22.11.2024

Асқар Жұмаділдаев: Жаратылыстану ғылымының бар­лы­ғын қазақ тілінде үйретуге болады.

Қоғамдық ғылым бар, жаратылыстану ғы­лымы бар. Біз Советтік дәуірді «қы­лы­шы­нан қан тамған кезең» деп жамандауға көш­тік. Шындығында, өткенге бұлай күйе жағу­ға болмайды. Совет Одағы кезінде көп­теген жаманшылық та, көптеген жақ­сы­лық та болды. Аштық, репрессия, халық санының екі есе кемуі Советтік дәуірдің жаманшылығы екені рас. Қазақ елінің осы күнгі шекарасын Советтік дәуір кезінде Ле­нин белгілеп берген. Ол кезде осы күнгі біздің классик деп жүрген жазушы­ла­ры­мыз­дың 99 пайызы танылды, қазақтың оқу-білім жүйесі қалыптасты.

Бұл – Со­вет­тік дәуірдің жақсы жағы. Советтік дәуір ке­зінде біздің жазушыларымыз өте жақсы тұр­ды, өйткені, Жазушылар одағы Ком­пар­тияның идеология бөлімінің бір филиалы есебінде болды. Жазу­шы­ла­ры­мыз­дың 99 пайызы күнкөсемді мақтап, пар­тияның съездері мен пленумдарын қош­тап, соған жыр арнады, тіпті кейде сөз жет­пей қалатын кездер болды. Ойлап қа­ра­сақ, біздің, әсіресе, қазақ жазушы­ла­ры­ның Советтік дәуірге өкпелейтін реті жоқ, олай дейтінім, гонорары дұрыс болды, кі­та­бы көп тиражбен шықты, демалыс үйіне жі­берілді, бір кітап шығарып екі жыл қа­пер­сіз өмір сүретін кездер болды.

Қазір біз­дің жазушыларымыздың барлығы далада қалып қойғандай күй кешуде, сөйт­сек, Совет Одағы секілді, Компартия сы­қыл­ды бір тіреніш керек екен, өздігінен өмір сүре алмайды екен. Енді осы кем­ші­лік­ті қалай жоюмыз керек. Менің ойымша, Советтік дәуір кезінде жаратылыстану ғы­лымдарын оқыту жүйесі өте жоғары бол­ды. Оны бүкіл әлем мойындайды. Аме­ри­каға бара қалсаңыз, әр университетте математикадан сабақ беретін не орыс, не еврейді табасыз.

Мен Москвада оқыдым, курс­тастарымның жартысы Америкада. Аме­рикалық университет деген не? Аме­ри­калық университет деген, әзіл-қалжың ара­лас сөздермен айтсақ, орыстың профессоры математиканы Қытайдың сту­ден­тіне үйрететін университет. Ал қоғам­дық ғы­лым­дар идеологияға тәуелді болды. Ком­пар­тияның сөзіне қарсы келер болса­ңыз, сіз­дің ойлануға мұршаңыз болған жоқ. Не айт­саңыз да айтқан сөзіңіздің барлығы ма­тематикадағы жауабы белгілі есептер сияқ­ты, Ленин мен Карл Маркстің сөзіне сәй­к­ес келуі керек болды, одан ар­тық кетуге болмайды. Бұл біздің қоғамы­мызға те­­ріс бағыт алып келді, қоғамның күйреуі­нің бір себебі осында. Сол себепті, қоғам­дық ғылымды реформа жасау заңды, т­а­би­­ғи құбылыс. Қоғамдық ғылымды ысы­­­­рып тастады деп айтуға негіз жоқ.

Екінші мәселе – жаратылыстану ғы­лы­мына осындай өзгеріс жасау керек пе? Меніңше, жаратылыстану ғылымын бұлай өзгертудің қажеті жоқ. Біз батысқа елік­теу­дің екінші жағына тым көп далақтап кет­тік. Минус пен плюс қатар жүруі керек. Жа­ратылыстану ғылымы – математика, хи­мия, физика Совет Одағы кезінде өте жо­ғары деңгейде оқытылатын. Соның не­гізінде жаратылыстану ғылымын қазақ тілінде жап-жақсы үйретуімізге болады. Ғы­лым мен білімнің екі түрі болады. Бі­рін­ші – бастауыш мектеп, екінші – жоғары оқу орындары. Біздегі бастауыш мектептің деңгейі жоғары, ал жоғары оқу орындарына келсек, біз шетелден кейін қаламыз, оны мойындауымыз керек. Оның негізгі се­бебі – құрал-саймандардың болмауы, ғы­лымды әрі қарай дамытатын, бәсекеге бейімдейтін әдіс-айланың болмауы. Мә­селен, Американы не болмаса Еуропа,  Анг­­­лияны алып қарасаңыз, онда 12 класстық оқу жүйесі қалыптасқан. Біздің баяғыдағы 10 жылдық біліміміз шетелдің 12 жылды­ғы­нан асып түсетін. Өйткені, математиканы да, физиканы да жеке ғылым ретінде оқы­дық. Қазіргі біздің үкіметіміздің сая­са­ты бұл ғылымдардың бәрін ботқа қы­ла­мыз дегенге саяды. Математиканы, физиканы, химияны, биологияны қосып бір ғылым, қа­зақ тілі мен әдебиетін қосып бір ғылым, та­рих пен географияны қосып тағы бір ғы­лым шығарамыз дейді. Сонда біздің мұ­ғалімдеріміз әмбебеп болады деген әң­гіме айтады. Бұл негізінен дұрыс емес. Ше­телдің біраз еліндегі бізден кеткен еврейлер мені шақырып, «Асқар, мына баланы оқытшы, шетелдегі мектептердің оқуы оқу емес, сен баяғы Советтік оқулық­тармен оқытып, сол есептерді шығартшы», – дей­ді. Сол кезеңдегі оқу жүйесінің мықты­лы­ғы­нан қазіргі қазақ балаларының көбі шет­елде оқып жүр. Оны көпшілік «Бо­ла­шақ» бағдарламасымен кетті екен деп ой­лай­ды. Қазақ балаларының көп болса 20 пайызы «Болашақ» бағдар­ла­масымен оқуы мүм­кін, қалғаны өзі оқып жатқан уни­вер­ситеттің грантын өз білі­мімен ұтып алған немесе әкесі ақша төлеп отыр. Бұл біздегі білім жүйесінің, оның ішінде математиканы оқыту деңгейінің жоғары болғанын көр­сетеді. Осы жүйені алып тастап кері ке­те­міз деген сөз қалай алғанда да дұрыс емес. Мәселен, біз да­мы­ған 30 елдің қа­та­ры­на қосыламыз дейміз, 30 елдің барлығы, ішін­де ең мықтысы Америка болса, сол ел­дің тұрғындары гамбургер жейді. Білім са­ласындағы мына өзгерістер ендігі жерде біз қазы-қарта жемей, гамбургер жейміз де­генге үгіттейді. Қазы-қартадан гамбургер дұрыс деген сөз. Осы реформалар ар­қы­лы практиканы шыңдаймыз деген уәж ай­тады. Егер сіз ғылымды меңгерсеңіз, есеп шығаруды білсеңіз практиканы мең­геру қиын емес.

Менің білуімше, Сингапур мен Малайзия математиканы ағылшын тілінде оқытады. Біздің басшылар осы елден үлгі алмақшы, неге Жапониядан үлгі алмаймыз. Кезінде жапон елі де өздерінің ие­рог­лифтерін өзгертіп жаңа әліпби жасап, жоғары сынып оқушыларына бүкіл ғы­лымды ағылшын тілінде оқытпақшы бол­ған. Бірақ ойласа келе, әліпбиді өзгертсек, ағылшын тілінде оқысақ, алғашқы кезде тез жылдам дамуымыз мүмкін, бірақ ұт­қанымыздан ұтылғанымыз көп болады д­егенге тоқтаған. Жапонияның мың­жылдық тарихы бар. Сонда біз неге кеше ғана құ­рылған елдерге жүгінуіміз керек.

Қазақстанның Конституциясында бас­тапқы білім беру үкіметтің міндеті еке­ні  айтылған. Мәселен, сіз, бірінші сы­нып­қа ба­ламды бермеймін десеңіз, үкімет сізді сот­қа тартуына болады. Өйткені, сіз Конс­ти­туцияны бұзып отырсыз. Ал жоғары оқу ор­нына түсу, түспеу ол сіздің жеке ша­руа­ңыз. Екінші, ақпарат алу құқығы бар, яғ­ни кез келген Қазақстан азаматы қазақ ті­­лін­де, я орыс тілінде ақпарат алуға құ­қы­лы. Білім алу деген де ақпарат алу деген сөз. Демек, сіз оқу білімді өзге тілде бе­ре­мін де­сеңіз, Конституцияны бұзғаныңыз. Олай болса, жаратылыстану пәндерін ағыл­­шын тілінде  өткіземін деген ми­нистр­ліктің ұсынысының астарында қазақ ті­лі­нің ғылымға икемі келмейді, қазақ тілі тек отбасы-ошақ  қасы болып қалуы керек де­ген саясат тұр. Ал ол – Конституцияны бұзу.

Жаратылыстану ғылымының бар­лы­ғын қазақ тілінде үйретуге болады. Жақ­сы­лы-жаманды оқулықтарымыз бар (оның сапасы өте жақсы деп айта алмаймын), жақ­сылы-жаманды терминология жүйесі бар, ғылым туралы ойлау жүйеміз қа­лып­тасқан. Бұл – қазақ тілін сақтаудың үлкен бір саласы. Тіл деген не? Тіл деген кұрал. Құралдың бес функциясы бар, ең алдымен – отбасы-ошақ қасы, бизнес, саясат, эко­но­мика, жаңа технология мен ғылым. Адам­ның дұрыс өмір сүруі үшін оның он екі мүшесінің барлығы сау болуыкерек. Кө­зіңіз көре тұрып құлағыңыз естімесе бір мү­кіс бар деген сөз. Ал тілге шек қою – адам­ның екі қолын немесе екі аяғын кесіп тас­тағанмен тең. Бұған жол беруге болмайды. Орта мектепке  барлық ғылым, барлық оқу пәндері ана тілінде жүруі керек. Егер ол пәндер Қазақстанда қазақ тілінде жүр­мейтін болса, қазақ тілінің де, Қа­зақ­стан­ның да ешкімге керегі жоқ. Сондықтан мен бұл реформаларға қарсымын және мұ­ны он-он бес жыл бұрын айтқанмын. Жаңа реформаларды қолға алмас бұрын сол реформаның оң нәтижесін көрген ел­дер­дің үлгісін алуымыз керек. Бұл тұрғыда біз­ге Малайзия мен Сингапурдан гөрі Жа­пон­ның үлгісі жақынырақ. Ахмет Бай­тұр­сынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұма­баев ­сынды ХХ ғасырдың басында өмір сүр­ген зиялы азаматтардың көпшілігі Жапо­нның үлгісін алмақ болған.
Біз неге Алаш арыстарының жолын жалғас­тыр­май­мыз?

Дерек көзі: Қазақ әдебиеті.

Түп нұсқадағы тақырып: БІЗГЕ ЖАПОННЫҢ ҮЛГІСІ ЖАҚЫН.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА