22.11.2024

Дарынды балалар Астана әкімімен өздерінің жоспарларымен бөлісті.

Кеше 21 қаңтар күні Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков дарынды балалармен – елорда мектептерінің оқушылары, республикалық және халықаралық олимпиада, конкурстар, ғылыми жобалардың жеңімпаздарымен кездесті. Кездесу бейресми жағдайда өтті. Шараның тізгінін де оқушылар өз қолдарына алды. Жас физиктер, математиктер, информатиктер, архитекторлар, суретшілер, экологтар мен спортшылар елорда басшысына өздерінің жетістіктері жайында әңгімелеп, жоспарларымен бөлісті, – деп хабарлайды Астана қаласының әкімдігінің ресми сайты.

№6 гимназияның оқушысы, Оңтүстік Кореяда өткен «Жас ғалым» ғылыми жобалар конкурсының Гран-при иегері, «Үздік инновациялық еңбек» сыйлығын алған Ұмырбекова Аида «Шаңырақ экоқаласы» жобасын таныстырды. Елорда басшысы Аиданың еңбегін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне ұсынуға болатынын атап өтті.

Ұмырбекова Аида, №6 мектеп гимназияның оқушысы:

«Болашақта халықаралық жобалармен айналысқым келеді. Мен ұсынған «Шаңырақ» жобасы автономды, күмбездің астында орналасқан қала, ол елорданы электр энергиясымен толық қамтамасыз етеді».

Сондай-ақ, №6 мектеп гимназиясының оқушысы, географиядан республикалық олимпиаданың және ғылыми жобалар конкурсының жүлдегері Әбдірахманов Әнуар «Бірыңғай энергиялық-ақпараттық жүйе» зерттеуін таныстырды. Оның айтуынша, жоба елорданы да, барша әлемді де сымсыз жүйемен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков аталған жобаны жүзеге асыруға уәде берді.

Әбдірахманов Әнуар, №6 мектеп гимназияның оқушысы:

«Кездесу барысында жобаны қала басшысына таныстырдым. Енді ол елордалықтардың игілігі үшін қолданылуы мүмкін. Болашақта режиссер болып, кино түсіруді армандаймын. Алдымен оқу оқып, содан кейін Қазақстанға оралып осы саланы дамытуға үлес қоспақпын».

Ишанқұлова Дания ұлттық жетіген аспабында попурри орындады. Жасына қарамастан, Дания «Алтын микрофон» (Франция) халықаралық байқауының Гран-при иегері атанған.

Елорда басшысы географиядан республикалық оқушылар олимпиадасының жеңімпазы, ҚР құрамасының мүшесі Артем Рычкомен селфиге түсті. Артем сол үшін «достарымен бәстескенін айтты». Ол бұл бәсте жеңді.

Әкім қызыққа толы кездесу үшін балаларға алғысын білдіріп, көптеген сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, спортпен, дене шынықтырумен шұғылданудың денсаулыққа және қалыпты дамуға әсері мол екенін ескертті.

Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков:

– Біздің жастардың арасында Билл Гейтс сияқты инноваторлар, Абай Құнанбайұлы сияқты философтар, Қаныш Сәтбаев сияқты ғалымдар, Мұхтар Әуезов сияқты жазушылар жүруі мүмкін.

Сонымен қатар, қала басшысы балалардың оқып, білім алуына барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Елбасының тапсырмасына сәйкес бірегей Оқушылар сарайы салынды, білім беру гранттарының саны артты, шәкіртақының көлемі ұлғайды, әлемдік деңгейдегі университет бой көтерді, зияткерлік мектептер ашылды, «Болашақ» бағдарламасы қабылданды.

Бүгінгі таңда 200 астам елордалық оқушы түрлі халықаралық және республикалық байқауларда жеңімпаз атанған. Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиеваның айтуынша, 67 мыңнан астам оқушы барлық деңгейдегі ғылыми-шығармашылық сайыстар мен олимпиадаларға қатысуда.

Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева:

«Бүгін үздік елордалық оқушылар жиналды. Астана қаласы 65 алтын медальға қол жеткізді. Бұл үлкен жетістік. Әкім айтып өткендей, Астана қаласының оқушыларынан құралған топ 7 жыл қатарынан бірінші орындар мен атақтарға ие болып келеді. Біз республика бойынша көш бастадық. Енді осы нәтижені сақтап қалуға тырысамыз».

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА