22.11.2024

Балаға кітап оқытудың қарапайым төрт әдісі

Кітап оқудың маңыздылығы жөнінде айтып уақыттарыңызды алмай-ақ қояйын. Әңгіме балаға кітап оқытудың кейбір әдістері жайында.
Кітап оқу дегенді бір кітапты басынан аяғына дейін оқып шығу деп түсінсек қателесеміз. Бір кітапты оқығаннан кейін баланың ойында сол кітап жайлы аз болса да өзі әңгімелеп айтар бірдеңе қалу керек. Жай оқу бар да, кітаппен қарым-қатынас жасай отырып өзіне сіңіріп оқу бар. Кітап оқудың әдісін игерген бала оның жауһары мен маңызды түйіндерін игеріп оны өзіндік білімге айналдыра біледі. Олай болмаған жағдайда бала кітаптың «дәмін» ала алмайды. Ал алғашта кітапты дұрыс оқуды қалыптастыра алмаған бала өмірбақи кітаптан қашқақтап өтеді. Сондықтан ата-аналар мен мұғалімдер балаға кітап оқудың әдістерін өте ерте үйрету керек.
Мамандар кітап оқудың мынадай бірнеше ұтымды әдістері бар екенін айтады:

Бірінші әдіс: Оқиғалы кітаптарды оқу әрі әңгіме құрылымын талдау. Әдетте дұрыс әңгіме құрылымы үйдің құрылысына ұқсап кетеді. Онда бірнеше негізгі құрылым бөлшегі болады. Әңгіме құрылымын түсіну баланың тұтас әңгіме мазмұнын ұғынуға септігін тигізеді.
Сіз әуелі шағын әңгіме не мысалды өзіңіз бір рет оқып шығыңыз, онан соң бір парақ қағаз алып, төмендегідей формада бір қанша түйінді жазыңыз.
Тақырып:
Бас кейіпкер:
Орта:
Қайшылық:
Нәтиже:
Алдымен балаға шағын бір бөлегін оқытып, негізгі кейіпкерін тапқызыңыз. Мысалы, Нұрлан әңгімедегі бас кейіпкер ме?  Әңгіменің арқауы Нұрлан мен оның сабақты қалай оқуы жайлы болуы мүмкін. Ал балаңыз Нұрланды «кейіпкердің» тұсына жазып қойсын.
Онан соң оқиғаның уақытын, орнын (бұрын, қазір, болашақта, қала, мектеп, -үйде) сұраңыз. Бала әңгіменің денін ( 70-80 пайыз) оқып болғанда, оны тоқтатып, одан осы әңгімедегі бас кейіпкер қандай мәселеге тап болғанын сұраңыз. Сосын жауабын «қайшылық» деген орынға жаздырыңыз.
Кітап оқудың маңызды тәсілі – әңгіменің мән-жайы мен негізгі тақырыбын қорытындылай білу. Бала әңгімені оқып болған соң әңгімедегі қайшылықтың қалай шешім тапқанын сұрап, шешімін «нәтиженің» тұсына жаздырыңыз.

Екінші әдіс: Сөздерді молынан үйрету. Баланың білетін сөздері молайған сайын оқуға деген ынтасы арта түседі.
Балаға газет-журналдағы, иә кітаптағы бұрын кездеспеген сөздердің мағынасын айту өте маңызды. Ол әр сөздің мағынасын ұққанда тың дүниеге кездескендей қуанатын болса сіздің ол сөздің мағынасын ықыласпен дұрыс жеткізгеніңізді білдіреді. Сонымен қоса, балаңызға өзгелермен әңгімелескенде айтылған, бұрын естімеген сөздер болса оны баланың естелік дәптеріне түсіртіп отырыңыз. Сонда ол бір қазына жинап жүргендей, молайтқан үстіне молайта бергісі келіп әңгіме тыңдағыш балаға айналуы мүмкін. Сіз оның түртіп алған сөздері молайған сайын мадақтап тұруды және ол сөздердің де мәнін түсіндіре отыруды ұмытпаңыз.

Үшінші әдіс:  Ретімен баяндату. Балаларға арналған оқиғалы суреттерді ретімен тіздіріңіз, онан кейін оқиғаны рет-ретімен баяндатыңыз. Оқиға баяндалып болғанша «алдымен анау сүйтті ме?» деген сауалды кем дегенде екі рет қойыңыз. Сонда бала ненің себебінен не болғанына ой жүгіртуге шебер болады.

Төртінші әдіс: Әңгімені қайталай айтқызу. Шындығында балалар таңғажайып әңгемелерді оқуды әрі талқылауды ұнатады. Тек онымен сәйкесіп талқылауға шынайы ықыласпен кірісу керек. Ең бастысы сол талқыланған дүниені араға біраз уақыт салып қайтадан айтқызыңыз. Бала бұрынғы мазмұнға өзінің жанынан да бірдеңелер қосып айтуы мүмкін, онда тұрған ештеңе жоқ, ол әңгімені өзінше байытып айтып, ойланғанының белгісі.
Осылайша біртіндеп жұқадан қалыңға, мазмұны жеңіл шығармалардан күрделі де терең кітаптарға біртіндеп ауыса беруге болады. Сіз балаңызбен қашанда оқылған дүниесімен бөлісіп, талқыласып отыруды ұмытпаңыз.

Ұларбек Нұрғалымұлы,

Namys.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА