптасуына, балаларға тәлімі мол тәрбие беруде көмектесетін кітапхана болғандықтан да өз жұмысымызға жауапкершілікпен қараймыз» деген кітапхана қызметкерлерінің Аягүл Төреқызына айтар алғысы шексіз. Өйткені мұнда керек нәрсенің бәрін таба аласыз. Сабақ барысында мұқтаж болған әдістемелік құралдарды кітап дүкенінен іздеп сабылмайсыз. Енді жаңа технологиялар да өмірге енгізілуде. Осының барлығы кітапхана қызметін жандандырары даусыз.
Кітапхананы кітап сақтайтын, кітап беретін орын ғана емес, электронды ақпарат орталығына айнала бастаған тұста, кітапхана қызметіне де өзгеріс ене бастады. «Бүгінде 1-11-сынып аралығындағы оқушылар оқулықпен толық қамтамасыз етілген. Бірде-бір ата-ана оқулық сатып алмайды. Әрі оқулықтардың сақталуына да назар аударып, тоқсан сайын кітап секторлары арқылы оқулық сапасын тексереміз. Арнайы ашылған журналға кітап сапасы жазылып отырады. Бұл оқушылардың жауапкершілігін де арттырады. Сонымен қатар, сөрелердегі, қоймадағы кітаптардың сапасы да қадағаланады. Ал заманға сай жаңалықтарды біртіндеп енгізетін боламыз» дейді әңгіме арасында кітапхана меңгерушісі.
Осында кез келген пән мұғалімі өзіне қажетті әдебиетті, әдістемелік құралды таба алады. Бәрінен ерекшелігі, атаулы басылымдарға мектеп мұғалімдерінің ғылыми мақалалары, оқушылардың жазған мақалалары жарық көріп тұрады.
Елбасымыздың «ХХІ ғасыр – білім мен ғылымның ғасыры болады» деген ұлағатты сөзі осы салада жүрген қауымды қатты ойландыратыны даусыз. Рухани ордада көрнекті ғалым Ғарифолла Есімнің, балалар жазушысы Шәкен Күмісбаевтың кітаптарының тұсаукесерінің өтуі де оқушыларға ой салып, ұстаздарды серпілткені анық. «Кітап – алтын қазына» екендігін жақсы білетін жұрт үшін бұл елеулі оқиға саналады. «Халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» деген Шоқан Уәлихановтың аталы сөзі алғышартқа айналған тұста, оқудың орны бөлектігі айшықтала түсті. Білімді мыңды жығатынын сезінген ұл-қыздардың саны да артып келеді. Мәселен белгілі әнші Мақпал Жүнісованың қызы – 6-сынып оқушысы Мерей Заманбек туралы кітапханашылар сүйіспеншілікпен айтады. Ол жиі кітап оқуды ұнатады екен.
– Дүние білімге келіп тірелді. Осыны балалардың да, ұстаздардың да түсіне бастағанына қуанамын. Олардың мүддесіне сай қызмет ету үшін де кітапхана қоры ұдайы толықтырылып келеді, – дейді бүкіл өмірін кітапхана қызметіне арнаған шебер Жібек Жамалбекова.
Мектеп кітапханасы – мектеп мақтанышы болуы тиіс. Қысылмай кіріп, қалағаныңды тауып, білігіңді арттыратын руханият ордасының осылай болғаны жөн.
Дуанабай Жолдасбек
http://aikyn.kz/