22.11.2024

БІЛІМ БИЗНЕСКЕ АЙНАЛЫП БАРАДЫ

БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ САЛҒЫРТТЫҚ ДЕПУТАТТАР НАЗАРЫНДА

Оқу жылының соңында ҰБТ деп шулаған жұрт, оқу жылының басында қажетті оқулыққа қолы жетпегендіктен, тағы да наразылық туғызуда. Білім министрлігіне мін тағу міндетіміз емес, әрине. Әйтсе де еліміздің ертеңі саналатын бүгінгі ұрпақтың білім алу жолындағы кезіккен осы бір кедергісі көңілге кірбің ұялатады.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында: «ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар» деп білімді ұрпақтың қоғамдағы орнын атап көрсетті. «Күш – білімде» десек, «білім – кітапта». Ал, оқитын кітабы болмаса, оқушы білімді қайдан алмақ?
Елімізде 2013-2014 оқу жылында жалпы білім беретін 7561 мектеп тіркеліпті. ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биыл Қазақстанда барлығы 277 мың 575 бала бірінші сыныптың табалдырығын аттапты. 2014-2015 оқу жылында күндізгі орта білім беру мектептерінде оқитын оқушылардың жалпы саны 2498819 болып отыр.
Мемлекет қазынасынан мектеп оқулықтарын басып шығаруға 8,500 млрд. теңге бөлінген. Осыншама қаржының бөлінгені­не қарамастан, еліміздің көп­теген өңірлерінде оқулық тапшылығы орын алып отыр. Ең сорақысы – бұл үрдістің жыл сайын қайталанатындығы. Сонда білім саласының тізгінін ұстағандар еліміздегі жалпы оқушының санын білмейді ме? Жоқ әлде біле тұрып, тегін білім алуға құқылы ел азаматтарының құқығын аяққа таптағысы келе ме?
Жалпы жұртты алаңдатқан оқулық мәселесі жақында өткен Мәжілістің жалпы отырысында да басты назарға алынды. Жиын барысында Үкімет басшысына сауал жолдаған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Алмас Тұртаев: «Оқулықтардың жыл сайын жаңаруы – министрліктің бизнесі», – деп ашық мәлімдеді. Сондай-ақ, депутат министрліктің осы мәселеге қатысты алдағы уақытта қолданатын шаралары туралы хабардар етуді сұрады.
«Ақ жол» партиясы бастаған мәселені «Нұр Отан» партиясы да қоштады. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Майра Айсина биылға қажетті кітаптарды басып шығаруға бөлінген қаражаттың жұмсалуы мен мектептерге жеткізілу схемасына қатысты ақпаратты толық беруді сұрады. Сондай-ақ, ол кітап жетіспеушілігінің салдарынан базарларда оқулық­тардың көшірмелері пайда болғанын, олардың бағасы төмен болғанымен, сапасы сын көтермейтіндігін айтты.

МИНИСТРЛІКТІҢ ЖАУАБЫ ОҚУЛЫҚ МӘСЕЛЕСІН ШЕШКЕН ЖОҚ…

Оқулық мәселесіне қатысты депутаттар дабыл қаққаннан кейін арада көп уақыт өтпей-ақ, Білім және ғылым министрлігі өз түсіндірмесін жариялады.
Министрлік өкілдері «біз өз тарапымыздан аймақтық басқармалардың сұранысына сай қажетті кітапты шығардық, ал тасымалдау мен тарату жергілікті атқарушы органдардың жұмысы» деп өз міндеттерін толық орындаған кейіп танытты. Әйтсе де, министрлік мамандары Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында ғана кітап тапшылығы орын алып отырғандығын айтты. Сөйтіп, аталған облыстардың Білім басқармасының басшыларына тәртіптік шара қолдану үшін аймақ әкіміне министрдің өзі хат жолдаумен шектелді.
Сонда телеарналардан тоқтаусыз көрсетіліп жатқан Астана, Атырау, Қарағанды қалаларындағы кітап алу үшін әуре-сарсаңға түскен ата-аналар ше? Бұл – жұрттың білетіні ғана. Елімізде кітап тапшылығын көріп отырған бұдан өзге қалалар жетіп артылады. Олардың мұңын кім тыңдамақ? Білім министрлігі орын алған түйткілді мәселенің түйінін тарқатудың орнына, бар тірлікті жергілікті билікке ысырып қойып, өздері сүттен ақ, судан таза болып отыра бермек пе? Қысқа да, нұсқа берілген министрліктің бұл жауабы оқулық мәселесін шеше қойған жоқ, әзірге. Мектеп оқушылары 100 пайыз оқулықпен қамтамасыз етілмек түгілі, ата-аналар дүкендерде ұзын-сонар кезек күтіп, қажетті кітапқа өз қаржысын шығындап, әрең қол жеткізіп жүр.
Білегіне емес, біліміне сенетін бұл заманда әрбір ата-ана бауыр еті баласының білімді, саналы болып өскенін қалайтыны сөзсіз. Сондықтан, ата-ананың «білім – бұлағы – кітап» үшін жанталасуы да заңдылық. Бұл құбылыс Алматы қаласында да белең алған.
Жақында өткен тамыз кеңесінде де Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов мектеп оқулықтарын әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінгендігін айтты. Әйтсе де, алматылық оқушылар кітаппен 100 пайыз қамтамасыз етілген жоқ.
Таяуда ғана редак­циямызға қоңырау шалған Бағила есімді ата-ана (есімі белгілі себептермен өзгертіліп алынды) 5 сыныпта оқитын ұлы­ның әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасынан шыққанына қарамастан, 3 ғана кітап алғандығын айтып шағымданды. Мән-жайды білмек болып оның ұлы оқитын №157 жалпы білім беретін мектепке бас сұқтық.

Света АХМЕТОВА,
№157 жалпы білім беретін мектептің директоры:
– Бүгінгі таңда мекте­бімізде 2200 бала білім алады. Ал, даярлық сыныбында 240 оқушы бар. Мектепте білім алуға өтініш білдіретін балалар саны күн санап артып отыр. 2 күннің ішінде мектебімізге 48 бала келіп қосылды. Осындай жоспардан тыс бала санының артуына байланысты кітап жетіспеушілігі туындап отырғаны жасырын емес.
Негізінен, барлық сыныптың оқушыларына мектептің қорында бар кітаптар түгелімен таратылды. Ал кейбір жоқ кітаптарды қаламыздағы басқа мектептермен байланысып, бір-бірімізбен ауысу арқылы түгендеп жатырмыз.
Сондай-ақ, мектебімізде 1-сыныпқа қосымша тізім арқылы қабылданған 16 балаға да кітап жетіспей жатыр.
Өздеріңіз білетіндей «Қалқаман» ықшам ауданын­дағы тұрғындардың дені өзге өңірден қоныс аударған пәтер жалдаушылар болғандықтан, біздің мектебімізде оқушылар саны жиі өзгеріп тұрады. Мысал ретінде айтатын болсақ, бір сыныпта 30 бала оқиды деп жоспарласақ, ол сыныпта бала саны 34-ке толығуы мүмкін. Осыдан барып кітап жетіспейді. Алдағы уақытта оқушылардың барлығын оқулықпен түгел қамтамасыз етуге тырысамыз.

Айымгүл ХАСЕНОВА, №176 мектеп-гимназиясының кітапханашысы:
– Қазіргі таңда мектеп қорында бар кітаптың барлығы оқушыларға үлестіріліп берілді. Мектеп оқулықтары жартылай жетім, көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан оқушыларға толығымен берілді.
Негізінен 1-4 сынып аралығының барлығы «Атамұра» баспасымен оқитындықтан, кітаппен толық қамтамасыз етілді. Тек «Алматы кітап» баспасымен оқитын бір ғана сыныпқа кітап жеткіліксіз болғандықтан, басқа мектептермен ауысу арқылы түгелдеуге тырыстық. Соның өзінде толығымен жеткен жоқ.
Сондай-ақ, 5-сынып оқушы­ларына бейнелеу өнері мен ұл балаларға арналған технология оқулығының мүлдем жетіспейтіндігін айта кету керек. Ал, 9 сынып бойынша химия (авторы Р.Жұмаділова) оқулығы оқушылардың барлығына бірдей жете бермейді. Осы сияқты оқушылардың қолы жетпеген кейбір кітаптарды ата-аналары сатып алып беруіне тура келеді.
Қала мектептерін аралау барысында Алматы қаласында да кітап тапшылығының бар екеніне көз жеткіздік. Мектеп оқушы­ларының өздері де жетпеген біршама кітапты сатып алғандықтарын жасырмады.
Мектептердің жыл сайын әртүрлі авторлардың кітабымен оқытатындығын айтқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Алмас Тұртаев: «Бұл білім беру ісінде жүйелілік жоқ екендігінің көрінісі» деп атап көрсеткен болатын.
Бұрындары 1-7 сынып оқушы­лары «Атамұра» баспасы­ның, 8-10 сыныптар «Мектеп» баспасының, 11-сынып «Жазушы» баспасының шығарған оқулықтарымен оқып келген болатын. Қазір жағдай басқаша. Кітап шығаратын баспалардың саны артты. Бір ғана математика оқулығының көптеген авторы бар. Әр автор әртүрлі баспалардан шығарады. Пән мұғалімдері болса, қай автордың, қай баспаның оқулығын құп көрсе, сонымен оқыта алатын болды.
Пән мұғалімдеріне мұндай еріктің берілуі мүмкін дұрыс та шығар. Бірақ мектеп оқулықтарында қандай да бір жүйелілік болмаса, сапалы білімнің болуы да неғайбыл. Оның үстіне бұл мәселеде жүйелі жұмыс жүргізілсе, кітап жетіспеушілігін азайтуға септігі тиер еді.
Жалпы, кітап тапшылығы бүгінгі күні еліміздің көптеген өңірінде кездесіп отыр. Білім саласының тізгінін ұстағандар оқушыларды кітаппен қамтамасыз етуге қанша қаржының бөлін­гендігін айтумен ғана шектелмей, сол қаржының дұ­рыс жұмсалуын қадағалап, нақты істер атқарса жарар еді. Қаншама ата-ана оқулық үшін қаржы жұмсап, аузын астан айырмас та еді. Оның үстіне, білімді ұрпақ өз болашағымыздың жарқын екендігін көрсетпей ме?!

Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

qazaquni.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА