Бүгін 13 қыркүйек күні Қыздар университетінде бірегей де, дара киелі шаңырақ арулар ордасының 70 жылдық мерейтойына орай Республикалық деңгейде «Атыңнан айналайын, Қазақ қызы!» атты жыр мүшәйрасы мен ақындар айтысы өтеді.
Айтулы шаралардың мақсаты – Қазақ қызына деген құрметті, жауапкершілікті көтеру, ұлттық мәдениет пен рухани құндылық мәртебесін арттыру, ұлт анасына, ұрпақ тәрбиешілеріне, ана-ұстаздарға, қыз-келіншектерге деген ілтипатты кеңінен насихаттау, Қыздар университетінің жетпіс жылда жеткен жетістіктерін паш ету.
Еске сала кетейік, жыр додасы осыдан екі ай бұрын жарияланған болатын. Осы уақыт аралығында Қыздар университеті қоржынына еліміздің түкпір-түрпірінен 70-ке жуық хат келіп түсті. Шығармашыл жандар бас қосатын кездесуде жыр мүшайраның жеңімпаздары анықталып, марапатталатын болады. Жыр мүшәйраға қатысушылардың үздік деп танылған өлеңдері ұйымдастырушылардың қолдауымен алдағы уақытта арнайы жинақ болып басып шығарылады.
Шара барысында Қыздар университетінің 70 жылдық мерекесіне орай оқу орнымен тығыз байланыс орнатқан, университеттің оқу үдерісі мен тәрбиелік жұмыстарын насихаттауға атсалысқан БАҚ басшылары мен өкілдерін марапаттау рәсімі өтеді.
Шығармашылық күні түстен кейін ақындар айтысына ұласады. Суырып салма сөз айтысына елімізге танымал айтыскерлер: Балғынбек Имашев (Астана қаласы), Айнұр Тұрсынбаева (Астана қаласы), Нұрлан Жұмабек (Жамбыл облысы), Аяулым Жұмабекқызы (Алматы облысы), Жақсылық Орынбасар (Астана қаласы), Сара Тоқтамысова (Астана қаласы), Фархат Маратұлы (Алматы қаласы), Зура Шайдымұрат (Қытай Халық республикасы), Сырым Әуезхан (Астана қаласы), Арзыгүл Қайыңбекқызы (Алматы қаласы, ҚазМемҚызПУ дайындық бөлімі), Аспанбек Шұғатаев (Павлодар), Айсәуле Бейсенхан (Астана қаласы) қатысады.
Айтыскерлердің таланты мен шеберлігін «Атамұра» корпорациясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты, ҚазМемҚызПУ-дың құрметті профессоры Рақымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммед, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, республикалық «Заң» газетінің бас редакторы Бекжан Әшірбаев, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры, ақын Рысбай Сәтімбеков, «Қыздар университеті» баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Серік Қалиев қазылық жасайтын болады. Әділ-қазылар алқасының төрағасы Республикалық кітап мұражайының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері Жүрсін Ерман, – деп хабарлайды Қыздар университетінің медиа орталығынан.
Құрметті Алматылықтар мен қала қонақтары мұшайра мен айтыстың құрметті көрермені болыңздар. Келем деушілерге есік ашық.
kazbilim.kz