07.11.2024

Ержеңіс Әбді. Шәкіртке ұстаздан

Ей , менің шәкіртім, сен білесің бе?
Жүресің еш алаңсыз күлесін де.
Ұлағатты ұстазым дейсің маған,
Білмеймін, лайықпын ба, бұл есімге.

Лайық болсам мені тәрк етер ме едің,
Жол бермей алдан кесіп өтер ме едің?!
Мұғалімнін айтқанын құлаққа ілмей,
Сабақтың шырқын бұзып кетер ме едің?!

«Ағай» деп шын көңілмен атадың ба?
Ендеше, мен ұстаздың қатарында.
Не айтсам да сен жақсы болсын деймін,
Сондықтан, ағайыңды қапа қылма!

Қапа қылу кетті екен қалай үдеп?
Сөйлейсің сабақ үсті анайы көп.
Сыртымнан күліп тұрып, бірақ, іштей
Сыныптан жылап шыққам талай рет.

Тұтанып кетпесін деп тасқа мақта
Жалтақ болдым. Қараймын қас-қабаққа.
Сен де әр кез тындаған боп отырасың,
Көзің менде, ал өзің басқа жақта.

Мен тұрам қара тер боп түсіндіріп,
Біткенше бойымдағы күшім құрып.
Сол еңбекті біліммен қайтарсан ғой,
Сен дегенде тұрушы еді ішім жылып.

Азамат болам деген мұрат болса,
Пайдасыз іске түрме құлақты онша.
Ата –анаң ертең мені кінәлайды
Баласы ҰБТ- дан құлап қалса.

Мен саған таға алмаймын кінә мүлде,
Бала оқыту қиын ғой мына күнде.
Уақытым мен жүйкемді сен жұқарттың,
Сонда да, жақсы атақ жоқ мұғалімге.

Ешкім жоқ халімізді келіп сұрар,
Біз ғана бар қиынға көніп, шыдар.
Мына өмірдің ең қатты тау- тасынан
Мұғалімнің жүйкесі берік шығар.

Мұғалімдік қызметке қайдан бардым,
Сабақ сайын стресс, қайғы алғанмын.
Сонда да, ұзамаймын ұстаздықтан,
Өйткені, кіндігімнен байлағанмын.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА