“Мамандық таңдауда, жар таңдауда қателеспеу керек” дегенді сіз де естігенсіз, ол анық.
Мектепті 44 түлек бітірмекпіз. 44 өмір, 44 арман. Алда ҰБТ. Қалаған мамандығымызға түсу үшін, белгіленген төрт пəннен өзге бесінші пəнді таңдадық. Сыныптағы “заңгер, “дəрігер”, “банкир”, “археологтардың” арасындағы жалғыз “режиссер” болдым. Əдебиет пəнін таңдаған мен ғана. Иə, арманым – кино түсіру болатын. Көзді ашып-жұмғанша, ҰБТ-дан бір-ақ шықтық. Үш сағатта дүние төңкеріліп барып, орнына келгендей сезіндік-ау. Тест қорытындысынан кейін сыныптың біразы есі шыға қуанып жүрсе, еңсесі езіліп бір топ құрдас қалды. Мен де жұбату естігендердің қатарындамын. Бабымыз кемдеу болды ма, балымыз төмендеу болып, ендігісін бағымыздан көреміз деп шештік. Грантты біржола ұмыттық.
Алматы. Анам екеуіміз АГУ-ден шығып, ҚазҰУ-ге бет алдық. Одан соң, Жүргенов атамыздың атындағы қара шаңыраққа соқпақ ойымыз бар. Ол қара шаңырақ арманым емес пе? Осы оймен əсем қаланың əдемі көшесінде келе жатқанда, əбіржулі баласына, абыржулы анам: “Қайсысына түсесің?” дегенде, қандай құдірет сөйлеткенін: “Қайттық, Шымкентке түсемін” деппін. Тарттық Шымқалаға. Қош, кино!
ОҚМПИ менен, яғни оқушы Дəуреннен-жас ұстаз Дəуренді жасап шығара алды. Менің бұл ойыма іс-тəжірибеде болған сəттерде көзім жетті. Мен мамандығымды сүйемін. Əдебиет… Бұл сөз ешқандай анықтаманың ауқымына сыймайды. Ұстаздық-ұлы мамандық! Мен бірінші таңдаудан қателеспеппін. Алда, екіншісі…
ДӘУРЕН АҚСАҚАЛОВ