Home Редакция таңдауы «Бізбикештер байқауы». Тәрбиелік мәні.

«Бізбикештер байқауы». Тәрбиелік мәні.

0

«Таланттар мектебі» өткен жылдың 8-наурыз, қыз-келіншектер мерекесі қарсаңында осы мектепте оқитын дарынды қыздар арасында қызықты байқау ұйымдастырды. Ұлттық фольклорымыздың халыққа белгілі Алдар Көсе аңыздарында кездесетін Бізбикеш образы «Таланттар мектебінде» оқитын оқушы қыздарды да, үлкен топқа келіп жүрген студент қыздарды да қызықтырды. Байқаудың шарттары төмендегідей болды:

  1. Бізбикештің күлдіргі киімі;
  2. Бізбикештің амандасуы, танысуы (өлең, монолог)
  3. Бізбикеш биі (күлкілі сюжетпен)
  4. Бізбикештің таңғажайып тағамы;
  5. Бізбикештің қолөнері;
  6. Сахналық скетч, миниатюра, монолог (әзілдер)
  7. Бізбикештің әні (қазақтың күлдіргі әндері)

Байқауға қатысамын деп үміт білдіргендер ең әуелі жеңіл әзіл, оңай тәсіл деп қарады. Бірте-бірте қызықты киім ойлап табудың өзі бәсекеге ұласып, қыздар бір-біріне байқатпай киім жайлы, қызықты ас мәзірі жайлы ізденіске түсті де кетті. Әзіл мен ойынға құрылса да салмақты байқау болатынына қыздардың дайындық кезінде көздері жете бастады. Әрқайсысы өздерін таныстыру, амандасу өлеңдерін құрастырып, мектептің би, пантомима үйретуші ұстаздарымен күлкілі оқиғаға құрылған би ойлап табу, қол өнер бұйымдарының өзін де езу тартар элементтермен жасау үшін ғаламтор кезіп, шеберлер мен зергерлер, тігіншілер мектептерін аралап қызықты шығармашылықтың шырмауына шырматылып кетті. Қазақтың әндерін зерттеп, қара өлеңдер жаттап, күлдіргі ән айту үшін вокал мұғалімінің алдын босатпай әншілік өнерге бұрынғыдан да зор ынта қойып кірісіп кетті.

Дайындыққа берілген бір ай уақыттың ішінде оқушы қыздарымыздың ізденістері өздерінен әлдеқайда үлкен, студент қыздардың даярлығынан асып түсе бастады. Қыздардың сахналық қойылымдарын, билерін, әндерін дайындауға ат салысқан ұстаздар әрқайсының құпиясын ашпай байқауға дейін бір-біріне білдірмей дайындады.

Көптен күткен байқаудың күні жеткенде оқушылардың соншама күнгі қобалжуы, ұйқысыз өткізген күндері өздері үшін, ата-аналары үшін, достары үшін, мектеп ұжымы үшін естен кетпес мереке болды!

Аружан деген қызымыз қағаздан мыңдаған гүл жасап, көйлек пен сәукеле киіп шыққанда таңданбаған жан қалмады. Аружанның қызықты киімдері тек мұнымен бітпеді. Өзі скрипкада ойнайтын болғандықтан Бізбикештің өнерін көрсетуге шыққанда бас киімі мен кеудеше, шалбары CD дисктерден тұратын коцерттік костюммен шығып, көпшілікті тағы да таңдандырды.

Жалпы байқауа қатысқан қыздарды ең басында жасына қарай үлкен-кіші топ деп бөлмек болған ұйымдастырушылардың жоспары іске аспай қалды. Себебі, кішкене оқушы қыздардың дайындығы студент қыздармен кейде тең дәрежеде, кейде тіпті шеберліктері асып түсіп жатты.

Бізбикештің қызықты киімдерін көріп күлмей отыра алматын едік. Қоқыс шығаратын пакеттерден жасалған «Милледи» костюмі, небір сәнді, гүлді пакеттерден тігілген көйлектер. Ал, енді қызықты ас мәзірі дегенің күтпеген дәмдерге толы болды. «Бізбикеш» салаты, «Перзентхана» атты нанға оралған кішкене шұжықтар,…

Қыздарымыз өздерін таныструға келгенде «Шығайбайдың қызы екендігін» ешқайсысы ұмытпай, Алдар Көсеге деген махаббат сезімдерін де әзіл, қалжың тілімен жеткізе білді.Ән, би, пантомима байқаулары да қыздарымыздың керемет дайындығын көрсетті. Оқушы қыздарымыз осы салада үлкендерден шынымен де басым түсті.

Байқауды қортындлай келе ата-аналардың, келген қонақтар мен қазылар алқасының пікірін сұрадық.

Ата-аналар бір ауыздан «Әншейінде мектептердің ресми тапсырмаларын қинала, есептесе орындайтын қыздарымыз қызу ізденіске кіріскенде біздің де қызығушылығымыз артып кетті. Киім үшін де, қолөнер бұйымы үшін де, ән таңдау үшін де, тіпті билеу үшін де ғаламтор, кітапхана кезіп, үйде отбасының барлық мүшесі жинала отырып талқылайтын қызық тақырып тапқандай болдық. Баланың білімге құмарлығын арттырып, өз бетімен ізденіс жолына қызықтыра түсіріп жіберген осындай қызықты байқаулар тәрбиенің таптырмас бір көзі екеніне көзіміз жетті» – дегенді айтты. Жолдастарына жанкүйер болып келген жоғарғы оқу орындарының студенттері де: «Бізбикеш» деген атына қарай жеңіл-желпі бір өте салатын кеш екен деп келіп, құрбыларымыздың өнер, білім жолында күрделі сынға түскенін көзіміз көрді. Төменгі сынып оқушыларынан кем түскен тұстарында кез келген өнердің еңбекпен келетіндігін мойындадық. Бүгінгі көргеніміз көңіл сергіткен кеш болғанымен, өмірде үйретері, берер тәрбиесі көп, мазмұнды байқау болды. Осындай байқаулар тек «Таланттар мектебі» шеңберінде емес, кең көлемде де өтсе, нұр үстіне нұр болатын еді» – деп, өздері келесі байқауға қатысқысы келетінін мәлімдеп кетті.

«Бізбикештер байқауы» деген тақырып әрине бәзбіреуге жеңіл естілер, біреулер мырс етіп миығынан күлген де болар. Дегенмен, қыз баланың қолынан бірнеше өнер келетінін дәлелдеп берген осындай тартымды ойынның болғаны, оны жалғастырып әкетер зерек ойлы ұйымдаструшының болғаны, болашақта өнерлі, шебер бала тәрбиесіне қажетті бір сабақ болары сөзсіз! Осыған сенейік. Біздің алдымызда көзі мөлдіреп қаншама үміт отыр. Біз соларды білімге, өнерге, жарқын болашақ өмірге қызықтыра білуіміз қажет. Сонда ғана олар ұстаздың артынан ереді, ұстазға сенеді!

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version