Home Ұлылар ұлағаты Ахмет Байтұрсын. «Өзгеге өкпелер бет жоқ…»

Ахмет Байтұрсын. «Өзгеге өкпелер бет жоқ…»

0

Қара басынан ұлт мүддесін жоғары қойған халқымыздың біртуар перзенті Ахаңның (Ахмет Байтұрсынұлы) атағының өзі атан түйегі жүк емес пе? Ол ұлт-азаттық қозғалыстың кшысы, Алаш партиясының, «Алашорда» ұлттық кеңесінің, «Алашорда» үкіметінің негізін қалаушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, лингвист, түркітанушы, әдебиеттанушы ғалым, ақын, аудармашы, «Қазақ» газетінің (1913-1918) ұйымдастырушысы әрі бас редакторы, сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Оның тұлғасы, қызметі, ұлт қамы үшін күрескерлігі, дінге, ділге деген жанашырлығы – білгенге – маржан, білмеске – арзан. Ұлт жанашырының шығармаларындағы қадау-қадау ой-пікірлерге, жылдар өтсе де мәні мен маңызын жоймаған «Қазақ» газетінде көтерген ұлттық мәселелерге қайта соғып, құнды жазбаларды парақтадық. Атаның айтары көп.
Ұлт қамын уайымдаған адам елдің түзелгенін қалайды. Біз ең алдымен істі неден бастауымыз қажет?
– Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі… Қазақ ішіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқу ісімен түзеледі.
Балам деген жұрты болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын. Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең, құл болмақшы. Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі.
Бір нәрсені істегенде, сол істі істей білетін адам істесе, шапшаң да, жақсы да істейді. Бұл жалғыз қол ісі емес. Ми ісінде де солай…
Бұл күндегі үлкендердің көбі біздің жаңалық ісімізді жатырқап, жаңалық пікірімізді түсінбей, айтқанымызды тыңдамай, істегенімізге қосылмай отыр. Олар өтіп, кейінгі жастардың да заманы жетер. Жаңалыққа жастар мойнын бұрып, қайырылар, халық түзелуінің үміті – жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі – бәрінен бұрын ескіріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс.
– Сөз жауапкершілігін арқалаған жазушы қандай болу керек?
– Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылдық керек. Мағыналы, маңызды болуына білім керек.

Ахаң айтқан асыл сөздер
■ Халық тұр Құдайдан соң саған сеніп…
■ Жігіттер біле білсең, анаң – халық,
Келіңіз, ана сүтін адалдалық.
■ Жігіттер, жалғыз-жалғыз аттанбалық,
Біздерді халық байғұс көзім деді,
Халықтың, кел, шығалық үмітінен.

– Осы ретте Сізден сұрағымыз келгені: сөз асылы деген не?
– Сөздің асыл болуы – ұнауымен. Сөз көңілге сипат жағының көркемдігімен, сөз мағына жағының күштілігімен жағады. Сөз көркемдігі әуезінің әдемілігі мен кестесінің келісті болуынан табылады.
Сөздің асыл болатын сырын білген адам сөзді сынай біледі. Жүйрік аттың белгілі сипаттары сияқты асыл сөзде де белгілі сипаттар болады. Сөз сол сипаттарын дұрыс көрсетумен асыл болып шығады. Асыл сөздің сипаттарын білу тыңдаушыға да қажет. Айтушы да, тыңдаушы да сөзді талғайтын болды.
Дарынды сөз адамның ойына өң береді, көңіліне күй түсіреді…
– Жасырып-жабары жоқ, біздер көбіне-көп Абай атаның сөзін түсіне бермейміз? Бұл біздің өреміздің төмендігінен бе, әлде Абайдың тым тереңнен қалам тербеуінен бе?
– Хақиқатты тануға, тереңнен сөйлеуге бойына біткен зеректіктің үстіне Абай әр түрлі Еуропа білім иелерінің кітаптарын көп оқыған… Сондықтан Абайдың терең пікірлі сөздерін қарапайым жұрттың көбі ұға алмай, ауырсынады. Абайдың сөзін мың қайтара оқып, жаттап алып жүрген адамдардың да Абайдың кейбір өлеңдерінің мағынасына түсініп жетпей жүргендерін байқағаным бар. Тіпті «Осының мағынасы не?» деп сұрағандары да бар. Сол өлеңді алып қарасақ, айтылған пікірде, айтуында еш кемшілік жоқ. Түсіне алмаса, ол кемшілік оқушыда…
Оған оқушы түсінбесе, ол Абайдың үздік, ілгері кетіп, оқушылары шаңына ере алмағанын көрсетеді. Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білуі керек.
– Сіздіңше, ар-намыс, ұят сынды адамдық қасиеттердің өлшемі қандай?
– Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.
Алданып тамағыма оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бәрі харам.
Адамнан туып, адам ісін етпей,
Ұялмай не бетіммен көрге барам?..
– Осы күнде қазақты асыл діні – Исламнан бездіргісі келетіндер бар. Сіз не дейсіз?
– Қазақ дінге нашар күйден өткен, енді қазақты басқа дінге аударамын деу құр әурешілдік. Қазақты дінінен айыруға болмаса, жазуынан да айыру болмайтын жұмыс. Дінмен байласқан жазу дін жоғалмай, жоғалмайды…
– Біз кейде жеке басқа, мүддеге келгенде, өз мақсатамызды ойлағанда, жұрт жұмысын, халық қызметін, ұлт қамын шетке сырып, ел, ұрпақ алдындағы аманатты һәм жауапкершілікті сезінбей жатамыз. Ұлтқа деген жанашырлыққа немқұрайлы қарап жүрген мына біздерге, ұрпаққа нендей өсиет яки ақыл-кеңес айтасыз?
– Халықтың ісі машинаның тетігі емес, бұрап қалса, басқа жөнге түсетін. Жұрт жұмысы – құмырсқаның илеуіндей жұмыс сияқты. Құмырсқаша жабыла тынбай істесек өнеді. Бірі оны, бірі мұны істеп, илеуде қарап тұрған құмырсқа болмайды. Жұрт жұмысын да солай істесе, алға басады. Әр құмырсқа бәріне керек илеудің өсуі үшін күші жетіп көтерген шөпшегін апарып салады. Ұлтын керек қылып, халыққа қызмет етемін деген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенінше қарап тұрмай кірісіп істей берсе, ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы.
– Қазақ еліне не қажет? Ел болып қалу үшін не керек?
– Жұртқа керегін білетіндер көп, істейтіндер аз. Білушілеріміз білгенімен қоймай, істеуге кіріссе екен. Білушілеріміз істеуші болса, оларды көріп, өзгелер де істер еді. Сөйтіп, көсемдер көбейсе, ерушілер де көбейер еді.
Қазақ керегінің көбі әркімге-ақ мағлұм ғой: біз кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін, біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек. Бай болуға – кәсіп керек. Күшті болуға – бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек.
– Демек, біз істі өзгеден талап етпей, өзімізден бастауымыз керек дейсіз ғой?
– Ғамалыңды түзет, түземесең, ешкімге кінә қойма! Беті жаманның айнаға өкпелеуі жөн бе? Талап жоқ, үміті мол бір халықпыз… Еңбексіз егін шықпайды, терлесең, терің тегін қалмайды. Телміріп алған теңгеден, тер сіңірген тиын жұғымды… Өзімізге өкпелемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ. Ниеті жаманның Аллаға өкпелеуі жөн бе?»
123333– Алашқа айтарыңыз болса…
– Қазақтың бас адамдары! Әуелі сіздер адаспаңыздар, адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс қылыңдар. Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер. Сендер адассаңдар, арттарыңнан алаш адасады. Арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар.

Ұлт ұстазының шығармашылығымен сырласқан
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы

www.dalanews.kz

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version