22.11.2024

Мағжан Жұмабайұлы. Педагогикамен жақсы таныс болудың керектігі

Адам баласының тәрбиеге мұқтаж екендігін, оған қандай тәрбие беру керектігін һәм ол тәрбиені не үшін беру екендігін айттық. Жә, тәрбие керек. Бірақ балаға дұрыс тәрбиені әрбір тәрбиеші (ата-ана, мұғалім) тәрбие жолын ешкімнен үйренбей-ақ өз бетімен бере ала ма? Әркім өзі-ақ жол тауып кеткендей бала тәрбиесі соншама бір жеңіл нәрсе ме? Жоқ, бұлай емес. Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тәрбие қылу үшін әркімнің өз тәжірибесі жетіспейді. Басқа адамдардың тәрбиесімен танысу керек. Сол басқа адамдардың майданындағы тәжірибелерін көрсеткен жеке бір пәнмен, яғни тәрбие пәнімен таныс болуы керек. Тәрбие пәні педагогика деп аталады.
Педагогика – грек елінің сөзі. Пед – бала, агоги – жетектеу деген екі сөзден құралған. Баяғы Грецияда балаларды бағып, мектепке алып келіп жүретін кәрі құлдар педагог деп аталған. Педагог деген аттың бұрын мақтаулы болмағандығы осыдан көрінеді. Бірақ соңғы заманда пән, ғылым өсіп, адамзат өнерленген сайын педагог деген ат қадірлі болып барады.
magjanБала тәрбие қылғанда әрбір тәрбиешінің алдымен қолданатын жолы – өз тәжірибесі. Яғни бала күнде өзі қандай тәрбие алған һәм баланы бұрын өзі қалай тәрбие қылған. Міне, осы жолмен жүреді. Әрине, бұл жолды тіпті қисық жол деуге болмайды. Қисық болу былай тұрсын, тәрбие туралы әрбір тәрбиешінің өз тәрбиесі аса қымбат нәрсе. Адамның өз тәжірибесі – жүріп кеткен жолы. Ол жолдың жақсы-жаман жағы көз алдында сайрап тұр. Естігеннен – көрген анық. Көргеннен – бастан кешкен анық. Бірақ бұл әркімнің өз тәжірибесі қанша қымбат болғанмен, қатесіз жол деуге болмайды. Бір адамның тәжірибесі – тым тар, тым бірбеткей тәжірибе. Тәрбиешінің өзіне қолайлы болған жол тәрбие қылатын балаға қолайлы болмасқа мүмкін. Тәрбиеден мақсұт – баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес. Келешек өз заманына лайық қылып шығару ғой. “Балаңды өзімдей бол деп үйретпе, өзімдей болма деп үйрет!” деген Әзірет Әлінің сөзінде көп шындық бар. Бұл – бір.
Екінші, әрбір тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі. Әрбір ұлттың бала тәрбие қылуы туралы ескіден қалып келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтай жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті. Және әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті. Бірақ ұлт тәрбиесін, ұлттың тәрбие жолында ұстаған жолын түгелімен дұрыс деуге болмайды. Ұлт тәрбиесінің жақсылық жағы көп болған секілді, жамандық жағы да көп. Талай нашар, зиянды әдеттер әрбір ұлт тәрбиесі ішінде толып жатыр. Баяғыдан бергі ұлт тәрбиесінің ішінде ұнамсыз, зиянды әдет, жол-жоралар толып жатқан ұлттың біреуі – біздің қазақ. Қысқасы, ұлт тәрбиесі қанша қадірлі, керек жол болғанмен, адастырмайтын дұрыс жол деуге бола бермейді.
Жоғарыда айтқаннан көрінеді, балаға шын дұрыс тәрбие беру үшін тәрбиешінің өз тәжірибесі һәм ұлт тәрбиесімен таныс болуы жетпейді екен. Бұлар – бірбеткей шикі тәжірибелер. Бұлар сыннан өткізіліп, пісірілмеген күйде берік негіз бола алмайды. Бұлардың арасынан жақсы-жаманын, алтын мен мысын тізіп ала білу үшін тәрбие майданында шынығып ысылған тарландардың тәжірибелерімен, түрлі ұлттан түрлі заманда шыққан тәрбие ғалымдарының ойларымен, қысқасы, тәрбие туралы дұрыс жолға түсіретін шын тәрбие дәнімен, яғни педагогикамен жақсы таныс болу керек.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА