22.11.2024

Әлімов Асхат. Білім – ақпарат емес

Білім деген не? Дәстүрлі (репродуктивтік) оқыту оны бірінші кезекте ақпаратпен байланыстырады. Бұл түсінік білім игеру процесінің басты проблемаларының біріне айналып кеткен, өйткені ол үйрену/үйретудің мазмұнын тек ақпарат «берумен» (ұстаз тарапынан) және «алумен» (шәкірт тарапынан) шектейді. Ондай жағдайда «білімді» деп тек көп білетін, яғни жадында, есінде көп мағлұмат сақтайтын адамды атауымыз керек шығар? Ал ондай ақпараттың қажеті қанша, ол адам өмірін түрлендіретін, жақсартатын нәтижеге алып келе ме?

Алайда «білім═ақпарат» ұстанымы бұл сұрақтарды жауапсыз қалдырады, өйткені мұнда қандай да болмасын сала мен бағыт бойынша «Сіз білесіз бе?», «Әлем таңғажайыптары» немесе «Әлемде талай қызық бар» сынды айдарларға сәйкес мәлімет келтіретін, қандай да тақырып тұрғысынан дерек беретін адам (жадында көп мөлшерде ақпарат жинақтаған) білімді саналады. Ондай білімпаздар айналадағы елді таңдай қаққызып, тамсандырады да: «Мынаның білмейтіні жердің астында екен ғой!» деп.

Осы түсінік дәстүрлі оқытуда басты назарды есте сақтауға аударады. Әдетте ұстаздар шәкірттерден не нәрсені талап етеді, не тілейді? Көбіне көп мұғалім оқушыдан кешегі сабақта өзінің айтып бергенін немесе оқулықта жазылғанды бұлжытпай қайталап беруді сұрамай ма? Егерде оқушы осы тапсырмаларды мүлтіксіз орындаса (қайтадан репродукция!), оны білімді деп есептеп, оған жоғары бағаларды қоятындығымыз рас қой?

Тіпті алысқа бармай-ақ қояйық, мектеп түлектері тапсыратын Ұлттық біріңғай тестілеу сұрақтарының дені (мәселен, қазақ тілі мен әдебиеті, тарих, география, биология пәндері бойынша) оқушының жады мен есте сақтау қабілетін ғана тексеретін сияқты. Теледидарда кең орын алған білімпаздардың түрлі жарыстары, додалары мен конкурстарының тапсырмалары да осындай деңгейде. Сонда білім дегеніңіз есте сақталатын ақпарат көлемі ме?

Онда мынандай жәйтті сараптайық. Білімнің жылдан жылға дамып, өсіп отыратындығы дау туғызбайтын аксиома. Мәселен, бүткіл адамзаттың бар білетіні 1800-1900 жылдар аралығында (яғни, жүз жылда) екі есе өскен деген есеп келтіреді ғалымдар. Ал білімнің келесі екі есе өсуі енді елу жылда (1901-1950 жылдар аралығында) орын алыпты. Осыдан кейінгі еселену жиырма жылда (1951-1970 жылдарда), содан соң он бес жылда (1971-1985) болған екен. Ал қазіргі кезде білім әрбір төрт жыл сайын екі есеге ұлғайып отыр дейді ғалымдар. Бұл дегеніңіз жоғары оқу орнына түскен студенттің төрт жыл оқу барысында білімін арттырудың орнына бұрынғыдан екі есе аз біліп шығуы университеттен. Өйткені адамзаттың бар білетіні осы уақыт аралығында екі есе өсіп кетпей ме?! Парадокс: төрт жыл ішінде білімді болып шығам деген студенттер керісінше бұрынғысынан екі есе кем білетін болады!..

Білім тура осы қарқында үдей беретін болса, аз уақыттан кейін адамзаттың бар білетіні әрбір 76 күнде (екі жарым айда!) екі есе өсіп отыратын көрінеді ғалымдардың пайымдауынша. Мінекей адамзат білімі қандай үдемелі қарқында дамып отыр!

Ақпараттың осылайша көз ілеспес жылдамдықпен дамуымен бірге адам миының есте сақтау мүмкіндігінің шектеулі екендігін ұмытпау керек. Тағы да ғалымдар дерегіне жүгінейік: адам жадында орташа есеппен 300 миллион кітапқа сиятын көлемдегі ақпаратты ғана сақтай алады екен. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші осыншама кітапты: егер әрбір кітаптың қалыңдығы орташа есеппен үш сантиметр деп есептесек, мұншама кітапты бір-біріне тақастырып қойса, ұзындығы тоғыз мың шақырымға созылатын сөре болар еді. Ұлттық кітапханада осындай мөлшерде кітап жинау үшін қаншама сөре керек болар екен? Адамның миы не деген көлемді еді!

Алайда бұл көлемнің орасан көп бөлігін өмірде қажетті білік пен дағдылар (мәселен, сөйлеу, жүру, оқу, жазу, ойлау, тамақтану, т.б.) және күнделікті ағымдағы ақпарат (мысалы, алдыңғы күндердегі іс-әрекеттеріміз: не жасадық, не сөйледік, не естідік деген сияқты) құрайды.
Бұған қоса мидің есте сақтау мүмкіндігі еш өзгеріссіз 300 миллион кітап ауқымында қалады: оны кеңейтуге тіпті де болмайды. Қандай да бір жаңа ақпарат ескіріп қалған немесе қажетсіз деп табылған мәліметті санамыздан ығыстырып бейсанаға шығарып тастайды екен. Сондықтан да біз өткен шақ (кеше, оның алдында, өткен аптада, айда, жылда) мәселелерінің егжей-тегжейлерін ұмытады екенбіз.

Көне заман философтарының бірі «Адамның табиғи қасиеті есте сақтау емес – ұмыту» деген екен. Шынымен-ақ, біз тіпті де есімізде көп нәрсе ұстай алмаймыз-ау. Әсіресе мәлімет пен мағлұматтарды. Сенбесеңіз, мектепте оқыған, бір кезде жаттап алғандарымыз қазір қайда кетті?
«Япырмау, мектепте «Алпамыс батырды» түгелімен жатқа білуші едім, қазір сол жырдың тек бас жағы ғана есімде қалыпты ғой!» деп қынжылып еді менің бір сыныптас жолдасым. Тура осы сияқты математика мен физикадан, химия мен биологиядан, әдебиет пен тарихтан, қазақ, орыс, ағылшын тілдері грамматикасынан талай мәліметтерден хабардар едік қой! Қайда кеткен сол білімнің барлығы?! Солардың барлығы кәдемізге жарамай қалып, ұмыт қалды ғой! Онда неліктен оларды кезінде оқыдық, үйрендік, жаттадық, ұмытатын болсақ?

Аға буынға жататындар кейде кейіс білдіреді емес пе (бұл жерде мен сонау 20-50-жылдар аралығында мектепте оқығандарды меңзеп отырмын): «Біз бала кезімізде бір естігенімді қағып алып, жаттап алушы едік, осы күнгі балалардың бәрі де ақпа құлақ!» деп. Алайда олардың кезінде ақпарат көздері шамалы болып (бірінші мезетте мұғалімнің білімі мен кітаптар), оның мөлшері де бүгінгідей көп болған жоқ еді ғой!.. Егерде, мәселен, ХІХ ғасырдың орта шенінде бүткіл физиканы бір адамның толығымен білуі ықтимал нәрсе болса, бүгінде бұл ғылымның бір саласының ішіндегі көп бағыттың бір тармағын ғана терең (жалпылама емес!) игеру мүмкін.

Қазіргі заман – ақпарат заманы, ол жан-жақтан әртүрлі формада (кітап, газет -журнал , теледидар, радио, қарым-қатынас, Интернет, ұялы телефон, жарнама, т.б.) орасан зор көлемде ағыл-тегіл келіп түсуде. Алайда адам өзінің шектеулі миымен барлық ақпаратты есте сақтап, игере алмайды, оған уақыты, тіпті өмірі жетпейді. Мәселен миллионға дейін санаудың өзі ғана 278 сағаттай уақытты керек етеді, ал бұл дегеніңіз 11 жарым күн!.. Осы сияқты миллиардқа дейін үздіксіз санау үшін отыз екі жылдай қажет (егерде секундына бір сан айтып отырсақ). Ал бүгінгі күнгі ақпараттың мөлшері қаншама миллиондар мен миллиардтардан құралады десеңізші!..

Елімізге танымал педагог-ғалым Немеребай Нұрахметов бірде былай деп еді: «Мен химия ғылымдарының докторымын, профессормын, академикпін. Маған бұл ғылыми лауазымдар өзімді аз да болса білімді адам деп санауға құқық береді. Ал менің білетінім қаншама? Химия ғылымында бес миллионнан астам атау мен құбылыстар бар, ал мен солардың ары кетсе екі мыңын ғана білетін шығармын».

Сонымен, «білім ═ ақпарат» формуласы бүгінгі күні ескірген, білім ақпарат емес деп ұйғаруға әбден болады.

Бәрін білу мүмкін емес, оған өміріміз де жетпейді және оның қажеті де жоқ, өйткені ақпарат әрбір он жылда 90%-ға ескіріп отырады: қандай да бір ақпаратты игеріп алсақ, бірер жылдан кейін оның қажеттілігі болмай да қалуы мүмкін. Бұған қоса болашақтағы (бес-он жылдан кейінгі) кәсіптердің төрттен бірі (яғни, 25 %) бүгінгі күні өмірде жоқ деп есептейді ғалымдар. Олар тек уақыт өте ғана пайда болады. Олар қазір жоқ болса, оларға қалай үйренуге болады: жоқ нәрсеге үйрену мүмкін бе?

Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының аға менеджері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА