22.11.2024

Халықаралық олимпиадада екі команда Астананың намысын қорғайды

Алматыда О. Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған физика-математикалық орта мектеп-интернаттың базасында математика, физика және информатика пәндерінен Жәутіков атындағы XI халықаралық олимпиада өтіп жатыр, – деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Олимпиадада жеті адамнан тұратын екі команда Астананың намысын қорғауда. Командаға елордалық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің және дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінің оқушылары кірді. Олимпиада ережесіне сәйкес әр командада екі адам математикалық тапсырмаларды және үш адам физика мен информатика саласындағы тапсырмаларды шешеді.

Олимпиадаға әлемнің 15 мемлекетінен 60 жуық команда (400 жуық қатысушы) жиналды. Атап айтқанда, Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь, Әзербайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан, Болгария, Румыния, Сербия және Монғолия. Халықаралық қазылар алқасының құрамына 9 елдің ғалымдары енді: Қазақстан, Ресей, Болгария, Әзербайжан, Армения, Грузия, Беларусь, Украина және Өзбекстан. Қазылар алқасының төрағасы – әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Мұтанов Ғалымқайыр.

Айта кетейік, өткен жылы елордалық оқушылар екі күміс және екі қола медальға қол жеткізді.

Жәутіков атындағы халықаралық олимпиада – таяу және қиыр шетелдің үздік мамандандырылған мектептерінің үздік командаларының рейтингін және жеке рейтинг шығарылатын жыл сайын бір мектептің базасында өткізілетін бірегей олимпиада. Жеңімпаз команда Гран-при иеленеді, олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар табысталады. 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА