22.11.2024

БІЛІМ МИНИСТРІ ҰСЫНҒАН ЖҮЙЕ ҚАЗАҚТЫ ОРҒА ЖЫҒАДЫ.

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің назарына

Құрметті министр мырза!

Қазір Сіздің ұсынып отырған жалпы білім беруге бағытталған платформа жасау жайы қазақ елі азаматтарының көңілін алаңдатып отыр. Бұл бастамаңыз іске асса, келешекте қазақ мемлекетінің аты қалып заты жоғала ма деп қорқамыз. Егерде, Сіздің ұсынысыңыз іске асып жатса, қазақ жастарының көпшілігі өз ана тілін білмейтін, яғни қазақша ойлаудан ада, дүбәра, мәңгүртке айналуы мүмкін.

Біріншіден, ұрпақ тәрбиелеу ұлттық болмысқа сай жүргізілуі керек. Жас баланың табиғи, биологиялық қасиетіне  қарай  ұлттық мінез-құлқы қалыптасады. Мұны оқымысты ғалым ретінде Сіз түсінуге тиіссіз. Егер де, бұл заңдылықты ескерілмесе балалар ержете келе психологиялық ауытқуларға (дебилы) ұшырауы мүмкін. Бұл заңдылықты әлемдегі барлық халықтар ежелден біледі. Ұрпақтың денсаулығы –  ұлттың денсаулығы. Баланы сәби күнінен, яғни 11-12 жасқа дейінгі кезеңде өз ана тілінде тәрбиелеген дұрыс. Басқа тілді үйретуді шектеулі мөлшерде жүргізгенде ғана баланың ойлау мен қабылдау қабілеті дұрыс жетіледі. Халқының рухани мықтылығын ойлаған ел солай жасайды. Яғни, бастауыш сыныбындағы оқушыларды тек өз ана тілінде оқытқанда ғана біз ұлтымызды сақтай аламыз. Ұлт пен ұрпақ келешегін ойласақ осыны ескеру қажет. Біз, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл Фарабидің «Ұрпаққа ең алдымен тәлім, тәрбие бермей тұрып ғылым берсең, ол келешекте апатқа әкеледі» дегенін,   қазіргі адамзат қауымының рухани дамуы ғылым мен технология даму деңгейінен  мешеу  қалып отырғанын ешқашан ұмытпауымыз қажет.

Екіншіден, әлемдегі ғылым мен техниканың дамуын, өркениет жаңалығын игеру үшін бір типті білім беру жүйесін енгізіп, химия, физика, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытуды жүзеге асыру қазақ халқының, оның ұлттық мемлекетінің келешегіне зиян келтірмесе, пайда әкелмейді. Дүние жүзіндегі қоғамдық даму тәжірибесіне үңілсек, мемлекеттің даму деңгейі, өркендеуі сол елдегі ұлттық ғылымының дамуына тікелей байланысты. Ал, мемлекеттік  тілде  ғылым негізін салатын пәндерді оқымаған ұрпақ, қалай ұлттық ғылымды дамытып, өзінің ұлттық мемлекетін ұстай алады. Ғылым қазақша сөйлемесе, қазақ елінің ұлттық мемлекет болуы мүмкін деп Сіз, айта аласыз ба? Қазіргі кезде, кейбір гуманитарлық салада болмаса, біздің барлық ғалымдарымыз ғылымды орыс тілінен игергендіктен студенттерге  білім беру мен ұлттық ғылымды кеңінен дамытуда кемшін түсіп жатыр. Сол кемшіліктен арыла алмай жүріп өз ұлтымыздың болашағын құзға итеруге бола ма?   

Үшіншіден, тағы бір мәселе,  жаратылыстану пендері және әлемдік өркениеттен хабар беретін дүниежүзі тарихын қазақша оқытпаудың салдары қазақ жастарының дүбара болып өсуіне әкелетіні,  мемлекетқұрушы  халықты өз мемлекетінен шеттету емес пе?

Төртіншіден, барлық жалпы мектептерде осы бағытта білім берілсе, барлық жастар (ауылды жерлерде де) жоғары деңгейде білімді болады деу – қателік. Ауылды жердің әлеуметтік, тұрмыстық  және мәдениеттік деңгейі қалалық деңгейге жетпей, олай бола қоймайтыны өмір заңдылығы. Сонымен қатар, адамдардың табиғи қабілеттерімен санаспай, кеңес дәуіріндегідей жастардың бәрін бір қораға қамап, олардан робот жасау тек рухани тозуға жетелеуі мүмкін екеніне күмәндануға болмайды. Енді бір ескеретін мәселе, әр отбасының әлеуметтік және басқадай жағдайларына байланысты барлық жастар жалпы мектепті уағында оқып тәмәмдауы мүмкін емес.  Яғни, тіршілік заңдылығына байланысты көптеген жастар бұл жүйенің шеңберінде өз бетімен  табиғи қабілеттеріне байланысты өсе алмай,  үлкен дағдарысқа ұшырап, қоғамға өгей болып өмір кешуі мүмкін. Өйткені, бұл жүйе кейбір қайшылықтарды тереңдете түседі. Еліміздегі халықтың қазіргі санының жетпіс пайызға таяуын қазақтар құрайды. Ауылда, жоқшылықта өмір сүріп отырғандар да – солар. Демек, болашақта қазақ жастарын  маргиналдық тағдыр күтіп тұр деуге болады. Бұл бізге қажет пе?

Бесіншіден,  ұсынылып отырған жүйені ақтап, «барлық жастар қазіргі оқыту жүйесінің деңгейінің төмендігінен Назарбаев Университетіне, ҚМЭБИ, ҚБТУ, IT секілді оқу орындарына оқи алмай жүр» дедіңіз. Бұл мәселенің мәні одан да тереңіректе жатқан сияқты. Ақиқатқа жүгінсек, жоғарғы оқу орнына баруға талпынатындардың үлес мөлшері, жалпы  жастар  санының аз ғана бөлігін құрайды. Оқуға қабылданатындардың көлемі одан да әлденеше есе аз болатыны тағы бар. Яғни, бұл жүйенің барлық жастарға бірдей пайдалы болады деу күмәнді.  Ал, жоғарыдағы аталып отырған оқу орындарына түсіп оқитындар тек қалтасы қалың ауқаттылардың балалары екені  белгілі. Қарапайым халық ондай оқу орындары мен шетелдерде бала оқытуды былай қойып, колледждерде балаларын оқытуға қаржы таппай жүр.  Осыдан туындайтын ақиқат, бұл жүйе халыққа тек дәулеттілердің балалары үшін жасалған сияқты болып көрінеді. Және де, онсыз да  тереңдеген әлеуметтік теңсіздікті жалғастыратын,  жастар арасында  жік  ашып, білім беру саласында дискриминация туғызатын жүйе деп білеміз. Бұл жайт әлеуметтік дағдарысқа тірейтіні белгілі.

Тоқсан сөздің тобықтай түйіні мынау, қазақ елінің мәңгілік тәуелсіз, дамыған ұлттық мемлекет болуы – баршамыздың мақсатымыз. Осы мақсатқа жету жолында қателікке ұрынуымыз мүмкін. Ондай қателікті дер кезінде түзету қажетү. Қазақ халқы «дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» дейді. Сондай-ақ сол қазағымыз «келісіп пішкен тон, келте болмайды» дейтіні тағы бар. Бұл мәселені халықпен келісіп алмай, жүзеге асыруға болмайды. Білім беру жүйесін жетілдіру үшін ең алдымен ұлттық ғылымды дамытып, тек сол ұлттық ғылымның негізінде ғана қоғамның тиімді саяси-экономикалық және мәдени дамуын іске асыру қажет. Сонда ғана білім беру жүйесін реформалаудың нақты ғылыми негізделген тиімді жолы пайда болады.  

Болат Дүйсембі, Республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысы Орталық кеңес мүшесі          

Abai.kz 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА