22.11.2024

Әлібек Өтебаев. Microsoft – та іс тәжірибеден қалай өттім?

«Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың Пенсильвания Штатының Университетінде 4-ші курс студенті – Әлібек Өтебаев жазғы демалысын атақты Microsoft компаниясында үш айлық іс-тәжірибе өткізіпті. Әлібектің осы іс-тәжірибе уақытысында көрген-білгенін El.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз!
— Әлібек, Microsoft компаниясының іс-тәжірибе бағдарламасына қалай тапсырғаныңды,жалпы процесті айтып берсең?
— Өзім оқитын Пенсильвания Штатының университетінде (АҚШ) өткен жылы бос орындар жәрмеңкесі өтті. Соған қатысып, бірнеше компаниялардың бос орындарына резюмемді тапсырдым. Microsoft компаниясының өкілдері де болды, олармен іс-тәжірибе мүмкіндігі туралы сөйлесіп, резюмемді тапсырдым.
— Компаниядан жауап келгенше қанша уақыт өтті?
— Одан кейін электронды хат арқылы техникалық сұхбатқа шақырды, 2-3 аптадай уақыт алды. Бірінші, университетте жарты сағаттық сұхбат болды. Одан кейін 45 минуттан тағы екі сұхбаттан (собеседование) өттім.
— Олар Сиэтлде болды ма? (Microsoft компаниясының штаб-пәтері орналасқан қала)
— Жоқ, олар да университетте өтті. Сол екі сұхбаттан кейін барып Сиэтлге шақырды. Ол жақта да 2 рет кездесуге қатыстым. Сонда барлығы 5 сұхбат болды.
— Сенімен бірге тапсырған басқа қазақстандықтар болды ма?
— Өкінішке қарай, біздің университетімізден тапсырған басқа ешкім болмады. Өз-өздеріне сенбеген сияқты. Тапсырып көру керек еді, негізі өтуге болады екен. Ал жазда, іс-тәжірибенің кезінде менімен бірге тағы 2 жігіт болды. Олардың біреуі мен сияқты «Болашақ» бағдарламасымен Illinois университетінде оқитын жігіт, ал екіншісі, Германияда магистратурада оқитын бауырымыз болды. Кезінде Алматыдағы КБТУ-ды бітіріп, өз күшімен Германиядағы университетке магистратураға грантқа түскен екен.
– Әлібек, өзің айтып кеткендей, университетіңнен басқа тапсырған қазақстандықтарболмады, мүмкін өздеріне сенбеген шығар дедің. Ал, сен сонда өзіңе сеніп тапсырдың ба осыбағдарламаға? Әлде жай бағыңды сынайын дедің ба?
— Біріншіден өзімді сынау үшін… Әрине, алғашқыда нақты, «бағдарламаға өтем» деген ешқандай сенімділік болмады. Бірақ университетімізге келіп, өзіммен шамалас шетелдік студенттерді қабылдап жатқанда сенімділік пайда бола бастады. Біз де өте алармыз деп ойладым. Содан кейін тапсырдым.
b55bb4d8ad0ab16f317e7004f933fa21— Ия, дұрыс айтасың. Көз қорқақ, қол батыр. Енді бағдарлама жайында тоқталып кетсең?
— Microsoft-тың кампусы негізінен АҚШ-тың Батысындаға Сиэтл қаласынан 15 минуттық Редмонд кампус-қалашығында орналасқан. Қала өте әдемі, жап-жасыл екен. Ондағы ғимараттардың орналасуы да, сырт дизайны да өте ерекше.
3 ай бойы бағдарламалаушы боп жұмыс атқардым. Маған берілген тапсырма – бірнеше веб-қосымшалармен жұмыс жасау және оларды әріқарай дамыту. Өзіміздің 5 адамдық бір тобымыз болды. Меннен бөлек көмек көрсететін ментор мен маған арнайы бекітілген менеджер болды. Олардың екеуі де талай жылдан бері Micrsosft-та жұмыс атқарып келе жатқан тәжірибелі бағдарламалаушылар. Бірақ, ешқайсынан сені менсінбеушілік немесе немқұрайлы қараушылық байқалмады. Көмек керек болса барлығы қуана-қуана көмектесуга дайын.
Жұмыстан тыс уақыттары компания іс-тәжірибе өтіп жатқандарға арнайы бағдарламалар дайындайды. Мысалы, Сиэтлдың футбол командасының ойынына апарды, жақында оянған жанартауға, тағы да басқа жерлерге апарды. Арнайы Редмондта концерттер өткізіп, іс-тәжірибеде жүрген барлық студенттерге «X-box» ойын консулын сыйға берді. Жұмыс жағынан да, демалыс жағынан да өте күшті бағдарлама болды.
— Естуімше, Google компаниясында тұрақты жұмыс тәртібі жоқ екен. Жұмысшылар кез келген уақытта келіп, жұмыс жасай берсе болады дейді. Ең бастысы тапсырмаңды бітірсеңболды. Microsoft-та да тәртіп солай ма екен?
— Ия, тұрақты тәртіп жоқ болды. Міндетті түрде осы уақытта жұмыста болуың керек дейтін тәртіп болмады. Өз тобыңның жұмысына байланысты. Мысалы, біздің топ көбіне таңертең жиналатын, барлығымызға солай тиімдірек болды.
— Кампуста адам көп шығар?
— Ия, 40 мыңға жақын адам болды. Барлығы Microsoft-тың қызметкерлері. Кампустың үлкендігі соншалық, ғимараттан ғимаратқа жету үшін арнайы таксилер қарастырылған. Әрине тегін.
— Тамақтары ше?
— Тамақтары тегін болмаса да, арзан. Сусындары тегін.
— Ол жақта тұрақты түрде қызмет ететін кісілер вахталық жұмыс режимінде ме, немесе солқалада өмір сүре ме?
— Вахта туралы естімеппін, бағдарламалаушы ретінде олай жұмыс атқару қиын болады. Себебі, сен бастаған жобаны сен бітіруің қажет.
c4a6e9e23dc1749f7b359d8be836f330— Кампуста атақты кісілерден кімді көрдің? Мысалы Билл Гейтсты көрмедің бе?
— Билл Гейтсты көрмедім, алайда Microsoft-тың қазіргі бас атқарушы директоры – Сатья Наделланы көрдім. Іс-тәжірибеге келген студенттер алдында сөз сөйлеп, бізге жылы лебіздерін білдірді.
— Іс-тәжірибе ақылы болды ғой? Жалақысы қалай екен?
— Жалақы жағы өте жақсы болды (күліп). 6 мың АҚШ доллар шамасында.
— Жаман емес. Өзіңнің тобы жайлы айтып кетсең? Топ ішіндегі қарым-қатынас қалай болды?
— Маған бекітілген менеджер – Индиялық бағдарламалаушы, ал менторым орыс кісі болды. Одан басқа тағы да, мен сияқты тәжірибе алуға келген американдық студент болды. Негізі, жобаларға байланысты топтағы адам саны да ауысады.
Топтың ішіндегі атмосфера өте тату болды. Барлығы бір-біріне әрдайым көмектесетін.
— Бұл бағдарлама саған қандай тәжірибе берді?
— Енді, бағдарламалаушы жағынан университетте үйретпейтін, бірақ жұмыста керек нәрселерді үйрендім. Сабақта, «security, scale» сияқты жұмыста керек заттар, жоқ. Одан басқа, бір уақытта бірнеше факторлар туралы жан-жақты ойлануды үйрендім. Уақытты дұрыс үйлестіре білуді, яғни, жұмыстың маңыздылығы жағынан ұйымдастыруды үйрендім. Себебі, егер сенің жұмысыңды біреу күтетін болса, онда ол жұмыстың маңызы жоғары, және оны тезірек бітіру керек. Болмаса, саған басқа адамдардан бірдеңе керек болса, олармен ертерек хабарласып, болашақта істелетін жұмысты ертерек жоспарлауды үйрендім. Бұл іс-тәжірибеден үйренген тағы бір үлкен затым – сұрақ сұраудан ұялмау. Басында кішкене ұят болар деп білмейтін заттарымды сұрамай жүрдім. Одан кейін қасымдағы кісілерге үйренісіп, оңай болсын, қиын болсын ұялмай барлық сұрағымды сұрай бастадым. Айтып өткенімдей, менторым да, менеджерім де маған білмеймін деген емес. Мүмкіншілігінше барлық сұрақтарыма жауап берді.
— Microsoft дегенде ойыңа келетін 3 зат?
— Редмонд, ақылды адамдар, тамаша табиғат.
— Болашақта қандай жоспарларың бар?
— Өз мамандығым – бағдарламалау бойынша жұмыс жасап, Microsoft-тан жиған-терген тәжірибемді еңбегімде қолданғым келеді.
— Қазақстандық мектеп оқушыларына қандай кеңес бересің? Олар болашақта Microsoft, Google сияқты әлемдік алпауыт компанияларда қызмет ету үшін бос уақыттарын қалайқолданулары керек?
— Бағдарламалау жағынан келсек, бос уақыттарында оқушылар интернетте бар әртүрлі мақалаларды оқыған дұрыс деп ойлаймын. Мысалға, өзім көбіне оқитын сайттарға «habrahabr.ru», егер ағылшынша білсе «codeacademy.com» сайты бар. Айтпақшы, ағылшын тілін міндетті түрде оқулары керек.
Мүмкіндік болса, кішкентай болса да өз қолдарымен жоба жасаса керемет болар еді. Бұндай жасалған жобалар үлкен компаниялармен сұхбаттасқанда резюмеңнен бірден көзге түседі. Яғни, үміткердің бағдарламалауда нақты не білетіндігін, не жасай алатындығын көреді.
— Ал ауылдарда тұратын миллиондаған қазақ балалар Microsoft-қа жұмысқа тұру үшін нежасаулары керек?
— Қазір жаңа технологиялар заманында интернеттің арқасында ақпарат алмасу жеңілдеді. Кез келген затты интернеттен тауып оқи аласыз, шектеу жоқ. Қазір бізде әке-шешемізге қарағанда мүмкіншілік көбірек. Тек жалқауланбай, уақытты босқа құртпай тиімді пайдалану керек. Өз-өзіңе сеніп, қандай арманың болса, қорықпай сол арманға жетуге ұмтылу керек. Мен де 5 жыл бұрын Microsoft-та жұмыс істеу туралы ойлаған жоқпын.

Сұхбаттасқан – Нұрғазы Абжанов
El.kz әлеуметтік желісі

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА