22.11.2024

Ұлбосын АЙТӨЛЕН. АТАҢА НЕ ҚЫЛСАҢ, АЛДЫҢА СОЛ КЕЛЕДІ

«Жесірін жылатпаған, жетімін қаңғытпаған, қарттарын қазы­нам» деп қастерлеген қазақтың бүгінгі ұрпағының кей қылығы жан түршіктіреді. Әрине, бұл бә­ріне қатысты емес.
Дегенмен, екі күннің бірінде көшедегі қоқыс салатын жәшіктерден табылып жатқан жаңа туған бейкүнә сәбилер мен қартайған шағында қарттар үйін паналаған, таяғына сүйеніп қалт-құлт еткен кемсең­де­ген қариялардың көбеюі осы­лай демеске амал қалдырмаған­дай. Кім кінәлі? Неге көз ал­ды­мызда өтіп жатқан келеңсіз құбылыстар­дан көре тұра «тек маған қатысты болмаса болды» деген пиғылмен сырт айналып, немқұрайдылық танытамыз. Неге? Сауал көп. Осы­нау сауал­дардың түйткілін тарқатуды мақсат тұтқан «Нұр Отан» партия­сының жобала­рының бірі – «Ардагерлерді ардақтайық».

Бұл күндері еліміз бойынша 70-ке жуық Ардагерлер үйі жасы егде тартқан 12 мыңнан астам жан­ның тұрақты мекеніне ай­налыпты. Мемлекет әуел баста қарттар үйін тағдырдың жазмы­шымен артында қалар еш ұрпағы, қарайласар жақындары жоқ, қартайғанда жалғыз қарақан басы қауқарсыз күй кешкен қарияларға қамқорлық тұрғысынан ашқаны белгілі.

Бұл күндері Ардагерлер үйінде тұрақтап жатқандардың көбінің ұрпағы бар қариялар. Біреуді кі­нә­лаудан аулақпыз. Алматы қала­сындағы Ардагерлер үйіндегі «балалары бар» деген қарияларды сөзге тартқанымда, өздерінің де, үрім-бұтағының да аты-жөндерін атағысы келмеді. Көбі Құдай қосқан қосағынан айырылғандар. Бала-шағасымен тіл табыса ал­май, отбасынан таппаған жылы­лық мүлде бөтен ортадан бұйыр­ған жандар. Басқа салғанына көнгендер. Мұндағы қариялардың ешқайсысы да балаларын кі­нә­лағысы жоқ. Ақтай да алмайды. Тек сыртынан болса да бақыт тілейді. Тілеулері – өздерінен сырт айналған перзенттерінің үстінде.

Ардагерлер үйіндегі есімін атамауды өтінген 73 жастағы қа­рияның балаларымен тілдесуді жөн көріп, қоңырау шалған едім. «Қарт­тарым – қазынам» деп әңгі­мені бастай бергеннен «Бүгінгілер қа­зына емес, қазымыр болса не істер едіңіз?» деп өзіме дүрсе қоя берген дөрекі дауыстың өктем үні бәрін айтпай-ақ түсіндіргендей болды.

Қанша адам – соншама тағ­дыр. Бастапқыда «Қарттар үйі» аталған атауды «Ардагерлер үйі» деп ауыстырғаны көңілі мұңлы, жаны жаралы қарияларымыздың өзін-өзі «еліме еңбегім сіңгеннен кейін де осы Ардагерлер үйінде жатырмын» деп сендіруіне жақсы. Ол да болса жанын жабырқатқан мұңды шамалы болса сейілтуге сеп.

Кейбір ақсақалдар балаларына қолбайлау болғысы келмеген­діктен өздері сұранып, өз еркімен келеді екен. Сондай қарияның бірі – екі бірдей ауданның, яғни Жуалы мен Түлкібастың Құрметті азаматы, төрт баласы бар Бектұр Төлеуішұлы. Бектұр ата – 75 жас­та. Кезінде ҚазПИ-дың география факультетін бітіріпті. Одан кейін білімін Мәскеуде, Ивановада, Ленинградта жетілдіріпті. Ұзақ жылдар Ақсу Жабағылы мемле­кеттік қорығының ғылыми қыз­меткері, экскурсиялық қызметтің жетекшісі, орта мектепте дирек­тор қызметтерін атқарған кісі. Жұбайы қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай өзі де инсульт алыпты. «Ине саламын. Әлі-ақ шауып кете­сіз» деп түбіме жеткен Қытай­дан келген бір емші-дәрігер» дейді Бектұр ата. «Содан оңалмай қалдым. Міне, енді отырып-тұ­руым азапқа айналған жайы бар. Мынауың не? Құрттың ғой деп барып айтуға шама жоқ. Қап­ша­ғайда тұратын балам Бақтияр келіп тұрады. Ол әлі үйленген жоқ. Алтау еді, екі ұлымды жер қой­нына тапсырдым» дейді. Сосын менен «күйеуің бар ма?» деп сұрады. Басымды изедім. «Ол сені түсіне ме?» деді тағы да. «Отбасында түсіністік болмаса бәрі бекер» деді.

Ардагерлер үйінде Бектұр атаның шәкірті Құрал Илалова әлеуметтік қызметкер екен. «Бектұр ағай Жамбыл облысы Жуалы ауданы бұрынғы Петровка, қазіргі Қарасаз ауылында тұрды. Кешкі мектептің директоры болды. Ағайдың жары Құндыз апай химиядан сабақ берді. Ағай қолынан келген жақсылығын жасаудан аянбайтын. Мектепті бітіргеннен кейін мені де лаборант етіп жұмысқа алды.Тіп-тік жү­ретін еді, өте ұқыпты киінетін, үнемі шалбарының қыры сынбай­тын ақ костюм киіп жүретін-ді» дейді Құрал Тұрлыбекқызы.

2002 жылы Ардагерлер үйі жаңадан ашылған кезде осында жұмысқа орналасқан Құрал біраз жылдардан кейін бір күні дәлізде таныс дауысты естиді. «Бектұр ағайдың дауысына ұқсайды екен ғой» деп ойлап үлгергенінше, ұстазының өзі де көрініпті.

– «Аға, мұнда неғып жүрсіз?» – деп таңғалғанымды жасыра алмадым, – дейді Құрал. – Мені құшақтап жылады. Алты баласы бар еді. Екі ұлы қайтыс болды. Әйелі де о дүниелік болды. Қал­ғаны – төртеуі. Бір ұлы апта­сына бір рет келіп, жуындырып-ша­йындырып кетеді. Қалған бала­лары төбесін көрсеткен емес. «Астанада тұрады» деп естиміз. Инсульт алып, денсаулығы на­шар­лаған соң, өзі сұранып ке­ліпті. Бұрындары денсаулығы жақсылау секілді еді. Қазір жүріп-тұруы қиын. Өте әлсіз. Қарасазда Орынкүл деген әпкесі тұрады. Ол кісі «алып кетемін» деп еді, оған да көнбеді» деп Құрал ұстазына қа­тысты біраз жайттардан хабар­дар етті. Бектұр атаның көңілін сұрап келушілер көп екен. Әсі­ресе, бұрынғы қызмет атқарған Түлкібас пен Жуалы ауданынан кісі үзілмейтін көрінеді.

«Нұр Отанның» ұйымдасты­руымен Ардагерлер үйіндегі қа­риялардың көңілін аулауға жо­ғары оқу орындарынан жастар жиі келіп, әңгіме-дүкен құрып кетеді екен. Ардагерлер үйіндегі қариялармен қоштасып шығып бара жатқанымда, қарсы алдым­нан қарияларға сәлем беріп қайтуға бет алған бір топ жастар жолықты. «Осылай өз балалары келсе ғой, шіркін!» деген ой еріксіз оралды…

«Таяқтың екі ұшы бар». Қарттар үйіндегі қариялардың балалары да қартаяр. Алайда алдында не күтіп тұрғанын кім білген? Оның ұрпағы күні ертең үйдегі көргенін іске асырмасына кім кепіл?.. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» дейді мұндайда атам қазақ. Тағдырдың бүгінгі сынағына төтеп бере алмағандарға Жаратушы иеміздің де сыйы дайын болар, бәлкім. Осы ретте дін қызметкерінің пікірін біле кеткенді жөн көрдік.

99ec06e462222de8ff91fed503f9e132 (1)Батыржан МАНСҰРОВ, ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкіл имамы:

– Асыл дініміз исламда ата-анаға ерекше құрмет көрсету жайында ескертілген көптеген ұлағат бар. Қазақ хал­қында да ата-ананың мәр­тебесі айрық­ша. «Ал­ланың разылығы – ата-ананың разы­лығында», «Жұмақ ананың аяғының астында» деген ма­қал-мәтелдер халық арасында кең тарағаны соның бір дә­лелі. Ислам діні – ата-анаға қамқор болуды Құдайдың ақысымен қатар қояды. Осы тұрғыда халқымызда қалып­тасқан ұғымдардың түп-төр­кіні де келесі аят-хадистермен ұштасады.

Қасиетті Құранның «Исрә» сүресінде: «Раббың өзіне ғана бойсұнуды бұйырды, ата-ана­­ларыңа жақсылық жа­сау­ды өсиет етті. Олар қар­тайып қалса, «түһ» деуші бол­маңдар» деп баяндалған. Ал пайғам­барымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алланың ра­зылығы ата-ананың разылы­ғында, Алланың ашуы ата-ана­ның ашуында», – деп ескерткен.

Абдулла ибн Омар (р.а.) ана­сын мойнына салып, Қағ­баны тауап етіп жүрген бір кісіні көреді. Сонда әлгі кісі: «Уа, Омардың ұлы! Не айтасың? Мен осы қызме­тіммен анамның алдындағы борышымды өтедім бе?» – деп сұрайды. Сонда Аб­дулла ибн Омар (р.а.): «Жоқ. Сені босанарда қысқан толға­ғы­ның біреуін де өтемедің. Алай­да үл­кен ізгілік жасадың. Алла қа­ласа, аз ісіңе көп сауап жазы­лар», – деп жауап берген екен.

Ата-ананы құрметтеген пен­дені Алла тағала биік дәре­же­лерге көтереді. Өйткені Раббы­ның разылығы ата-ананың разылы­ғымен тікелей байланысты. Бұл сөзімізге пай­ғамбардың (с.ғ.с.) сахаба­ларынан кейінгі толқын – тә­биғиндердің ең абзалы Уә­йістің өмірі мен оқиғасы дәлел. Ана­сына жасаған құрметінің арқа­сында ол дұғасы қабыл болатын әулиелік дәрежеге жетті.

Омар ибн Хаттабтың ай­туын­ша (р.а.), пайғамба­рымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Сендерге Йеменнен Қаран тайпасынан Уәйіс ибн Амир деген кісі ке­леді. Оның қатты құрметтейтін анасы бар. Ол Аллаға ант ішсе, Алла оның дұғасын қа­был етеді. Егер одан өзің үшін Ал­ладан жарылқау тілеуін сұрағың келсе, сұра». Кейіннен Омар ол кісіні көріп, өзіне дұға қылуын өтінген.

Иә, Уәйіс қарт анасын құр­меттеу арқылы Алланың ал­дында үлкен дәрежеге ие болды. Оның дұғасын Алла қабыл ете­тін. Уәйіс пайғамбарымыз жайлы естіп, оны көргісі келеді. Пайғамбарды көру, онымен әңгімелесу әрбір мұсыл­ман үшін үлкен абырой, үлкен мәртебе емес пе? Алла елшісімен (с.ғ.с.) бірге болып, сахаба атану да үлкен бақыт. Уәйіс осылай еткісі келді. Бірақ бара алмады. Неге? Өйткені оның үйінде қарт анасы болды. Анасын тастап кете алмады. Ол кішкентай кезінде мәпелеп өсірген анасын қар­тайғанда қараусыз қалдырып кетуге қимады. Бір жағынан, Алланың ең сүйікті құлы, адам­заттың абзалы, екі дүние сәруары болған пайғамбарды көргісі келді. Осылайша, Уәйіс анасын аялап, оған құрмет көрсеткені үшін, әр сөзін екі етпей орындағаны үшін әулиелік дәрежеге жеткен.

Мына жалған дүниеде ата-анамызға қамқорлық танытсақ, өміріміз берекелі болады. Ол – құнсыз қазына.

Негізінде, Алла тағала бізді жәннатқа лайық ету үшін дүниеде шексіз мүмкіндіктерді сыйлаған. Солардың бірі – әке-шешеге құрмет, біздің жәннатқа кіруімізге тарту етілген керемет бір сый. Әрине, осындай сыйдан мақұрым қалған адамның ақыреттегі жағдайы өкінішті болмақ.

Бұл айтылғандар асыл діні­міздің ата-аналарымызға қатысты бұйырған бұйрықта­рының аз ғана бөлігі. Кейде бауырларымыздың қартайған өз әке-шешелерін қарт­тар үйлеріне апарып жат­қанын көріп, үлкен өкініште қаламыз. Қазақ даласында жетімдер мен қарттар үйлерінің мүлдем бол­мағанын тарихтан жақсы біле­міз. Қоғамда иманды жандар көбейсе, ата-аналарымыз қарттар үйлерінде өмірлерін өткізбейді деп сенеміз.

Алла тағала баршамызды ата-анасын қадірлеп, Өзінің разы­лығын алған құлдарының қата­рына қосқай!

aikyn.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА