Home Жаңалық МҰҒАЛІМ, АТА-АНА ЖӘНЕ ОҚУШЫ АРАСЫНДАҒЫ БҮГІНГІ ЖАҒДАЙ

МҰҒАЛІМ, АТА-АНА ЖӘНЕ ОҚУШЫ АРАСЫНДАҒЫ БҮГІНГІ ЖАҒДАЙ

3

Соңғы кезде ұрпақ тәрбиесінде ата-анадан кейінгі екінші болып үлкен үлес қосатын ұстаздар қауымының қоғамдағы беделі жиі талқыланып жатқанынан хабардар болсаңыздар керек. Оқушы мен ұстаз арасындағы келіспеушілікті бейнежазбалар арқылы әлеуметтік желі мен мобильді қосымша арқылы тарату мәселесі де өршіп тұр. Білім ошақтарындағы кемшіліктердің де әсерінен мұғалім, оқушы және ата-ана арасында кереағар көзқарастар туындап жатқандығын жасыра алмаймыз.
Осыдан барып “НЕГЕ?” деген сауал туындайды.
Осы орайда жоғары санатты ұлағатты ұстаз. ҚР Журналистер одағының мүшесі ӨМІР ШЫНЫБЕКҰЛЫның пікірін білген болатынбыз.

– Мұғалім мен ата-ананың және оқушының арасындағы дәл бүгінгі жағдайды ұстаз ретінде қалай бағалар едіңіз?

– Өкінішке қарай, бүгінгі ата-аналардың үлкен бөлігінің бала тәрбиесіндегі рөлі, баласына жатар орын, ішер тамақ, киер киім әперумен шектеліп отыр. Қалған шаруаның барлығын мектепке артып қойған. Ата-анада баламның қарны тоқ, көйлегі көк болса, қалғанына мектеп жауапты деген ұғым қалыптасқан.Түннің бір уағында «Баламды тауып бер!» деп баласының сынып жетекшісі немесе мектеп басшыларына қоңырау шалатын ата-аналарды көріп жүрміз. Бала оқыс жағдайға ұшыраса немесе бірдеңе бүлдірсе, алдымен кінәлі мектеп болып шығатынын өздеріңіз де көріп отырсыздар. «Қызым үйде, қылығы түзде» деген халық даналығын ата-аналар әлдеқашан ұмытқан.
Қалай болғанда да, баласының болашағы үшін ең алдымен ата-ананың жаны ауыруы керектігі өресі бар адамға айтпаса да түсінікті.
Ал біздің ата-аналар білім берумен қатар тәрбие, оқулық және т.б. мәселелерді мемлекеттің мойнына арта салды. Тіпті тоқсанда бір болатын ата-аналар жиналысына бас сұғуды қойды. Бар болғаны 5-6 ата-ана келуі мүмкін, одан артығын жалынып келтіре алмайсың. Сөйткен ата-ана, баласының бойындағы құдай берген қарым-қабілетін елеп-екшемей, «білім мен мен дипломды» сатып әпергісі келеді, мектеп бітірген соң жоғары мектепке сүйрейді! Беретіні өтпей қалса, мектепті жамандап шыға келеді…
Яғни, қолданыстағы заңға өзгерістер енгізіп, ата-ананың жауапкершілігін арттыру қажет.

– Ұстаз беделінің төмендігі бүгінде қоғамда кеңінен талқыланып жатыр. Оларға ата-ана мен оқушы тарапынан қандай да бір әсері бар ма? Ата-ана мен мұғалім арасындағы кереағар көзқарас туындамауы үшін отбасындағы тәрбиеде қандай кемшіліктер болмауы тиіс? Ата-анаға тәуелді (оқушының ата-анасының беделіне қарай) мұғалімдердің бар екенін жоққа шығара алмаймыз… Осы жайында не айтар едіңіз?

– Абыройды ешкім де сатып ала алмайды. Ол әр адамның өзіне байланысты. Алдымен адам өзін сыйлауы керек. Сонда ғана оны өзгелер құрметтейді.
Мектепке кейінгі жылдары келген жас мамандардың білім деңгейі өте төмен екені ешкімге құпия емес.Осыдан бірер жыл бұрын Шымкент қаласындағы ең беделді ЖОО-ң Мемлекеттік Аттестациялау Комиссиясына (МАК) мүше болдым. Болашақ тарихшы мен археологтар алдымыздан өтті. Сонда бір аңғарғаным, «Тарих пәнінің мұғалімі» деген мамандыққа ылғи мектепті сүйретіліп әзер бітірген аутсайдерлер түседі екен. Олармен салыстырғанда, «Археология» мамандығын бітірушілердің білімі ғана емес, жалпы өмірге, дүниеге деген көзқарасы мүлдем өзгеше! Бұл да ойланатын жағдай!
Білімсіз мұғалім ата-анаға да, өзін жұмысқа қабылдаған басшыларына да тәуелді болары анық.
Мұғалімнің оқушы алдындағы беделінің түсуіне ата-аналар да ықпал етіп отыр. Олар үйде балаларына кімді үлгі етеді?
«Кім болғың келеді?» деген сұраққа, «Полицей болғым келеді» деп жауап берген бір оқушыдан, әлденеден үміттеніп, «Неліктен полицей болғың келеді» деп сұрадық. Бірақ, үмітіміз ақталмады!
Жылайсыз ба, күлесіз бе?!…. «Левыйы көп қой» («левый» дегені, сірә, көлденең табыс болса керек) деп жымыңдайды әлгі бала!
Бұл әңгімені бала қайдан естіді?
Ең нашар деген мұғалімнің өзі балаға «левыйы көп мамандық жақсы» деп үйретпейтіні белгілі. Яғни, баланың отбасыда көргені мен мектепте алған тәлім-тәрбиесі қабыспай жатыр. Осыдан-ақ, «құндылықтардың» орны ауысқан мына заманда, кейбір отбасылардың балалары үшін кімнің «идеал» екенін өздеріңіз саралай беріңіздер.
«Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін» деген қоғамда кімге деген көзқарас теріс?
Әрине, кисе киімге, ішсе тамаққа жарымай жүрген мұғалімге деген көзқарас теріс!
Өзге мамандық иелері түгілі, тіпті мұғалімдердің өздері өз балаларының мұғалімдік мамандықты таңдағанын қаламайды.
– Оқушының ата-анасының беделін шектеу үшін не істеу керек?
Ата-аналар комитетінің жұмысы өкінішке қарай тек ақша жинау-мен ғана шектеліп отырғаны ешкімге құпия емес.
Мектептерге енгізіліп жатқан Жаңа бағдарлама (Кембридж технологиясы) бойынша Ата-аналар комитетінің жұмысын болашақта Қамқоршылар Кеңесі алмастырмақ. Қамқоршылар Кеңесі мектептің материалдық проблемаларын шешу үшін қаржылық қолдау көрсететін демеушілер тауып қана қоймайды, тіпті мектептің басшылығын тағайындау мен оқу-тәрбие жоспарын жасауға да қатысуға құқылы болады.

– Ата-аналар бүгінде неге мектеп таңдайды? Бұл барлық мектепте берілетін білімнің бірдей емес екендігін білдіре ме? (Арнайы тереңдетіп оқытатын білім ошақтарын қоспағанда…)

– Біздің ауылда бастауыш қана мектеп болды!
4-сыныптан бастап, 3 шақырым жердегі колхоз орталығындағы мектепке жаяу қатынап оқыдық. Екі ауылдың ортасында көктемде ағыны қатты болатын тау өзені болды. Талай рет қысқы аяз бен көктемгі ызғарда жалаңяқ су кешіп өттік. Тасыған өзенге аққан кездеріміз де болды. Әлгі мектепке кейде түс қайта болатын сыныптан тыс шараларға қатысу үшін күніне 2 реттен баруға тура келетін.
Мен содан әбден зәрезап болсам керек. Кез келген баланың өз үйіне ең жақын мектепте оқығанын қалаймын. Өз балаларым үшін мектеп таңдап бас қатырғаным жоқ. Үйге ең жақын мектептерге бердім. Аллаға шүкір, жаман болған жоқ. Жоғары білімді, өз ісінің мамандары деп айтсам болады.
Егер, балаңызды күн сайын мектепке апарып, әкеле алатын жағдайыңыз болса, сөз басқа. Ал, олай ету қолыңыздан келмесе жақын жердегі мектепке берген жөн. Айтайын дегенім, балаңызға мықты білім берем деп жүріп, балаңыздан айырылып қалуыңыз мүмкін.

– Біліктілігі төмен (қажетті деңгейде емес) мұғалімдердің бар екендігі де жасырын емес. Осы мәселенің де бір ұшы оқушының (ата-ананың да) мұғалімді сыйламауына алып келеді. Мұндай жағдайда ата-ана не істеуі керек? Әрбір ата-ана перзентіне білім беретін ұстаздың біліктілігі жоғары болғанын қалайды емес пе? Осы жағдайдың шешімі қандай болуы тиіс?

– Құдайға шүкір, қазір әр мектепте бір пәннен бірнеше мұғалім бар. Егер, бір ата-ана емес, бірнеше ата-ана мұғалімнің біліксіздігін заңды жолдармен дәлелдей алса, мектеп басшылығына айтып, мұғалімді басқа мұғаліммен алмастыру қиын емес.

– Бүгінде сабақ барысында мұғалімнің кемшілігін камераға түсіріп, бейнежазбаны ғаламторға жүктеу әдетке айналып барады. Оның соңы екі жақты пікір туғызып, дау-дамайға да ұласып жатыр. Осы жағдайда ата-ананың алатын орны мен рөлі қандай?

– Технологияның дамыған заманында, алдымен сол жаңа технологияны заң мен мораль шеңберінде пайдалана алуды үйренуіміз керек. Әріптестеріме айтарым, осы мамандықты таңдадың ба? Олай болса, жалақы аз-көп демей, қызметіңді дұрыстап атқар! Аузыңнан шыққан әр сөз бен өз эмоцияңа абай бол.
Өз кезегінде ата-аналар да өз балаларына осы тұрғыда тиым салып отыруы қажет. Осындай пасық әрекет балаңыздың бойына сіңіп қалса, оның кейінгі болашағы қалай боларын ой елегінен бір өткізіп қойған артық болмайды!
Абыройды ешкім де сатып ала алмайды. Ол әр адамның өзіне байланысты. Алдымен адам өзін сыйлауы керек. Сонда ғана оны өзгелер құрметтейді.
Қазақта «балажан» деген сөз бар. Өз баласын әркім де жақсы көреді. Ал, барлық баланы «бала» деп қабылдау көп адамның қолынан келе бермейді. Егер, мұғалім баланы жақсы көрмесе, онда оның ертерек мектептен кеткені жөн. Баланы алдай алмайсың. Жақсы көргенді де, жек көргенді де сезіп тұрады.
Жалпы, мұғалім үшін ең жоғары баға – шәкірттерінің өз мұғаліміне еліктеуі, ұқсауға тырысуы!
Сөз соңында айтарым, ұрпақ тәрбиелеу тек ата-ана мен мұғалімнің шаруасы емес! Бұған бүкіл қоғам атсалысуы керек. Мектептен аяған қаржыны түрме салуға жұмсап жүрмейік!

Сұхбаттасқан Әмина Уалиханқызы.

“Алтын босаға” журналы

3 COMMENTS

  1. Салеметсыздер ма! Келысемын.Бырак та мугалым -устаз атына лайык болу керек кой.Кейбыр мугалымдер косымша сабактарынын акысын кешыктырсен балага дурсе коя берып урсып,окымасан жогал деп айтатындары да бар.

  2. Мені əжем тəрбиелеген. Қызға қырық үйден тыйым, қала берді қара күңнен тыйю деп айтып отырушы еді. Терең мағына жатқан жоқ па? Ата-аналар жалғыз балам деп бетінен қақпай өсірсе, ол баланың келеңсіз қылықтарын көрсе де мұғалім тыйым сала алмаса не қайран. Мұғалімде тек міндет бар. Құқығы жоқ.

  3. Ата -аналармен жұмыс жасау керек, қатаң ережелер орнату керек, өз туған баласы үшін уақыт тауып жиналысқа келмеген ата -аналардың баласын келесі тоқсаннан бастап мектепке кіруге рұқсат бермеу керек, егер бала мектепке келмесе, сабағын оқымаса оған ата -анада жауапты…

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version