22.11.2024

Алмахан Мұхаметқалиқызы. Наурызды қалай қарсы алып жүрміз?

Қазақ халқының тұрмыс – тіршілігінде, әдет-ғұрпында ерекше орын алатын ертеден мерекеленіп келе жатқан мейрамның бірі – Наурыз. Осы кезде мал төлдеп, шаруаның арқа басы кеңіп, аққа аузы тиетін уақыт.
Науырыз мейрамында қазақ халқы наурыз көже ішіп, ән шырқап, күй шертісіп, балуан күрестіріп, ойын –сауықпен өткізетінін білеміз. Наурыз мейрамында “Жаңа түлеген табиғатпен, төлдеген малмен бірге өсіп, көгереміз, көктейміз деген мақсатпен табиғаттың перзенттеріне берген ырыздығына риза болайық.”- деген ой-пікірлер айтылып, ауыл ақсақалдарынан бата тілеген.

Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік, т.б. сияқты қазақы қасиетке тән әдет-ғұрыптармен таным-ұғымдардың үлгі-өнегесі – өзге ұлт өкілдерін тәнті етеді.
Дала заңын терең меңгерген дана бабаларымыз ұлт мәдениетіндегі жоғары саналылыққа, әдептілік пен өнегелілікке, бауырмалдық пен көрегендікке, ізеттілікке, бейімділікке баурайтын салт-дәстүрлерді еш насихаттсыз-ақ ұрпақ тәрбиесіне пайдалана білген.
Ертеден саяси жер аударушылардың мекені болған Семей жеріне қызметке келген Семенов Тянь-Шанский қазақтың тұрмыс-тіршілігімен таныса отырып, «Бұл елдің оқуы мен білімі, ғылымы мен мәдениеті тұрмысында тұнып тұр екен» деп баға беріпті.
Өкінішке орай ел тәуелсіздігін алғанымызға 24 жыл болса да қазақ тұрмыс-салтының мәнін тек наурыз нақыштары, мерекелік іс-шара деп түсініп жүрміз. Тіпті ұлттық ою-өрнегі бар киім киіп шыға қалсаңыз, «немене Наурыз келіп қалған ба?» деп таңырқай қарап жататынымыз да жасырын емес. Наурыз мерекесі жақындаған сайын ұлттық киім іздеушілер мен ұлттық тұрмыс құралдарын жалға сұраушылар көбейеді. Көпшілік наурызды “қыз ұзату”, “құда түсу”, “тұсау кесу”, “сүндетке отырғызу” көрінсітерін көрсету деп түсінеді. Наурызды тойлап жатқан қай мекемеге барсаңыз да осы салт-дәстүрлерді келсін-келмесін “көш жүре түзеледі” деп сахналық қойылым, көрініс ретінде жарыса көрсетіп жатады. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» демекші, әр бұрышқа қызылды-жасылды маталарды жайып, түрлі-түсті ленталармен шаңыраққа ұқсатып жалбыратып көмкеріп, немқұрайлы «өтірік» үй ішіне – үй тіге салатын «киіз үйлер» сырт қарағанда өте бейшара, мазақ болып көрінеді. Әр жыл сайын Наурызды қарсы алатын мерекелік іс-шараларда осы көріністі көрген сайын менің де көңілім сол шала тігілген мешел киіз үйлерге ұқсап күйзеледі. Жаңа жылды қарсы алған кезде жасанды шырша жасасақ та, әдемі, көрікті, тартымды етіп жасаймыз. Наурызға құрмет, ұлттық құндылыққа құрмет әр мерекені қарсы алып, шығарып салудан басталады. Осы күнге дейін әр мекеме өзіне лайық шағын киіз үй, тұрмысқа байланысты құралдар, ұжымға сай ұлттық киімдер тіккізіп жыл сайын дамытып отырса болар еді?! Жыл сайын ұлттығымызды айшықтай түсетін Наурыз мерекесі жылда қайталана беретін жаттанды көріністер, салт-дәстүрлермен ғана шектелмей, осы күнге дейін айтылмай, көрсетілмей тереңде жатқан тың дәстүрлерімізді неге көрсетпейміз?! Мәселен, мектеп оқушылары мен ұрпаққа тәрбиелік мәні зор «Бәсіре беру», «Ашамайға мінгізу», «Шарғы салу», «Қыз көші», «Шөміш қағу», «Наурызкөк», «Наурызшешек», «Дәмету», «Құттық» «Бел көтерер», «Селт еткізер», т.б. ырымдары ұлттық құндылығымыздың таусылмайтын қазына екенінің куәсі. Мәселен, Бәсіре беру – Жас бала есі кіріп 4-5 жасқа келгенде оған туған туыстары бәсіре тай тарту етеді. Егер балаға арналған бәсіре аты үйретілген, мінуге жарап тұрған болса, онда Ашамайға мінгізу дәстүрімен баланы соған мінгізеді.
Ашамайға мінудің ерекшелігі – ер баланың ат ұстар азамат болып, ендігі жерде баланың өзінің ер-тұрманы, өзінің басыбайлы тайы болғандығында. Ашамайға мінгізу баланы еңбекке баулудың алғашқы баспалдағы деуге болады.
Баланың өзіне арналған бәсіреге ата-анасы арнайы ашамай жасатады. Салтанатты түрде үйретілген бәсіре тайға ашамай ерттеледі.
Ашамай дегеніміз – екі жаны Х әрпіне ұқсатып жасалатын балаға арналған айшықты ер. Баланың аяғы қысқа болғандықтан, ашамайға үзеңгі салынбайды. Ашамайдың үстіндегі ат көрпе де балаға лайықталып тігіледі. Осының үстінен тепкішек салынады. Киізден жасалатын тепкішекті («аяққап» деп те атайды). Тепкішек қоржынға ұқсайды, бала атқамінген кезде екі аяғын тепкішекке салады.
Ашамайлы тайға мінетін күні баланы әдемілеп киіндіреді. Баланың ашамайға мінгізілуі оның өмірінде тіршіліктің жаңа кезеңі басталғандығын білдіреді. Баланың рәсіміне ауыл адамдары жиналып, бала мінген аттың жал-құйрығына, баланың шапанына және баскиіміне шоқтап үкі тағады. Бұл «үкінің қасиеті – жын-шайтаннан қағады» дегенді білдіреді. Баланы атқа мінгізу құрметі шабандоз жігіттерге, ауылдың құрметті азаматтарына жүктеледі. Баланы атқа мінгізіп, аяғын тепкішекке сұғып, белін айналдыра жұқа көрпешемен орап, қауіпсіз жағдайда денесін ауыртпайтындай арқанмен тартып таңады.
Баланы үлкен аталарының бірі қолтығынан көтеріп тайына мінгізеді. Ат үстіндегі бала алақанын жайып, ауылдың батагөй ақсақалдарынан бата сұрайды. Шашу шашылып, тілек айтылып, ауылдың ақсақалы бата береді.
Асқар-асқар таудан өт,
Ағыны қатты судан өт.
Ит тұмсығы батпайтын,
Іргесі биік нудан өт.
Жолсыз жерде жол баста,
Жаугерлік болса қол баста.
Сәйгүлігің сай болсын,
Тілегім осы әу баста Әмин, аллаху әкпар!
Бата берілген соң, баланың қолына аттың тізгінін, оң қолына қамшы ұстатады. Аналар шашу шашып,тілектер айтады. Баланы атқа мінгізген жігіт атты ерттеп, көрші-колаң, ауылды аралатады. Есігінің алдына ашамайға мініп келген балаға үйдің иелері шашу шашып, баланың киіміне үкі, шашақ, теңге, моншақ қадайды. Балаға міндетті түрде ерге қажет ат әбзелдерін тарту етеді, қамшы сыйланады.
Бала үсті-басы әлем-жәлемге, әшекейге толып ауылға қайтып оралады. Сол күні мал сойылып, ат шаптырылып, той жасалады. Ашамайға баланы мінгізіп, аттың басын жетектеген жігітке, бата берген ақсақалға баланың ата-анасы сыйлық береді. Сән салтанат әрі қарай жалғасын табады. Бастауыш мектептің оқушыларына лайық көрініс өзінің ерекшелігімен де, тәрбиелік мәнімен де үлгі болар еді.
Баяғы бала кезімізде әке-шешем наурызды жасырын тойлап, наурыз көже пісіріп, мәні мен мағнасын түсіндіріп отыратын. Кәзір қалай насихаттаймын десек те мүмкіндік бар.
Наурыздың 14-нен бастап Батыс жақта «Көрісу», «Жүздесу» деген жақсы дәстүр сақталған. Сырттан келген текті-тексіз мәдениеттің салқынына ұрынбаған бабаларымыз осы 14-21 наурыз аралығындағы бір жетіні өлара деп атаған.
Оның сыры мынада – бір жылда 365-66 күн бар. Осы күнді бір айдағы 30- күнге бөлгенде 6 күн артық қалады. Осы алты күн наурыздың 13-і мен 21-і аралығына келеді. Осы күндерді қазақ “Өліара” деп атайды. Өліарада табиғат құбылыстары, күтпеген оқиғалар, қыстың қаһарынан қалған ауру-сырқау, табиғат апатттары болады деп күтеді. Осы күндері қыстан аман шығып, көктемнің шуақты күнінен үмітті жұрт бірін-бірі құшақтап көрісіп, құрбандыққа мал айтып сойып, «Мал-жанымызды өларадағы табиғат апаттары мен жайсыз құбылыстарынан сақта» деп, бірін-бірі құрметтеп қонаққа шақырады. “Көрісу”, “Жүздесу” деп жүргеніміз осы. Алда әлдеқандай қауіп бар деген түсінікпен адамдар қателіктері, артық-кемдері болса кешіріп, бірінен-бірі кешірім сұраған. Өйткені “адам табиғаттың бір бөлшегі, адамдар мейірімді болса, табиғат та мейірленеді” деп түсінген. наурыздың 13-21 аралығындағы өлараның әр күнін болжап, жаңбыр жауса, “молшылық болады” деп, “шөп шүйгін, мал тоқ болады” деп, жел тұрып, күн суытса, “жаз салқын болады” деп бір жылдың ауа райын болжайтын болған. Осы амалдан өткеннен кейін бір ай бойы наурыз мерекесі тойланады.
1003340_1397642780452984_1760166804_nБіз наурызда күн мен түннің теңелетінін ғана білеміз. Жаратылыс пен Адам үнемі бірін-бірі толықтырып отыратын тылсымның жұмбағы десек, біз табиғатты түсінбей, табиғатқа мейір таныта алмай жүрміз. “Адамдар қатал болса, табиғат та қатаяды” деп отыратын әкем марқұм. Біздің қаталдығымызды табиғат та дәлелдегісі келетін шығар. Наурызды салт-дәстүрдің ғана мерекесі деп қана түсінбей, мейір танытып, тереңіне үңілейік.

Алмахан Мұхаметқалиқызы
Инновациялық Технологиялар Академиясы.
«Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының директоры.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА