22.11.2024

Дулати Еңсенов. Рейхстагқа ту тіккен қазақ

(Мектеп сахнасына арналған драма)

Қатысушылар:
Рақымжан
Әкесі Қошқарбай
Үндемес апа
Милиция
Директор
Любовь Ивановна
Диктор
Сағат ағай
Төрекелді
Ыбырайым
Төлеубай ақсақал
Колхоз бастығы
Рақымжанның әжесі
Райхан
Командир
Батраков
Григорий
Майор

1-көрініс
(Т.Жорабаевтың орындауында «Туған жер» әні баяу ойналып тұрады)

Сахнаға әке мен бала әңгімелесіп келе жатады.
Бала Рақымжан. Туған жер, өскен жер деп осы өңірді мақтайсыз да отырасыз. Осы жерді Ақмола деп қойғаны несі?
Әкесі. Балам. Бұл қала алғаш салынғанда, Қараөткел атаныпты. Сонау Торғай жағының Нияз деген байы жазда Есіл жағасын, осынау Қараөткел өңірін жайлағанын айтып жүруші еді. Сол Нияз бай Қараөткелде қайтыс болыпты. Қатты ауырып, төсек тартып жатқан бай балаларын шақыртып алып, «Сендер Қараөткелден шыға берістегі жаңғыз дөңді жақсы білесіңдер. Егер мен олай-бұлай болып кетсем, денемді сол дөң үстіне қойыңдар да, ақ тастан дөңгелек етіп мола салыңдар. Ұшар басы биік болсын. Алыстан көзге түссе өткен-кеткеннің дұғасы тиер» деп өсиет айтыпты. Балалары әкесінің өсиетін орындап, ақ қайрақ тастан шошақ мола тұрғызыпты. Содан былай жүргіншілер «Қараөткелден келдік демей, «ақ мола тұсынан келдік» дегенді жиі айтатын болыпты. Бірте-бірте бұл жер «Ақмола» аталып кетіпті. (Музыка дауысы көтеріледі. Әке мен бала айналасына сүйсіне қарап тұрады. Әкесі айналасын қамшысымен нұсқап бір нәрсе айтып тұрғандай болады)
(Музыка өшіріледі) Алыстан дүбірлеген ат тұяғы естіледі. У-да шу. Қара шинель киген 3 адам үйге баса көктеп кіреді де, әкесін сүйрей жөнеледі. Рахымжан әкесіне қарай ұмтылып, шошына шырылдайды.
Әкесі. Балам өзіңе абай бол, шешеден де ерте айрылып едің, сорлы-ау – деп зарлай жөнеледі.

2-көрініс

Дастархан басында Рахымжан мен өгей шешесі Үндемес шәй ішіп отырады. Екеуі де көңілсіз.
Рақымжан. Апа, сізге рахмет! Шеше орнына шеше болдыңыз. Әкемнен еш хабар жоқ. Мен қатарлы балалар оқуға кетіп жатыр. Менің де оқысам деген ойым бар. Батаңызды беріңіз.
Үндемес. Қарғашым-ау, жұрттың балалары оқу оқыса, әке-шешелеріне сенеді. Ал, сен кімге сенесің? Әкең оралғанша оқуды қоя тұрмадың ба? Оның үстіне халық жауының баласы демей ме?
Рақымжан. Жоқ. Мен жолға жиналайын. (Көзіне жас алады. Үндеместі қапсыра құшақтап, қоштасады.) (Т.Жорабаевтың орындауында «Туған жер» әні ойналып тұрады)

3-көрініс

Тайтөбе балалар үйі
Балалар үйінің директоры Сағат Сәдуов. Қош келдіңіздер. Рақымжан мен милицияға қол берісіп амандасады.
Милиция. Мына жетім бала кеңсені торуылдап, көшеде түнеп жүргелі үш күн болды. Оқу оқысам дейді. Жасы 13-14 терде. Алғыр бала сияқты, сіздерге табыстауға әкелдім.
Директор. Жақсы. Төрлет. Фамилияң кім?
Рақымжан. Рахымжан Қошқарбаев.
Директор. Мына кісі Любовь Ивановна. Осындағы сенің мамаң болады. Саған киім, қағаз, кітаптарыңды береді. Ақылды бол, сабағыңды жақсы оқы.
Любовь Ивановна. Жүре ғой балақай. Балалармен таныстырайын. Сахнадан шығып кетеді.
Диктор. (сырттан айтады) Рахымжан балалар үйінде оқу оқып, тәрбиеленді. Сабақты үздік оқыды, тәртіпті, қоғамдық жұмысқа белсене қатысты. Балалар үйі Рахымжанды ерте есейтті.
Сахнада бір топ бала домбыра, мандалин тартып көңілді отырады. Ортада Сағат ағай.
Сағат ағай. Қарақтарым, сендер ер жетіп үлкен азамат болғандарыңда мені ұмытпай хат жазып тұрасыңдар ма? Әлде «сол бір шалды қайтеміз» дейсіңдер ме? – деп қарқылдап күледі.
Төрегелді. Ау, папа, мыналарыңды білмеймін, мен самолетімді Тайтөбеге қалықтата қондырып, сізді мінгізіп алам да, үйіме қарай бір-ақ самғайтын боламын. Ыбырайымдар аузын ашып қалады – деп мәз болады.
Ыбырайым. Ал, мен шофер боламын. Төрегелді Тайтөбе басына самолетімен қона алмай шыр көбелек айналып жүргенде, мен сізді машинаммен өз үйіме ала қашамын. (Бәрі ду күледі)
Рақымжан. Мен бастық боламын. Ыбырайымды өзіме шофер етіп аламын да, «Сағат папамды біздің үйге алып кел» деп жұмсап отырамын.
(Балалар күліседі).
Сағат ағай. Жә, балалар дауласқанды қоялық. Қай мамандықта жұмыс істесеңдер де абыройлы болу өз қолдарыңда. Ең бастысы алдарыңа мақсат қоя біліңдер. Міне, енді қоштасу сәтіне де аз қалды. Біз сендерді қимай тұрмыз. Қолымыздан келгенше әке-шешелеріңдей болуға тырыстық. Енді, міне балалар үйінен жолдама алып, екінші бір өмір есігін ашуға кеткелі тұрсыңдар. Балқаш қаласындағы фабрика-завод училищесіне түсесіңдер. Онда қалаған мамандықтарыңды аласыңдар. Тек, әйтеуір ешбір картада көрсетілмесе де, Тайтөбе деген жер бар екенін ұмытпаңдар. Хат жазып, хабарласып тұрыңдар. («Ұстазым, менің ұстазым» әні баяу ойнап тұрады)
Рақымжан. Сіздер бізді Ұлы Отанымызды сүйе білуге, оның патриоты болу үшін қашан да дайын тұруға тәрбиеледіңіздер. Осы үшін сіздерге шексіз алғыс айтып, үміттеріңізді ақтап, Отанымыздың адал ұл-қызы болуға ант етеміз.
Балалар хормен «Ант етеміз» дейді бір ауыздан. Бәрі бір-бірімен құшақтасады, қоштасады. (Қоштасу барысында «Ұстазым, менің ұстазым» әнінің дауысы көтеріледі)

4-көрініс

Диктор. (Сахна сыртында оқиды) Рақымжан балалармен бірге Балқаш қаласына келіп, фабрика-завод училищесінде орыс тілінде білім алады. Уақыт зымырап өтіп, Рақымжан он жеті жасқа толғанда училище жабылып, әркім өздері қалаған жеріне кетеді. Рақымжан Ақмолоға оралып, «Қосшы» колхозының сауатсыздар мектебіне мұғалім болып оралады. 1941 жылдың жаз айы. 22 маусым. Ауыл тұрғындары колхозға шөп жинауға көмектесу үшін пішендікке аттанады.
(Сахнада 3-4 адам шөп орып жүреді).
Төлеубай ақсақал. Оу, халайық, соғыс басталды, соғыс! Жерге жастана еңіреп, құлайды.
(Бәрі жиналып экранға топталып құлақ түреді. Ю.Левитанның «Говорит Москва…») соғыс туралы хабары қойылып, соғыс басталар тұс көрсетіліп тұрады)
Жан-жақтан дауыстар:
– Не дейді?
– Қашан басталды?
Төлеубай ақсақал. Кермания ит бізге соғыс ашыпты. (кемсеңдеп жылайды).
Колхоз бастығы. Қан майданда етігімен су кешіп, оқ пен оттың ортасында жүрген азаматтардан жанымыз артық емес. Егіле бермей, еліміздің ортақ жеңісіне үлесімізді қосайық. Бітік өскен астықтың бір дәнін ысырап етпей жинап, мемлекетке тапсырамыз. Бәрің жұмылыңдар!
(Жан-жақтан жоспарды орындаймыз, еңбек етеміз деген дауыстар шығады).
Диктор. Рақымжан Қошқарбаев ел басына күн туған шақта өз еркімен әскерге сұранады.
Рақымжан. Әже, елімді соғыс өрті шалғанда, мен қарап жата алмаймын. Отан үшін азаматтық парызымды өтеуге барамын. Батаңызды беріңіз.
Әжесі. Қошқарбайдан қалған жалғыз тұяқ едің. Енді сенен де айрылғаным ба? Оу, сұм соғыс жалмап болдың ғой бәрін…- деп жерге отырып, алақанын жайып еңіреп жылайды.
Рақымжан қасындағы үш жігітпен ауылдан ұзайды. Олар әйелдері, әкелерімен қоштасып жатады. Рақымжан жалғыз өзі артына қарап алаңдай береді. Бір кезде Райхан жүгіріп келе жатады.
Райхан. Рақымжан, тоқташы. Кетіп бара жатыр екенсің. Аман-есен оралуыңа тілектеспін. (қалтасынан кестелі орамалын шығарып, Рақымжанның маңдайын сүртіп, қолына орамалын ұстатады). Хабарсыз кетпе, хат жазып тұр. (Екеуі үнсіз құшақтасып қоштасады)
Рақымжан. Өзің де аман бол, ауылдың жаңалықтарын айтып, хат жазып тұр.

5-көрініс

Диктор. Рақымжан әскер қатарына 1942 жылы алынып, 1944 жылы Фрунзедегі жаяу әскер училищесін бітіреді. Майдан даласына да осы жылы аттанады. Атқыштар дивизиясына түскен Р.Қошқарбаев 1944 жылдың қазан айынан бастап 1-Беларусь майданында взвод басқарады, Польша, Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысып, жаумен аянбай шайқасады.
Видео. Соғыс фрагменттері экранда көрсетіледі. Фрагменттер көрсетіліп біткеннен кейін:
Әскер. Бастайық, жолдас лейтенант!
Рақымжан. Сабыр ет, жақындай түссін! Енді, атыңдар!
-Ура-а-а!
– Отан үшін, алға!
Рақымжан. Гранат дайындаңдар! Барлық қарудан атыңдар!
Әскер. Жан-жақтан дауыстар естіледі. Жеңіс біздікі! Жау артқа шегінді жолдас Қошқарбаев. Сізді батальон командирі шақырып жатыр.
Рақымжан. (Қолын маңдайына қойып), Сіздің шақыртуыңыз бойынша келіп тұрмын жолдас командир.
Командир. Біздің батальонға рейхстагқа жеңіс жалауын жеткізу тапсырылды. Оны ойдағыдай апару үшін шабуыл тобы құрылады. Сізді тәжірибелі офицер ретінде осы топты басқаруға ұсынамыз.
Батраков. Лейтенант Қошқарбаев взводын өзі бастап «Гиммлер үйіне» де бәрімізден бұрын кірді. Менің ойымша, бұл рейхстагқа да жеңіс жалауын ойдағыдай жеткізеді деп сенеміз.
Рақымжан. Бұйрықты дайындауға әзірмін!
Командир. Мына дүрбіні ал да, әне бір кірпіші ойылып қалған тұстан алаңның арғы бетіне көз сал. Не көріп тұрсың?
Рақымжан. Киіз үйге ұқсаған бір ғимаратты көріп тұрмын.
Командир. Рейхстаг деген сол. Тек атыс толастаған сәтті күту керек. (Қолына оралған туды ұстатады)
Рақымжан. Құп болады!
Соғыс фрагменттерінің бас жағы көрсетіледі. Рақымжан мен Гриша жер бауырлап жүреді.
Рақымжан. Гриша шық менің иығыма, ана бір терезенің жоғары жағындағы кетікті көріп тұрсың ба? Жалауды сол жерге бекіт.
Григорий. Жалауды ілдім, жолдас лейтенант!
Рақымжан. Жарайсың! Жеңіс жалауы рейхстагта!
Рақымжан. Менің аяғыма оқ тисе керек, Гриша. Оң жақ санымнан дым білінеді.
Григорий. Тура сан етіңізді бір-екі сантиметрдей тіліп өтіпті. Сүйегі аман сияқты. (сүйегін таңып береді). Енді біз өлмейміз. Онсыз да мына үш жүз метр жерден өтіп, рейхстагқа жеткенше екеуміз жүз рет өліп, жүз рет тірілдік емес пе?
(Топырлап жүгірген адамдардың дауысы естіледі. Екеуі орындарынан түре келеді. Әскерлер екеуін құшақтап, жоғары қарай лақтырып уралайды).
Майор. Жарайсыңдар, жігіттер, жарайсыңдар. Рейхстагқа бірінші болып жеңіс жалауын желбіретулеріңмен сендерді құттықтаймын.
Майор. (Телефонмен). Жолдас бірінші! Мен рейхстаг алдынан сөйлесіп тұрмын. Рейхстагтың сырт жағында ғана аздаған атыс бар. Мұндағы үлкен жаңалық бізден бұрын Плеходанов полкінен лейтенант Қошқарбаев пен қызыл әскер Булатов жетіп қабырғаға шабуыл жалауын қадапты. Жеті сағат жер бауырлап жеткен. .. Иә.. ия. Мен оларды сіздің атыңыздан құттықтадым.
(Рақымжан Қошқарбаев видеосы экранға шығарылады)

Драма мазмұнын ашатын видео-роликтер, қойылатын әндер дайындалып, бөлек папкаға жинақталып қосымша беріліп отыр.

963Дулати Еңсенов
Астана қаласы. №64 мектеп-лицейінің
6-сынып оқушысы.

Жетекшісі: Лаура Дәуренбекова

Шығармашылық бәйге туралы мұнда басыңыз

 

-ЖАРНАМА-spot_img

30 COMMENTS

  1. О мынау жақсы болды ғой , біз мектепте драмалық пьеса қояйық деп жатыр едік енді мына пьесаны қоятын болдық ,Рахмет Дулати!!!

  2. Айналайын, Дулати!
    Қиын жанрды таңдап, бәрімізді таңқалдырдың, талабыңа нұр жаусын! 5 көріністен тұратын пьессаңды оқып, халқымыздың мақтанышына айналған Рақымжан атамыздың өмірінен жан-жақты мағлұмат алдық. Ал еңбектеніп бейне материалдарың қаншалық ізденімпаз, білімді бала екеніңді көрсетеді. Атыңа затың сай азамат болып өс! Мына шығармаңды мектеп сахнасынан ғана емес, үлкен сахналардан көрейік.

    • Дулати, қадамың құтты болсын! Мына шығармаң да, таңдаған тақырыбың да қатты ұнап отыр. Батыр атамыздың өмірін жастық шағынан бастап толықтай дерлік қамтыпсың, керемет!
      Kazbilim.kz cайтына рахмет! осы байқаудың арқасында қаншама ашылмаған бұрақтардың бары екеніне көзіміз жетті.

  3. Дулатидың драмасы тамаша екен! Шынында да көп айтыла бермейтін Рақымжанның ерлігін бүгінгі ұрпақ білу керек. Драмаға жүректі тербетер Левитанның хабарламасы да орынды кіргізіліпті. Осындай рухты көтерер шығармалар көбею үшін конкурстар жиі өткізіліп тұру керек.

  4. Қазақтың ержүрек азаматы Р.Қошқарбаевтың өнегелі өмірі мен ерлігі жөнінде сыр шертетін мына дүние мектеп мұғалімдері мен оқушыларына үлкен олжа екені даусыз. Талабыңа нұр жаусын, Дулати!

  5. Дулатидің драмасы қатты ұнап отыр. Оқушыларға дайын сценариді ұсыныпты. Рақымжанның өмір жолымен, тіпті Ақмола тарихымен таныстық. Тарихты оқушы көзімен жіті зерттегені көрініп тұр. Дулати саған рахмет!!!

  6. Қазақтың ержүрек азаматы Р.Қошқарбаевтың өнегелі өмірі мен ерлігінен сыр шертетін мына дүние мектеп мұғалімдері мен оқушыларына үлкен олжа екені даусыз. Сен сияқты жас өрімдей баланың үлкен жанрға қалам тартуы, ізденімпаздығы қуантады. Талабыңа нұр жаусын, Дулати!

  7. Өте құнды ақпарат беріпсің, Дулати! Саған рахмет айта отырып, Рақымжан атамыз туралы жасалған мына дүниені Ұлы жеңістің 70 жылдық қарсаңында сахналанған көрініс ретінде пайдаланатын болдық.

  8. Р.Қошқарбаев өз уақытында тиісті бағасын ала алған жоқ. Ту тіккендердің есімін естігенде Жуков қатты ашуланып, “неге азиаттықтар тігеді?Дереу бір орыс, бір грузинді жіберіңдер қайта тіксін” деп тапсырма берген екен. Ертесі күні соғыс бітіп, тыныштық орнаған кезде Рейхстагта желбіреген ту көбейіп кетіпті. Міне, от пен өрт кезінде де, саясат қатар жүрген. Рақымжан мен бірге ту тіккен Григорий әділетсіздікке шыдай алмай араққа салынып, асылып өлген екен. Осындай тақырыпқа қалам тербеген Дулатиға рахмет айтамын.

  9. Рақымжан Қошқарбаев туралы өте тың мағлұмат оқушыға түсінікті, мазмұнды жазылыпты. рейхстагқа тудың қалай тігілгенін және бұл тарихи оқиғаның қалай іске асқанын білген бүгінгі ұрпақ елінің нағыз патриоты болары сөзсіз. Қошқарбаевтың ерлігін оқушыға кеңінен жеткізу үшін Дулатидың еңбегі көп көмек болады. Ұстаздарға (біздерге) осындай көмекші құрал және тарихи ақпарат ұсынып отырғандарыңыз үшін Казбілімге рахмет айтқым келеді.

  10. Урааа! 70 жылдық мерекеге орай материал іздеп жүр ем, мынау керемет болды! Осындай көріністердің сценарийін жиі жолдап тұрсаңыздар, керемет болар еді….

  11. Тарихымызды тану үшін қазіргі қоғамның жастарына осындай жүректі дір еткізер мағлұматтар ауадай қажет. Жазатындар болса, іске асыратындар (біздер) баршылық. Рахмет, Дулат бауырым! Тағы да жаз!

  12. Ұлы жеңіске себеп болған батырлар есімін үнемі жаңғыртып, қайталанбас ерліктерін осындай еңбектермен ел есіне салып отыруды жөн санаймын. Сонда ғана олардың аты өшпейді, сонда ғана біз, бүгінгі ұрпақ, парызымызды орындаған боламыз. Желтоқсанда көтерілген қазақ жастарының да, Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлардың ерлігін насихаттайтын “сахна көріністерін” көптеп жарияласаңыздар екен. Сахнадан сол кездің көрінісін көру, елестету, елін сүйген батырлардың қайсарлығын, жалынды жүрегін сезіну – оқушыға үлкен ой салып, Отанға деген сүйіспеншілін арттырмақ. Бұған дейін де көрсетіп жүрген көріністер баршылық. Алайда, жауыр болғаны жасырын емес. Мына еңбекті оқып, қуанып қалдым. Бұл тақырыпқа қызығушылық танытқан Дулатидың болашағынан зор үміт күтуге болары сөзсіз. Жарайсың!

  13. Бұл пьесаны оқып отырып, оқытушы ретінде де, ересек адам ретінде де танымдық тұрғыдан біраз ақпарат алдым. Олар Рақымжан Қошқарбаевтың өмірбаянына қатысты ақпараттар. Біздің бәріміз, өз батырларымызды білсек те, олардың өмірбаяны, өсу-қалыптасу жолын біле бермейміз. Ұлы тұлғаның қалыптасу жолымен танысып, жас кезден үлгі тұтар тұлғалар ретінде тануымыз керек. Осы мақсаттан алып қарағанда, бар болғаны 6-сыныпта оқитын Дулатидің бұл жазғаны үлкен еңбек, ізденіс. Оның үстіне, көптеген тың ақпараттар берілген. Екінші бір айта кететін дүние, мектеп жасындағы балаға тек оқып алғаннан гөрі, мұны өз ой елегінен өткізіп, өзі сол кейіпкердің сөзін қайталап, сахнада сомдап берсе, ол кейіпкердің бейнесі жүрегінде мәңгі қалады емес пе, сондықтан да бұл шығарманың пьеса жанрында жазылғаны өте ұтымды. Тақырып та, жанр да күрделі. Осындай мақсаттарды орындай алған оқушының болашағынан үлкен үміт күтетінімізді жасырмаймыз. Талабыңа нұр жаусын!

  14. Мына пьеса маған қатты ұнады. Қазір Жеңістің 70 жылдығына байланысты дайындықтар барысында қойылым ретінде дайын материал екен. Жеңіс дегенде көз алдмызға георг ленталары, отқа гүл қою сынды жаттанды символдарды, мән-мағынасы жоқ символдарды жылда-жылда жаңғырта бергенше, осы сынды өз ұлтымыздың батырларын танытып, өз тарихымызға жаңаша көзқарастармен қарап, оны әспеттегеніміз абзал. Жарайсың, Дулати!

  15. Пьесаны оқып отырып ересек адам ретінде де, оқытушы ретінде де, Рақымжан Қошқарбаев туралы тың мәліметтер алдым. Біздің бәріміз, өз ұлтымыздың батырларының ныспысын танығанымызбен, олардың өмір жолы, қалыптасу жолы сынды ұрпаққа өнеге болар жекелеген ақпараттарды біле бермейміз, оның себебі, бізде олар туралы ақпараттың аздығында, олар туралы аз жазылуында. Бұған Кеңес дәуірі кезінде тиым салынғанының да салдарынан біз көптеген өз ұлтымыздың шын келбетін тани бермейміз. Ал бұл үлкен мәселе, себебі, шетелдің тұлғаларын жатқа соғатын ұрпақ, өз ұлтының тарихи тұлғаларын солай жатқа соға алмаса, олардың ұлылығының сырын біле алмаса, қасірет. Осы тұрғыдан алғанда, бұл пьеса кішкентай ғана 6-сынып оқушысы Дулатидың батыл қадамы, оң қадамы деуге әбден лайық! Жас ұрпақтың осындай тақырыптарға бойлауына жетелеген жетекшілердің де еңбектеріне нұр жаусын! Екінші бір айта кететін маңызды дүние, ол – жанры. Шығармаға пьеса жанрының таңдап алынғандығы сәтті шешім, өйткені, мектеп жасындағы баланың психологиясы алғыр, есіне сақтағыш, сөзді жүректен қабылдайтын шағы. Осы кезеңде шығарманы жай құрғақ оқығаннан гөрі оны қойылым ғып қойып, жүрегінен өткізсе, осындай тұлғалардың бейнелері жүректерінде мәңгі қалады емес пе, сондықтан да, тәрбие құралы ретінде жанры өте ұтымды таңдалған екен. Осындай сәтті қадамдар молая берсін, ұрпағымызды алға қарай жетелей берейік, Дулати сынды жас қырандарымыздың қанаты талмасын, болашағы зор болсын!

  16. Мәссаған, Рақымжан атамыз Тайтөбеде болған ба? Онда сол балалар уйіне ескерткіш қою керек қой!

  17. Ақмола деп аталу тарихы туралы дәл осы аңызды менде естіп едім. Автордың тарихқа назар аудартқанына қуанып отырмын. Рақымжан туралы жан-жақты біліп қалдық. Сайт идеясына көп рахмет!

  18. Осы сайтқа кірсең әйтеуір бір жаңалық болып жатады. Мына бәйгелері ке-ре-мет екен! Әсіресе, оқушылардың өлең ғана емес, драма жазғандарына қызығып отырмын. Дайын сценарий видео-роликтері де рух береді. Тіпті көзіме жас келді. Қайран Қошқарбаев көзі тірісінде алғанда ғой атағын!

  19. Әдетте мектеп оқушылары өздерніің шығармашылық жолын өлең жазудан бастап жатушы еді. Дулатидың қиын жанр – драматургиядан бастағаны мені қатты толқытты. Оның үстіне тарихи тақырыпқа жазу үшін баланың көп ізденуі, тарихқа қызығушылығы болмағы басты шарт. Жас баланың бұл еңбегі өзі сынды мектеп оқушыларына да, ұстаздар мен жалпы оқырман қауымға аса қажет танымдық еңбек деп білемін. Осындай жазар балалар көп болса, шіркін!!!

    • Бізге үйге осы тақырыпты беріп еді. Ураааа!!! Дайын материал болды ғой!!! Дулати, рахмет!!!

  20. Бүгінгідей жаһандану заманында, кітап оқылмайтын кезеңде жас жеткіншектердің әдебиетке бет бұруы өте сирек. Жас талапкер -Дулатидың қиын жанр драматургияға бет бұруы қуантарлық дүние екен. Тарихымыздың танушысы да, танытушысы да жастар ғой. Пьесаны оқып шығып, балалардың өздеріне арналған дүниені өздері жазып жатқанына қуандым. Тарихи шығарма жазу үшін баланың тарихи білімі болу керек. Дулати болашақта үлкен тарих тақырыпта пьеса жазатын бала сияқты. Сәттілік тлеймін, саған Дулати!!!!

    • Мынау тура маған керек кезінде жазылыпты. Урааа!!!!

  21. Бәрекелді, Дулати. Мынауың керемет шығарма ғой!!!

  22. Дулати, өркенің өссің! Болашақта еліміздің көркеюіне, гүлдеуіне үлес қосатын үлкен азамат болып өс.

  23. Окушыларга керек екен. Оте жаксы тарихи дерек берипсин. Р. Кошкарбаев туралы билип журетин болдым. Рахмет, Дулати!

  24. Дулати, Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев туралы жазған сахналық қойылымыңды өте жоғары бағалап отырмын. Кішкентай балсаң да, үлкен тақырыпты қозғап, оқырмандардың жүрегінен жол тауып отырсың! Бұл ісің басқа да балаларға үлгі боларлықтай. Талабыңа нұр жаусың, шығармашылық табыстар тілеймін. Ұлы Жеңістің 70-жылдығына арнап жазған туындың тарих сахнасында алтын әріппен жазылып қалатынына сенімім мол!!!

  25. “Іздегенге сұраған” дегендей келе жатқан Жеңіс күні мерекесінің қарсаңында мына шығарма табылған олжа болды ғой. Айналайын, Дулати, өркенің өссін! Шығармаңды мектептің сахнасында міндетті түрде қоямыз! Рахымжан атаңның аруағы риза болсын!

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА