22.11.2024

Дәстүрлі сабақ барысы…

(әзіл-шыны аралас эссе)

Орта мектепте дәстүрлі сабақтың ең көп тараған үрдісін көз алдымызға елестетіп көрейікші…
Сабақ әдетте мұғалімнің сынып журналы бойынша әр оқушының фамилиясын атап, кімнің бар-жоқ екендігін түгендеуден басталады. Бұған шамаман 2-4 минуттей есіл уақыт жұмсалады. Түгендеу әдетте оқушылардың бар-жоғын анықтаумен қатар оқушыларға сипаттама берумен қатар жүреді: «Алпысова! Бар ма? Бар!.. Әлімов! Бар ма? Бар!.. Әубәкіров! Бар ма?.. Әубәкіров қайда? Әй, Әубәкіров, неғып мелшиіп орныңнан тұрмай отырсың?! Тұрмайсың ба фамилияңды атағанда! Әубәкіров бар дейміз! Баймұханбетов бар ма? Бар!.. Жүргенбаев! Бар ма? Неге жоқ? Кенбаева! Сен Жүргенбаевтың қасында тұрасың ғой, ол бүгін неге жоқ? Ауырып қалды дей ме? Апасы айтты ма? Оның өзінен неге сұрамадың?Бүгін сабақтан кейін міндетті түрде біліп кел! Ертең жауабын берерсің!.. Әрі қарай жүре берейік. Қыстаубаев! Бар ма?»
Неліктен мұғалім оқушыларды түгендеуге осыншама уақыт жіберетіндігі белгісіз: бұл амал не уақыт өткізудің бір түрі, не өз өктемдігін жүзеге асыру тәсілі… 
Енді үйге берілген тапсырманы тексеру кезеңі басталады… Оқушыларды түгендеп болған соң мұғалім журналға шұқшиып: «Ал енді өткен сабақтың тақырыбы бойынша маған сөйлейді… маған сөйлейді…» деп қаламын (немесе саусағын) әдетте тізімнің жоғары жағына тоқтатқанда, фамилиялары әліпбидің басындағы әріптерден басталатын оқушылардың зәре-құты қалмайды, олардың жүректері төмен қарай зырқ етіп табандарының түбіне түсіп, не, керісінше, жоғары атылып, ауыздарына тығылады емес пе?! Олар кірерге тесік таппай, амалы жоқ болып етбетінен партаға жатып алып, ішінен дүғаларын оқи береді. Дұғаларының мәтіні екі минуттың ішінде 100 рет айтып үлгеретін үш-ақ сөзден тұрады: «Менен сұрамаса екен! Менен сұрамаса екен! Менен сұрамаса екен!»… 
Сынып іші тым-тырыс күйге енеді: шыбынның ызыңы естілгендей… Стресті бастан кешіретін нағыз осы шақ! Байғұс шәкірт, сен сол мезетте қаншама миллиард жүйке жасушаларынан айрылады екенсің?! Оны ешкім де өлшеген емес…
Бір кезде ағай (немесе апай: бәрібір емес пе кім екендігі, өйткені олардың сабақтарының бір-бірінен алшақтығы шамалы ғой!): «Маған сөйлейді бір «екісі», бір «бесі» бар Рапбек бала Терлікбаев!» деп үкім шығарғанда, бүкіл сынып жеңілденгендей «Үф!» деп демін бір сыртқа шығарып алады. 
Өткен сабақтардың бірінде алған «екілігін» жою мақсатында кеше ғана №30 параграфты толық жаттап келіп, тақтаның алдында шірене жауап беріп, сол үшін «бестік» алып, «Әй, енді ағай/апай үш-төрт сабақ менен сұрамас!» деп қаннен-қаперсіз отырған Рапбек үшін ғана бұл хабар аспаннан дүңк етіп түскен жайдың оғы іспеттес болды. Жаңа ғана ол алдындағы партада отырған Гүлжаһанға саусағын безеп, «Көресің, қазір сенен сұрайды!» деп қорқыта мазақтап отыр еді… 
Алғашында Рапбек құлаққа ұрған танадай селтиіп тұрып қалған. Мұндай әділетсіздікке сенгісі келмеді. Бүкіл сынып Рапбекке жанарын тігіп отыр. «Отличниктер» оған сынай қараса («Ал көрейік, қандай екеніңді: өткен сабақта ешкімге сөз бермей сарнап едің, бүкіл тақырыпты жаттап алып! Сайра енді, бұлбылым! Сабақты айта алмасаң, – мен саған қалай жауап беру керектігін көрсетермін!»), орташалар үмітпен қарайды («Ойбай, құтқар бәрімізді, Рапбек, құрымай тұрғанымызда! Өткен сабақта бәрімізді де тамсандырып едің ғой! Сен жауап берсең, бізден сабақты сұрамайтын да болар!»).
Рапбекке енді ғана тіл бітті. «Астыңғы ерні қыбырлап, Үстіңгі ерні жыбырлап, Рапбек сонда сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді»:
– Ағай/апай! Мен өткен сабақта жауап беріп едім ғой!
Сәл діріл қаққан дауысынан реніш сезілгендей. Алайда ағай/апай оның сөзіне титтей де иланған жоқ, жауап беруді талап етті… Желкесін қынжыла қасып, арылы-берілі теңселуге ғана шамасы жеткен Рапбекке (амал нешік!) бүгінгі сабаққа дайын еместігін мойындап, орнына отыруына тура келді. 
Ағай/апай Рапбекті біраз жерге апарып тастады («Сені тәп-тәуір бала ма деп жүрсем, сен де мына Жүргенбаевтардың арғы-бергі жағында екенсің ғой! Қап, бәлем, осыдан тоқтай тұр, сынып жетешісіне/әкеңе/анаңа/ ағаңа/ әпкеңе айтып, сазайыңды тарттырармын!»). Рапбектің әдемі жүзі қызарып кетіпті: әбден масқарасы шыққандай кейіпте өзі…
Ағай/апай Рапбектің ұпайын түгендеп болған соң тағы да екі-үш баланы «жауапқа тартты». Біреу жауап бергенде, басқалары бұғып отыратын әдет емес пе! Бәрінің ойы бағана айтқан «Менен сұрамаса екен! Менен сұрамаса екен! Менен сұрамаса екен!» деген тілек. Құдды оқушының Көкке бағыштаған жалбарынуы секілді бұл сөздер…
Айтып-айтпай не керек, әйтеуір әупірімдеп жүріп, сынып өткен сабақты бір қайталап шықты-ау бір кезде! Мұнда да бірінші партада отырған, сабаққа ылғи да дайындалып келуді өздерінің өмірлік міндеті мен борышы санайтын Гүлбаһар мен Гүлмираларға рахмет: манадан бері қолдарын көтеріп «Мен айтайыншы! Мен айтайыншы!» деп безілдеп отырғандарында, оларды «Сендер күнде жауап бересіңдер ме?» деп елемей қойған ағай/апай уақыт өте әбден шыдамы таусылып, бір кезде тақырыпты солардан сұраған… 
Ендігі кезек – жаңа сабақты түсіндіруде. Ағай/апай орнынан тұрып, жөткеңкіреп тамағын бір қынап алып, екі иығын қомданып, шашын (костюмін, жағасын, галстугін, қалтасын, т.с.) сәл түзеп қойып, бүгінгі сабақтың тақырыбы жайлы әңгіме шертуге кіріседі. Оның айтатыны оқулықта жазылғанның ар-жақ бер жағы, сол деректі азғантай ғана түрлендіріп, сәл-пәл «сұйық май» қосып, «өз сөзімен» айтып беруде ағай/апай. Желідегі құлындай оқулықтан пәлендей алшақтай алмайды. Өзінің негізгі міндетін орындап тұрған сыңайда: қатқылданған жүзінен шабыттың әнтек болса да бір табы сезілетіндей, даусы да жарқын-жарқын шығады…
Ағай/апай жаңа сабақты айта бастағанда, бүкіл дерлік сынып иықтарынан тау түскендей жеңілденіп, босаңсығандай. Сабақтың ең ауыр, азапқа тұрарлықтай кезеңі аяқталды олар үшін. Енді бойыңды да еркін жазуға болады. Сол себепті де әркім өз ісімен айналысуда. Гүлжаһан Рапбекке тілін көрсетіп, «Алдың ба, бәлем, сазайыңды; бағана маған күліп едің!» деп мазақтап, дән риза. Әбілғазы мен Бақыт алдарында жатқан қағазға шұқшиып, өздері ғана түсінетін бір ойын ойнауда. Майра мен Күләйхан қол айнасына әлсін-әлсін жасырын қарап, шаштарын түзеп әлек. Жомарт пен Сейітжанның екі көзі ағай/апайда, алайда ауыздарын алақандарымен көлегейлеп («ағай/апай сезіп қоймасын» деп), қызық бір тақырыпты талқылауда (шамасы Майраның әдемілігі жайлы). Асан болса Гүлбаһарға анда-санда жасырын көз тастап, дәптерінен жұлып алған параққа хат жазуда; хат жолдары оқтын-тектін өлеңге айналып кете жаздай ма, қалай?.. Рапбектің фәни денесі сынып бөлмесінде отырса да, оның бақи жаны зәулім арман мен шексіз қиял патшалығына сапар шегіп кеткен сыңайда, тек анда-санда еріндері діріл қағып, жыр жолдарын қайталағандай болады… 
Ағай/апайды тыңдап отырған бағанағы алдыңғы парталардағы озат оқушылар ғана. Олар мұғалімді көздерімен ішіп-жеп барады, құлақтары да тікірейіп, ағай/апайдың бір сөзін де жерге тастамай, ішіне құйып алып отырғандығын дәлелдегісі келгендей.
Алайда басқа оқушылар сабақты «түсіндіруді» тіпті де елеп отырған жоқ… Мұғалім мұны біле ме? Білсе, неліктен әңгімесін қызық қылып айтпайды? Неге сөздеріне бәрін де селт еткізер, оқушылар өміріне тікелей қатысы бар құнды бір мағлұматтар қоспайды? Неге оқушыларды да әңгімеге араластырмайды? Неліктен диалог құрмай, тек монологқа дес береді? Әлде оған бәрібір ме: оқушылар тыңдап жатыр ма, жоқ па? Тыңдамаса, тыңдамасын, әйтеуір мен өз міндетімнен құтылдым: «Айтып бермесем – маған серт! Қайталап бермесең – саған серт!» деген сыңайда ма мұғалімнің басты сабақ ұйымдастыру мен өткізу қағидасы? 
Ағай/апай анда-санда ғана өз сөзін оқушыларға ескерту жасау үшін бөледі: «Әй, Асқат, сен неге тықыршып кеттің?! Тыңдамайсың ба!» немесе «Менің айтып тұрғанымды ертең дәлме-дәл айтып бермесең, Дәмешкен, «екілік» алғаның! Тыңдап отыр!», т.с.с… Сонда оқушылардың сабақтағы басты міндеті мен әрекеті тек тыңдау болғаны ғой!
Осындай сабаққа қатысқаннан кейін, бір мұғалімнен «Сіз не үшін оқулықта келтірілген мәліметті өзіңіз айтып бердіңіз: оқушылар тіпті де Сізді тыңдамады ғой? Мүмкін жаңа тақырыпты игеру жұмысына оқушыларды қатыстыру керек болар: олар Сіздің жетекшілігіңізбен бірлесе отырып, мәтінді өздігімен оқып, оны бірлесе талқыласа қалай болар еді» деп сұрағанымда, ұстаз «Мен мемлекеттен бекер жалақы алып жүрмегенімді дәлелдеуім керек емес пе? Сол себепті де оқушыларға түсіндіруім керек!» деп жауап беріп еді… 
Айтып-айтпай не керек, әйтеуір мұғалім жаңа сабақты түсіндіруін аяқтады деп есептейік. Өз сөздерінің нәтижелі болғандығын ағай/апай оқушылардың әрекеттерінен емес, ауызша пікірінен ғана білгісі келеді: «Балалар, жаңа сабақты түсіндіңдер ме?» Әрине бүкіл сынып «Түсіндік!» деп жауап береді. Бағанадан бері есіл-дерті басқада болып отырған, алайда бұл сұраққа жауап бермеуге болмайтындығын жақсы білетін Сейтжан тіпті ренжігендей кейіп көрсетеді: «Түсінбегенде ше?!» деп. Басқа жауаптың болуы мүмкін емес бұл жағдайда, оқушылар оны жақсы біледі: егер де «Мен мынаны түсінбедім!» деп айтуың мұң екен, дәу бәлеге қалғаның! Мұғалім өзіңе тиіспей ме «Неліктен түсінбедің? Өзің кінәлісің: тыңдамағанның салдары бұл!» деп. Сондықтан манадан бері селқос отырған шәкірттер «Түсіндік!» деп тақ-тақ етеді…
Енді сабақтың үшінші кезеңі – жаңа білімді бекіту өз кезегін күтіп тұр. Зор борышын орындаған кейіппен ағай/апай орындыққа отырып (жүзінде сәл шаршаңқылық сезіледі: оңай да емес қой 15-20 минут көсіліп сөйлеген!), оқушыларға тапсырма береді: «Ал енді, балалар, пәленшесінші параграфты ашып, соны оқыңдар (немесе: түгеншесінші есепті шығарыңдар, пәленшесінші жаттығуды көшіріңдер), сабақ соңында мен тексеремін!» 
Бүкіл сынып шұқшия жұмысқа кірісіп кеткендей, ал ағай/апай бір (немесе бірнеше) оқушыны тақтаға шақырып («Әй, Баймұқанбетов пен Сырбаев, бағанадан бері тіпті де құлақ салмай отыр едіңдер! Келіңдер, түсінгендеріңді көрейін!»), сол балалармен жаңағы тапсырманың бір бөлігін орындайды. Қоңырау шылдырлағанда, мұғалім әлі де әлгі оқушылармен әлек болып жатады, басқалардың немен айналысып отырғандығын қапеліміне де алмайды. Ал басқалар берілген тапсырманы орындап жатқан сыңай ғана көрсетіп, манадан бері айналысып жатқан істерін жалғастыруда. Тек екі-үш бала ғана (ішінде сол баяғы Рызуангүл, Гүлмира, Гүлбаһар бар) мұғалімнің берген тапсырмасымен әуреленіп, әйтеуір бір әрекет жасап, қыбырлап отыр.
Әбден іштері пысқан Жомарт пен Сейітжанның тағы да бір ермегі бар: олар сағаттары барларға қарап, сол қолының қарын көрсетіп, «Қанша?» деген кейіппен қастарын көтереді. Аналар болса «ағай/апай көріп қоймасын!» деп, сағаттарының циферблаттарына ұрлана қарап, қоңырауға қанша минут қалғандығын саусақтарымен көрсетеді. Оларды тергеген Сейітжанның бет-әлпетінен сабақтың қашан аяқталатындығын дөп білуге болады: жүзіне көлеңке жүгірсе – әлі де біраз уақыт шыдау керектігін түсінесің, ал егер ыржың-ыржың қағып, аппақ тістерін көрсетсе, онда азаптың финалына 5 минуттай қалды дей беріңіз…
Көптен күткен қоңырау үні балаларға зор дүмпу беріп (оны баяғы «Аврора» крейсері зеңбірегінің атысымен салыстыруға да болады!), бүкіл сынып орнынан өре түрегелгенде, ағай/апайдың жалынышты (немесе қатқыл, өктем): «Үй тапсырмасын жазып алыңдар!» деген сөздерін елегендер аз болады. Өйткені келесі сабаққа пәленшесінші параграфты оқып келу (немесе түгеншесінші есепті шығару, пәленшесінші жаттығуды орындау не көшіру) секілді үйреншікті тапсырма беріледі: бәрі де іш пыстырар, ешкімнің де зауқы соқпайтын харекеттер…
Осы жерде оқу процесіне қатысушыларды – мұғалім мен шәкірттерді – «Бұл тапсырмалар оқушы үшін қызықты ма? Оларды орындаудың мақсаты қандай? Олар қандай нәтиже береді? Олар оқушылардың дамуына өз септігін тигізе ме?» деген сұрақтар тіпті де мазаламайды. Соған қынжыласың. Әйтеуір, «үйге тапсырма бермеді деп айтпасын» деген мағынада жасалып жатқан далбаса. Сабақ та сол түсінік пен ұғым тұрғысында ұйымдастырылып, өткізіледі: «Сабақты түсіндірмеді!» деп айтпасын». Бәрі де шынайы емес, формалды… Екі жақ та өз міндеттерінен құтылған сияқты: ұстаз білім «берген» секілді, оқушылар білімді «алған» сияқты. 
Оқушы өмірінің есіл 45 минуты-ай! Өттің де, кеттің есте қалмай, көкірекке тоқылмай, жүректен орын алмай! Ешбір із қалдырмай!.. Енді «Аһ!» ұрып, оның артынан көк жиренмен тасырлатып қусаң да, шаңына ілестірмейді!.. Қамшының сабындай келте ғұмырдың тағы да бір мезеті еш қызықсыз, мәнсіз-мазмұнсыз лыпып барып, сөніп, жоқ болды… Құрдымға батты адам өмірінің ең шұрайлы кезеңінің құртақандай ғана бөлігі!.. 
Алайда дәп сол уақытта оны жоқтаған ешбір жан болмады… Кейін ғой ол шақты аңсайтындығымыз:
Басында Үшқараның қос барабан,
Сол жерден дария-шалқар су тараған…
Сұлу қыз, көркем жігіт бәрі сонда,
Неліктен кеттім екен сол арадан?!. – деп аңырап (С.Мұратбеков. «Басында Үшқараның…»)…

Мұнда мен өз сыныбымды келтірдім… 40 жыл бұрын мектепте дәстүрлі сабақ міне осылай өтпеуші ме еді?..

Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының аға менеджері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА