22.11.2024

Уақыт тапшы болса не істеу керек, құрметті әріптестер?

 (шарасыз әріптесімнің бір репликасына жауап)

Егер тым көп “керек” деп айтып кетсем, ғафу етіңіздер…

Мен мектепте сабақ бермеймін. Сондықтан да мектеп мұғалімдеріне негізінен мынандай сыңайда тек ұсыныс айтамын: «Былай жасаса – қайтер еді, құрметті әріптестер? Мүмкін бұл проблеманы былай шешуге болатын шығар? Қалай ойлайсыздар?». Меңзегенім мынау: «Менің ұсынысымды сіздер сабақтарыңызда қолданып, содан кейін бұл тәжірибенің қалай жүзеге асқандығы, оның өміршеңді немесе іске жарамайтындығы туралы ойларыңызды айтсаңыздар!».

Біраз ұстаздар менің ұсыныстарымды сабақтарда қолданып, олар туралы пікірлерін келтіріп жатады. Олар өз тәжірибесінен мысалдар мен дәлелдерді көптеп келтіріп, өз ұстанымдарын осылайша айғақтайды. Ондай ізденімпаз, ылғи да әрекеттегі зерттеу жүргізетін әріптестерімізге мың да бір рахмет!

Сонымен бірге кейбір мұғалімдер бірден «Мұны қолдану мүмкін емес!» деп кесіп те айтады. Тәжірибеден тыс (априори) мұндай тұжырымдардың дәлелдері жоқ болып, немесе эмоция деңгейінде болып жатады.

Сондай аргументтердің бірі мынау: «Бұлай жұмыс жасау үшін уақыт жетпейді!». Бұл мақалада мен уақыт жеткізе алмай жүрген әріптестеріме жауап беріп көрейін…

«Ынта бар – 1001 амал. Ынта жоқ – 1001 сылтау» демекші, мен «Уақыт жетпейді!» деген сөздерді сылтау деп түсінемін. Сын айттыңыз ба? Онда ұсыныс та келтіріңіз! Өйтпеген жағдайда сіздің сөздеріңіз жалаң, негізсіз болып қалады емес пе? Алайда уақыт тапшылығын қалайша шешуге болатын амалдар келтірілмейді…

Сонымен уақыт тапшылығн қалай жеңуге болады? Не істеу керек? Сабақтың уақытын еш ұлғайта алмайсыз ғой! «Уақыт тапшы! 45 минут жетпейді!» деп сабақта барлық әрекеттерді мұғалімнің өзі де жасауы ықтимал, ал онда оқушылар қайтадан «тек тыныш отырса болғаны» ма? Онда, әрине, бәрін де жасап үлгереміз, алайда оқушы үйрене ме? Әрине, жоқ!..

Амал іздеу керек! Не істеу керектігін өзіңіз де білесіз, өйткені сіз білікті мамансыз, тәжірибеңіз мол педагогсыз! Кез келген тығырықтан шығуды біліп, кез келген қиыншылықты шешіп жүрген майталман ұстазсыз! Табыңыз амалды!..

Мысалы, Назарбаев зияткерлік мектептеріндегідей бір пәннен екі сабақты қосарлап қойыңыздар. Әрине, бұл жерде де сылтау айтуға болады: “Завучтер көнбейді!” немесе “Комиссия не дейді?!” деп.

Бұл проблемаларды онда кім шешуі керек? Жоғары жақтағы бір дөкей рұқсат беруі керек пе, әлде біз өзіміз шешеміз бе?! Сылтау айтып, шарасыздық танытып (“Мен не істеймін? Менің қолымнан не келеді?” деп көзге жас алып отырсақ – не пайда?!), шарасыздығымызды ақтап, қол қусырып отыру – ең оңай іс. Амалын табу үшін еңбектену қажет, тер төгу қажет, өз ойымызды жеткізе білу мен қорғау қажет, ДӘЛЕЛДЕУ КЕРЕК, күресу керек, алысып, арпалысу керек! Біз сөзден шаршаған қоғамбыз! Сондықтан да көп сөйлеудің орнына әрекеттені керек! Ал мұның бәрі қолдан келмесе – онда үндемеу керек: басқа жұмыс жасап жатқандарға бөгет болмау керек! Немесе тіпті бұл кәсіпті тастау керек..
Бүгінгі күні дамыған мемлекеттерде деңгейі жоғары маманның ең басты қасиеттерінің бірі ретінде оның бастамашылдығы аталады: жақсы маман бастамашыл болуы керек, туындаған проблемаларды өздігімен шешуі керек. Ал бастықтарға қарап, «Не істейміз?» деп отыру – нағыз масылдықтың белгісі, көкжелке жалқаулардың ісі! Бұл баяғы кеңес дәуіріндегі егінді қашан егуді райкомның нұсқауымен ғана қолға алу секілді емес пе? Мен бір мақаламда әкесінің қаршадай баласына айтқан сөздерін келтіріп едім: «Азамат, айтқызбай жасамайсың ба! Айтқызып жасайтын сен құл емессің ғой!»…

Қайтты айтты деп сөкпеңіздер! Біреуді ренжітіп алсам – онда кешірім сұраймын!..
Алайда мұнда деңгейлік курс тамамдаған, әлемдегі жаңалықтардан көп хабардар, көзі ашық, көкірегі даңғыл, еті тірі, пысық та еңбекқор ұстаздар сұхбаттасады деп есептеймін. Олардың ішінде дәстүрлі оқытуды ұстанатын, тек жоғары жаққа көз тігіп, қол жайып отырғандар жоқ шығар деп ойлаймын. Сондықтан да кез келген қиындықты, проблеманы даму мен жақсартудың қажетті ресурсы деп қабылдап, оны жеңу жолдарын өзіміз іздеуіміз керек шығар!

Сонымен, бұл проблеманы шешу жолындағы бірнеше ұсыныс…

Уақытты жеткізу үшін, оқушыларға берілетін тапсырмаларды азайтып, олардың сапасын көтеру керек. Әр сабақта Блум таксономиясының алты деңгейіне сәйкес келетін алты тапсырма берудің орнына алты деңгейді де қамтитын БІР тапсырма беру керек. Олай болу үшін тапсырмалардың барлығы да жоғары Талдау, Жинақтау немесе Бағалау деңгейлерінде болуы керек.

Мысалы, тарих сабағында (мен тарихшы емеспін, ал бұл мысалды баршаға түсінікті болу үшін ғана ұсынамын, сондықтан да жаңылсам – алдын ала тарихшылардан кешірім сұраймын!) Қазақ хандығы бойынша Бағалау деңгейінде мынандай тапсырма беруге болады: «Тарихта 40-қа жуық қазақ хандары болған екен. Солардың ішінен қазақ мемлекетінің дамуына ең қомақты үлек қосқан 5 ханның тізімін құрастырып, өз ойларыңызда дәлелдеп беріңіздер: әр ханға 5-тен кем емес дәлел келтіріңіздер». Бұл тапсырманы орындау үшін оқушылар алдымен тарихта қандай хандар болғанын айқындайды (Білу), олардың ерекшеліктері мен ұқсастықтарын салыстырады (Түсіну), салыстыруды кестесін жасайды (Қолдану), өз таңдауларына дәлел іздестіреді (Талдау), тізім құрастыру (Жинақтау), шешімдерін негіздеу (Бағалау). Көріп отырғаныңыздай, тапсырма біреу, алайда оны орындау үшін оқушылар алты әрекет жасайды!

Тайм менеджментті жақсы қолдану керек: сабақ жоспарын әр минутына дейін нақтылап, соны міндетті түрде қадағалау керек. Оқушыларды да уақытқа бағынуды үйрету керек. Ол үшін әр топта уақыт қадағалаушы рөлі болғаны дұрыс. Тапсырманы орындауға берілген уақыт аяқталысымен жұмысты доғару керек, оқушылардың «Біз әлі аяқтамадық!» деген байбаламына қарамау керек. Тек осылай ғана оларды өз әрекеттерін берілген ауқымында жоспарлауды үйрете аламыз! Осындай талап қойсақ, сонда ғана оқушылар не істерін білмей, езіліп отырмайды, ырғалып-жырғалмайды, өздігімен жұмысқа жедел кіріседі.

Осылайша оқушыларды өзін-өзі басқаруға, өздігімен жұмыс жасауға, бірін-бірі үйретуге, тексеруге үйрету керек, оларға ерік беру керек, олармен ақылдасу керек. Мысалы, әр топқа бөлек тапсырма беріп, оқушылар оны топ ішінде игеріп болғаннан кейін топ құрамдарын өзгертіп, оларға өзге балаларды өз тақырыбына үйретуді ұйымдастыру керек (Жигсо немесе басқа да тәсілдерді қолдану арқылы).

Ең басты ұсыныс. Уақытты жеткізу үшін, аралас сабақтардан бас тарту керек.

Аралас сабақта мөлшерлеп 15-20 минутты біз үй тапсырмасын тексеруге, ал қалған 25-30 минутты жаңа тақырыпқа жұмсаймыз. Нәтижесінде екі тақырыпты да зерттеуге уақытымыз жетпейді. Ал сабақты қайталау ретінде өткізсек, онда біз 45 минутты бір ғана тақырыпқа арнайтын едік!

Сол себепті әр сабақты қайталау сабағы ретінде өткізу керек. Ол үшін оқушыларға үй тапсырмасын оздырып, жаңа тақырып бойынша беру керек. Мысалы: «Балалар, үйге келесі параграф бойынша мына тапсырмаларды орындап келіңіздер (тапсырмаларды әр оқушыға карточка түрінде жазып, немесе ата-аналармен құрған Whats App-тағы чатқа хат ретінде жіберуге болады): 1) тақырыпты оқып, семантикалық карта жасап келіңіздер; 2) тақырып бойынша ең қиын деген 5 сұрақ құрастыру. Келесі сабақта біз осы сұрақтар бойынша жұмыс жасаймыз!».

12195798_854477211317117_316194016401867868_nМүмкін осылай жасасақ, уақытымыз жететін шығар?!.
Алайда бұл да неғайбыл, өйткені бұл сұрақтың жауабын тек сіздің сабақ беру тәжірибеңіз, сіздің практикаңыз ғана бере алады. Ал оны практикадан өткізбей жатып, априори «Мынау бізге жарамайды екен!» деп айтудың еш қисыны жоқ деп есептеймін, әріптестер!

Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының аға менеджері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА