Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниядағы адамдар тілінен айырылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді. Осы күнгі адамдар жазудан айырылып, жаза алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі де тілінен айырылғаннан жеңіл болмас еді» деген екен. Шынында, мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің қабырғасын бекіту, жазудағы түрлілікті бір ізге түсіру мәселесінде әр алуан пікірлер баршылық. Дегенмен, азаттықтың арқасында ана тіліміздің абыройы биіктеп келеді. Осы тіл мәселесін терең зерделеу, оны саясаттандыра бермей, салиқалы іспен жетілдіру жөнінде бүгін елордада алқалы жиын өтеді. Соған орай, оқырмандарымыздың ой байламдарын жұртшылық назарына ұсынып отырмыз.
Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақ. Тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын нығайтып, еңсесін биіктететін ертеңгі ел азаматтары да осы жастар. Олардың ел сенімін ақтайтын, ұлтының ізгі дәстүрлерін құрмет тұтатын азамат болып өсуі үшін тәрбиені тал бесіктен бастау міндет. Күллі тәрбие, тағылымды ұрпақ бойына сіңіруде, әрине, тіл маңызды орын алады.
Балалар тәрбиесінің алтын ошағы – мектеп. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген ғой дана бабаларымыз. Ендеше, ұлт болашағы боларлық тұлғаларды қалыптастыру мектептен бастау алады. Тәрбие беру дегеніміз – ақыл айту, кеңес беру ғана емес, баланы балапандай баулу. Осы мақсатпен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы өткен жылдан бері оқушыларға арналған «Ақберен» байқауын өткізуді қолға алып, игілікті іске ұйытқы болып отыр.
Бұл байқаудың мақсаты: оқушылар арасынан гуманитарлық-эстетикалық ғылымдар саласында кәсіптік қызметін таңдауға шығармашылық қабілеті мол, ұлт тілінің ұйытқысын жақсы меңгерген, өлең жазуға талабы бар, тапқыр таланттарды тартып, дарынды жастардың болашағына кең жол ашу. Бұл шара өткен жолы елордада болған еді. Сол жолы қазылар алқасының төрағасы ретінде көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков екі күн бойы еліміздің барлық өңірінен келген тума таланттардың өнеріне тек қана қызығып қоймай, сонау алып жыраулар мен атақты айтыскерлер, өрен жүйрік өнерпаздар осындай дарынды жастардың арасынан шыққанын айтып, жүзге тарта оқушыға ұлтымыздың арғы-бергі тарихы жинақталған кітаптарды сыйға тартқан еді. Биыл «Ақберен» байқауы киелі Түркістан қаласында өтті. Бұл жолы айтыскер ақын Аманжол Әлтайдың басшылығымен болған білім сайысына 96 оқушы қатысты. Олар көркемсөз оқудан, шығарма жазудан, ұлттық аспапта ойнаудан, ақындар айтысынан, ақындар мүшәйрасынан, шешендік өнерден сайысқа түсіп, небір саңлақ жастардың ел ішінде жүргенін көрсетті. Әсіресе, «Ел іші – өнер кеніші» деп оқушылар ата-бабадан қалған асыл мұраларды жасандылықпен емес, жан-тәндерімен қайта жаңғыртқанда жиналған жұрт оларға ерекше ілтипат танытты. Белгілі айтыс ақыны Ақмарал Ілеубаева, ғалымдар Қарлығаш Сарекенова, Иманәлі Сайманов, Эльмира Дүйсенова, Жанымгүл Камалқызы, Батырхан Сәрсенхан жалындап тұрған ұл мен қыздың талантына тәнті болды. Мәселен, Қызылордалық Досхан Төлегенов пен Маңғыстаулық Шынар Жұмасатова мен Шығыс Қазақстандық Нұрбол Жауынбаев пен Ермұханбет Мұратовтың айтыс өнеріндегі тапқырлығы мен өткірлігі ерекше есте қалды. Болашақта олар алдыңғы толқынның ізін басып, айтыс өнерінің туын көтереді деген сенім мол. Жалпы, оқушылар арасында таланттар жетіп-артылады екен. Тек жетектей алсақ қане!
Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ, филология ғылымдарының докторы, ақын.
Ақпарат көзі: egemen.kz