Кеңес одағы кезінде қалыптасқан жоғары оқу орындарындағы оқыту жүйесі әлдеқайда ұтымды-тұғын. Оны жоққа шығара алмаймыз. Сол кезде оқу бітірген мамандар ешкімнен кем болған емес. Әлемдік дәрежедегі ғалымдармен иық тірестіре алды. Әлі де солай. Орыстық жүйемен тәрбиеленсе де, ұлттық рухтағы академиктер, профессорлар шықты. Ал соңғы кездері біздегі білім саласында неше түрлі эксперимент жасау көбейіп кетті. Мектептен басталған реформаларды олай да, бұлай да тартты… Әрине, барлығы да жақсы болса екен деп ойлайды. Бірақ, әркім өзінше жөнге келтіріп, жаңалық енгізгісі келеді. Біресе Израиль, біресе Батыс жүйесі дейді. Солардың да жетісіп жатқаны шамалы. Мүмкін, олардың өзіндік ұлттық ерекшеліктеріне сай жүйелері бар шығар. Ұлттық мүддені ескермеген біздің қазіргі білім саласы неше түрлі қателіктер мен кемістіктерге толы.
Мысалы, мектеп оқулықтарына айтылып та, жазылып та жүрген сын аз емес. Мамандығыма жақындау пәндерді мысалға келтірейін. Соңғы жылдары мектепте оқытыла бастаған “Салауаттану” (Валеологияны қазақшалаған түріміз) оқулығының бетін ашып, ас қорыту жүйесінің суретін қараңыз – ұлтабардың тұсына «он екі елі тік ішек» деп жазылыпты. Оны оқыған бала ұлтабар мен көтенішектің қайсы 12 елі, қайсы тік екенін түсіне алмай дал болады. 7-ші сыныпқа арналған биология оқулығының 11-ші бетінде: «Ол (вирус) – жасушасы жоқ өте ұсақ бөлшекті затия…», «ауру туғызатын вирустар», «ауру тудыратын бактериялар» (16 бет) – демек вирустар туғызады екен, ал бактериялар тудырады екен, айналып келгенде, ауру туындататын шығар деп түсінуге мәжбүрміз. Бацилдар, коккалар (16 бет) – осы қаншалықты дұрыс? Ал, 8-ші бетте «Дүние жүзіндегі ағзалық әлем, яғни тірі ағзалар 5 дүниеге жіктеледі» деп жазылған. Осы сөйлемнің құрылымын сәл ой тоқтатып, талдап көріңіздерші. Қазақша ма? Терминологияда ағза – орган, мүше – член болып қалыптасқанын мойындамағандықтан, бұл оқулық ойды шатастырады.
Көп жағдайда –логия және –изм болып құрылған терминдерді абайлап қазақшалау керек, демек био+логия деген секілді орган+изм де сол күйінде қалғаны дұрыс. 319-шы бетте СПИД (синдром приобретенного иммунодефицита) – ИТИС (иммунитет тапшылығын иемденген синдром) деп берілген, бұл жердегі қателікті сәл ойланған адам бірден көреді. Осылайша оқушы баланың миына шатасқан ақпарат кетіп жатыр, кетіп жатыр.
Бір мектеп «Атамұра» баспасынан шыққан оқулықты хош көрсе, екіншілері «Мектеп» баспасынан шыққанды алыңдар дейді. Оған қоса, оқулықтарды жыл сайын ауыстырады. Бұл үрдіс мен білетін соңғы 10 жыл бойы қайталанып келеді.
Білім беруді жақсартамыз деп батыстың “тест” деген дүниесін алдық. Шындығында, тестімен оқыту үйренушінің сана-сезімін, тіл байлығын дамытуға ешқандай үлес қоспайды. Бұл тәсіл – бағдаршамның қызыл, сары, жасыл түстері нені білдіретінін жаттату сияқты ақпаратты үйренушінің қалай жаттағанын тексеруге ғана жарайтын тәсіл. Оқушы мен студент саңырау, мылқау сияқты көзбен көріп, көңілмен ұқсастықты табады да, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп, белгіні баттитып қойып кете барады. Оқушының ойында титтей де шығармашылық процесс жүрмейді. Демек, біз шәкірттерімізді тестімен оқытамыз деп, SМS арқылы ақпарат жинайтын сана қалыптастырдық.
Әр ұлттың Ана тілі – сол ұлттың генетикалық бір Коды. Көп жылдар бойы өзге жүйеде, өзге тілде оқытамыз деп кодымызды шатастырдық. Тіліміз шұбарланды. Коды бұзылған сана – функциясы быж-тыж болған күрделі механизм іспетті. Орыстың филолог маман ғалымдары бүгінгі орыс тілінің ахуалына «Русский язык болен» деп диагноз қойып отыр, ал біздің қазақ тіліміз реанимацияда жатыр. Қазір тура сондай жағдайдамыз. Бәріміз қазақ тілінде оқытып, дәрігер маман дайындауды мақсат етіп жатырмыз. Бірақ, медициналық оқу орнында дәріс беріп жүрген ұстаз ретінде айтарым, медицина саласында оқып жатқан студенттерге де, қазақ топтарына медицинаны меңгертетін оқытушыларға да көңілім толмайды. Неге дейсіз ғой. Өйткені, сабақ беретін, білім үйрететін мамандардың көбісі кезінде орысша оқығандықтан, ана тілінің тамырынан ажырап қалған. Орыс тілінің де шыңына шыға алған жоқ. Сол шала қазақ мұғалім қай тілде сабақ берсе де, тілді шатастырады. Сөзі жұтаң, ойы таяз. Ол керемет хирург, мықты терапевт, өз саласының маманы дейік. Бірақ, талапқа сай қазақ тіліне көшіп, сабақ берген кезде тілді бүлдіргенімен қоймай, информацияны дұрыс жеткізе алмайды. Ондай ғалымның жазған оқулығының тілі сақау, демек, болашақ мамандарымыз шалабілімді болып шығып жатыр.
Соңғы жылдары білім беру жүйесінің халықаралық стандарты туралы жамырасып айтып жүрміз.
Халықаралық стандарт – дүниежүзілік бір өлшемге жүгіндірудің, ортақ шарт арқылы жақындасудың құралы, бірақ, сонымен қатар, ол «дүмбісі диірмен тартқан» мемлекеттің өзгені өзіне көндіріп алуға, өзгенің ғасырлар бойы қалыптасқан Кодын бұзуға бағытталған шарт. Жыл сайын кітабыңды өзгерте беруді, «оқу бағдарламаңды жақсартамыз» деп «ойын шартын» мың құбылтуды талап ететін батыстық стандарттың «қамқорлы қолтығынан» дидактикалық диверсияның иісі мүңкиді. Педагогиканың дидактикалық методологиясы жүйесіздікке ұшыраған кезде надандық бас көтереді. Сапасыздықтың саны көбейеді. Тоқмейілсіген топтастық, сауаттылығы кеміген сана кез келген саясатты талғамай сіңіре салады. Білім мен тәрбие егіз ұғым. Тәрбиесіз берген білім де, ғылым да қауіпті, өте қауіпті. Олай болса, біздің осы битімізді салып, ынтық боп, білім саласына тықпалап жүргеніміз қай стандарт? Стандарт – норма, эталон, модель, үлгі деген сөз. Жазуға, сызуға, оқытуға, өндіріске, затқа, ережелерге, т.б. қойылатын талаптарға стандарт жасап алуға болады. Импортталып келген халықаралық стандарт қазақтың қазақтығын, Қазақстанның мүддесін ескермейтін стандарт. Аузымыздан түспейтін АҚШ-тың да, «өлі тілін тірілткен» Израильдің де, білім беру стандарты қазаққа жат, түп-тамырынан жат. Қазақтың өзіндік ерекше ұлттық Коды бар, психологиямыз басқа. Біз қойымызды қасқыр қырып кеткеннен кейін барып қорамызды бекітетін қазақпыз ғой.
Қазақстанда шығарылатын «Қазақ тілі» оқулықтарына Израиль стандарт жасап бере алмайды. Мысалы, «Учебник для 9 класса общеобразовательной школы с русским языком обучения» деп аталатын «Атамұрадан» шыққан және «Мектеп» баспасынан шыққан (екеуі де 2005 ж.) «Қазақ тілі» оқулықтарының әр мектепте әртүрлі оқытылып жатқанын авторлары жақсы біледі. Қазақстандағы орыс мектептерінің 9-шы сыныбына арнап 2005 ж. «Просвещение – Қазахстан», шығарған – «Физика и астрономия» деген мутант оқулықты оқушылар мен мұғалімдер комиссия келіп қалса, стандартты орындап жатырмыз деп көрсетіп көзбояу үшін ғана сөмкелеріне салып жүреді. Ал оқитындары Москвадан 1994 жылы шыққан И.К., А.К. Кикоиндардың Физикасы. «Мектеп» баспасы 2005 ж. шығарған «Черчение» оқулығынан гөрі Москва «Просвещение» 1998 жылы шығарған «Черчениені» ұнатады. Демек, біздің Қазақстандық авторлар бәсекеге қабілетті болмағаны ғой. Бұл мысалдар бірен-сараны және жеңіл-желпісі ғана.
Тіл бұзылу, дінсіздену, дүбәралану – ұлттың негізгі Кодын шатастырады. Бүкіл әлем бойынша «ұлттық Коды» мың құпиялы халық – Қытай, себебі саны сапаға айналып үлгерген. Бір ғана өрмекші-иероглифінің торына кімді болса да түсіреді. Ал біздің санымыздың да, санамыздың да кіреберіс есігіндегі «коды бар құлпымыз» бірде істеп, бірде істемей қалатыны бар. Ондайды, тілі жаргонданып үлгерген қазақ студенттеріміздің сөзімен айтқанда, «қуып кететініміз бар».
Осындайда, қазақ тілі ғылым тіліне қаншалықты еніп, өз орын таба алды деген сұрақ туындайды.
Ғылым тілі – ол да тіл. Сол ұлттың тілі. Ұлттың ана тілі ғылым тілінен тиісті орын алмайынша, беделін арттыра алмайды. Ғасырлар бойы қоғамның даму барысында адамдар белгілі бір құбылысқа, затқа шартты түрде сол тілдің заңдылығымен ат қояды. Ал, ол зат қазақ халқында болмағандықтан, ең алғаш оны аңғарған кез келген бір ұлттың ғалымы ат қоюы мүмкін. Мысалы, митохондрия, хромосома деген атауды алайық, көзге көрінбейтін, микроскоппен ғана көрінетін элемент. Қазақ жұртынан бұрын оны басқалар байқады. Өздерінше атады. Соның бәрін қазақшаға аударып алайық дейтін қазақтар бар. Олай істеген жағдайда біз ғылыми ортадан алшақтап қаламыз. Ғылыми тіліміз өзге түгіл өзімізге түсініксіз болып, тоқырауға ұшыраймыз. Бірақ, алшақтап қалады екенбіз деп шеттен келген терминнің бәрін көзді жұмып алып қабылдай беруге де болмайды. Бөтен сөздің бәрін лап еткізіп ішке кіргізіп алсақ, ол тілімізді жойып жібереді. Қазақ тілінің өз заңдылығына лайықтап алсақ, біртіндеп сіңісіп кетеді. Мысалы, қалам, кітап, адал, арам, ас, айуан, мәдениет, әдебиет т.б. сөздерінің барлығы араб-парсы тілінен енген. Оларды біртіндеп қабылдағандықтан, қазақ тілі өзінен ештеңе жоғалтқан жоқ. Бет-бейнесін сақтап қалды. Ұлттың генетикалық Кодына жайлы информация ретінде кіргізілді. Ал қазір драйвер, файл, рейтинг, кастинг секілді сөздердің бәрін алып келдік те, тілге тобымен қосып жібердік. Ол санамызды сарсытып, ойдың тілін күрмеп тастады. Міне, терминнің мәселесі тым күрделі. Бұл жөнінде пікір айтушы ғалымдар екі топқа бөлінеді. Бірінші топ – ұлтшыл азаматтар. «Бәрін қазақшалаймыз» – деп қызыл кеңірдек болады. Екіншілері: ниглистер, космополиттер. «Босқа әуре болып қайтеміз, ешқайсысын аударудың жөні жоқ», – дейді. Бұл да қате пікір. Мысалы, самолётті, вертолётті – ұшақ, тікұшақ деп алғаннан ұтылып қалдық па? Осы екі пікірдің ортасындағы ұтымды пәтуаны әлі таба алмай келеміз. Екі жақтың тілге сүйкімді терминдерін үйлестіре пайдалана білу – үлкен шеберлік. Бүкіл медицинаның терминдік жүйесін сала-салаға бөліп қарастырар болсақ бір ғана анатомиялық және гистологиялық атаулар тізімінде 10 000-нан астам термин бар. Ағзалардың тек қана функциясын сипаттайтын сөздер саны 20 000-нан артық, зерттеу әдістеріне, емдеу әрекеттеріне қатысты 40 000-ға жуық сөз бар. Тек аурулардың жеке атауы 10 300-ге жуық. Қойылатын диагноздардың түрі – 30 000, ал симптомдардың бірнеше он мыңдаған атаулары бар. Соңғы он шақты жыл ішінде ашылған жаңалықтарға байланысты ғылыми ұғымдар саны күрт көбейіп кетті. Бір ғана онкологиялық терминдер саны қазіргі кезде 35 000-ға жетті. Шетелдің әдемі сөздерін орнымен қолдану тәсілі – ғылыми тұрғыдан дәлелденген нәрсе. Ал, қазір аудармалап алып қолданып жүрген көптеген атауларымыз қазақ тіліндегі сөзжасам заңдылықтарын бұзып жүр.
Мысалы, бронхоэктатическая болезень дегенді бронхоэктатикалық ауру, ревматический дегенді − ревматикалық деп термин жасау қазақшамызға жат. Бұл сөздердің түбірі бронхоэктазия, ревматизм – демек, бронхоэктазиялық, ревматизмдік болуы керек, ал, «функциональный» дегенді қазақша функционалдық, «эмоциональныйды» эмоционалдық, «инновационныйды» инновациондық деп жүрміз. Олардың түбірі функция, эмоция, инновация болса, неге басы артық «-аль» деген жұрнақты жапсырып тілді шұбарлаймыз. Неге функциялық, эмоциялық, инновациялық қылып жұрнақты қазақы реңде төте жалғамаймыз. Баяғыдан белгілі он екі мүшенің қазақи атауларының өзін әртүрлі атап, әртүрлі жазып жүрміз. Мысалы, әлі күнге дейін плечевая кость − иық сүйегі, бедренная кость − сан сүйегі болып жазылған оқулықтар кездеседі. Тоқпанжілік, ортанжілік деген атауларымыз бар емес пе еді. Соңғы жылдары Мемтерминком бекіткен азды-көпті медициналық атаулардың кәсіби тілімізге еніп, қалыптасып үлгергені жөнінде бейхабар мамандар, сөздіктердің бетін ашпайтын әріптестеріміз де жоқ емес. Мысалы, белок − нәруыз, паренхима − ұлпа, ткань − тін, клетка − жасуша, орган − ағза, член − мүше, т.с.с. болып бекітілгенін, сол сияқты скарлатина, дифтерия, краснуха, трахома, гонорея, сифилис деген, т.с.с. көптеген аурулардың қазақша атаулары атам заманнан белгілі екенін білмейтіндеріміз де бар. Сүндетке отырғызуды мұсылмандықтың негізгі парызы деп есептеген қазақ − фимоз, парафимоз деген диагноздардың қазақша атын баяғыда қойып берген.
«Қазақшаға көшіңдер» деген талапты орындамақ болған дәрігерлеріміз өзінше аудармалап алған сөздер мен сөз тіркестерді жөн-жосықсыз қолданатындықтан, бірімізді біріміз қиналып түсінетін жағдайға жеттік.
Қазақша жазылған кейбір медициналық оқулықтардың, ғылыми мақалалардың кейде мазмұнын түсіну қиын, себебі − калька аударма.
Аударылған сөз тіркестерінің тірсегі дірілдейді. Мысалы, приводит к заболеванию – ауруға алып келеді, является важным – маңызды болып табылады, вызывает заболевание – ауру шақырады, (бұндайды естіген қазақ жағың қарыссын деуші еді). Және «сифилис вызывается бледной спирохетой – сифилис бозарған спирохетамен шақырылады», тағы бір оқулықтан: «сүт сататын әйел кілегейді зақымдайды» деген сөйлемді оқығанымыз бар. Осы аударманың орысша нұсқасына қарасақ − «Молочница поражает слизистую» деген екен. Міне, өзге тілде не айтылып тұрғанын толық түсінбейтін қазақ, қазақша жасаймын деп тілді одан сайын дүбәралайды. Неге әдемі сөз енгізу тәсілін таңдамаймыз. Егер бір атау сөз тілімізге мүлде жат болса, икемге келмесе – жаңа сөз тап. Бізде «білгішсымақтық» деген ауру бар – аудармашы маман биологиялық, медициналық т.б. құбылыстарға өзінің жұтаң сөздік қорынан алады да, балама ретінде бір сөзді әкеліп тели салады. Ол сөздің басқа мәні бар. Осыдан келіп ұғым шатасу туады. Функция деген сөзді қызмет деп аударып жүр. Асқазанның қызметі дейді. Сонда асқазан шенеунік пе, бастық па?! Кез келген заттың, мысалы үстелдің де, қаламсаптың да, жүректің де, мәшиненің ішіндегі кішкентай тетіктің де функциясы бар. Функция деген сөздің ауқымы кең екен, оған бір ғана атаумен мағына бере алмайды екенбіз – сол күйі қалдырайық. Өзіміздің тілге икемдейік. Біздің көзіміз қысықтау, шашымыз қара, төртбақтау келген моңғол текті халықпыз. Сол секілді, тіліміздің де өзіндік ерекшелігі бар. Организмдегі бір құрылымның, мүшенің атауы кейде көршілес орналасқан бірнеше ағзалардың атын қосып айту арқылы аталады. Мысалы, грудино-ключично-сосцевидная мышца, поджелудочно-двенадцатиперстнокишечный анастомоз, холедоходуодено-гастростомия т.с.с. Осылар секілді медицина ғылымының төл терминдерін қаншама сәтті аударып термин жасаған жағдайдың өзінде олардың қазақша жазылу ережесі әлі күнге жүйеленген емес. Термин мәселесін жүйелеу аса күрделі жұмыс. Әсіресе, заң саласында өте абайлау керек. Сауатсыз жасалған бір сөз бір адамның тағдырын ойыншық етуі мүмкін. «Бір ауыз сөз әке өлімін естіртсе, бір ауыз сөз ұл туды деп қуантар», – деген Кәкімбек ағамыздың сөзі бар. Дәрігердің дәріден бұрын қолданатын қаруы – тіл, сөз.
Ғылым тілін былай қойғанда, күнделікті сөйлеу мәдениетіміз бен қазақы сөз мәнеріміз сұйылып бара жатыр. Тіл мәдениеті – халықтың мәдениеті. Сол ұлттың мәдениеті. Бізде сөйлеу мәдениеті нашар. Тілін түзеткісі келмейді. Сол жағымсыз қылықтарымызды түзетуге бағытталған мәдениетті ұсынысымыз да, тіпті юмор да, сатира да өтпейтін болды. Қабылдамайды. Мыңқ етпейді. Бізге тек шенеу (сарказм) керек. Ащы қылып айтпасаң тірілетін түрі жоқ. Жеке адамның атын атап, түрін түстеп тұрып, Пәленбай Пәленбаевичтің қазақша жазған оқулығы тілімізді қорлап тұр деп бетіне баспасаң селт етпейтін болды.
Медициналық жоғары оқу орындарында оқып жүрген студенттерді алайықшы. Бір қазақ тобында он бала бар дейік, сол онның біреуі де ойын жақсылап, жүйелі түрде жеткізе алмайтын халде. Оған жоғарыда айтқан мектеп кінәлі, шаласауатты жазылған оқулық пен тест кінәлі, оқыту жүйесі кінәлі. Қазақша құрастырылған қазіргі тестілік тапсырмалардағы сөйлемдер қазақ тілінің синтаксистік, грамматикалық ережелерін мазақ қылып тұрған «калька» аудармалар. Студенттердің көбі еркін тақырыпта сөйлем құрау қабілетінен жұрдай. Көрсетіп, ежіктеп отырып, жаздырған нәрсені жаттап алып, айтып берсе құдайға шүкір дейсің. Тілдері қызық. Екі сөз айтса, үшіншісіне міндетті түрде тағы бір паразит сөз қосады. «Яғни, яғни», «жаңағы, жаңағымен» құртады. «Жаңағысына» жаңа сөз қоса алмайды. Бұл – тілі жұтаң міскіннің халі, жүректі ауыртатын жағдай. Карл Маркс «Кімнің ойы нақты болса, құрастырған сөйлемі де нақты», – дегенді бекер айтпаған. Демек, адамның сөйлемі нақты болмауы оның миындағы ойлау процесінің осалдығы.
Тілі орысшаланып кеткен дәрігерлеріміз түгілі, астында тағы, қолында мөрі бар, елді басқарудың тізгінін ұстап жүрген көптеген қазағымыз жұрт алдына шығып сөйлегенде, телеэкраннан сұхбат бергенде, қазақы тілінің жұтаңдығын естіп қарадай қысыласың. Кейде бұқаралық ақпарат құралдарының құлағын ұстаған журналистеріміздің өзі тілдік нормаларды белшесінен басып өтіп кете береді. Олар үшін, мысалы, сибирская язваны – сібір жарасы дей салу оңай. Сол жара адамға жұқса – күйдіргі, түйеге тисе – ақшелек, ешкіде – кебенек, сиырда – қарасан, жылқыда – жамандат деп аталатынына бас қатырып ізденбейді. Өздерінше, кез келген ұғымға ат қойып алып, калька аудармасын эфирден айта салады, газет-журналға жаза салады.
Қазіргі білім алып жатқан жастардың білімділік өресі биік дегенге, керемет маман немесе ғалым болып шығады дегенге онша сенбеймін. Табиғат өзі адамзаттың тобырына, тобына 100 жылда бір туатын тұлғаларды сыйлайды. Қоғамға солар өзгеріс енгізеді. Қазіргі жоғары оқу орындарындағы қазақ тілінде білім беру жүйесі мен қазақ тілінің ахуалына қарағанда керемет қазақтілді ғалым шығады деп айту қиын. Жастардың арасында, әрине, табиғатынан алғыр, ойы терең, қиялға бай ұл-қыздар бар. Бірақ, ертең ғылымға барып, бір нәтиже шығарайыншы, түбіне жетейінші деп фанаттық деңгейде жан-тәнімен берілген жастар аз. Құдабек Жекжатбековичтің қазақша жазған диссертациясына Блатбек Сватбекович рецензия берген соң ғылым мен тіл оңа ма? Бүгінде ғалымның құны фонограммамен сахнаға шығып жүрген орташалау эстрадалық әншіден төмен. Микрофонның арқасында «жұлдыз» атанып жүргендер Әміре Қашаубаев пен Мұхиттың құдіретті дауысын не қылсын. Мүшәйраға қатысып, бес-алты шумақ тақпақ жазып оқып бергендерге «Джип» мінгізіп, баршаға жар салып, жария етеміз, ал бүкіл ғұмырын математика, физика, химия, медицина, ветеринария т.б. ғылым саласына сарп етіп, дүние жүзі мойындайтындай нәтиже берген ғалымдарымыздың мерейлі сәтін «жетім қыздың тойындай» етіп өткізе салатынымыз неліктен? «Самопал ғалымдардың» пысықай кесірі емес пе екен деп ойлаймын кейде.
Соңғы жылдары ғылыми атақ берудің де халықаралық стандарты ұсынылып жатыр. Кеңес үкіметі кезінен қалыптасқан аспирантура, докторантура жүйесінен шыққан талай ғалымдарымыздың аты әлемге әйгілі. Енді, шетелдік стандарт бойынша, бұдан былай бакалавр, магистр, PhD (философия докторы) деген атақтар берілмекші.
Бұрынғы кеңестік жүйеде әрбір ғылым саласы бойынша сол ғылымның атымен аталатын докторлық дәреже берілетін. Ендігі жерде, мысалы, үш жыл бойы егеуқұйрыққа эксперимент жасаған ізденуші философия докторы болып шыға келеді деген сөз. Бұндай ғылыми атақ беруге «бастары бір қазанға симаған» материализм мен идеализмнің де, дүбәра дуализмнің де «майын ішкен» бүгінгі нағыз «фалсафа» ғылымының докторлары «іші күймесе» болғаны.
Мейлі, қай стандартты қабылдаса да мен үшін, қазақ ғұламалары – қазақтың ұлттық Кодындағы негіздік құндылықтарды сақтаушылар. Стандарт – солар. Алаш Арыстарының ұстанымы басты назарда болуы керек. Егер қазақтың әрбір ұл-қызы Сәтпаевты, Машановты, Марғұланды, Букетовты т.б. солар сияқты бүгінгі көзі тірі ғұламаларын танып қана қоймай, олардың ісіне таңданып-табынатындай деңгейге жетсе ғой шіркін. Бүгінде қазақтың қара сөзінен қаймақ қалқытқан, әдебиеттің шедеврін шалқытқан жазушыларымыздың кітабын оқымайтын, интернет-интеллект ұрпақ өсіп келеді. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деп қазақ мақтанатын Майқы бидің орнына Майкл Джексонның өмірбаянын мектеп бағдарламасына енгізген қазақтан не сұрарсың? Батыс біздің рухымызды шырмап алды. Батыстық мәдениет, экранды жаулап кеткен қара нәсілдер, жынойнақ даңғара музыка, қатігез фильмдер, «валентинкасын» жалаңаштаған әйелдер біздің санамызды бұзды. Жасөспірім организм еліктегіш келеді. Бәрін көргісі, дәмін татқысы келіп тұрады. Осы құмарлық оларды ұрындырады. Тіпті құдай данышпан қылып тудырған адамдардың өзін адастырып жібереді. Батыспен будандасқан бүгінгі мәдениеттің де, білім берудің құбылмалы жүйесінің де «плюсы» мен «минусы» қатар тұр. Ешкімнің бізге бүйрегі бұрып, бауыры елжіреп, іші жылып отырған жоқ. Шамасы келсе құл еткісі келеді. Құл болмау үшін ұлттық құндылықтарымыздың қуатына сүйенуіміз керек.
Әлемдегі ғылыми жаңалықтарды, озық технологияларды елімізге енгізе отырып, өз ана тілімізде білім беру сапасын арттыруымыз керек. Ана тілін қорғамайтын ұлттың болашағы бұлыңғыр.
Мұхамбедия Ахметов
«Астана медицина университеті» АҚ профилактикалық медицина кафедрасының профессоры,