22.11.2024

2022 жылға қарай 12 жылдық білім беруге көшу толықтай аяқталатын болады – ҚР БҒМ вице-министрі Есенғазы Иманғалиев

Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айқындаған «Бес институционалдық реформа – «100 нақты қадам» Ұлт жоспары» аясында тиісті жұмыстар атқарылып жатқандығы мәлім. Осы орайда әр ведомство өздеріне жүктелген міндеттер бойынша шараларды атқаруда. Бұл ретте «100 нақты қадам» бойынша білім саласында алдағы атқаратын жұмыстар туралы кеңірек мәлімет алу мақсатында Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Нұртөлеуұлы Иманғалиевтен сұхбат алуды жөн көрдік.

– Есенғазы Нұртөлеуұлы, Елбасы айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары кемелденген Қазақстанды көз алдымызға әкелері сөзсіз. Дегенмен, кемел көкжиекке келелі білімсіз жету еш мүмкін емес. Сондықтан да, Білім және ғылым министрлігі Президент тапсырмасын орындау мақсатында алда қандай жоспарлар құрып отыр? Бөліссеңіз?

– Өздеріңізге белгілі, елімізде Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасы аясындағы 100 нақты қадам Ұлт жоспары іске асырылуда. Білім және ғылым министрлігі осы жоспардың білім мен ғылым саласын әрі қарай дамытуға бағытталған 7 қадамын іске асыру бойынша ұсыныстар әзірлеп, Ұлттық жаңғырту жөніндегі комиссияның қарауына енгізді. Жалпы алғанда, Ұлттық комиссия аталған ұсыныстарды мақұлдады. Осы 7 қадамды іске асыруға тоқталып өтейін. Оның 5 қадамы білім саласы бойынша және 2 қадамы ғылым саласына қатысты.

Біріншіден, аталған жоспардың 76-қадамы 12 жылдық білімге кезең-кезеңімен өтуді, жанбасылық қаржыландыруды, табысты мектептерді ынталандыру тетіктерін енгізу және педагогикалық білімді жаңғыртуды көздейді. Қадам аясында орта білімнің жаңа мазмұнын әзірлеу және ендіру жоспарлануда. Жаңартылған стандарттарды апробациялау жаңа оқу жылынан басталатын болады. Сонымен қатар шағын жинақты мектептердің мәселелері де шешілетін болады. Осы ретте, 19,6 мың жоғары сынып оқушыларын толық жинақталған мектептерге ауыстыру, ірі аудан орталықтарында 350 интернатты қайта жөндеу және 64 жоғары мектеп құрылысын жүргізу жоспарлануда. Тірек орталықтарының саны 200 бірлікке жететін болады.

12 жылдық білімге өту шаралары Дүниежүзілік банктің бірлескен жобасы шеңберінде жүзеге асырылмақ.

Педагогикалық білімді жаңғырту үшін мұғалімнің кәсіби стандарты және 46 жаңа бакалавриат/магистратура білім бағдарламалары әзірленетін болады. 15 базалық педагогикалық жоғары оқу орындары іріктелінеді. Педагогикалық жоғары оқу орындарының 4 мың оқытушысы жаңа форматтағы мұғалімдерді оқыту үшін даярлықтан өтеді.

Педагогикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырысты арттыру, осы бағытта оқитын студенттердің шәкіртақыларына үстемақы белгілеу, педагогикалық жоғары оқу орындарына қабылдаудың жаңа ережелерін ендіру және кәсіпке кірісу барысында тәуелсіз сертификаттау жоспарлануда.

Ал жанбасылық қаржыландыруға өту үшін 126 қанатқақты мектепте апробация жүргізу ұсынылады (бұл 5 облыстағы қазіргі кезде қанатқақты жоба жүргізіліп отырған 63 мектеп және 63 жаңа мектеп: Қарағандыда – 44, Түркістанда – 19). 4 мың мектеп басшылары жанбасылық қаржыландыру және бюджеттік жоспарлау менеджментіне оқытылатын болады. Аталған жоба шеңберінде мектептерді ынталандыру жүйесіқарастырылады. Сапа өсімі көрсеткіштері мен нәтижелілік бойынша бағалау критерийлері, әрбір облыста мектептерді конкурстық іріктеу тетіктері әзірленеді. Бұл жұмыстар «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын әзірлеу және іске асыруды көздейтін 89-қадаммен тығыз байланысты. Мақсат – Мәңгілік ел құндылықтарын қазір мектепте қолданылып отырған оқу бағдарламаларына ендіру.

«Мәңгілік ел» құндылықтарын ескере отырып, тәрбие жұмысының бірыңғай тұжырымдамасын білім берудің барлық деңгейлерінде іске асыру, әдістемелік құралдарды әзірлеу, педагогтардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру жоспарлануда.

Келесі, 77-қадам – Экономиканың 6 негізгі саласы бойынша 10 базалық колледжде және 10 базалық жоғары оқу орнында білікті кадрларды даярлау және олардың тәжірибесін басқа оқу орындарына таратуды көздейді. Қадамды іске асыру үшін индустрияландыру бағдарламасы аясында кадрлар даярлау үшін 10 жоғары оқу орны мен 10 колледж анықталды. Одан басқа, жаңа бағдарламалар әзірлеу жоспарлануда, сондай-ақ өндірістен 2 мыңнан аса мамандар жоғары оқу орындары мен колледждерге шақырылатын болады, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жоғары оқу орындары үшін 24 зертхана, колледжер үшін 57 зертхана жабдықтау жоспарлануда.

Төртінші – 78-қадам – Назарбаев Университетінің тәжірибесін ескере отырып, жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кезең-кезеңмен кеңейту. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, жекеменшік жоғары оқу орындарын коммерциялық емес ұйымдарға трансформациялау. Қазіргі уақытта 9 жоғары оқу орындарында байқау кеңестері, 62 жоғары оқу орындарында қамқоршылық кеңестері қызмет етеді. Жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту үшін мемлекеттік жоғары оқу орындарының жаңа ұйымдастыру-құқықтық нысаны болып 100% мемлекеттің қатысуымен коммерциялық емес акционерлік қоғам бекітілетін болады. Дербестік ала отырып, ректорлар қоғам алдында жыл сайын есеп беретін болады.

Жекеменшік жоғары оқу орындарын трансформациялау үшін мемлекеттік тапсырыс бөлу, ғылымды гранттық қаржыландыру, салықтық жеңілдіктер беру,  Байқау кеңестерін құруды қарастыратын жаңа құқықтық-ұйымдастыру нысанына өту, жыл сайын ашық есеп беру және қаржылық қызметтерге аудит жүргізу жоспарлануда.

Бесінші – 79-қадам, білім жүйесінде – жоғары сыныптарда және жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен өту. Мұндағы басты мақсат – даярланған кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім секторының экспорттық әлеуетінің артуы. Министрлік үштілді дамыту бойынша жобаны іске асыру жұмыстарын жүргізуде.

Осы қадамды іске асыру үшін тиісті нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу, білім беру ұйымдарын ағылшын тіліндегі мамандармен қамтамасыз ету үшін «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің әлеуетін пайдалану, тілдік пәндер бойынша деңгейлік бағдарламаларды әзірлеу жоспарлануда. 

Ал енді келесі екі қадам ғылым саласына қатысты. Бірінші – 63-қадам – екі инновациялық кластерді дамыту ғылыми ауқымды экономиканы қалыптастыру негізі ретінде. Трансұлттық компаниялардың, отандық компаниялардың,  шағын және орта инновациялық бизнестердің зерттеуші құрылымдарын тарту жолымен «Astana Business Campus», Инновациялық технологиялар паркінде – Трансұлттық компаниялар мен өңірлік стартап-хабтың қатысуымен 5 технологиялық даму орталығын құру қарастырылған.

Келесі – 64 қадам – «Ғылыми қызметтер нәтижелерін коммерцияландыру туралы» ҚР Заңын әзірлеу. Ғылыми гранттар мен бағдарламалардың құрылымын индустрияландыру бағдарламасы қажеттілігіне қайта бағдарлау. Осы қадамды іске асыру үшін «Ғылыми қызметтер нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Заң жобасы әзірленіп, Үкіметтің қарауына енгізілді.

– 76-қадам бойынша 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу мәселесі жүктелгені белгілі. Бұл жүйе біраз жылдардан бері айтылып, тәжірибе жүзінде сынақтан өтіп келе жатқан, десе де жолы бола алмай тұрған білім саласының бір бағыты. Дегенмен, бүгінгі он екі жылдық кезеңге қатысты қандай жоспарлар бар? Бұл жүйенің нақты енетін мерзімі айқындалды ма? Әлде бұған әлі де әлемдік дағдарыс дес бермей тұр ма?

– 12 жылдық білім беру моделіне көшу әлемдік білім беру кеңістігімен кіріктірілудегі ең бір стратегиялық мәселелердің бірі болып табылады.

Елбасының 2014 жылғы 18 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында жалпы білім беретін мектептерді дамыту үшін Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін пайдалану тапсырмасы берілген болатын.

Тапсырманы орындау үшін мектепке дейінгі, негізгі орта, жалпы орта білім беру стандарттарына талдау жасалды. Орта білім құрылымы анықталды: 1+11. Жаңа стандарттар әзірленді. Жаңа стандарттарда тәрбиелік компонент күшейтілген. «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясының: патриоттық және азаматтық жауапкершілік, адамгершілік, еңбек және шығармашылық құндылықтары берілген. Функционалдық сауаттылықты дамытуға аса мән берілген. 2015-2016 оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап барлық өңірдің 30 қанатқатқы мектебінде жаңартылған білім беру мазмұнының оқу бағдарламаларын және оқулықтарын, сонымен қатар білім алушылардың оқу жетістігін критериалды бағалау жүйесін сынықтан  өткізу басталады. 2022 жылға қарай 12 жылдық білім беруге көшу толықтай аяқталатын болады.

– Президент дәл осы 76-қадамда функциялық сауаттылықты дамыту үшін мектептегі оқыту стандарттарын жаңартуды, жоғары сыныптарда жанбасылық қаржыландыруды енгізуді тапсырды. Бұл бағытта қоғамды нендей жаңалықтар күтіп тұр?

– Орта білім беруді қаржыландырудың жаңа механизмін жетілдіру мақсатында жалпы орта білім беру деңгейін жан басына шаққанда қаржыландыруды сынақтан өткізу 2013 жылғы 1 қыркүйектен бастап республиканың 5 облысында (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстары) 63 қанатқақты мектепте жүзеге асырылуда. Жан басына қаржыландыруды сынақтан өткізудің 2013-2014 оқу жылының аралық нәтижелерінен қанатқақты мектептердің білім беру қызметтерінің сапасын сипаттайтын негізгі көрсеткіштері бойынша оң серпін байқалады. Бұл қаржыландыру ұстанымының өзгеруі мен білім беру деңгейін арттырудың арасындағы өзара тікелей байланыс туралы қорытынды жасауға болады.

Сонымен қатар, жан басына қаржыландыруды енгізудің басты мақсаты «ақша оқушының соңынан барады» принципі бойынша мектептер арасындағы оқушылар үшін бәсекелестікті дамыту болып табылады. Сынақты өткізу барысында бұл принципті іске асыру қиындатылғаны анықталды, өйткені Білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына (19.01.2012ж. № 127 ҚР ҮҚ) сәйкес 1-9 сыныптарға оқушыларды қабылдау аумақтық принцип бойынша жүзеге асырылады және 10-11 сынып оқушылары ғана оқу үшін кез келген мектепті таңдау құқығына ие. Осыған байланысты, 2015 жылға арналған республикалық бюджетті ҚР Үкіметінде талқылаудың қорытындысы бойынша жан басына қаржыландыруды сынақтан өткізуді 2015 жылдың басынан бастап тек жоғарыда көрсетілген 5 өңірдегі 10-11 сыныптарда жалғастыру туралы шешім қабылданды.

Бұдан басқа, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап сынаққа қосымша тағы 63 пилоттық мектептегі 10-11 сыныптар және (Қарағанды қ. 44 мектеп және Түркістан қ. № 19 мектеп) қосылады. Осылайша, 2016 жылғы 1 қаңтарда жан басына қаржыландыруды сынақтан өткізу республика бойынша 126 мектептегі 10-11 сыныптарда жүзеге асырылатын болады.

– Ендігі бір өзекті мәселе – кадр даярлау. Индустрияландыру саясатын елдің білікті кадрларымен қамтамасыз ету үшін де, ертеңгі күні басқа жұртпен бәсекелесе алатын ұрпақ өсіру үшін де білімнен басталатын негіз мықты болуы шарт. Осы жағына қаншалықты көңіл бөлінуде? Жалпы ЖОО-лардағы жүйе еліміздің еңбек нарығындағы жағдаймен, болжамдармен қаншалықты сәйкеседі?

– «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық саясатын және Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында базалық жоғары оқу орындарының және колледждердің даму бағдарламасы әзірленді. Аталған бағдарламаға сәйкес, бүгінгі таңда шетелдік әріптес жоғары оқу орындарын тарту арқылы әзірленген және ИИДМБ-2 нақты жобаларымен байланысты болатын 24 жаңа білім беру бағдарламалары бекітілді. 2015-2016 оқу жылынан бастап базалық ЖОО-ларда осы білім беру бағдарламалары бойынша кадрлар даярланатын болады.

Жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу барысында базалық ЖОО-лардың басқарушылық және академиялық құрамның 100 қызметкері Назарбаев Университетінде қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарын игерді. Осы курстар шеңберінде оқытушылар Ұлыбритания, Жапония, АҚШ, Сингапур елдерінің жетекші ЖОО-ларында тағылымдамадан өтті.  Сонымен қатар қазіргі таңда халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес, білім берудің деңгейлері бойынша әзірленген мемлекеттік стандарттың (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысы) негізгі қағидалары бойынша бакалавриатта 55%, магистратурада 70%, докторантурада 90% сияқты таңдау компонентінің үлесі ретінде академиялық еркіндік қарастырылған. Осы академиялық еркіндік аясында ЖОО-лар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының ерекшеліктерін ескеріп, еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес жұмыс берушілерді тарту арқылы білім беру бағдарламаларын дербес түрде әзірлейді. Сондай-ақ жұмыс берушілер мемлекеттік қорытынды аттестаттау үдерісіне де қатысады.

– Шындығында, бүгінгі жаһандық дамуда кез-келген проблеманы шешудің түпкі жолы білімге тірелетіні сөзсіз. Бұл ретте халықаралық мойындалған тәжірибелерді сіңірудің маңызы зор. Осы тұрғыдан алғанда Президент жүктеген дербес білім беру ұйымдарының академиялық басқару жүйесін жетілдіру және жекеменшік ЖОО-ларға халықаралық тәжірибелерді трансформациялау бойынша не айтар едіңіз?

–  Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарда корпоративтік басқарудың үлгісін әзірлеу бойынша жоспарлы жұмыс атқарылуда. 9 ЖОО-да байқау кеңестері жұмыс істейді. Байқау кеңестің құрамына Министрліктің, жергілікті атқарушы органдардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, қоғамдастықтың және мемлекеттік кәсіпорындардың өкілдері кіреді. Олар ЖОО дамуының бесжылдық стратегиялық жоспарларын бекітеді, қаржы қызметі жөнінде мониторинг жүргізеді және ректорлардың кандидатуралары бойынша ұсыныстар енгізеді. Корпоративтік басқару және ұйымдастырушылық жұмыс бойынша байқау кеңестерінің мүшелері үшін оқытатын семинарлар өткізіледі. Осылай 2014 жылы 100-ге жуық мемлекеттік ЖОО-лардың басшылары және байқау кеңестерінің мүшелері Сингапур мен АҚШ университеттерінде тағылымдамадан өту арқылы Назарбаев Университетінің бағдарламасы бойынша курстарды игерді.

Сонымен бірге байқау кеңестері жүйесін кеңейту бойынша жоспарлы жұмыс атқарылуда. 21 жоғары оқу орны базасында байқау кеңестерін құру жоспарланған. Байқау кеңестерін құру жұмысы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарға қойылатын критерийлерге сәйкес жүргізіледі. Сондай-ақ мемлекеттік ЖОО-лардың әлеуметтік жауапкершілігі мен қызметінің ашықтық принциптерін енгізу мақсатында қамқоршылық кеңестердің қызмет етуі жөніндегі ережесін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Қамқоршылық кеңестерінің жұмыс жоспарларында корпоративтік басқарудың қазіргі заманғы принциптері қарастырылған. Корпоративтік басқарудың басты принциптері ретінде ақпараттың ашықтығы мен объективтілігі, заңдылық пен этика, тиімді кадрлық саясат, қоршаған ортаны қорғау, корпоративтік жанжалдарды және мүдделер жанжалын шешудің саясаты, жауапкершілік қарастырылады. Қазіргі таңда қамқоршылық кеңестері 65 ЖОО-да жұмыс істейді.

 

Автор: Руслан Ғаббасов

Қазақпарат

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА