Home Ұлт діңі Әнел Маратова. Қазақтың Қадыры

Әнел Маратова. Қазақтың Қадыры

0

Поэзия – әлемдік өмірдің қан тамырының құштарлықпен шиыршық ата соғуы,сол өмірдің қаны мен оты,жарығы мен нұры. Қазақ руханиятындағы тұғырлы тұлға болған Қадыр Мырза Әлі – өзінің ақындық, азаматтық өмірінің мәні мен мағынасын осы поэзиядан тапқан ақын.

Ақындық – өнер біткеннің шыңы екендігінде дау жоқ. Шын талант үшін ақындық өлең ғана емес, поэзия ғана емес, ол өмір! Ә.Нарымбетовтың айтуынша: «Қадыр, негізінен, ұлттық намыстың ақыны. Оның өлеңінің барлығын жинақтасақ, қазақтың өмірі, ғұмыры, шежіресі шығады».

Шығармашылық жолын балалар ақыны ретінде бастаған талантты да аса көрнекті біртуар дара тұлғамен жерлес болғаныма мақтанамын. Мен қазір Оңай Шонаев атындағы орта мектептің 11-сыныбында оқимын. Туған жерім – Орал облысы, Қаратөбе ауданы. «Қадыр ағаны қашаннан танимын, қашаннан бері білемін?» деген сұраққа жауап іздесем, балалар бақшасына барған кезім есіме түседі…

Міне, менің жасымдағы барша бүлдіршін осы өзімнің жерлес ақын ағамыз Қадырдың балаларға арнаған өлеңдерін жаттап өсіппіз. Кейіннен сыныбым өскен сайын Қадыр ағаның жасөспірімдерге арналған өлең, жаңылтпаш, жұмбақ, мысалдарын жаттап, қаншама жыр жинақтарымен танысып, талантына тәнті болумен келемін.

Өзінің озық үлгілі туындыларымен қатар, қазақ тіліне сәтті тәржімалаған аудармаларын да бас алмай оқи бастадым. Қадыр ағамыз 1935 жылы Орал облысы Жымпиты кентінде туып, 2011 жылы дүниеден озды. Қазақ өлеңінің хас шебері ретінде танылып, көзі тірісінде классик ақын деп мойындалған Қадыр Мырза Әлі – қас қағым фәниден бақиға сапар шегіп, келмеске кете барарын біліп пе?! Білмек түгіл, ойға да алған жоқ-ты.Өмірін өлеңге ғана арнаған Қадыр ақын жер бетінде жоқ қазір.Том-том кітаптарын туған халқына аманаттап кете барды. Қадыр ақынның биыл тірі болса 80 жылдығын тойлар едік. Амал қанша!

Татар дәмі таусылды,
Қабірстан құшағымен қаусырды.

Жоқ! Өлмеймін! Елім талай естейді Лентаға жазып алған даусымды! Немесе

Пендемін ғой, тау болсам да шөгер ем,
Гүл де салам,
Бірақ қайта көгерем!
Тірілердің көзіне оттай басылар,
Талай-талай немерем мен шөберем,-деп ақының өзі айтқандай, ақындардың тұлпары, сөздің сәйгүлігі Қадыр ағамыздың қанша жыл өтсе де әдебиеттегі қайталанбас құбылыс болып қалатынына кәміл сенемін.

Қазіргі оқырманның талғамы жоғары. Олар әр өлеңнің, әр шығарманың астарынан өзіне ой салар, өзі бұрын көп біле бермейтін ғылыми пайымдаулардың поэтикалық үлгісін, сол арқылы сөз зергері тұжырымдаған байлам, тың шешім іздейді.

Менің ойымша, Қадыр ақынның қадырын арттырып, басқалардан өзгешелеп тұратын ой мен сезімнің тұтастығы, жаңашылдық, қай нәрсені айтса да жұрттан бұрын айтып, ойлануға итермелеуінде деп түсінемін.

Ақындық па екен айыпты,
Әлі де білмен себебін.
Өлеңге айтып қойыппын,
Өмірдің «айтпа» дегенін,-дейді ақын.

Осындай шумақтарымен-ақ Қадыр ақын қалың оқырманын тамсандырудан, таңдандырудан бір жаза басып көрген жоқ. Ақын Қадыр Мырза Әлі шығармашылығының күретамыры – оның «Даналық ойлары», өрелі де сүбелі сөздері, оралымды, әсерлі өрнектері.

Мен «Даналық ойлар» топтамасы ретінде ақынның «Егіз жолдар» кітабынан алынған айшықты нақыл сөздерді жинастрып, тақырыпқа бөліп, керекті жерде пайдалану үшін жаттап алуды әдетке айналдыдым.

Себебі, мен де филология мамандығын таңдап отырмын. Әйгілі Қадыр ақынды Қазақ мемлекеттік университетіне «филолог» деген сөз жетелеп әкелсе, мен де, бұйыртса, осы соқпақпен жүріп көргім келеді. Ақын өмірінен менің тағы білетінім: өзі М.Әуезовтен дәріс алған.Көзі тірісінде 5 жыл бойы үзбей «Алматы ақшамы» газетіне нақыл сөздерін жіберіп тұрған.

«Кешегі бала Қадыр мен бүгінгі дана Қадырдың арасында қандай айырмашылық бар?»-деп сұрапты бір оқушы кездесу кезінде. Сонда ақын: «Мен бала Қадырды жақсы білемін, ал дана Қадырмен әлі танысып үлгергенім жоқ»,-деп жауап беріпті. Не деген тапқыр сөз! Бала да, дана да, жас та, кәрі де-бәрі де, мойындап үлгерген Қадыр ақынның озық, жауһар жырлары ұлтымыздың рухани асыл қазынасы. Аға Қадыр Мырза Әлі жайлы әлі де көп жазуға, ұлы ақын поэзиясымен тереңірек сырласауға амандық болса, алда уақыт табылар деген оймен аяқтаймын, бұл шағын мақаламды…

Әнел МАРАТОВА,
Атырау облысы, Махамбет ауданы, Оңай ШОНАЕВ атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы.

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version