22.11.2024

Арманы жоқ бала

Бір қайнағасы қайтыс болып, інім Әжмат бірде қайын жұртына Жаркент өңіріне барып, қайтып келгеннен кейін маған мынандай әңгіме айтып берді.
– Далада ойнап жүрген балдыздарымның бірінің баласын (шамамен 8-9 жастағы ұлды) әңгімеге тарттым. Одан:
– Арманың бар ма? – деп сұрадым.
Бала үндемей қалды да, сәлден кейін:
– Арманым жоқ! – деп келте қайырды.
Абдырап қалдым… Бұл қалайша? «Арманы жоқ адам қанаты жоқ құспен тең» деуші еді ғой. Адамды алға жетелейтін де арман емес пе? Арман әсіресе бала кезде ерекше асқақ еді ғой!.. Есімде, балалық шақта бір арманды екінші арман өкшелеп, көңіліңнің баолығын да арман басып кететін. Ал бұл ұлдың айтып отырғаны мынандай. Сонда да оның сөзіне сеніңкіремедім де («Армансыз бала бола ма?!»), тағы сұрадым:
– Неліктен арманым жоқ деп айттың? Сірә, бір арманың бар шығар?
Ұл тағы да дұңк ете қалды:
– Менің арманым орындалып кеткен!
Қайран қалдым!.. Бесіктен белі шықпай жатып, қаршадай баланың «Арманым жоқ!» дегеніне сенгім де келмеді!.. Бұл ұлдың сөздері маған құдды «шаманы бағып, шау тартар шаққа жеткен» (Мұқағали), жерге еңкейген қарияның «Төрімнен көрім жақын, қарағым!», «Асарымды асадым, жасарымды жасадым!» немесе «Өмірімнің көбі кетіп, азы қалды! Өмірімнің жазы кетіп, күзі қалды!» деп айтқандарына ұқсас болып кетті… 
Есіме Астанада тұратын бір жолдас жігіттің айтқан сөздері түсті.
– Нағашым 81 жаста еді. Бірде жазғы демалысымда Талдықорған жақтағы ауылға барып, нағашыма сәлем бергенімде, осыдан біраз жыл бұрын кемпірінен айрылып, жарымжан болып жүрген ол маған «Берікжан, мені Астанаға апарып, қаланы көрсетсең қайтеді. Арманым – Астананы көру!» деп қолқа салды. Ауылға өз машинаммен келіп едім. Соны меңзеп, «Аға, Сіз алыс жолға шыдамайсыз ғой!» деп едім, нағашым болмады: «Неге шыдамаймын! Шыдаймын! Өмірдегі соңғы арманым орындалсын десең, – мені Астанаға апар!» Ұлымен ақылдасып, қасына медициналық колледжді бітіріп, ауылда медбике болып жүрген немересін қосып, жеңіл машинамен Астанаға тартып кеттік. 
Жол жақын емес. Алдымен Алматыға келіп, әпкем Қаламқастың үйіне түсіп, дамылдап, бір күннен соң таңғы салқынмен Астанаға тарттық. Жолда бірнеше рет тоқтап, нағашыма демалуға ыңғай жасап отырдық… Әйтеуір, 14 сағат жүріп, жеттік-ау Астанаға да!..
Ертеңінен бастап үш күн бойы нағашымды бүкіл қаланы көрсеттім: Бәйтерекке шықтық, «Мәңгілік елге» бардық, Ашаршылық құрбандарына арналған монументінде әруақтарға арнап Құран бағыштадық, «Хан шатырында» шай іштік, «Думанды» тамашаладық, тіпті «Бейжін сарайына» да ат басын тоқтаттық. Нағашым дән риза болды, балаша қуанып жүрді, шаршамады да, керісінше, бізді алға сүйрей береді: «Ананы көрейікші!» деп… 
Менің есімде оның Бейбітшілік пен келісім сарайында айтқан сөзі қалды. Жас экскурсовод қыз пирамидада нағашыма: «Ата, мына жерге тұрып, арманыңызды айтсаңыз, сол арман орындалады деп есептелінеді! Арманыңызды айтыңыз!» деп жүзінен сәл шаршаңқылық сезінген ақсақалды жігерлендірмек оймен «Қандай арманыңыз бар?» деп сұрады. Сол жерде жиналған елдің бәрі де қария адамның не армандайтынын білгісі келгендей, беттерін біз жаққа бұрды. Алайда нағашым «Қарағым, арманым жоқ!» деп жауап берді. Әлгі қыз ыңғайсызданып қалды да: «Мүмкін емес қой, ата! Әлде бір арманыңыз бар шығар!» деп қоймады. Нағашым «Балам, арманым – Астананы көру еді! Арманым орындалды, енді арманым жоқ!» деп шорт кесті…
Тіпті сексеннен асқан адамға «Арманым жоқ!» деген сөздер жараспады білем, қыз да ренжіген кейіпте болды, ел де тез жан-жаққа ыдырап кете барды… Нағашым келесі көктемде дүниеден озды… Менің ойымша, ол өмір сүруден шаршап кеткен тәрізді еді…
Мүмкін бұл ұлдың арманы болмашы бір нәрсе болды ма екен? Мәселен, «әкем маған дүкеннен «Сникерс» шоколадын сатып берсе ғой, шіркін! Оны содан кейін ешкіммен бөліспей, жалғыз өзім жесем ғой, ә!» деген секілді… Дәл солай болған да шығар. Әкесі алып берген «Сникерспен» бірге бала өмірінің мәні де жоғалып кеткен бе, қалай?!.
Ал «Өмірлік арман – асқақ, зәулім, қол жетпейтіндей болуы керек! Оған жетем деп, бүкіл өмірді сарп ету қажет!» деген философиялық ұстаным қайда сонда? Мысалы, 20 жастан сәл асқан қаршадай кезінде Сұлтанмахмұт дәл осылай армандамап па еді: «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, Күн болам!» деп! Сол асқақ арманына жетті де: қазақ әдебиетінің классиктерінің біріне айналды!.. Ал АҚШ президенті Джон Кеннедидің сөздері ше: «Бізге жоқ нәрсені армандай алатын адамдар керек!» деген?.. Олардың бәрін де мына ұл жоққа шығарып отырған жоқ па?!.
Үндемей ойланып қалдым… Ұл да қасымнан кетпей, төмен қарап отыр… «Бетімнен қайтпайын, бір жағымды нәтижеге келейін» деген оймен бағанағы сұрақты басқаша қойдым:
– Сен есейгенде кім болғың келеді?
Ол да ойланып қалды. Сәлден соң:
– Солдат болғым келеді! – деп жауап қайырды.
Қуанып кеттім! Өзім де 20 жылдан артық әскер қатарында болып, полковник шенінде отставкаға шыққан едім, сол себепті «Әскери болам!» дегенді жаным жақсы көреді. Жаңағы ұлды қуаттай жөнелдім:
– Жарайсың! Міне, табылған ақыл! Жауынгер болам дегенің өте дұрыс шешім! Отыныңды қорғау – нағыз еркектің ісі! Дұрыс-ақ екен!.. Алайда, «Генерал болғысы келмейтін солдат – нашар солдат» дейді. Солдат – әскердегі ең төмен шен, ол барлығына да бағынады. Сондықтан да сен «Генерал боламын!» деп айт! – деп ұлға кеңес бердім.
Бірақ ол қырсықтанды да қалды:
– Жоқ, мен генерал болмаймын, солдат боламын! – деп…
Оған айтқан сөздерім еш әсер етпеді, айтқанынан қайтпады… Тағы да ойланып қалдым… Біраздан соң бала үнсіздікті бөліп:
– Мен үлкен болғанымда, әкем секілді Астанаға барып, басқа адамдарға үй саламын! – деді…
Тағы да қуанып кеттім:
– Дұрыс, дұрыс! Үй салып, құрылысшы болғаның өте жақсы шешім!.. Бірақ сен басқаларға үй салумен қатар өзіңе де үй салмайсың ба? «Өзіме биік, бірнеше қабатты зәулім үй саламын!» деп айтпайсың ба?! – деп оны арман мен қиял әлеміне жетелеп, көк аспан мен ғарышқа құлаш ұрсын деген ниетпен әңгімені әрі қарай өрбітейін дедім.
Алайда әлгі ұл тағы да қисайып, қасарысып, табан тіреп тұрып алды:
– Жоқ! Мен өзіме үй салмаймын! Мен тек басқаларға ғана үй саламын!..
Бала айтқаныма көнбеді, жоғары жаққа көз жүгіртіп, тұңғиық аспанға жанарын бермеді. Ол «жұлдыздарға қадалғанша», «жерді шұқылап, топырақ арасынан жүз теңге тауып алсам ғой!» деген сыңайдағы ниеттен жаңылмады…
Жеңілдім, мойындадым… Баланы иландыра алмадым, оны асқақ арманға жетелей алмадым… Өкінішті-ақ!.. Ұлды қолынан ұстап, қазан басында жүрген келіндерге жақындадым да:
– Мынау кімнің баласы? – деп сұрадым.
Осы үйдің Қатираш есімді келіні:
– Менің балам ғой, аға! Не болып қалып еді? Бұл бірдеңені бүлдіріп қойғаннан сау ма?! – деп тіл қатты.
– Жоқ! Ұлдарыңды неліктен армандауға үйретпегенсіңдер?! Мына баланың бір де бір арманы жоқ қой!
– Ой, ағай, ауылды жерде елдің барлығының арманы келте ғой: тамағымыз тоқ, киген киіміміз көк болса-дағы – сол арман емес пе?! – деп күле жауап берді армансыз баланың анасы…

Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының аға менеджері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА