22.11.2024

Дәуіржан Төлебаев. Әкені ардақтап жүрміз бе?

Қоғамдың институттардың ең күрделі жүйесі бұл – отбасы. Отбасы қарапайым екі адамның бірлесіп шаңырақ көтеруінен басталып, сол шаңырақ арқылы үрім-бұтақ өсіп-өніп, үлкен бір қауымға айналады.
Халқымыздың дәстүрінде қара шаңырақтың қасиетін терең сезіндіретін небір ұлағатты сөздер бар. Соның бәрі жайдан-жай емес. Отбасының әрбір мүшесі, ата-ана, бала – үйдің алтын діңгегі. Осылардың ішінде ерекше алып қарайтын негізгі тақырыбымыз, ол – әке.
Қандай ұлағатты сөз! Әке әркімде бар. Әке – жаратылыстың бастауы. Алла тағала адам баласын жаратқанда Адам ата, Хауа ана деп о баста бөліп жаратқан. Адамзат баласының жер бетінде көбеюі дәл осы екі жаратылыс иесінен бастау алған. Дін тұрғысынан қарағанда «әйел еркектің қабырғасынан жаралған» деп айтылады. Адам баласына өз қабырғасынан жақын не бар? Демек, қабырғадан жаратылған ана, яғни әйел – ер адам үшін ең жақыны. Ер мен әйелдің жаратылысы, олардың өмірі жеке бола алмайды. Жеке дами алмайды. Бұл – күллі жаратылыс идеясына сай келмейтін дүние. Олар бірге болғанда ғана ұрпақ пайда болады. Ал дүниеге келген әрбір ұрпақ, келесі ұрпақты жалғастырады. Бұл – қарапайым ғана заңдылық. Бұлардың арасындағы гармониялық үйлесім, рухани байланыс үзілсе, жаратылыстың дамуында қайшылық орнайды. Қазіргі кездегі бір жыныстылардың арасындағы байланыстар өршіп бара жатқаны да – табиғаттың заңдылығына қарама- қайшы келетін нәрселер.
Әке туралы әңгіме қозғағаннан кейін, ардақты аналарға соқпай өте алмаймыз. Әке мен ананың өзара байланысы, олардың бақыты – күллі ұлттың бақыты. Олай болса, әкесіз ананы, анасыз әкені елестетудің өзі қиын. Жер бетінде жақсылық атаулының барлығы осы екі адамның қолымен, солардың ізгі жүректерімен, нәзік көңілдерімен жасалады. Ата-ананың балаға сыйлаған өмірі, оларға берген тәлім-тәрбиесі сол баланың ержетіп, жақсы азамат болып өсуіне кепіл болады. Қазақ халқы әкені асқар тауға теңейді. Бұдан асқан теңеу, меніңше, жоқ. Бейнелі сөз болғанымен, әкенің жер бетіндегі құдірет-күші, отбасына деген панасы асқар таудан кем соқпайтын шығар. Асқар тауға қай жағынан қарасаң да, ол – асқар, ол – биік. Оның жанына келіп саяласаң да, паналасаң да болады. Асқар тау бір адамды ғана емес, бүкіл елді өз бауырына ала алады. Ол сондай дарқан, ол сондай жомарт. Асқар таудың бүкіл болмысы бір әкенің болмысымен астасып жатқандай әсер етеді. Қазақ халқының отбасы туралы өз түсінігі бар. «Қара қазан, сары баланың қамы» деп өмір сүретін ағайын, дүниеде отбасынан маңызды, отбасыдан артық еш нәрсе жоқ деп түсінген. Не істесе де, қандай шаруа атқарса да – бәрі отбасының қамына жасалған. Өйткені, отбасы аман болса – ел аман, отбасы тыныш болса, жұрт тыныш екенін дана қазақ ежелден білген. Шаңырақтың шайқалмауын ең бірінші кезекте тілеген. Бұл – біздің ұлттық, халықтық дүниетанымымыздың бір ғана бөлігі. Ал, жалпы, кең ауқымда қарайтын болсақ, оның астарында талай сыр жатыр. Өкінішке қарай, бүгінгі өмірдің ағысына қарап отырып, халықтық ойлау жүйесінен алыстап бара жатқанымызды үрей мен күдікті араластырып айтуға мәжбүрміз. Отбасылық құндылықтар қазір қайта қаралмақ. Өйткені ендігі кезекте отбасы қоғамға емес, қоғам отбасына әсер етіп жатыр. Қазір қай отбасына бара қалсаң да, ең алдымен айтары – күнкөріс қамы. Өмірдің өзі солай қарай итермелейді. Бұлай ойлау дұрыс па, әлде бұрыс па – ол жағын кесіп айту қиын. Материалдық байлық отбасының экономикалық тұрақтылығына кепілдік берер. Ал рухани байлық болмаса, отбасының құндылық ретіндегі бет-бейнесіне селкеу түседі.
Жас¬тар үйленіп жатады. Шаңырақ құрады. Бақытты болсақ деп армандайды. Бірақ солардың бірқатары түтіндерін түзу түтете алмай, көпке бармай ажырасып кетіп жатады. Бұл да қоғамның бір көрінісіне айналған. Сонда ажырасудың себебіне зер салсаң, әлеуметтік қиындықтар бірінші кезекте тұрады. Одан кейін барып, жеке адамдық қарым-қатынастардың, мінездердің жараспауы орын алады. Былайша айтқанда, үйленген жас жігіт әке болуға дайын емес, тұрмысқа шыққан қыз бала шеше болуға дайын емес. Кеңес уақытында мектептерде қыз балаларға арналған арнайы пән жүретін. Ол жерде қыз бала тамақ пісіруді, іс тігуді, тағы да басқа үй шаруаларын атқаруды үйренетін. Қазір мұндай тәжірибе жоқ. Қыз бала тұрмысқа шыққанда үй шаруасын білмей шығады. Ер-азаматтар да отбасылық өмірге дайын болмайды. Сонда бүгінгі түсінікпен қарағанда, қоғамдағы әкенің орыны, адами қасиеттері қандай болуы керек? Аналардың ше? Өмірде ұрпақтар тәжірибесі деген бар. «Әкеге қарап ұл өседі, шешеге қарап қыз өседі». Бұл жағынан алғанда ұтарымыз көп. Бірақ әкелердің бәрі бірдей ұлына үлгі болып жатыр ма? «Бес саусақ бірдей емес». Әкелердің де түрлі-түрлісі болады. Шешелердің де түрлі-түрлісі болады. Баласының тағдырына, отбасының қамына жүрдім-бардым қарайтын әкелер болады. Үйленбей жатып ажырасып, баланың обалына қалып, соның тиісті алименттік төлемін төлемей, бой тасалап, табысын жасырып жүретін әкелер де бар. Ондайлар бүгінде көп. Мұның бәрі өзіміздің қоғамда болып жататын жағдай болған соң, тәптіштеп айта берудің қажеті жоқ шығар. Әке туралы әңгіме қозғаған соң, бір сәт ұлағатты әкелер туралы айтайықшы. Ондайлар да бар ғой. Көп шығар деп ойлаймын. Сәл тарихи шегініс жасап, кешегі ұлылардың заманына зер салсақ, қазақтың бас ақыны – Абай. Оның әкесі Құнанбай. Құнанбайдың Абайға айтқан бір сөзі бар емес пе еді: «Мықты болсаң, өзіңдей ұл тудырып ал» деген. Бұл сөзде үлкен мән жатыр. Абай сияқты ұл тудырып, ұлағатты тәрбиесін беріп, ел өміріне араластырып шыңдауы жас баланың халықты ерте тани бастағанына дәлел емес пе? Құнанбай болмаса, Абай Абай болар ма еді? Міне, баланың өмірінде әкенің алатын орны қандай! Анау Шоқанды алайық. Шоқанның тәлім-тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, бала Шоқанды оқуға жібергізіп, дана Шоқан қылған кім? Шоқанның әкесі – Шыңғыс. Шыңғыс болмаса, Шоқан Шоқан болар ма еді? Демек, баланың дана болуына, азамат боп ержетуінде әкелердің алатын орны ерекше. Ұлы Абай әкесі Құнанбайдың қадіріне жете білген.
Оны мына бір өлең жолдарынан көреміз:
Мұсылманға қоймаған,
Орынсыз жанжал, шатақты.
Ерегіскен жауларын.
Кісен салып матапты,
Зекет жиып, егін сап.
Тойдырған ғаріп, жатақты,
Ескендір, Темір, Шыңғыстай.
Мұсылманда атақты,
Мұқым қазақ баласы.
Тегіс ақыл сұрапты,
Тобықтыны ел қылып.
Басын жиып құрапты,
Меккеде уақып үй салып.
Пәтер қып, жаққан шырақты,
Бір Құдайдың жолына.
Малды аямай бұлапты,
Ажал уақыты жеткен соң.
Соның да гүлі қурапты
Қажыны алған бұл өлім,
Сабыр қылсақ керек-ті.
Әке туралы баланың бұлайша толға¬нуы – заңды нәрсе. Әкелер өмірден өт¬кен соң, артындағы ұрпақ олардың қадірін кеш түсі¬ніп жатса да, үлгі-өнегесін, ардақ¬ты есімін еш уақытта естен шығармайды. Жаратылыстың бір құпиясы сонда, әрбір адам баласының бұл дүниедегі іздері олар өмірден өткенімен, соңында сайрап жатады. Әрине, оны тек ет жақындары сезеді. Ол адамның өзі болмағанымен, оның рухани кеңістігі, сөздерінің кеңістігі, істерінің кеңістігі сезіліп, аңғарылып тұрады. Ол бейнебір өшпегендей, бұл дүниеден өтпегендей, ағайын-туыстарының жадында сақталып тұрады. Жұбату айтқанда да «ол біздің жадымызда мәңгілік сақталады» деп айтылуы тегіннен-тегін емес. Баланың көз алдындағы әке бейнесі ең бір жарқын сәттерге толы болып есте қалады. Әкенің тәрбиесін көріп өскен балада арман бар ма? Әке деген мұхит қой, біле білген кісіге. Әкенің сөйлеген сөзі, әкенің айтқан ақылы, әкемен бірлесіп жасаған шаруалар, әкемен өткізген әрбір күн, әрбір сағат, әрбір минут – үлкен тәрбие мектебі. Баланың ой-санасы ананың аялы алақанымен, әкенің нұрлы сөздерімен қалыптасады. Екеуі бірдей болмаса, бала толыққанды болмайды. Ажырасамыз деген жастарға үлкендердің басу айтып жататыны да содан. Өйткені ажырасудың салдарынан баланың өміріне зиян келетінін үлкендер жақсы біледі. Оны ести алатын құлақ, ұға алатын пайым болса жақсы. Көбі балаға да қарамай, екі жаққа кетіп жатады. Содан келіп, қоғам бұзылды дейміз. Қоғам қалай бұзылмайды, бала толық отбасында өспесе? Әке мен шешенің тәрбиесін қатар, бірдей көрмесе? Оның ішкі әлемі, сезімі мен санасы не болады?
Дүниедегі ешбір оқу – әке мен ананың берген тәлімін бере алмайды. Оқудан білім қонар, ал тағылымды тәрбие – тек әке мен анадан ғана берілетін қасиет. Әке мен ананың бергеніндей білім, ақыл, тәрбие еш жерде болмайды. Оны кітаптан табу қиын. Олардың тәрбиесі, Абай айтпақшы, бар тамырды қуалайды. Жүректен шығып жүрекке жетеді. Әкенің балаға айтқан әңгімесі, баласымен бірге ойнап-күлгені, серуендеткені, ел аралатып қыдыртқаны, жаңа адамдармен таныстырғаны, «балам» деп мақтанғаны, ата-бабасының, руының, елі мен жерінің кім екенін ұқтырғаны – тәрбиелік мәні терең дүниелер. Әке – өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті байланыстырып тұрған алтын көпір. Сол көпір арқылы әрбір ұрпақ өзінің болашағымен қауышады. Үй шаруасына ана жауапты болса, отбасының жалпы жағдайына әке жауапты.
Ежелден қалыптасқан түсініктің бірі – «әке – үйдің асыраушысы». Үйдегі жандардың аш қалмауын, киімдерінің бүтін болуын ойлайтын – әке. «Балаларым алаңсыз балалық шағын өткізсін, жарым ештеңеден қысылмасын, дастарқанымыз мол болсын» деген ой әкенің көкейінен ешқашан кетпейді. Бұл табиғаттың заңдылығы да шығар. Өткен дәуірлерде де әке үйдің басты асыраушысы болды. Бүгінде де сол дәрежесінде келе жатыр. Әкесі бар үйдің шаңырағы еш уақытта шайқалмайды. Ол үйдің тәртібі де темірдей қатал. Қандай да болсын жағдайларда соңғы сөз – әкеде. Әкенің айтқанымен жүрген бала өз жүрісінен жаңылмайды. Әкені тыңдап өскен бала өмірдегі жолын табады. Жақсы азамат болып, еліне адал қызмет етеді. «Әкелік асыл сөзіңнен, жолымды тауып келемін» деп «Әке туралы» әнде айтылатындай, әр бала өзінің жолын табады.
Себебі баланың барлық арманы әкенің арманымен ұштасады. Әке өзінің баласын қандай күйде көргісі келетінін күні бұрын ойластырады. Әрине, ешбір әке өз баласына жамандық тілемейді. Ең асылын, ең жақсысын баласына беріп, «мен көрген қиындықты балам көрмесінші» деп тілейді. Мұны сезіп, сол ойды ақылына қондырып, санасындағы терең түйсікпен біліп жатқан бала болса, ондайдан айналып кетесің ғой. Бірақ өмірде олай бола да бермейді. Әке мен шешенің айтқанын тыңдамай, «өзімбілемге» салып қателікке бой алдырғандар аз ба? Сөйтіп жүріп жарық күнде адасқандар аз ба? Күйеуімен бәсекелесетін әйелдер ше? Мұның бәрі отбасындағы рухани дағдарысқа әкеледі. Оның ар жағында отбасының құлдырауы жатыр. Әке әр қашанда қара шаңырақтың иесі болып қалуы керек. Онсыз бағытымыз айқын болмайды. Соны ұғатын асыл жары болса, бір бақыт. Ұқпайтындары қаншама! Еркек әйелден бір саты жоғары тұруы тиіс.
Ата-бабамыз бұл жөнінде «Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» деп еркек кіндіктілерді ерекше бағалаған, құрмет тұтқан. Кейбір отбасыларындағы әйелдердің өктемдігін көріп, өзіңнен өзің қысыласың. Біздің салтқа мүлдем жараспайтын нәрсе. Еркекті еркек деп қадірлемеген әйел бақытты бола қояр ма екен? Оның себебі ол өзінің сондай қылығымен қоршаған ортаның қалыпты дамуын тежейді. Атап айтар болсақ, әкенің ана алдындағы абыройының жоқтығын көріп өскен бала қандай сезімде болады? Әйелі жанжал шығарып, жарын күнде орынсыз сөге беретін болса, баланың ойында әке туралы қандай пікір қалыптасады? Мұндайда жағымсыз пікір орнайды. «Мал таппайтын еркек болмайды, құрарын айт» демекші, еркектің тапқан табысын ұқсата алмаған әйелдер де болады. Отбасының негізін сақтап қалатын ең асыл құндылықтың бірі – қанағат пен шүкіршілік. Осыны місе тұтпаған, осы құн¬дылықты естен шығарған әйел еркектің тапқан табысын табыс деп есептемейді. Ал бала үшін ананың айтқан сөзі берік қа¬ғылған қазықтай әсер етеді. Әке көбінесе сыртта жүреді. Баланың тәрбиесімен шеше айналысады. Әке туралы қандай пікір қалыпастырам десе де, шешенің қолында. Әрбір ана осыған сақ болуы керек. Бала үшін әке әр уақытта, қандай жағдайда болсын ең сыйлы адам күйінде қалуы керек. Өмірде уақытша қиындықтар болады. Соған бола әкенің ар-намысына тиетін сөздер айтып, баланың көз алдында жеккөрінішті қылып көрсететін әйелдердің әрекеті тым асығыс қабылданған шешім сияқты. Ертең қайта жарасқанымен, ол баланың көңілінде қалып қалады.
Бала өсе келе анасының істегенін қайталайды. Әкесіне ұрыса бас-тайды. Әкесін тыңдаудан қалады. Қолын бір сілтеп жүре беретін болады. Мұндай жайлар мүлдем қисынсыз. Отбасы болған соң, әкенің дәрежесі әр уа¬қытта өз биігінде қалуы керек. Осындайда «Әкесі ұрысса балаға, ол да достық, ба¬ласы ұрысса әкеге жараса ма…» деген Абай өлеңі еске түседі. Әкені құрметтеуге бағыт¬талған тәрбие жұмыстары аз. Әке кө¬бінесе теріс жағынан насихатталады. Ер адам¬ның жағымсыз жағы көбірек айтылады.
Аналарды ардақтап, құрметтеген жақсы ғой. Бірақ әкелердің атын атамай, есептен шығарып тастау ақылға сыймайды. Бүгінгі қоғамда әйел мұғалімдер, әйел тәрбиешілердің көп екені белгілі. Мектепте, жоғары оқу орнында тек қана әйел мұғалімдердің тәрбиесін көріп өскен ер баланың болмысы болбыр, жаны нәзік. Шымыр, қайсар болып өспейді. Ер мұғалімнің орны қашанда бөлек. Ол ер баланың бойында жігітке тән мінездерді қалыптастырады. Сөзі, жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы – барлығы қалыптастып келе жатқан бала үшін үлгі. Ал егер баланың көз алдында ылғи да әйел тәрбиеші, әйел мұғалім, әйел оқытушы жүретін болса, еркектік мінездің қалыптасуы екіталай. Бұл – бір. Екінші мәселе, қоғам үшін де әкенің мән-мағынасы өзгеріп барады. Гендерлік саясат жиі насихатталады. Біздің елде әйелдерді шеттетіп жатқан ешкім жоқ. Әкімдіктерде, басқа да лауазымды орындарда әйелдер қауымы бұрыннан-ақ бар емес пе? Бұл саясаттың астарында «әйелдердің қоғамдағы рөлін күшейтудің амалы жатқан жоқ па» деген ой қылаң береді. Мұны айтып отырған себебіміз – бүгінде еркек атаулының әке, ақсақал, қария ретінде, тұлға ретінде, отағасы ретіндегі рөлінің әлсіреп кеткендігі. Бір есептен, бұған еркектердің өздері де кінәлі ме дейсің. Себебі еліміздегі экономикалық ахуал тұрақты болмай, жаппай қиындық болған кезеңдерде жүйкелері сыр берген кейбір ер-азаматтар ішімдікке салынып кетті.
Жер-жерде жұмыссыздық белең алып, оның ар жағы үй ішіндегі кикілжіңге, ұрыс-керіске, дау-жанжалдың ушығуына апарып соқты. Мұның бәріне ерлер кінәлідей болды. Қайсар мінезді әйелдер қауымы отбасының қамын бір өзі көтеріп, нәзік иығымен қоғамдық, әлеуметтік қиындықтардың ауыр жүгін арқалауына тура келді. Сол кездегі көптеген шаңырақтардың туын жықпай ұстап қалған әйелдер екенін де мойындауымыз керек. Ол өтпелі кезең өтті. Әйелдердің күшімен, сабырлығымен қиын кезеңдер еңсерілгендей болды. Түзеле алған еркектер түзелді, өзін тәртіпке келтіре алмағандар сол баяғы шырғалаңнан шыға алмай, арақ атаулыдан әлі бас тарта алмай жүр. Міне, қоғам алдындағы еркектердің жағымсыз бейнесі осылай қалыптасып кеткен шығар. Оның астарында әлеуметтік қайшылықтар шырматылып жатты. Бірақ мәселе тек осымен шектеледі деу де, қате. Баланың алдында, жалпы қоғамда әке орнының төмен болып кетуін немен түсіндіруге болады? Бұған бір есептен әйелдер де кінәлі. Баланың құлағына күні бойы «сенің әкең пәлен, сенің әкең түген» деп құя берсе, жамандай берсе, әсер етпей қоймайды. Баланың көз алдында әкенің бейнесі ештеңеге жарамсыз, қолынан түк келмейтін адамдай болып көрінеді. Бала содан келіп, әкесін тыңдаудан қалады. Әкесі ол үшін бір жай адам сияқты. Бар болғаны үйдің бір мүшесі. Оның үй ішіне сөзі өтпейді, үні өктем шықпайды. Ол үйге келетін келін де, күйеу балалар да әкені әке деп сыйлаудан қалады. Себебі ол отбасындағы әкенің құны бес тиын. Құрмет пен иба, үлкенді сыйлауды ұмытыңқырап бара жатқан жас¬тар үшін әкенің рөлі маңызды болмай шығады. Қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүріне қарайтын болсақ, әрбір отбасы мүшелерінің өз орны болған. Сол шеңберден ешкім еш уақытта шықпаған. Ал егер шығып кетсе, тәртіпке салынып отырған.

ана тілі газаті

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА