22.11.2024

ОҚУШЫЛАРҒА ҰСЫНЫЛАТЫН ТАПСЫРМАЛАР ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?

Оқушылар оқу материалын, сабақ тақырыбын белгілі бір тапсырмаларды орындау арқылы игеретіндігі белгілі. Сабақтарға қатысу барысында «Оқушыларға ұсынылатын тапсырмалар қандай болуы керек?» деген сұрақты нақтылау керектігін түсіндім. Жасыратыны жоқ, көп сабақтарда мұғалімдер тапсырманы оқушыларға олардың бос отырмауы үшін, немесе тапсырманың қызықтылығы үшін, немесе өзінің дидактикалық қоржынында көп әдіс-тәсілдерін бар екендігін көрсету үшін беретін секілді. Алайда кез келген сабақта басты мәселе – сабақ мақсаты. Сондықтан да сабақтағы барлық тапсырмалар, қолданған әдіс-тәсілдер тек сабақ мақсатын ашуға, соған жетуге бағытталуы керек. Осыны мұғалімдер сабақтарында қадағалай ма?
Сайып келгенде, сабақ негізінен «Мақсат» және «Нәтиже» аралығында өтуі қажет секілді. Басқаша сөзбен айтқанда, сабақтың формуласы (немесе схемасы) мынандай болуы керек деп ойлаймын: «Тақырыпты игеру = Мақсатты айқындау → Іс-әрекеттер → Нәтиже».
Тапсырманы жоспарлап, оқушыларға ұсыну үшін алдымен мына мәселелерге назар аудару қажет:

1. Мақсаты.

Мұғалім «Бұл тапсырманы мен сіздерге не үшін беріп отырмын?» деген сұраққа жауап береді немесе оқушыларға «Бұл тапсырманы не үшін бердім?» деген сұрақты топ ішінде талқылуды ұсынады. Мұғалім «Оның нәтижесі не болады?» деген сұрақты оқушыларға айтып немесе талқылауды ұйымдастырады.
Мақсат тақырыптан туындайды, ол – сабақтың негізгі ұғымы. Ал барлық тапсырмалар сабақ мақсатын ашуға, мақсатты жүзеге асыруға бағытталады. Мақсатты талқылау осы идеялар ауқымында өткені дұрыс.
Тапсырманың мақсаты тақтаға жазылып немесе әр топқа (әр оқушыға) таратылса болады.

2. Деңгейі 

Тапсырма күрделілігі Блум таксономиясының жоғары деңгейлеріне сәйкес болғаны орынды. Оқулықты қайталайтын тапсырма ұсынбай, оның ауқымынан тыс шығып, материалды дамыту, тереңдету немесе оның негізінде жаңа ақпарат, ұғым құрастыруды талап ететін тапсырма берген жөн. Басқаша сөзбен айтқанда, тапсырма «Білу» және «Түсіну» деңгейлерінде болмай, «Қолдану», «Талдау», «Жинақтау», «Бағалау» деңгейлерінде болғаны дұрыс. Мұндай деңгейлердегі тапсырмаларды орындау оқушылар үшін «Білу» мен «Түсінуді» міндетті етеді.

3. Уақыт.

Тапсырманы орындау үшін берілетін уақытты нақты белгілеу. Жұмыстың аяқталу мерзімін тақтаға жазып қойған орынды. Дәл осы уақытта жұмыс тоқтатылып, жасалған өнімдер (постерлер, слайдтар, т.б.) жиналып алатындығы ескертіледі.

4. Қалай орындалады? (Нұсқаулық)

Мұғалім тапсырманы қалай орындау керектігін түсіндіреді, немесе жұмыс жасау реті (алгоритмі) тақтада көрсетіледі, немесе әр топқа (әр оқушыға) таратылады. Тапсырма бойынша не жасау керектігін (немесе нұсқаулықты) 30 секунд немесе 1 минут уақытта топ ішінде талқылау да орынды болар.

5. Қалай бағаланады (критерийлер, бағалау шәкілі).

Бағалау критерийлері мен шәкілі тақтада көрсетіледі, немесе әр топқа (әр оқушыға) таратылады.

6. Тапсырманы дұрыс түсінгендігін анықтау (қайта сұрау, қайталату, топта талқылау).
Оқушылардың тапсырманы дұрыс түсінгендігін айқындау мақсатында олардың біреуінен қандай тапсырма берілгенін қайталап айтуды сұрау. «Тапсырманы түсіну – оны табысты орындаудың 50%» деп бекер айтпайтын да болар.

7. Топ/жұп құрамында орындау.

Берілген тапсырманы топ немесе жұп құрамында орындау қажет. Оқушылардың бұл жұмысты таңдап алған рөлдер ауқымында жүзеге асырғандығы дұрыс. 
Мұнда топтағы өзара позитивті тәуелділікті тудыру үшін әр топтың спикерін көрші топтың таңдағаны орынды. Бұл спикерді топтың өзі тағайындаудан әлдеқайда тиімді болады, өйткені топ мүшелері топ намысын бермеу үшін барлық оқушылардың талқылауға белсенді қатысып, спикер болатындай дәрежеге шығуға тырысады.

8. Жариялау.

Оқушылар өз жұмыстарын сыныпқа таныстыру, қорғау үшін қанша уақыт берілгенін айту керек (мұғалімнің шешімі бойынша: мысалы, 1 немесе 2, 3 минут).
Жариялау барысындағы ең маңызды сұрақ: «Бір топ қорғағанда (немесе бір оқушы сөйлегенде) қалған оқушылар не істеп отырады?» Қалған оқушылар бекер отырмау үшін олар бір-біріне кері байланыс беруге дайындалып отыруы керек. Ол үшін жариялаумен таныса отырып (тыңдап, қарап отырып), бір шағын топ (немесе бір оқушы) сұрақтар қоюға дайындалса (сұрақ мөлшері 1-2 аспауы керек), екінші топ (немесе оқушы) «жұлдыздар» беруге (таныстырылымның ұтымды жақтарына тоқтау), ал үшінші топ (немесе оқушы) таныстырылымды (жұмысты) қалай жақсартуға болатындығы туралы ұсыныс жасауға дайындалады. Егер төртінші топ болса (немесе төртінші оқушы), онда оларға таныстырылымды қорытындылау тапсырмасы беріледі, яғни оқушылар бұның оларға жасаған әсері, көмегі, маңызы туралы өз ойларымен бөліседі.
Осылайша оқушылар тек мұғалімге жауап бермей, өз таныстырылымдарын бүкіл сыныпқа бағыттайды. Қалған оқушылар да өздерінің жұмыстарымен әлек болмай, назарларын жарияланып жатқан жұмысқа (немесе айтылып жатқан жауапқа) аударады.

9. Кері байланыс.

Жариялау (таныстырылым) аяқталған соң оқушылар оның сапасы туралы өз ойларын ортаға салып, жағымды жақтарына тоқталады және оны жақсарту туралы ұсыныстар жасайды.
Әрине, мұнда кері байланыстың «сыншыл дос» ұғымы ауқымынан шықпағаны дұрыс. Сонымен бірге кері байланыс жариялау жасаған оқушыларға пайдалы болып, оларды ынталандыруы және қанаттандыруы керек. Мұнда бұл оқушылардан кері байланысты қалай қабылдағандығы туралы сұраған орынды: кері байланысқа қайтадан кері байланыс жасатқан іспетті.

10. Қорытындылау 

12195798_854477211317117_316194016401867868_nТапсырма бойынша белсенді әрекеттер аяқталды. Енді оқушылар рефлексиялық ой-толғанысқа ден қойып, аз уақытта (1-2 минут) топ ішінде немесе бүкіл сыныппен тапсырманың нәтижелерін талқылағаны орынды. Олар бұл талдауда «Тапсырманы қалай орындадық? Орындаудың плюстері мен минустары қандай? Неліктен олай болды? Тапсырманы орындау бізге не берді? Оның нәтижелері қандай?» секілді сұрақтарға жауап беруге тырысуы керек. Мұғалімнің мұнда тағы да олардан сандық қатынастарды талап етуі ыңғайлы. Мысалы, жалпылама «Тапсырма орындау барысында не үйрендік?» сұрағының орнына «Тапсырма орындау барысында үйренген 2 нәрсені көрсетіңіз» тапсырмасын берген жөн болар.
Мұғалімнің оқушылардың жауаптарын 2-4 сөйлем арқылы тұжырымдауы дұрыс. Немесе бұл жұмысты жеке оқушыға берген абзал. Мұндай қорытындылау тапсырмасын әуелден берген орынды, ол үшін мұғалім «Балалар, біз қазір мынандай тапсырма орындаймыз. Ал, Серік, мен сізге сабақ соңында 1 минут беремін, сіз сол уақытта тапсырманы орындау барысында не үйренгендігіміз туралы өз ойыңызды келтіріп, тапсырманы қорытындылайсыз!» деп оқушыны ескертеді…

Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

-ЖАРНАМА-spot_img

1 COMMENT

  1. Мен сайт әкімшісіне пікір білдіргім келеді. Сайттың аты айтып тұрғандай білімділер мақала жариялайтын, білім іздейтіндер сол мақаланы оқитындар сайты ғой. Бірақ сайтта пікір қалдырғың келсе неліктен “ПІКІР ҮСТЕУ” деген батырманы басуымыз керек? Joomla СМС-інде қазақшаға аудару кезінде қате кеткен. Оны түзетуге болады.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА