22.11.2024

Марат МАДАЛИМОВ. ТАҒЫ ДА РЕФОРМА

Біздің елімізде реформа дегеніңіз… айтпай келетін әңгүдік қонақтай, аяқ астынан сап ете қалады. Етек-жеңіңізді жиып, «есігіңіздің алдын сыпырып» үлгере алмай қаласыз. Жасырмай-ақ қояйық, өйткені екінің бірі біледі — есі дұрыс адамның есін жиғызбай, ретті-ретсіз реформасы аяқ астынан сап ете қалып, соның кесірінен амал жоқ, «подопытный кроликтің» роліне кіріп кететін біздегі саналы салалардың бірі – білім саласы.

Еліміз егемендігін алғалы бері «бақытсыз байғұстың» күйін кешіп келе жатқан осы саланың «жанының сірілігіне» өз басым қатты таң қалам. Көрмеген құқайы, басынан өткермеген реформасы жоқ. Министрі де тез ауысатын, сол министрі ауысқан сайын ретті-ретсіз реформалары да жиі ауысатын осы бір білім саласы жақында тағы бір жаңғырту (реформалау) жаңалығын бастап кеп жібермекші. Бұл туралы кеше ғана Білім және ғылым министрлігінің орта және мектепке дейінгі білім департаменті директорының орынбасары Жаңабай ӘБУОВ деген мырза мәлімдеді. «Ойпырмай, ә, бұл тағы қандай жаңалық – бала шіркіннің миын тезірек «су қылып» жіберуге аласұра асығып келе жатқан?» дегенге жауап іздеп көрсек, мәселенің мәнісі мынада екен.

ӘЛҚИССА: жалпы, дүние жүзінің бір де бір еліндегі білім саласы біздің еліміздегідей «жиі-жиі» реформаланып, білім-ғылым атаулыны біздің еліміздегідей «опырып-опырып оптом» игеріп тастай алмайды. Ресми мәліметтерге жүгінетін болсақ, дүние жүзінің бір де бір елінің бірінші сыныбында біздің еліміздегідей ҮШ ТІЛДІҢ әліппесі «оптом» оқытылмайды екен. Ал біздің елімізде жақын болашақта бұрыннан бері оқытылып келе жатқан қазақ-орыс тілімен бірге… «халықаралық авторитеті» бар ағылшын тілі де бірінші сыныптан бастап оқытылып… байғұс балалардың «миын ашыту бағдарламасы» жоспарға енбек.

ХОШ дейік, биліктің биік мінберінен айтылған бұл жаңалыққа байғұс қазақ «МӘУ» деген жоқ. Үш тілдің әліппесін қолтығына қысып жүретін қазақстандық балақандар енді екі мың он алтыншы жылдан бастап «бірден ғылымды да игере» бастайтын болады. Сенесіз бе, сенбейсіз бе – оны өзіңіз біліңіз, құрметті оқырман, ал әлгінде ғана өзіміз айтып кеткен департамент директоры орынбасарының сөздеріне сенетін болсақ, алдағы жылдан бастап мектептердегі бірінші сынып бағдарламасына «Ғылымға кіріспе» («Введение в науку») деген пән енгізілмекші. Ал жоғарғы сынып оқушылары… атауын оқушы түгілі, үп-үлкен адамның өзі онша-мұнша түсіне қоймайтын «Жобалау қызметі» («Проектная деятельность») және «Глобальды перспективалар» («Глобальные перспективы») деген жап-жаңа пәндерді оқып-үйренуге көшетін болады…

Төменгі және жоғарғы сынып оқушыларына «маңыздана әрі мүсіркей» қарамақшы болған орта сыныптағылар да «оңып» кетейін деп тұрған жоқ, өйткені бесінші сыныптан бастап физика, биология және химия деген «қиын-қиын» пәндер оқытыла бастамақ. Енді нақпа-нақ айтып көрейік: аталмыш орынбасардың айтуына сенер болсақ, осынау жаңа бағдарлама еліміздегі орта білім беретін оқу мекемелерінің отызына (неге отызына – түсініксіз) биылғы жаңа оқу жылының өзінде-ақ енгізілмек, ал екі мың он алтыншы жылы бұл «жаңалық» мектептерді жүз пайызға жуық «жаулап» алуға тиіс көрінеді.

«Бұл пәндерді оқып-игеру барысында оқушылар өз бойларындағы табиғи қызығушылықтарды оятып, болашақта кез-келген ғылым саласын игеру барысында қажет болатын ғылыми зерттеушілік қабілеттерін жетілдіре түсетін болады» дейді департамент директорының орынбасары ЖАҢАБАЙ мырза. Осы кісінің және бір айтуына қарағанда, бірінші сыныптағылар ҮШ ТІЛмен бірге ғылым деген тұңғиықты игеріп қана қоймай, ӨНЕР деген пәнмен бірге… ЕҢБЕК деген пәнді де «мұқият оқуға» кірісетін көрінеді. Ал бұрыннан келе жатқан ӘН-КҮЙ деген пәнді әл-әзір артықтау болар деп… оқу процесінен шығара тұруды жөн көріпті. Оның орнын үшінші сыныптан бастап «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» деген пән баспақ.

Қысқасынан қайырып айтқанда, орта мектептердің бастауыш сыныптарына осылайша ҮЛКЕН-ҮЛКЕН өзгерістер енгізілмек. Қазақша-орысша-ағылшынша «тіл сындыру» барысында ғылымның кіріспесін де игеріп үлгеруге «әрекет жасайтын» қазақстандық балақандар шеттерінен шетелдіктер қатты қызығатын «вундеркинд» болса керек, Әбуовтің айтқандарынан менің бір түсінгенім. Қазіргі кезде осынау бағдарламаның жаңа мемлекеттік стандарттары жасалып жатыр. Содан кейін, Алла қаласа, аталмыш жаңалықтар мәжілісмендердің қарауына берілетін болады.

Ал, біздің мәжілісмендеріміз бен сенаторларымыздың алдыларына келген әртүрлі жобаларды асығыс-асығыс… кейде тіпті оқымай-ақ қабылдай салатынын бәріміз жақсы білеміз. Сонда деймін-ау… сонда сіз, құрметті оқырман, бірінші сыныптың өзінде-ақ бірнеше тілді меңгеруге кірісіп кеткен кіп-кішкентай балаңыздың ғылымды да бірінші сыныптан бастап игере бастағанын шын көңіліңізбен қалар ма едіңіз? Ал мен қаламас едім, өйткені мәселен, өзгеше дамып кеткен жапондарды алып қарайық. Осы жапондардың балалары жетінші сыныпқа дейін тек жапон тілінде ғана оқиды екен – әліппені де, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды да. Басқа бір де бір шет тілін оқымайды екен. Өзге тілдерді меңгеруге шамамен жетінші сыныптан кейін ғана ден қоя бастайтын көрінеді. Сонда біздің білім министрлігіндегі «білгіштеріміздікі», ақын Иран ҒАЙЫП айтқандай, «не талтаң, а?!»

 Ұлт.кз

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА