22.11.2024

Камшат Елеулиева. Мақсатым – жеке тұлға қалыптастыру

Ұстаз жүгі – ауыр жүк. Сол себепті де ұстазға «Өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялайтын жан», — деп Ж.Ж.Руссо баға берген болатын.

   Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың: «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында»,  – дегені бәрімізге мәлім. Еліміз өркениетті елдер қатарынан орын алып, ұрпағымыз қоғам қажеттілігіне сай болып жатса, бұл – ұстаздар еңбегінің жемісі. Олай дейтінім ақынды да, батырды да, алыпты да, дананы да, тіпті баланы да ұстаздар тәрбиелейді. Ұстазы қандай болса, қоғамы да сондай болмақ делінген бұлжымас заңдылық ерте уақыттардың өзінде–ақ белгілі болды.

      Мен – ұстазбын, мен – оқытушымын, мен жас ұрпақты келешекке жетелеп апаратын – тәрбиешімін. Оқытушы ретінде алдымда отырған студенттерді ертеңгі күні білімді, адамгершілігі мол, қоғамымызды өркендетуге қабілеті мен қарымы жететін азамат, жеке тұлға тәрбиелеу үшін, оларды өз бетімен білім алуға, терең ойлап, ойын дұрыс жеткізе білуге үйретудемін.
   Менің оқытушы ретінде міндетім – жеке тұлғаны қалыптастыруға атсалысу, қоғамның бір бөлшегі жас жеткіншектерді білім нәрімен сусындату, оларды өмірден өз орнын табуға көмектесу, бағыт – бағдар беру. Осы қиын да қызық мамандық мені ешқашан жалықтырған жоқ, қайта өмір сүруге күннен — күнге құлшынысымды арттырып, жаңа жолдар мен шешімдерді, жаңа әдіс — тәсілдерді іздеуге итермелейді. 

     Қазіргі кезеңде білім берудің сапасын жақсарту, әдістемелік негізін өзгерту – заман талабына сәйкес туындап отырған қажеттілік. Қазіргі заманда нені оқыту емес, қалай оқыту маңыздырақ болып отыр. Сабақ барысында оқушының ізденуі мен зерттеу дағдыларын қалыптастыра отырып, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында қолданылатын әдіс – тәсілдер баршылық. Қазіргі таңда білім беру ұйымдарында жиі қолданылып отырған жаңа әдіс – тәсілдердің бірі оқушылардың жазу мен оқуда сын тұрғысынан ойлау қабілетін қалыптастыру  және ақпараттық – коммуникативтік технологияларға бағытталған әдіс-тәсілдер. Осындай әдістеме негізінде оқушыларға қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінен терең де тиянақты білім беруді өз тәжірибемде жиі қолданамын. Атап айтсақ, 2012-2016 жылдар аралығында

  • «Қазақстан – 2050: Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының  басты бағыты», «Қазақтың ұлы ақындары»

     атты тақырыптарда 1-2 курс студенттері арасында өткізген   

     конференция;

  • «Ойын технологиясы» арқылы оқушылардың ынтасын дамыту» тақырыбында жас мамндар арасында өткізген семинар сабағы;
  • «Қазақ тілі» атты теміржол мамандығы бойынша білім алатын студенттерге арнап дайындалып жатқан көмекші құрал;
  • «Мәңгі өлмес жырларымен із қалдырған»тақырыбындағы колледж студенттері арасында өткізілген әдеби-сазды кеш;
  • «Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім!..» атты 1-курстар арасында өткізген мәнерлеп оқу сайысы;
  • «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» атты студенттерді  ата – бабамыздан қалған өсиет сөздер, мақал-мәтелдер  арқылы ойын нақты әрі дұрыс жеткізуге, тапқыр сөйлеуге,  салмақты ой айтуға үйретуге бағытталған сайыс сабағы;
  • «Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында дидактикалық ойындар мен  танымдық ойындарды пайдаланудың  тиімділігі» атты педагогикалық оқылымға жасалған баяндамам;
  • «Мен және болашақ» атты «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» стратегиясына арналған сайыс-конференция;
  • «Мақала жазу үлгісі» атты семинар сабағы;
  • «Қазақстан – бірлік пен татулықтың мекені. Ата заң тұрақтылығы – Қазақстан тұрақтылығы», «Тәуелсіздік – теңдесі жоқ байлығым!», «Тіл тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз» т.б. тақырыптағы тәрбиелік іс-шаралар;
  • Колледжішілік, аудандық, халықаралық басылымдарда жарық көрген мақаларым мен өлеңдерім т.б. жасаған жұмыстарымның айқын дәлелі болмақ.

Осындай жұмыстар арқылы ең әуелі оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы артады, бір-бірімен пікір алмасып, сөздік қоры молаяды, еркін сөйлеу, өз ойларын жеткізе білу дағдылары қалыптасады, оқулықпен жұмыс істеуге, бір – біріне жүйелі сұрақтар қоя білуге дағдыланады.

      Менің қызмет жолындағы педагогикалық ұстанымым – ел есінде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле. Мен үшін ең қастерлі де, қасиетті мамандық ол – ұстаздық. Халқымызда «Жас келсе – іске» деген керемет сөз бар. Демек мен бойымдағы жастық жігерімді, күш – қуатымды, жаңашылдығымды шәкірт тәрбиелеуге жұмсауым керек. Болашақта өз студенттерімді биік белестерден көрсем, сол үшін өзімнің кішкене де болса үлесім тиген болса, мен өзімді бақытты ұстаз, бақытты адам деп білемін.

Ұстаздық еткен 13 жыл ішінде мен өз іс – тәжірибемді түйіндей келе төмендегідей ой қорыттым. Егеменді еліміздің ертеңі жастарға жүйелі білім, тәлімді – тәрбие беруде халық педагогикасының мән – маңызы күн өткен сайын артып келеді. Оқытушы – баланың жеке тұлғасын қалыптастырушысы, маңызды тәлім – тәрбие өнегесінің бастаушысы, жарқын үлгісі, бала қиялын самғатып, арманын көкке ұсындырушы басты тұлға. Бүгінгі жас өркеннің ертеңгі әлеуметтік – саяси қоғам мүшесі ретінде қалыптасуында тәлім – тәрбиенің маңызы зор екендігі белгілі.

        Ендеше қоғамдағы қол жеткен тәрбиелік жақсы дәстүр атаулыны пайдаланып, биік адамгершілік қасиеттерге баулу, тәрбиелеу – оқытушының басты міндеті. «Ұстаз шәкіртке күн болып көрініп, нұр болып төгілуі керек» – демекші,  жаңа ғасыр мұғалімінің  бойында  сергектік, байқағыштық, сезімталдық, әділдік, байсалдылық, сабыр сақтау  сияқты қасиеттер  тоғыса  келе, олар мейірімділік  атты  ұлы ұғыммен ұштасып жатса ғана  біз діттеген мақсат – мүддемізге  жетіп, «ҰСТАЗ» деген  ардақты атаудың шын  иегері болатынымызға  кәміл сенемін.

Камшат Елеулиева – Алматы облысы, Ұйғыр ауданында дүниеге келген. 2003 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-нің «Қазақ филологиясы» факультетін тәмамдаған. Қазіргі таңда Алматы  темір жол көлігі колледжінің оқытушысы. Бірнеше мақалалары мен өлеңдері аудандық, қалалық, халықаралық басылымдарда жарық көрген.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА