22.11.2024

Мұхаметжан Тазабек. “Әкем айтушы еді”…

Менің екі досым бар. Қырықтың ар жақ, бер жағындағы жігіттер. Осы екі бауырыммен әлдебір тақырыпты талқылай қалсаң, «мұндайда әкем бүйтетін», «әкем айтып отырушы еді», «осыны дұрыстап істеуді үйреткен әкем ғой» деген сияқты әкелерімен байланысты әсерлі әңгімелері таусылмайды. Кәдімгідей, осы өмірде кісіге керектің бәрін әкелері егжей-тегжейлі тәтпіштеп түсіндіріп кеткен сияқты. Диплом-қағазын оқу орны бергені болмаса, тіршіліктің түрлі түйткілдерінен шығар жолды көрсетіп берген де әкелері сияқты. Екі досым үшін адамгершіліктің, әдеп-ибаның, мейірім, шүкіршіліктің, лайықты отағасының эталондары болған сияқты. Пайда мен зиян шекарасын да сол кісілер шебер өлшеген сияқты.

Айтайын дегенім, жаңағы екі досыма да әке тәрбиесі әйбат сіңгенін байқаймын. Есейіп, қабырғалары қатайған соң, замана ағымындағы қоғамдық қажеттіліктерді өздері үйренген шығар. Бірақ әкелері тағасын тағып, ересек өмірге дайын қып аттандырғанына көзім жетеді де тұрады. Мұндай жігіттер қазір сирек.
Біздің заманның кейбір олқы соғып жататын тұстарына да мен үшін осы екі досым таразы. Жауапкершіліктің жоғалуы, Абай айтатын «лап бергіш, көті айналғыш, қайта ойланғыштық», жігерсіздік, кесек мінездің кемдігі, там айнала бере жолдасын жығып беру, қала берді, суицид, наркоманияның анау басы әке тәрбиесінің аздығына алып баратын тәрізді.

Балаға анасы жақын болады деушілердікі де дұрыс шығар. Бірақ әкенің орны бөлек қой. Қанша жерден қабақ түйсе де, ананың аты – ана. Мейірімі бәрін жеңіп кетіп жатады, бір қайрауы кем боп тұрады.
Кеңес одағы тұсындағы заманды білесіздер, үйдегі үлкен кісілер жұмысбасты болды, рас. Тоқсаныншы жылдардағы жоқшылық жылдар да жылжып артта қалды. Қазір ата-ана боп отырған буын әкелерінің жүзін топырақ жасырды. Алла оларды панасына алсын. Айтпағым, өмір заңдылығы – енді бір жиырма жылда біздің бала-шағамыз әке-шеше болады. Балаларына бізден алған тәлімін айтып отырар ма екен?

Бейбіт, алаңсыз заманда, «соқамызды күн астына тұралатқан» жатыпішер жалқау болмасақ, өз арбаңды өзің еркін сүйреп әкете алатын кезеңде тұрып, ұрпағымызға дұрыс тәрбие бере алмасақ – зор өкініш.
Балаларымызға теледидардағы бөтен біреу емес, өз әкесі – біз үлгі болсақ екен. Өйткені, балаға тәрбие сөзбен емес – күнделікті әрекетпен, үйдегі жүріс-тұрыс, өзіңді ұстауың, елмен қарым-қатынасың, әрқилы мәселені қалай шешкенің арқылы берілетініне менің көзім анық жетті.

Мұхаметжан Тазабектің фб – әлеуметтік желісіндегі парақшасынан алынды.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА