Home Керекті кеңес Ербол Жанат. Батырлар жыры балаларға не береді?

Ербол Жанат. Батырлар жыры балаларға не береді?

0

Айрандай ұйып отырған елдердің іркіттей іріп, бір-ақ күнде берекесі қашып жатқан бүгінгі алмағайып заманда ұлт болып ұйысу, бірлікті сақтау, жастарды отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, жас жеткіншектерге патриоттық тәрбие беру бұрынғыдан да маңызды мәселеге айналды. Тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасырға жуық уақытта еліміздің бастауыш білім беру мекемелерінде балаларды тәрбиелеудің сан түрлі тәсілдері қолданылып келеді. Бірақ  ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу арналы жүйесін тапты деу қиын. Бұл іс көбіне тақырыптық шаралармен шектеліп жатады. Ондай шаралардың еш пайдасы жоқ деуден аулақпыз, алайда баланың бойында ұлтжандылық сынды ұлы сезімді қалыптастыруға науқандық сипаттағы іс-шараның қауқарсыз екенін де жасырып қала алмаймыз.

Бізге жаңадан «Америка ашудың» қажеті жоқ. Бұрынғы бабаларымыздың баланы ұлтжандылыққа қалай тәрбиелегенін зерттеп-зерделесек те көп нәрсенің беті ашылады. Бертінге дейін ауылдың қариялары жас балаларға батырлар жырын жаттатқызып, кеш болса жыр оқытқызып келген. Сол жыр жаттап өскен, жыр тыңдап өскен балалар бүгінде ауызы дуалы, сөзі уәлі ақсақалға айналғанын өмір көрсетіп отыр. Батагөй, шежірешіл, сөзге шешен қай қариядан барып сұрасаңыз да, бала кездегі оқыған ертегі, естіген аңыздары, жаттаған жырлары өмір бойы рухани азық, бүкіл болмыс-бітім, мінез-құлық, ұлттық танымның қалыптасуына іргетас болғанын айтады ағынан жарылып. Ендеше ұлттық тәрбиенің қайнар көзі осы жырларда жатқанына еш шүбә келтіруге болмайды. Қайта өшкенімізді жағып, өткен бабалардың осы бір тәрбиелеу тәсілін жаңғыртып, ертеңгіге асыл мұра етіп қалдыруымыз керек. Ол үшін әуелі батырлар жыры балаларға не береді дегенді тарқата талдап, тереңірек түйсініп алғанымыз жөн.

Қазақ халқы ат үстінен түспеген кешегі күндері ұл баланың бойында жылқы малына деген құрмет, оның қасиетті, құтты жануар, қала берді «ер қанаты» екенін жете түсіну маңызды болғаны даусыз. Кішкене күнінен естіп өскен жырлардағы тұлпарлар бейнесі баланың бойында осынау батырларға айнымас серік болған сәйгүліктерге сарқылмас ынтызарлықты оятады. Мәселен, Қамбар батырдың аузынан шығатын мынандай бір шумақ бар:

«Қанатты туған пырағым,   

Аға-іні сен едің, 

Тар жерде жолдас шырағым,       

Мойның алтын таяқтай,       

Қамыстай екі құлағың,        

Төрт аяғың қазықтай,

Төңкерген кесе тұяғың,

Сұлулығың сүмбідей,

Жылқыға бітпес жануар

Сымбатың менен сияғың…»

Бұл жерде жылқы малының батырға жолдас қана емес, аға-інідей жақын болып кететіні айтылады. Жырларда кездесетін адам мен жылқының етене жақындығын, тіпті тұтасып бір денедей болып кететінін сипаттайтын тұстар көшпенді қазақ даласының ұландарын жер жаһандағы ең үздік атты әскер етіп тәрбиеледі. Ал қазіргі кезде жауға атқа мініп шаппайтыны бесенеден белгілі, дегенмен атқа мініп өскен ер баланың жігерлі, намысты, қуатты болып өсетіні сөзсіз.

Атқа міну терапия түрі ретінде де танылып келеді. Қасиетті жануардың энергиясы адамға ерекше қуат сыйлап, шаршауын шығаратыны дәлелденіп, дамыған елдерде бұл ең пайдалы демалыс түрі саналып жүр. Сондықтан дені сау ұрпақ өсіру үшін атқұмарлық қасиеті ешқашан өшпеуі, ұмытылмауы тиіс.

Отан қорғау, ел шетіне жау келсе, шеп құрып шекісу, қайрат көрсетіп, қаһарын таныту – ер жігітке парыз. Бұл парыз кешегі жаугершілік заманда да, бүгінгі бейбіт күнде де еркек кіндіктінің мойнынан түскен емес, түспейді де, түспек те емес. Қай елде де солай. Сондықтан ер баланы ерлікке, батырлыққа бала күнінен тәрбиелеу бүгін де маңызын жойған жоқ. Қайта әлем елдері әскери қуатын арттырып, оған миллиардтап ақша төгіп жатқан қазіргі таңда бұл өте маңызды тақырыпқа айналғанын жасыруға болмайды. Сол себепті де ұл балаға ерте жастан ерлік ұғымын, бұрынғы бабаларының бұл ұлы жолда өшпес із қалдырғанын жете түсіндіру керек. Ол, әрине, батырлар жырында кестелі  тіл, өрнекті өлеңмен шебер өрілген, әсірелеумен әрленіп, баланы қайталанбас әсерге бөлейтін, оның қиялына қанат бітіретін ерекше формада берілген:

«… Астында Шұбар секірді,

Жазым болып кетер деп,

Үстінде бала бекінді,

Шынжыр арқан,темір тор,

Жүн- жүн болған секілді.

Тағы шұбар бұлқынды,

Үстінде бала жұлқынды,

Қамалап тұрған қалмаққа,

Жалғыз бала ұмтылды.

Енді қалмақ сасады,

Қақпаның аузын ашады.

Біріне бірі қарамай,

Қақпаға құлып сала алмай,

Бет бетімен қашады.

Алдыңғы жағын қалмақтың

Арт жағы келіп басады…

…Көк орданың басында,

Көк өзеннің қасында,

Тайшық хандай ханына

Алпамыс берен айқасты.

Қарсыласып қалысты,

Тайынбай найза салысты.

Біріне бірі ылағып,

Екі найза қағысты.

Осы менен екеуі

Біраз жерге барысты.

Найзаларын тастасып,

Қылышпенен салысты.

Ат үстінен жүгіртіп,

Бірін бірі шабысты…» («Алпамыс батыр» жырынан)

Жырларда кездесетін тағы бір нәрсе – батырдың қалыңдығы туралы білуі және сол үшін күресуі. Махаббат үшін күрес! Осы бір ұлы сезімге адалдық тұтас бір ұлттың ұлы болуына ықпал етеді дегенге сенбессіз, бірақ солай. Себебі, өмірлік жар таңдау, оған деген қамқорлық пен құрмет, оны қорғау үшін жанын пида ете білу сынды қасиеттер елде берекелі шаңырақтардың көбеюіне негіз болады. Ал дәл сондай шаңырақтардан елі, жері үшін отқа түсуден тайынбайтын ұландар шығады. Сондықтан баланың бойында махаббатқа адалдық, сүйе білу, жар таңдай білу сынды құнды қасиеттерді қалыптастыруда батырлар жырының рөлі зор.

Қазақтың батырлық жырларында елін қорғаған батырлармен қатар, олардың анасы мен жар-жұбайлары да үлгі етіп көрсетілген. Оларды батырларды жорыққа дайындаушы, намысы мен жігеріне дем беруші, ақылшысы және қамқоршысы ретінде көрсеткен.

Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында Құртқа ақылды, сабырлы, көреген болып суреттеледі. Ол жасымайды, қайта батырға үнемі ақыл қосады, Тайбурылды баптап, жарыққа дайындайды, мұның барлығы батырдың қиындықтарды женіп шығуына себін тигізеді:

Күн түсірмей көзіне,

Жел тигізбей өзіне,

Үстіне шатыр тіккізді,

Не керегін жеткізді.

Қулықтың сүтін емізді,

Қызыл дәріні жегізді.

Түндікпенен күн берді,

Түтікпенен нәр берді.

Қазақ қыздарының жарына деген мұндай адал қызметін Ақжүніс пен Гүлбаршын, Назымдардың да басынан көруге болады. Мұны ұрпақты ерлікке тәрбиелеудің тағылымдық үлгісі десе артық емес.

Осы секілді ұзын-сонар шумақтарды мысал етіп, талай рухани құндылықтардың тамыры жырларда жатқанын дәлелдеуге болады. Оның ішінде адал достық, ерлік, отансүйгіштік, жауға деген қаһар, жарға деген махаббат, туған елге-жерге деген сағыныш, табиғатқа деген құрмет, бәрі-бәрі қамтылған. Сондықтан бала тәрбиелеуде батырлар жырын оқыту қайта қолға алынып, қайта жаңғыртылуы тиіс.

ҚазАқпарат

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version