Парламент Мәжілісіндегі «Халықтық коммунистер» фракциясының депутаттары Үкімет пен Білім министрлігіне жолдаған сауалында білім беру саласындағы реформалардан, әсіресе, 12 жылдық білім беру жүйесіне ауысу туралы өзгерістен бас тартып, оның орнына қазіргі жүйені жетілдіруге күш салу керектігін айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Депутат Галина Баймаханованың айтуынша, қазіргі таңда қоғамда тұлғаның білімі, оның бәсекеге қабілеттілігі басты рөл атқаратынын ешкім жоққа шығармайды.
«Қазақстанның мемлекеттік органдары мен азаматтық қоғамдастығы бұны жақсы түсінеді. Бірақ, осыны түсіне отырып, мемлекет 20 жылдан бері білім беру саласына талай өзгеріс енгізді. Біздің балаларымызға, олардың болашағы мен мемлекеттің болашағына сан түрлі эксперимент жасады десек болады. Балаларымыз 6 жасынан мектепке барып, 10 жыл емес, 12 жыл оқығаннан ақылды бола ма? Олардың денсаулығы содан жақсарады ма? Жалпы, қоғамға профильді білім беретін 12 жылдық жүйе керек пе?»,-деген депутат Үкімет пен Білім министрлігінен осы реформадан бас тартып, жүйенің қазіргі жағдайын жақсартуға күш жұмсауды сұрады.
Кенжекей ТОҚТАМҰРАТ