22.11.2024

Мұрат ҚОЙШЫБАЕВ. Ғылым жаңалықтарын өндіріске ендіруде ерекше белсенділік керек

Мұрат ҚОЙШЫБАЕВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор:
Ғылым саласы неге кенжелеп қалды? Білімнің бүгінгі беталысына көңіл тола ма? Ғылыми жобалардың қаржыландырылуы қандай? Осы сауалдарға қатысты ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Мұрат Қойшыбаев өз пікірін білдереді.

– Елбасы инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясаты туралы айта келе, «Табысқа жету үшін ғалымдардың талай буы-нының тәжірибесіне, тарихи қалыптасқан ғылыми мектептердің арнаулы ақпарат және білімдеріне негізделген дербес ғылыми база қажеттігіне» тоқталды. Сондықтан ғылымның бүгінгі даму жайы туралы айта кетсеңіз…
– Білім және ғылым министрлігі (БжҒМ)бағдарламасынан оның қазіргі жағдайын сипаттайтын деректерге көз жүгіртсек, соңғы жылдары 325 ғылыми мекемелерде 20 мыңға жуық мамандар жұмыс істеп жатыр екен. 2010 және 2011 жылдары зерттеу жұмыстарын қаржыландыруға 20 млрд теңге бөлінсе, 2012 жылы оның көлемі 2,5 есе артып 50 млрд теңгені құрады. Бірақ бұл көрсеткіш Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 0,15-0,21 пайызынан аспайды. ЮНЕСКО ақпараты бойынша, оның халықаралық орташа мөлшері ЖІӨ-нің 1,7 пайызын құрайды. Жан басына шаққанда елімізде ғылымға жұмсалатын шығын жылына 14 АҚШ долларынан аспаса, Ресейде – 70, АҚШ-та – 892, Шве¬цияда – 875, Финляндияда – 726 долларға жетеді екен.
2010 жылы Білім және ғылым министрлігінің қаржыландыруымен 43 бағдарлама бойынша зерттеу жүргізіліп, ғалымдар 1868 ұсынысқа өнертабыстық куәлік алыпты, басылымдарда 17360 мақалалар жариялан-ған. Қазақстан ғалымдарының жетістіктері дүниежүзілік деңгейде әлі де төмен екендігін сипаттайтын мынандай деректер бар. Ғылым саласында істейтін 17 мың адамға шамамен, 1-2 халықаралық патент келіпті, халықаралық басылымдарда жарияланған жұмыстар 0,021 пайызды ғана құраған. Салыстыра алғанда, АҚШ ғалымдарының көрсеткіші – 22 пайыз, Қытайда – 10,2, Ресейде – 2 пайызға жуық немесе бізден 100 еседей жоғары. 2010 жылы өндіріске ендіруге бар-жоғы – 10, 2011 жылы – 12 жаңа технология ұсынылған, 2014-2015 жыл¬дары бұл 20-25-ке жетпек.

– Өткенге көз жібере отырып, сараптасақ, елімізде ғылымның кенжелеп қалуына қандай факторлар әсер етті?
– Біріншіден, мұның себебі ғылымға аса көңіл бөлінбей, оның жеткілікті дәрежеде қаржыланбауы дер едім. Екіншіден, жастар арасында ғылымға құлшыныстың болмауы, осыған байланысты ғылыми қызметкерлер жасының ұлғаюы, жоғарғы оқу орындары мен ғылыми мекемелердің арасында тығыз байланыстың болмауы да ғылымның кенжелеп қалуына әсер етті. Ғылыми жобаларға халықаралық сараптамалар жасалған жоқ. Ғылыми мекемелерде заманауи құрал-жабдықтардың тапшылығы білініп, оларды жете білетін мамандар болмады. Дерекке жүгінер болсақ, 2010 жылы олармен қамтамасыз етілген зертханалар саны 7 пайыз болса, 2014-2015 жылдары бұл көрсеткішті 11,9-12,4 пайызға көтеру көзделіп отыр.
Ақиқатын айтар болсақ, егемендіктің алғашқы жылдары ғылымға көңіл бөлінбей, жалақы төмен, баспана жоқ болғандықтан диссертация қорғаған жас мамандардың көпшілігі күнкөрістің қамымен табыс көздері бар мекемелерге, шетел фирмаларына, тіптен «қарабазарға» кетті. Қазір ғылым саласында істеп жүргендердің арасында орта және аға буын ( 45-60 жастағылар) жоқтың қасы, 70-тен асқан қарттар мен соңғы 5-10 жылда диссертация қорғаған немесе университетті жаңа бітірген, өкінішке қарай, терең білімі мен өндірістен алған тәлім-тәжірибесі әлі жоқ жастар қалды.
Ал аграрлық ғылым саласын алсақ, егемендік алғаннан бері оның басқару жүйесінде 4 құрылымдық өзгеріс орын алды. 60-70 жылдары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде ғылым бөлімін көп жылдар дарынды ғалым Ш. Шолтыров басқарды, оны министрдің ғылым саласындағы орынбасарлары І. Елеманов, кейінірек Ғ.Құрманов тікелей жетекшілік етті. 80-жылдары аграрлық ғылым саласын басқару, қаржыландыру, бақылау жұмыстары Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы академиясының Шығыс бөлімшесінің құзырына көшті, оны елімізге белгілі ғалымдар, академиктер Ф.Мұқамедғалиев пен Қ.Медеубеков басқарды. 90-жылдардың ортасында ол Ұлттық академиялық ауылшаруашылық зерттеу орталығы (НАЦАИ) етіп қайта құрылып, оны академик Ғ.Қалиев, кейінірек жас болса да, ауыл-шаруашылығы өндірісін білетін, ұйымдастыру қабілеті бар Ә.Сатыбалдин басқарды. Осы орталықтың вице-президенттері болып академиктер А.П.Грибановский, Р.А.Оразалиев, М.Қ.Сүлейменов Э.Ф.Госсен істеп,егін және мал шаруашылығы саласы бойынша бөлімдеріне академиктер І.Әбуғалиев, К.А.Төлемісова, К.Е.Елемесов, В.В.Григориук, ғылым докторлары Голиков В.А, М.А.Кинеев, Т.Н.Нұрмұратұлы және т.б. белгілі ғалымдар жетекшілік етті. Бұлардың көпшілігі аграрлық ғылым саласын жете меңгерген және ауыл шаруашылығы өндірісі мен ауыл тірлігін білетін ғалымдар еді.Еліміздің орталығы Астанаға көшкеннен 2-3 жылдан кейін аталған ғылыми орталық таратылып, аграрлық ғылым саласын басқару Ауыл¬шаруашылығы министрлігінде ұйымдастырылған ғылым департаментіне жүктелді. Бар-жоғы 10-шақты жоғары ғылыми атақтары жоқ, жас мамандарға егін, көкөніс, бау-бақша, мал, құс, орман, су мен балық шаруашылығына қатысты жұмыстарды басқару мен үйлестіру, қаржыландыру жүктелді. Сол жылдары аталған департаментті ауылшаруашылығын жақсы білетін, кіші ғылыми қызметкерден үлкен ғылыми орталығы – Қазақ астық шаруашылығы институтының директоры қызметіне дейін көтерілген А.Қ.Күрішбаев тікелей басшылық етіп,кейін министрдің орынбасары, Ауыл шарушылығы министріне дейін көтерілді.
Үкіметтің 2007 жылы 22 мамырдағы № 409 қаулысына сәйкес Мемлекеттік мүлік пен жекешелендіру Комитетінің 7 мау¬сымдағы №331 бұйрығымен, жарғылық қаржысының 100% мемлеткеттік меншік¬тен тұратын – «ҚазАгроИнновация» деп аталатын Акционерлік қоғам (АҚ) құрылды. Ауыл шарауашылығы саласындағы бұрын республикалық мемлекеттік және еншілес мекемелер (РММ, ЕММ) деп аталатын ғылыми-зерттеу институттары Жауапкершілігі шектелген серіктестіктерге (ЖШС) айналдырылды. Қысқа мерзімде АҚ президенті 7 рет ауысты, кейбіреулері тағында тіптен 2-3 ай немесе жарты жыл отырмады. Қызметкерлердің көпшілігі шетелде оқыған, мемлекет тілін білмесе де ағылшын және орыс тілінде сайрайтын, бірақ ауылшаруашылығы өндірісі мен ауыл тұрмысы жайлы хабарлары үстіртін жастар болды. Бұл, әрине, ғылыми жұмыстардың жоғары деңгейде жүргізілуі мен нәтижелігіне өз әсерін тигізбей қоймады.
Ғылымның тоқырауына егемендік алғаннан кейін көптеген салалық ғылым орталықтарында құрылған, бар-жоғы 12-13 адамнан тұратын, төрағасы көбінесе сол мекеменің директоры немесе оның орынбасары, мүшелерінің көпшілігі сонда жұмыс істейтін, Кеңес Одағы ыдырау қарсаңында докторлық атаққа ие болған, шағын диссертациялық кеңестер біраз рөль атқарды. Мұндай кеңестерді ашуға адам саны жетпей жатса, 3-4мүше Өзбекстан, Қырғызстан, немесе Ресейден шақырылды.Олардың жол шығыны, қонақүйге орналастыру, асты-үстіне түсе күту, шығарып салу, тіптен кейде қаламақы төлеу, көбінесе ізденушілердің немесе ғылыми мекеменің есебінен болды. Көпшілік жағдайда оппоненттері диссертацияда келтірілген зерттеу нәтижелердің өзектілігі, ашылған жаңалықтардың құндылығы мен шынайылығына нақты баға берудің орнына, түкке тұрмайтын жұмысты мадақтап, ізденушінің ғылыми атаққа сай екендігі жайлы пікірлер жазды. Қарсы өз пікірлерін айтатын 1-2 ғалым болғанның өзінде, олардың сөзіне құлақ асатындар сирек кездесетін. Сонымен 2-3 сөйлемді, не орыс немесе мемлекет тілінде сауатты жаза алмайтын ғылым кандидаттарын былай қойғанда, докторлар саны көбейді. 100-120 бетке жазылатын диссертация мәтінін былай қойғанда, 20-25 беттен тұратын көптеген авторефераттарда грамматикалық және стилистикалық қателер өріп жүретін…

– Президенттің «Қазақстан–2050» Жол¬дауында азық-түлікке, әсіресе астық өнімдеріне жаһандық сұраныс артуына байланысты ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру, ал осы межеге жету үшін егіс алаңын ұлғайтумен қатар, жаңа технологияларды енгізу есебінен оның түсімін елеулі көтеру қажеттілігі көрсетілген. Бұл орайда Сіздің ойыңызша, не істелініп жатыр?
– Дерекке жүгінер болсақ, жер аумағы орасан үлкен, топырағы алуан түрлі, ауа-райы құбылмалы келетін Қазақстанда астық, дәнді бұршақ және майлы дақылдардың өсіру технологияларын жетілдіру, селекция мен тұқым шаруашылығы мәселерімен бар-жоғы 2 ірі ғылыми орталық, 6-7 аймақтық ҒЗИ-тары айналысады. Жекешелендіру және оңтайландыру нәтижесінде 5-6 облыстық тәжірибе стансалары ғана қалды. 2010 жылы аграрлық ғылым саласын қаржыландыруға 2.800 млн тенге бөлінсе, 2013 жылы – 3502 млн тенгені құрапты. Егер дүниежүзілік валютаға шақсақ, 19-23 млн АҚШ доллары немесе Түркиямен салыстырғанда 4-5 есе төмен.

– Тәжірибе алмасу үшін өзіңіз де шетелге барып тұратын боларсыз?
– Үстіміздегі жылы ФАО-ның арнайы шақыруымен бидайдың сары тат ауруы бойынша Түркияның Ізмір қаласында өткен 2-халықаралық симпозиумға қатысып қайттым. Соңғы жылдары бұл мемлекет егін және мал шаруашылығына байланысты зерттеу жұмыстарына көп көңіл бөлген, жұмыстың нәтижесі де жоқ емес. 2002 жылы ғылыми мекемелердің зерттеу жұмыстарын жүргізуге бөлінген қаржы 9,1 млн доллар болса, 2012 жылы ол г 84, 47 млн долларға немесе 12 есеге артқан. Бұл өндірілетін ішкі өнімнің 0,86 пайызы екен, 2023 жылы дүниежүзілік деңгейге 3 пайызға жетпек. Аграрлық салада істейтін ғылыми мекемелердің жұмысын Өсімдік және мал шаруашылығы өнімдері министрлігі (Ministry of Food Agriculture and Livestock) жанында құрылған ғылыми-зерттеу және бақылау жөнінде бас директорат ( General Directorate of Agricultural research and Policies) басқарады. Зерттеу жұмыстарымен 11 орталық және 10 аймақтық ғылыми-зерттеу институттары 26 тәжірибе стансалары, 8 мал дәрігерлік институт, өндірілетін өнімнің сапасын тексерумен 13 зертхана айналысады екен. Ғылыми-зерттеу жұмыстарымен 1978 ғалым шұғылданады, олардың 407-нің Phd ғылыми атағы және 12 профессоры бар. Эгей егіншаруашылығы ҒЗИ-да дәнді дақылдардың тат аурулары бойынша ғылыми орталық ұйымдастырылған. Зерттеу жұмыстары ашық танаппен қатар, жылыжайлар мен климокамераларда жүргізілетіндіктен жаңа сорт шығару жылдамдайды. Институттың генетикалық қорында 60 мыңнан аса дәнді, майлы, дәнді бұршақ, көкөніс, дәрілік өсімдіктердің гермаплазмасы сақталуда.
Тағы бір мысал, осы жылдың тамыз айында КАСИБ бағдарламасы (жаздық бидай бойынша Қазақстан мен Сібір селекционерлер бірлестігі) аясында Новосібір қаласында өткен жиылыста Сібір генетика және цитология, Сібір өсімдік шаруа¬шы¬лығы және селекциясы институттарының жұ¬мыстарымен таныстық.Бірінші ғылыми мекемеде 4 ірі бөлім, 28 зертханалар мен 14 секторда 61 ғылым докторы, 220 ғылым кандидаты, ғылыми атақсыз 120 қызметкер істейді екен. Зерттеу жұмыстары бюджеттік қаржыландырумен молекулярлық гене¬ти¬ка, жасуша биологиясы мен биотехнологиясы, иммунитеттің молекулярлық негіздері, тірі ағзалар дамуының эволюциясы мен биологиясы, жалпы генетика, биологиялық әртүрліліктің генетикалық және эволюциялық негіздері және т.б. бағыттарда жүргізіледі екен. Барлық тірі ағза қамтылған, сүтқоректілер, оның ішінде дамудың жоғарғы сатысына жеткен адам, электронды микроскоппен ғана қөрінетін вирустар мен вироидтар. Гендік инженерия, биоинженерия, өсімдіктердің молекулярлық және цитологиялық генетикасы және т.б. зертханалардың жұмысымен танысқан кезде олардың заманауи құрал-жабдықтармен жарақталғанын және мамандардың біліктілігі өте жоғары екеніне көзіміз жетті. Бір зертхана меңгерушісінен «құрал-сайманд¬рыңыздың құны қанша болады?» деп сұрағанымда, «2-3 млрд рублге жетіп қалар» деп жауап берді. Аталған институт негізінен, іргелі немесе теориялық бағытта зерттеу жүргізетініне қарамастан, оның 12 мың гектарға жуық жері бар екен,онда ғылыми жаңалықтар өндіріс жағдайында тексеріледі.

– Бірақ ауызды қу шөппен сүрте беруге болмас, бізде де жетістіктер баршылық қой…
– Егемен еліміздің ғалымдарының егін және өсімдік шаруашылығы саласында қол жеткен табыстары аз емес. Солтүстік өңірде дәнді, бұршақ және майлы дақылдарды егудің нөлдік және минималды технологиялары бірнеше миллион гектар егіс алқаптарында, оңтүстік және оңтүстік шығыс өңірлерде тамшылап суғару әдісі өндіріске кеңінен ендірілуде. Қазақ егін және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ-ның ғалымдары күрішті тамшылап суғару әдісімен өсіруге болатынын, бұл тәсіл күннен-күнге зәрулігі артып бара жатқан су қорын ондаған есе үнемдейтінін көрсетті. Іріқара тұқымдарын сонау АҚШ пен Канада, Батыс Еуропа елдерінен тасымалдасақ, дәнді және мал азықтық дақылдарының жергілікті сорттары елде жеткілікті, олардың көпшілігі бәсекелестікке төтеп бере алады. Соңғы жылдары солтүстік өңірде жаздық бидай мен арпаның және тағы басқа дақылдардың отандық сорттарының үлесі артуда. Мәселен, Қостанай облысында жаздық бидайдың Сібір селекционерлері шығарған Омская-18, Омская-19, Омская-35, Ом¬ская-36 сорттарының үлесі басым болса, Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы мен Қарабалық тәжірибе стансасы сорттарының егіс көлемі 5 млн гектарға жетті. Өсімдік шаруашылығын әртараптандыруға байланысты егіс көлемдері соңғы жылдары көтеріліп келе жатқан рапс, зығыр, күнбағыс сияқты дақылдардың сорттары мен будандарын шығаруда әрине, Ресей немесе Батыс Еуропа ғалымдарымен бәсекелесе алмаспыз.
Өкінішке қарай, соңғы 20 жылда ауа-райына және т.б. себептерге байланысты дәнді дақылдардың бір гектарға шаққандағы түсімділігі 8,6-17 центнерден аспай отыр. Ауа райы өте қолайлы болған 2012 жылы Солтүтік Қазақстан мен Қостанай облыстарының көптеген шаруашылықтары әр гектардан 20-30 центнерге дейін өнім жинады. Бидай өсірудің қарқынды технологиясын игерген «Тұқым» ЖШС дәнді дақылдар түсімділігі 1гектарға шаққанда 4-5 тоннаға жетті. 2011 жылы ауа райы мен топырақ құнарлылығы әртүрлі келетін Қазақстан мен Ресейдің 12 сынақ алаңдарында КАСИБ ( жаздық бидай сорттарын жақсарту жөнінде Қазақстан-Сібір бірлестігі) бағдарламасы бойынша шығарылған жаздық бидайдың 10 сортының 1 гектарға шаққандағы түсімділігі 3,5-3,9 тонна болса, Қостанай облысы мен Оңтүстік Оралда 4,2-6,4 т/гектарға жетті. Демек, жақын жылдары оның жаңа сорттарының тұқымын тез арада көбейтіп, кеңінен өн¬діріске ендіру арқылы, негізгі азықтық дақыл – бидайдың жалпы өнімін өндіру мен экспорттауды 1,5-2 есеге дейін арттыруға мүмкіндік бар. Көп мәселе тұқым шаруашылығына барып тіреледі, академик Р.А.Оразалиевтің пікірінше, бұл салада да шешілмеген түйін жеткілікті. Келешекте ғалымдар биотикалық, атап айтқанда маусым мен шілде айында жиі байқалатын ылғалдың тапшылығы мен аптап ыстық, және абиотикалық кедергілерге, әсіресе бүкіл дүние-жүзінің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырған тат ауруларының түрлеріне берік немесе төзімді сорттарын шығаруға баса көңіл бөлуі керек.
Десек те, бүгінгі таңда ғылым жаңалықтарын өндіріске ендіру тетіктері, ғылыми-зерттеу мекемелер мен тауар өндірушілердің жауапкершіліктері нақты анықталмай отыр. Кеңес Одағы кезінде өндіріске ендіруге арналған ұсыныстар көпжылдық зерттеу нәтижесінде, жан-жақты сынақтан өткеннен кейін АШМ-нің ғылыми-техникалық отырысында қаралып, соның шешімімен баспадан шығатын. Соңғы жылдары көпшілік жағдайда ғылыми жаңалығы жеткілікті негізделмеген, өндірістік сынақтан өтпеген, тіптен ғаламтордан көшіріп алынған ұсыныстар мен әдістемелерді шығару әдетке айналып барады. Бірінші бетінде «Казагроинновацияның» ғылыми-техникалық немесе институттың ғылыми кеңесінде бекітілген» деп тұрғанымен, олар жан-жақты, терең сараптамадан өтіп жатқан жоқ. Сондықтан өндіріске ендіруге дайындалған ұсыныстарды дайындау мен сараптау кезінде ғалымдар мен ғылыми мекемелер және олардың жетекшілерінің жауапкершіліктерін арттыру қажет.

– Ғылым жетістіктерін өндіріске ендіру де кедергілер бар ма?
– Осыдан бір-екі жыл бұрын көпжылдық зерттеу нәтижелерін қорытындылай келе, «Защита зерновых культур от особо опасных болезней» (Алматы, 2012 32 с.) және «Интегрированная защита зерновых культур от основных вредителей, болезней и сорных растений» (Алматы, 2012 33 с.) деп аталатын 2 ұсынысты әзірлеп, шетел фирмаларының көмегімен баспадан шығардым. Аталған ұсыныстарды жоқ дегенде солтүстік өңірде 1-2 млн гектар егіс алқабында қолданып, әр гектардан 2-3 центнер өнім сақтауға болар еді. Келесі мысал. 2-3 жыл зертханалық және танаптық зерттеулер нәтижесінде А.Б.Бектұров атындағы Химия институты шығарған «супергумат» деп аталатын, құрамында 90 пайыз-¬дан аса гумин қышқылы бар препаратты жекелей және өсімдік тіршілігіне қажет микроэлементтермен қоса пайдалану арқылы дәнді дақылдар түсімділігін 2-3 центнерге дейін арттыруға болатынын, олардың биотикалық және абиотикалық қолайсыздықтарға беріктігін арттыратынын анық¬тап, ғылыми жаңалық ретінде екі инновациялық патент алдық. Аталған препаратты өндіріс жағдайында қолдану технологиясын жетілдіріп, экономикалық тиімділігіне дейін сараптап, зерттеу нәтижелерін «Аграрный сектор» және Ресей басылымдарында жарияладым. Дегенмен, препарат иесі – А.Б.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институты оны өндіріске кеңінен ендіруге талпыныс жасамады, шамасы оларға ауыл шаруашылығынан көрі, табысы мол мұнай, түсті металдармен айналысқан тиімді сияқты.
Дегенмен, соңғы жылдары ауылшаруашылығына қатысты біраз қолданбалы жобалар БжҒМ-нің «Тіршілік жайлы ғылымдар» деп аталатын №55 бағдарламасы аясында қаржыландыра басталды. Бұл – қуанарлық жағдай, бірақ та қаржы тиімді пайдаланып отыр ма? 2012-2014 жылдары өсімдік қорғау саласы бойынша қаржыландыруға бекітілген 20-ға жуық жобаны зерттеу тақырыптарының өзектілігі бойын¬ша талдау жасағанымда, өкінішке қарай, көпшілігі ғылымға айтарлықтай жаңалық қосып, ауыл шаруашылығы өндірісіне пай¬да әкелетінiне күмән туды. Біраз жобалар¬дың тақырыбының өзі сауатсыз жазылған. Қазақ өсімдік қорғау және карантині ин¬сти¬туты атқарып жатқан 3 жоба, Биология¬лық қауіпсіздік институтының – 2, Қазақ аграрлық университетінің – 1, Микробиология және вирусология институтының – 2, Гумилев атындағы университеттің 1 жобасы бойынша талдау жасап, пікірімді бұрынғы БжҒ бұрынғы министрі Жұмағұлов мырзаға жолдадым. Ғылыми жұмысты қаржыландыру үшін өтінімге қойылатын негізгі талап – тақырыптың өзектілігі нақты негізделмегені, зерттеу нәтижелерінің тәжірибелік және инновациялық құндылығы талданбағаны, жоба жетекшілерінің біліктілігі, алыс шетел, ең болмаса Ресей басы¬лымдарында жарық көрген ғылыми мақа¬лалары бар ма, жоқ па? – ескерілмегені бірден байқалған еді. Ғылым туралы жаңа заң аясында ғылым салалары бойынша БжҒМ-де Ұлттық ғылыми кеңестер, ҚР Үкіметінің 2011 жылы 19 шілдедегі №831 қаулысымен мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама Орталығы құрылған. Менің өсімдік қорғау саласы бойынша 2012-2014 жылы қаржыландыруға ұсынылған жобалар бойынша пікірім аталған кеңес пен сараптау орталығын жіберіліп, көрсетілген деректер бойынша олар нақты жауап беру керек еді. Сұрақтарыма БжҒМ-нің комитетінен шығарып салма жауап алдым, жобаларды 3 сарапшы, оның 1-2 шетелден қарап, қаржыландыруға ұсынған көрінеді. Сондықтан министр блогына шы¬ғып, біраз аргументтер келтіріп, «мемлекеттік №55 бағдарлама бойынша ғылыми жобаларды қарау және қаржыландыру, ғылымды дамытуға бөлініп жатқан орасан қаржы тиімді пайдаланылып жатыр ма, ертеңгі күні ол егемен еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға, инновациялық дамуға нақты әсерін тигізе ме, жоқ па?» деген сауал қойдым. Бұл сұраққа да қанағаттанарлықтай жауап ала алмадым, ұлы Абай айтқандай: «баяғы жартас, сол жартас». Өкінішке қарай, жоғарғы оқу орын¬дарын жайлаған сыбайластық пен тамыр-таныстық, жерлестік ғылым саласын әлі де шарпып тұрған сияқты.
БжҒ Министрлігіне жолдаған хатымда гранттық қаржыландыру бойынша конкурс жариялағанда мәдени дақылдар селекциясы мен малдыасылдандыру, тұқым шаруашылығы, өсімдіктер мен жануарлардың генетикалық қорын толықтыру және сақтау жөнінде бір жағынан қолданбалы, екінші жағынан іргелі зерттеулерге көбірек көңіл бөлу қажет» деп ұсыныс жасаған едім. Ол еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне және экономикалық әлеуетіне тікелей әсер етеді. Қазіргі таңда бұл саладағы зерттеулер Ауылшаруашылық министрлігі арқылы қаржыландырылатын №212 бағдарлама аясында жүргізіліп, мардымсыз қаржыландырылып отыр. Мәселен, дәнді дақылдардың тұқым шаруашылығымен қатар селекциясымен айналысатын бірнеше да¬қылдың мыңдаған коллекциялық және селекциялық үлгілерін сеуіп, жүздеген селек-циялық линияларды сынақтан өткізетін Қарабалық, Красноводопад және т.б. тәжірибе стансаларының 2013 жылы қаржы¬ландыру бар жоғы 5-10 млн теңгеден аспады. Менің, мүмкін басқа да ғалымдардың ұсыныстары ескерілген болуы керек, БжҒМ-нің 2015-2017 жылдарға «Тіршілік жайлы ғылымдар» бағдарламасы аясында «Өсімдіктер мен малдардың түсімділігін арттыру» деп аталатын тармақ, «Өсімдік және егін шаруа-шылығы», «Биологиялық қауіпсіздік» – деп аталатын ғылыми мақсатты бағдарлама бойынша үстіміздегі жылы конкурс жарияланды. Бұл – құптарлық және қуанарлық жай.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Айқын» газеті

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА