22.11.2024

Үлгілі отбасын құрудағы Сұңғат пен Алманың тәжірибесі

«El.kz» ұжымы «Отбасы күні» мерекесіне орай «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысып, басқаларға қоғамдағы белсендігілі жағынан үлгі боларлық және көп бала тәрбиелеп отырған «шағын мемлекет» құраушы Сұңғат Самарбаев пен Алма Сайлауқызынан арнайы сұхбат алған екен. Бала тәрбиесі қалай болу керек, қызметте де, отбасында да абыройлы болу үшін не істеу керек деген сұрақтар төңірегінде жауаптарын ұрпақ тәрбиесін ұлы мұрат 

– Өздеріңіз туралы қысқаша таныстырып өтсеңіздер… Қай жақтың тумасы боласыздар, қайда білім алдыңыздар, мамандықтарыңыз қандай, кім болып жұмыс істейсіздер? Неше сәби сүйдіңіздер?

– Сұңғат(С): Ақмола облысының тумасымын. Мектепті Көкшетау қаласында тәмәмдап, Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық политехникалық университетінің мұнай-газ факультетіне оқуға түстім. Оқуымды аяқтағалы өз мамандығым бойынша қызмет етіп келемін.
– Алма(А): Қызылорда облысы Шиелі ауданында дүниеге келдім. Кезінде әкем бітірген, кейін  Асқар Жұмаділдаев,  Нұрлан Қоянбаев, Руслан Бөлебай сынды азаматтар оқыған «Ақ Орда» мектеп-гимназиясында орта білім туралы аттестатымды алғам. Содан соң Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түстім. Магистратураны да сол қара шаңырақтан бітіріп, «Хабар» арнасының шақыртуымен жұмысқа орналастым. Алғашында редактор, сценарист, кейін продюсер болдым.  Сондай-ақ  Еуразия ұлттық университетінде болашақ журналистер дайындауға атсалысып жүрмін.

– С: Төрт баланың ата-анасымыз. Үлкен қызымыз Айерке 2007 жылы дүниеге келді. Ұлымыз Ерасыл 2009 жылы туды. Үшінші қызымыз Айтолқын 2011 жылы, ал Талшын есімді кішкентай қызымыз 2013 жылы дүниеге келді. Өзіңіз байқап отырғандай, аралары екі жылдан.

– Қалай табыстыңыздар?

– А: Бізді қосқан –  «Азамат» интеллектуалды жастар клубы. Екеуміз екі түрлі университетте оқығандықтан, екі түрлі мамандық иелері болғандықтан (біріміз техникалық мамандық, екіншіміз гуманитарий), тіпті екеуміз екі түрлі өңірде туылғандықтан, жолдарымыздың қиылыспауы әбден мүмкін еді (күледі). Бірақ ұлттық пікір-сайыс клубының арқасында танысып, тіл табысып, достасып, кейін бұл сезім махаббатқа ұласып, отбасын құруға шешім қабылдадық. Осы клубтың ішінен шыққан алғашқы жұп болып саналамыз.

0ec63c628d327dbe20ce833b5d3f6de2«Азамат» интеллектуалды жастар клубы кезіндегі жиында

– Мегаполис өлшемі бойынша ерте үйленгендердің бірісіздер, қорқыныш болды ма?

– С: Ерте үйлену ХХІ ғасырдың үрдісіне жат болғанымен, біздің ішкі сезімімізге тосқауыл бола алмады. Ол кезеңде мен жоғарғы оқу орнын бітіріп, мамандығым бойынша бір жыл жұмыс істегенмін. Сондықтан кеудемде екіұдай сезім немесе қорқыныш болды деп айта алмаймын. 
– А: Өз басым алдағы өмір қалай болады екен деп алаңдадым. Қазір Сұңғат күліп: «Кей жастардың қоятын талабын көрсең… Ал біз үйленген кезде велосипедім де жоқ еді», деп айтады. Алайда, қорқыныштан гөрі үмітіміз, уайымымыздан гөрі сезіміміз басымырақ болса керек. Сол үміт бізді алға жетеледі. Антуан де сент Экзюперидің: «Бір-бірін сүю деген бір-біріне қарап отыру емес, ол – екеудің қол ұстасып, бір бағытқа қарауы», деген сөзін жоғары сыныптың оқушысы кезімде қойын дәптеріме жазып алып, жылдар өте оқып тұрып, сол нұсқаулық бойынша болашақ жарымды таңдадым. Солай екеуміз бір-бірімізге сеніп, тәуекелге бел будық. «Тәуекел түбі –  жел қайық, өтерсің де кетерсің» деп атам қазақ айтады ғой. Ниетіңе қарай Алла тағала да береді деп есептеймін.

2ef19e0d93f983db93a12d0e33a1e577– Алма Сайлауқызы, бүгінгінің қыздары дилемма алдында тұрғандай: не тұрмыс құрып, бала сүйіп үйде отыру, немесе карьера жасау. Сіз де осындай диллемамен бетпе-бет келдіңіз бе? 

– Осы екі нәрсені бөліп қарауды бұрыс деп есептеймін. Себебі бұл екеуі –  құстың қос қанаты секілді бөліп-жаруға келмейтін дүние. Қазақтың қыздарының басқа ұлттан басты ерекшелігі, осы екеуін теңдей алып жүруінде. Біз шығыс елдері сияқты, отбасы құндылығын терең түсінеміз, яғни отбасы әрдайым бірінші орында болу керектігін білеміз, сонымен қатар батыс елдерінің арулары сияқты,  қоғамдық өмірде де белсендіміз. Көзі ашық әр қазақ ұлынан бұрын қызын оқытуға бейім. Себебі, тұрмысқа шыққан соң оқымай қалуы мүмкін, оң босағада  тұрғанда қарлығашымды оқытып алайын дейді. «Қыз – қонақ» деп, білімін, біліктілігін арттыруға бар жағдайын жасайды. Тарихымызда Тұмар, Зарина сынды ел қорғаған батыр аналарымыз өткен, одан бері қарай қарасақ Шоқанның әжесі Айғаным қандай көзі ашық болған, ал Абайдың әжесі Зере жан-жақты, түйдек-түйдек ойын еркін  айтатын ел анасы болған. Егер олар тек қазан-ошақты ғана көрсе, салиқалы ой айта алатын, керемет тәрбиелі бала өсіре алатын дәрежеге жетер ме еді? Ана атану –  маңдайға жазылған маңызды міндет. Ақылды, инабатты бала өсіп шығуы үшін, алдымен анасы жан-жақты дамыған тұлға болу керек. Негізі қыз бала өмір бойы оқу керек деп ойлаймын. Алайда «Сол жолда  отбасы маған тосқауыл болады» деп ойласа, онда ол қатты қыздың қателескені. Екеуін әдемілеп үйлестіруге болады деп есептеймін. Тұрмыс құрған кезде мен жұмыс істеп жүрдім. Сосын бір жыл бала күтіміне байланысты (декретте) үйде отырдым. Міне, осылай екі жақты тең ұстауға тырысып, төрт баланы дүниеге әкелдім. Қыз балаларға айтарым: жалқау болмаңыздар, үйіңізді ұйытып отырыңыздар, еңбектеніңіздер және үнемі ізденіп, оқып,  өздеріңізді  дамытып, қызметті де, отбасын да қатар алып жүріңіздер!

1d9e98edb2599322633a38a46a4534e7– Көп балалы болуды алдын ала жоспарладыңыздар ма? Бүгінде көптеген жас отбасылар бір-екі баламен шектеледі, әсіресе қалалық жерлерде. Сіздерге 1-2 баламен шектеліп қалмауға не әсер етті?

 С: Біз ешқандай шектеу қойып, жоспарлы саясат жүргізген жоқпыз. Мен өзім жанұяда төрт ағайындымын. Әкем де, шешем де көп ағайындылар. Алма да өз жанұясында бес ағайынды. Екеуміз осындай үлкен отбасылардан шыққан соң, көп балалы болудан қашпадық. Қазір Құдай бұйыртқан төрт баламызды тәрбиелеп отырмыз. Әр баланың өзіндік орны бар. Әрқайсысы дүниеге келгенде,өзінің несібесін алып келгеніне сенемін. Екі үлкен баламыз Алматы қаласында, үшінші баламыз Ақтау қаласында, төртінші баламыз Астана қаласында дүниеге келді. 

 А: Әрине, көп балалы болу –  өте үлкен жауапкершілік. Баланы дүниеге әкелу бар, сондай-ақ оларды бағып-қағып, жағдай жасау керек, дұрыс тәрбие беру қажет. Аллаға мың қайтара шүкір, міне, осы дүниенің барлығын сезіне отырып, бір-бірімізді демеудің нәтижесінде, ата-анамыздан көрген өнегенің  арқасында көп балалы болудан қорықпай, қайта  ықыласымыз артып отырды.

– Төрт бала бір-біріне қалай әсер етеді?

5fb3d234a1c879e2527e5a5758a81dd2– А: Бауырмалдық пен жанашырлық. Осы қасиеттер көп балалы отбасылардан айқын көрінеді. Менің әжем –  он бала тапқан батыр ана. Ал әкем –  сол отбасының үлкені. Әкешімнің өз іні-қарындастарына деген үлкен қамқорлығын көріп өстім. Әкем отыздан енді асқанда, соғыс ардагері болған атам көз жұмып, артында қалған ұл-қыздарын анашым екеуі үй-жайлы етіп, аяғынан тұрғызды. Тура ата-анасындай болды… Қазақта «Жалғыз түйе –  бақырауық, жалғыз бала –  жылауық» деген сөз бар. Жалғыз бала болса, өзімшіл болып өсуі әбден мүмкін еді, ал көп балалы отбасыда мұндайға жол берілмей, балалар үлкен сүйіспеншіліктің, бауырмашылықтың, жанашырлықтың және қамқорлықтың ортасында өседі.

– Әйеліне қоғамдық шараларға араласып, жұмыс істеуіне қарсы болатын азаматтар да бар. Сіз өз кезегіңізде дархан мінез танытып, жұбайыңызды қолдап отырсыз. Бұндай шешімге келуге ата-анаңыздың отбасы үлгі болды ма?

– С: Иә, менің ата-анамның екеуі де қызмет жасаған жандар. Адам әрдайым өзін дамытып отырмаса, өзіне қиын. Әрине, әркімнің ойы әртүрлі. Кей азаматтар әйеліне шектеу қойып, үйде отырғаның дұрыс, керегіңді тауып берем деп айтады. Алайда, бәрі Алланың қолында. Бір күні сол адамға бірдеңе болып қалса, келіншегі кәсіпсіз, балалармен күн көре алмай жатса, ол да дұрыс емес. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, екеулеп жұмыс жасап, еңбек етсең, бәрі ретімен келіп отырады.

ee0f98094d439ebd90802dd1aba2f455–  Бала тәрбиелеуде арнайы ұстанымдарыңыз, амал-тәсілдеріңіз бар ма? Балаларға реті келгенде тиым салып тұрасыздар ма? Әлде емін-еркін өскен дұрыс па?
– А: Бала тәрбиелеуге келгенде бұрыннан келе жатқан дәстүрден аттамаймыз. Бұл ескіше тәрбиелеу деген сөз емес, озығымызды асырып, салт-дәстүрден нәр ала отырып, заманның озық талабына сай өссе деген ниет. Туған тілімізді, ділімізді, дінімізді қастерлеп, бүгінгі заманға лайық талаптардың бәрін бойына жинаған ұрпақ тәрбиелегіміз келеді. Қазір баласын жапондарша, француздарша тәрбиелейтіндер көп. Ал, біз –  қазақпыз. Сондықтан, қазақша тәрбие берген дұрыс. Орнымен шектеу керек, орнымен еркіндікке жіберу керек. Біз балаларымыздың ойымен санасамыз, ақылдасамыз, бірақ реті келмей тұрса, «рұқсат жоқ» дегенді де түсінеді. Кішкентай кезден бастап балаға не қажет, не қажет емесін ажыратып, түсіндіріп отыру керек деп ойлаймыз. Болмаса бұл баланы да, ата-ананы да жақсылыққа әкелмейді.

– Балалармен бірге қандай шаралар ұйымдастырасыз? Бала тәрбиелеуде әке мен шеше үлесін қалай бөлдіңіздер? Отбасының барлық мүшесі бірге болғанда көбіне немен айналысасыздар? Бос уақыттарыңызды қалай өткізесіздер?

db096dab628b96c4d2105de2739fc3bf– С: Үйдегі ұстанымымыз –  «жігіттер – жігіттермен, қыздар –  қыздармен». Ұлыма ер адамның ісін үйретіп, жаттықтырып, кішкентай кезінен бастап спортқа баулып келемін. Қыздар болса, көбіне анасының қасында жүреді. Асүйде өздерінше «көмектесіп» жатады. Бәріміздің басымыз қосылғанда кейде бірге отырып сурет саламыз, кейде ермексазбен мүсіндер жасаймыз. Сосын салған суреттерін талқылаймыз. Осылайша,арман-қиялдарын сұрап білеміз. Сондай-ақ бүлдіршіндеріміз «концерт» қойғанды жақсы көреді. Кешкі астан кейін «Қазір концерт болады, билеттерді сатып алыңыз» деп, қойылымдарын бастайды. Екі үлкен көрермен диванға отырамыз, ал қалғандары әнін, тақпағын айтып, биін билеп,  көңілімізді көтереді.

 А: Балалардың ата-әжесі Бурабайда тұрады. Бұл біз үшін өте қолайлы. Әрі Астанаға жақын, әрі табиғаты сондай керемет мекенге демалыстарда балалармен бірге тартып тұрамыз. Жылдың төрт мезгілінде де тамсануға тұратын жер – Абылай ханның ізі қалған Бурабай. Көктемде ағаштардың бүршік атып, гүлдеуін көріп, баламыздың туған күнін тойлаймыз. Жазда «Бүлдірген» әнін айтып жүріп жидек тереміз және одан ең дәмді тосап қайнатамыз. Күзде ата-әжеміздің бақшасындағы піскен барлық көкөністері мен жемістерін жинауға барамыз. Ал қыста Оқжетпестің саясында мұз басып жатқан Бурабай көлінде сырғанап қайтамыз. Немерелерін ата-әжелерімен қауыштырып, мүмкіндігінше бірге уақыт өткіземіз.

– Балаларыңыздың кім болғанын қалайсыздар және өскен кезде таңдауына араласасыздар ма? Мысалы, аспазшы, әнші, биші, суретші боламын десе.

f86b6dbd0e58fa6ae6056d073a15e99b– А: Әр баланың өз ерекшелігін біліп, көріп жүрміз. Сол өзіндік қасиеттерін ескере отырып, соған сәйкес қосымша үйірмелер таңдап отырамыз. Ата-ана ретінде баланың бір нәрсеге деген қабілеті айрықша болса, соны танып-біліп,  шыңдауға міндеттіміз. Қай үйірмеге барғысы келетінін көбіне өздері таңдайды. Біз болсақ тек жағдайын жасаймыз. Балаларымыз қай үйірмеге қатысса да, жақсы жетістіктерге жетіп жатады. Баланы ән мен биге беру дегеніміз – міндетті түрде кәсіби жолмен кету емес. Өнерге, шығармашылыққа жақын өскен бала өмірді сүйіп өседі. Қазір балаларымызды «сегіз қырлы бір сырлы» етіп тәрбиелеп жатқан себебіміз – болашақта мамандық таңдауға келгенде қателеспеуге мүмкіндік жасау. Қазір әрқайсысының қабілетін анықтауымыз керек, ал мамандық туралы шешімді кейін өздері қабылдайтын шығар.

– С: Ер бала болғандықтан, денесі шымырлансын деп ұлымызды карате секциясына бердік. Халықаралық, республикалық, қалалық, жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткізді. Кейін әнге деген ықыласын көріп, өнерге жақын болсын деп «Ерте музыкалық дамыту» үйірмесіне бердік. Ол жерде әртүрлі аспаптардың қыр-сырын тануға үйретеді. Үлкен қызымызды басында шахмат үйірмесіне бердік. Кейін қалауы биге түсіп, би үйірмесіне барып жүр. 

 – Гаджеттерді қолдануды қалай қадағалайсыздар?

– С: Үйде балалар теледидардан көбіне-көп «Балапан» арнасын  қарайды. Оны да қосып қойып, балаларды алдына отырғызып қоймаймыз. Белгіленген уақыт аралығында қарауға рұқсат беріп, уақыт өткен соң сөндіреміз. Дамытатын, қолмен ұстап, көзбен көретін басқа ойыншықтарымен ойнайды. Қолдарына гаджеттер, телефондар ұстатпауға тырысамыз. Алғашқы 4-5 жыл ертегілерді өзіміз айтатынбыз, қазір айтатын ертегіміз «таусылып», ұйықтар алдында қазақ тіліндегі ертегілерді көрерде ғана планшет қосамыз.

462fda2ffcee6cc2b9da00749dfd0793– А: Отандық анимациямыздың дамуының арқасында балаларымызбен бірге отырып мультфильмдер қарайтын күнге жеттік. Күн сайын міндетті түрде бір кесе айран не саумал ішіп, бір ертегі көріп барып ұйқыға жатады. Ұялы телефондарды ұстауға шектеу болу қажет және оны «болмайды» деп айтып қана қоймай, баламен сөйлесіп, себебін түсіндіріп, саналы түрде көзін жеткізу керек. Баласын өз қолымен радиацияның дәл ортасына отырғызып қою – ата-ананың балаға істеген қастандығына балар едім…

– Тамақ мәзірін де қадағалап отырасыз ба? Кәмпит, чипсы сұрай қалған жағдайда не істейсіз?

– А:  Шыны керек, балаларымыз «чипсы» дегенді мүлдем сұрамайды. Балаға кішкентай кезінен бастап зиянын түсіндіріп қойғанбыз. Оның орнына қазір кез келген азық-түлік дүкенінде қолжетімді қытырлақ бауырсақ, ши бауырсақтар, ойық тоқаштарды алып береміз. Әрі дәмді, әрі ұлттық, әрі зиянсыз өнім. Тоңазытқышымызда  үнемі табиғи айран-сүт тұрады. Қолдан дайындалатын құймақ, ірімшік қосылған пирог сияқты сүйікті тәттілерін жасаймын. Күніне бір рет сорпа ішуге үйретіп, денсаулыққа тек пайдалы тағамдарды тұтынуға шақырамыз. Себебі «Ауру – астан» дегендей, аурулардың басым көпшілігі дұрыс тамақтанбаудан туындайтыны дәлелденген.

– Берекелі отбасы болуыңыздың құпиясы неде? Тәрбие, білім, махаббат, мінездердің сай келуі? (Үшеуі бірдей деп айтуға болмайды, ең болмағанда бірінші орында, екінші орында, үшінді орында деп бөліңіз)

С: Ең бірінші өзін сыйлау керек, және жарын сыйлау керек. Тек қана өзімдікі дұрыс деген отбасы мүшелері алысқа бармайды. Екеуі бір отбасы болған соң, ойларын ортаға салып, бірге шешім қабылдауы керек. Бір-бірін құрметтеп, қандай жағдай болмасын, ортақ мүддені, отбасын бірінші орынға қою керек.

– А: Отбасымыздағы береке деп өзара түсіністікті айта аламын. Ерлі-зайыптылар бір-бірін қас-қабағынан түсіне алса, көптеген мәселелердің алдын алады. Әзілхан Нұршайықов айтқандай, «махаббат деген екі жақтан да отын тастап отырмаса, сөнеді де қалады», сондықтан екеуі де бір-біріне түсіністікпен қарап отырауы қажет. Екіншісі – бұл сыйластық. Бір бүтін болғандықтан, оны қорлағаның – өзіңді қорлағаның. Өзіңді сыйлағаның – оны сыйлағаның. Әр әйел азаматын ардақтаса, әр азамат әйелін сыйласа қандай жарасымды. Үшіншісі – сабыр. Өмір болғандықтан әртүрлі жағдайлар болады. Өлімге ғана шара жоқ, қалғанның бәріне амал бар. Сондықтан отағасымыз қиын жағдайда  әрдайым: «Бас аман болсын!» дегенді айтады. Осылай отбасымызбен бірге әр жағдайға сабырлық танытуға тырысамыз. Төртіншісі – жаман әдеттерден аулақ болу. Ащы су тұрған жерге періштелер жоламайды деп айтады. Ал періште біздің арман-тілектерімізді жоғары жаққа жеткізуші ғой. Ниеттеріміз қабыл болуы үшін, адал дастарханымызды жаямыз. Ішімдік болмаған жерде ұрыс-керіс те болмайды, түсініспеушілік те болмайды, бала да сау туылады. Бұның барлығы бір-бірімен байланысып жатқан дүниелер.           

–  Отбасы құрмаған жандарға қандай ақыл-кеңестер бересіздер?

– А: Біріншіден отбасын құрыңыздар деймін (күлімсіреп). Бірақ отбасын құру керек екенбіз деп асығыс үйленудің де қажеті жоқ. Қазір ерте үйленгендер тез ажырасып та кетіп жатады. Егер адамдар үйленгенге дейін бір-бірін жақсы танып білмесе, ол неке бақытты болмайды деген сөз бар. Әу бастан мінездеріне, бір-біріне жол тауып үйренбеген жандарға отбасылық өмір қиынға соғады. Үйленгелі отырған әрбір жас үлкен іс бастағалы отырғанын терең түсінуі керек, жауапкершілікті сезіне білу қажет. Бұл дегенім отыз жасқа дейін жар таңдап жүріп қалу деген сөз емес, жастау кезде қосылмаса,  отызға тақаған шақта, мінезі толықтай қалыптасып қойған екі адамның бір-біріне ымыраға келуі оңай болмайды.

– С: Кез келген шығарманың кіріспесі болады, негізгі бөлімі болады, шарықтау шегі және соңы болады. Дәл солай кез келген жеміс ең басында бүршік атады, гүлдейді, кейін жеміс болып өседі. Уақыты келгенде жинап алмасаң, ол да бұзылып кетеді. Біздің ұстанымымызда адамдардың қарым-қатынасы да сондай болу керек. Яғни, бірінші танысу керек, білісу керек. Содан кейін уақытында келесі сатыға өту керек. Дер кезінде үзіп алу керек. Әйтпесе, әлгі айтқан жеміс секілді бұзылып кетуі мүмкін. Яғни үйленуден айнып қалуы әбден мүмкін. Белгілі бір сатыға жеткен соң, келесі сатыға көшу қажет. Үнемі алға жылжып отыру керек.

 А: Жар таңдаған кезде қыз бала да, ұл бала да алдымен бір-бірінің тәрбиесі мен біліміне, иманына қарау қажет деп санаймын. «Тәрбиесіз берген білім –  қауіпті» деген Әл-Фарабидің сөзі есіме түсіп отыр. Керемет білімі бар адам болғанымен, адамгершілігі болмаса, білімі оның менменсінуіне әкеледі. Сондықтан тәрбие мен білім қатар өрілген азаматтардың көп болғанын тілеймін. Екіншіден, әзілді түсінетін, ақкөңіл адам болса жақсы. Кейбір түйіткілді жағдайлар орын алғанда, соның жақсы жағын да көре алса, әзіл-қалжыңмен күлімсіретіп, өмірге деген құштарлықты арттыра білсе, бұл – сезімінің одан әрі күшеюіне себепші болады. Үшінші дүние – еңбекқорлық пен мақсаткерлік. Ерінбей мақсатына жетуге талпынатын адамның қасында өзіңді бақытты сезініп, армандарыңның орындалатынына сенімді боласың. Дайын асқа тік қасық болып барғаннан гөрі, жұбайыңмен бірге қол жеткізген жетістіктің құны артығырақ. Міне, осындай қасиеттерді бір-бірінің бойынан таба білген жұптарға жылдамырақ үйленіңіздер деген кеңес бергіміз келеді. Саналы, сапалы қазақ ең алдымен, көп болуы керек!..

–  Сұхбатыңызға көп рахмет!

Сұхбаттасқан Айгүл ШЕРНИЯЗОВА

el.kz

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА