22.11.2024

Оқыту мен оқуды ұйымдастырудың тиімді формасы- топтық жұмыс

Мемлекеттің болашағы жайындағы мәселеде ұстазға жүктелер міндет ауыр. Себебі болашақты бүгінгі мектеп оқушылары жасайды. Сондықтан қоғамның болашағын оқытып, тәрбиелеп жатқан мұғалімнің заманауи білімдерді, технологияны, ұстанымдарды игерген кәсіби деңгейі жоғары, қарым- қатынас нормаларын меңгерген, адамдық қасиеті  болуы қажет.

Философияда «Бәрі өтеді, бәрі де өзгереді» деген қағида бар. Егер XX ғасырдың басында тарихта «Сауатсыздық жойылсын» қозғалысы болып халықты жаппай сауаттандыруға күш жұмылдырылса, XXI ғасырдың басы компьютер сауаттылығына бағытталды. Осының бәрі өмірдің бір орнында тұрмауына байланысты өзгерістің керек екендігінің дәлелдері болып табылады. 

 Іс- тәжірибемде иннновациялық әдіс- тәсілдерді  қолдану барысында мына мәселелерге  ерекше назар аудардым. Ең алдымен әлем елдерінің тәжірибесіндегі нәтижелі әдіс- тәсілдерді іздестірдім.

Қазіргі кезде  кейбір  алдыңғы қатарлы дамыған елдердің білім саласында жаңашыл реформалар жүргізіліп жатыр. Ондай реформалар ТМД аумағындағы мемлекеттерде, соның ішінде Қазақстанда да жүргізіліп жатыр.  Жаңа   ғасырда  Әлемдік  дамыған мемлекеттердің  білім беру жүйесінде  білім беру  әдістерінің  жаңаруы, білім берудің  мазмұнын құру әдістерінің өзгеруі, білім беру жүйесінде дамытылған  үлгілердің жасалуы,  білім беруді басқарудың тиімді тәсілдері ұсынылып отырғаны бәрімізге белгілі.

Әлем елдері тәжірибесінде әрбір  мемлекеттің өзіне тән орта білім беру жүйесі мен мектеп үлгісі, орта мектептердің әр қайсысының қалыптасқан өзіндік ішкі құрылымы бар.

Әлем елдерінің ішінде  Балтық жағалауы елдері , соның ішінде Латвияның  білім беру жүйесіндегі реформалары мені елеңдетеді. Себебі  бұл мемлекеттер Кеңестік жүйеден алғашқылардың бірі болып бас тартты емес пе. Сондықтан реформа жасауға басқаларынан бұрын кірісуі заңды да шығар.

Латвия да 12 жылдық білім беру жүйесін қабылдаған.

Латвия Республикасы Сеймінің « Латвия 2030 жылға дейін» даму стратегиясында  білімнің қолжетімділігін жүзеге асыру және  білім беру ұйымдарындағы өзгерістер мәселелеріне тоқталған.   Осы жерде маған  

 «Оқушылардың жұмыс топтары»  мәселесі  ерекше  ұнады. Топтық жұмысты біз бұрыннан –ақ іс –тәжірибемізде қолданып жүрміз, алайда оның қыры мен сырына үңіле бермейді екенбіз. Бұл жерде оқушылардың әр түрлі тапсырмаларды орындау барысында  жеке емес, топтарға бірігуінің тиімділігі атап көрсетілген.

Латвияда бастауыш мектептердегі білім беруге үлкен мән беріледі.Мектеп- латын тілінен аударғанда- баспалдақ дегенді білдіреді, ал сол баспалдақтың алғашқы төртеуінің  жан- жақты  игерілуі өте маңыздырақ. Нақтылай түссем, оқушылардың танымдық қабілетін арттырып, шығармашылық үрдіске тарту үшін жұптық, топтық жұмыстар арқылы  жағымды эмоционалдық ахуал жасау тиімділігі жөнінен маңызды әдіс болып табылады. Топтық жұмыс формасы сабақта жұмысқа қабілеттілік ортасын жасап, әр оқушының оқу қызметіне тартылуына, әрқайсысының өз қателігін көруге ,оның себебін анықтауға, тапсырманың орындалуы жолының дұрыстығына көздерін жеткізеді.Топтық жұмыста мұғалімдер оқушыларды өз сыныптастарының пікірін  тыңдауға, пікірталас пен диалогтың мәдениетіне,саналы тәртіпке,топтық жұмыстың өзінде-ақ өзінің даралығын көрсетіп, құрдастарымен қарым- қатынасқа түсуге үйретеді.

ХХ  ғасырдың 30- жылдарынан бері  Л.С. Выготскийдің дамыта оқыту әдісі тиімділігі жоғары әдіс болып табылады. Оқытудың негізгі принципі

« обучение не плетется в хвосте развития, а ведет его за собой» принципімен жүзеге асатын бұл әдіспен Латвия мектептері де айналысқан.

Латвияның «INNOVA» атты  мектебінде баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыру  дамыта оқыту әдісіне негізделеді, ол үшін топтық жұмысты белсенді түрде қолдану оқушыны ұжымда табысты жұмыс істеуге көмектесетіндігі дәлелденді. Топта ұжыммен жұмысты ұйымдастыра алған оқушы  лидер болуы заңды да. Бұндай мектепті нағыз ойлау мен іс- әрекеттің интеллектуалды мектебі деп атауға толық негіз бар.

Латвиядағы топтық жұмыстың оқу қызметіндегі орны мен рөлі туралы

 « Эксперимент» педагогикалық орталығының жетекшісі С.Т. Танцоров топтық жұмыстың орнын анықтап алу үшін және қандай іс- әрекеттерде топтық жұмысты пайдалану нәтижелі болады?- деген сұраққа жауап беру үшін «мұғалім кім, оқушылар кімдер? немесе мұғалім не істейді?, оқушылар не істейді» деген ой- пайымдарға назарымызды аударады. Оны мен төмендегі кестеге салып көрсетуді жөн көрдім.

Оқушы

Мұғалім

Оқушылар оқу әрекетінің өз бетінше әрекет ететін субьектілері болуы керек

 

Мұғалім өзінің іс- әрекетін зерттей білуі керек. Ол тек қана баяндаушы немесе өте жақсы әңгімелеуші ғана болмау керек, онда ол дамытушы білім болмайды.

Бұл өзіне оқу мақсатын қоя білуге қабілетті, өзін- өзі анықтай алуға қабілетті

 

Мұғалім- оқу орнындағы оқу жағдайын ұйымдастырушы. Мұғалімнің дайындап келген сабағын  педагогикалық қызметтің арнайы жобасы деп түсінуіміз керек, онда оның ойы, пайымы, мақсаты ,рефлексияға бағытталуы айқын көрінеді.

Қойған мақсатына қарай өзінің оқу әрекетін бақылауға қабілеттілік

 

Мұғалім оқушылармен қарым- қатынасты ұжымдық деңгейде құрады, оқушының кез- келген сұрағына анық және сыни тұрғыда қарау, бірлескен іс- әрекетте түзету мен өзгертуге дайын болуы керек.

Ойына алған нәтижеге жету қабілеті

Мұғалім- оқушының оқу әрекетінің «аудиторы». Оқушыға ақыл- кеңес беруде,іс- әрекетін бағалауда нақты болу керек

Бұл үшін ойлау және ұйымдастыру әрекетінде барынша серпімді болу деп түсінеміз.

 

Оқушылардың белгілі бір мақсатқа жету үшін оқу белсенділіктері болу керек, оған  жан- жақты тәсілдерді қолдану арқылы жету керек.

 

Оқушылар өзінің оқу әрекетіне проблема қоя білуі керек. Олардың білетіні мен әлі де білуге тиістіні  ойлау және ұйымдастыру қабілетінің  арасындағы алшақтық өз көзқарасы бойынша игерілуі керек

 

Оқушылар оқу әрекетінде рефлексияға қабілетті болу керек.

 

Енді оқушылармен жүргізілетін  топтық жұмыстың  рөлі мен орны туралы бастапқы  ойымызға қайта оралатын болсақ, кестедегі тұжырымды жинақтай келіп , топтық жұмыс туралы кемінде төмендегі үш түсінікті білу керек және ол  төмендегі міндеттерді шешуге көмектеседі.

Топтық жұмысты ұйымдастырудың технологиясын білу ═ Оқушылар еркін және қарапайым түсінеді.

Топтық жұмыста кері байланыстың болуы ═ Оқушылардың проблемаларды шешу әдісі.

Топтық жұмыстың ең негізгі маңызы- ұжымдық ойлау ═ Әртүрлі көзқарастарды жинақтау.

Қорыта келе,  әлем елдері соның ішінде Латвия мемлекетінің тәжірибесінде орын алған  топтық жұмыс  XXI ғасыр оқушысын өмірден өз орнын таба білетіндей тәрбиелеу және білім беруде, өзгермелі  өмірге бейімдеп оқытуда  маңызды болуға тиіс деп ойлаймын.  Топтардағы бірлескен жұмыс сыныпта пайдаланылатын әдіс қана емес, жеке философия екендігі бізге мәлім. Адамдарды бірлікке шақыратын нәрсенің бәріне ашық болуымыз керек. Топтардағы бірлесу топтың жекелеген мүшелерінің қабілеті мен іске қосқан үлесі құрметтелетін,ескерілетін, билік пен жауапкершілік топ мүшелері арасында бөлінетін,ұжымдасу арқылы бітімге,келісімге қол жеткізуге негізделетін оқыту мен оқу тәсілі  ғой.

Бүкіләлемдік тәжірибеде  білім беру саласында  білімнің де дағдының  да маңыздылығы тең. Заманауи тәсілдің басты ерекшелігі-  білімді алып қана қоймай, оны орынды жерде қолдану. Осы ғасырда талап етілетін дағдылардың мәні осында . Топтық жұмыс барысында  оқушының бойында оқушылық кезеңіне ғана емес,  кейін де пайдасын тигізетін әлеуметтік өзара әрекет ету дағдысы, қарым- қатынас дағдысы, проблемаларды шешу дағдысы қалыптасады. Қазір  осы мәселе төңірегінде әріптестеріммен іс- тәжірибе алмасып, оқушылармен  жұмыс жүргізіп жатырмын.

Оқу үдерісінде кейбір әріптестерім  оқушыларды топпен жұмыс жүргізуге үйретеді. Тапсырма топқа беріледі. Тапсырма орындау барысында топтың әрбір мүшесінің жеке үлесі ескеріледі. Топпен жұмыста күшті оқитын оқушы әлсіз оқушыға көмектеседі де, басқаларды тыңдағанда ол білімін арттыра түседі, бір сөзбен айтқанда ынталанады.

Жаңашылдық, өзгеріс керек екені  деңгейлік   бағдарламасының тыңдаушысы ретінде маған  түсінікті болды десем, осы тәжірибені Қазақстан мектептерінде соның ішінде өзімнің мектебімде ендіруге толық негіз бар деп ойлаймын. Қазір топтық жұмыс тәжірибемнен түспейтін әдіс- тәсіл болып табылады.

Қолданылған әдебиет

1.Мұғалімге арналған нұсқаулық

  1. Танцоров С.Т. Групповая работа в развивающем обучении. Рига.: “Эксперимент”, 1997.

3 . http://bilimsite.kz/kazakh_tili/3226-oku-men-okytuda-zhana-adis.

Аңдатпа. Мақалада білім беру жүйесін жаңарту жағдайында топтық жұмыс формасы сабақтағы тиімді әдіс ретінде қаралады.  Білім беру саласында  білімнің де, дағдының  да маңыздылығы тең.  Топтық жұмыста  оқушыға кейін де пайдасын тигізетін әлеуметтік өзара әрекет ету дағдысы, қарым- қатынас дағдысы, проблемаларды шешу дағдысы қалыптасатындығы атап көрсетілген.

С. А. Самсалиева

  «Жаңа Ғасыр» №175 гимназия, Алматы қ.samsalieva.saule@mail.ru

Пікір беруші-Г.Б. Манекеева,п.ғ.к., «Жаңа Ғасыр» №175 гимназия  директоры   Алматы қаласы

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА