22.11.2024

Елбасы: Бүгінгі таңда біздің ортақ табыстарымыздың арқасында отандық білім берудің деңгейі өсіп келеді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Отбасы күні мерекесімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлайды.

Құрметті қазақстандықтар!

Баршаңызды Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі.

Табандылық, еңбексүйгіштік, туған жерді қастерлеу, үлкенге құрмет және қонақжайлылық сияқты халқымыздың ең жақсы рухани-адамгершілік құндылықтары берік отбасылық дәстүрлер арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

«Отбасы күні» осы ұлағатты мұраларымызды нығайтып, жұбайлық өмірдің жауапкершілігі мен балаларға, аға буынға ұдайы қамқор болудың маңыздылығын жастардың жадына сіңіре бермек.

«Қазақстан-2050» Стратегиясының ең басты мақсаты – әрбір қазақстандық отбасының әл-ауқатын арттыру.

Бүгінгі таңда біздің ортақ табыстарымыздың арқасында әлеуметтік төлемдер артып, отандық білім берудің деңгейі өсіп келеді. Денсаулық сақтау саласына ең жаңа технологиялар енгізіліп, индустриялық-инновациялық жобалар аясында барлық жерлерде жаңа жұмыс орындары ашылуда.

Біздің ең басты жетістіктеріміздің бірі – жалпықазақстандық бірліктің теңдессіз институты – Қазақстан халқы Ассамблеясының табысты жұмысы.

17 миллион қазақстандық – ортақ күш жігерімен биік мақсаттарға ұмтылған біздің мемлекетіміздің үздіксіз дамуын қамтамасыз ететін біртұтас отбасы.

Менің өкіміммен биыл тұңғыш рет «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізілуде.

Еліміздің барлық өңірлерінде ең үздік отбасылар іріктелді. Олар барша отандастарымызға, бірінші кезекте, енді шаңырақ көтеретін жастарға шынайы үлгі-өнеге.

Мереке күні әрбір қазақстандық отбасына зор денсаулық, береке-бірлік пен ынтымақ тілеймін.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА